ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Диқамбай Н.Б.

Абай атындағы ҚазҰПУ, 6М012000-Кәсіптік білім магистранты

 

Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сындарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына бағыт-бағдар беріп отыр. Білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтардың, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықты игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі. 

Психологиялық-педагогикалық әдебиеттердегі ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда кәсіби шеберліктің қалыптасуы мен даму үдерісінде екі ұғым: құзыреттілік және құзырет ұғымдары  пайдаланылып келеді. Біріншісі, С.Ожегов сөздігі бойынша, белгілі бір кәсіби қызметке байланысты, «қандай да болсын мәселеден хабардарлық, беделділік», ал екіншісі, «қандай да бір істі жүргізетін жеке адамның,  мекеменің мәселелерді шешуге, іс-әрекет етуге, бір нәрсені істеуге құқықтылық шеңбері».

«Құзыреттілік» терминін ХХ ғасырдың ортасында Н.Хомский енгізген болатын, алғашында ол ана тілінде нақты тілдік қызметті орындау үшін қажет қабілеттіктер ұғымын берген.

Кейбір авторлардың еңбектерінде «кәсіби құзыреттілік» ұғымы «кәсіби қызметке даярлық» (В.А.Сластенин, Н.Н.Лобанова, А.И.Панарин және т.б.) және «педагогикалық кәсібилік» (А.И.Пискунов, В.В.Косарев және т.б.) ұғымымен теңестіріледі.

 «Құзіреттілік» сөзі (competentia) латын тілінен аударғанда адамның мәселелерді шешуді жақсы меңгеруі, таным мен тәжірибені игеруі дегенді білдіреді. Құзіретті адам сәйкесінше білім мен қабілеттіліктерді игерген, негізделген пікірлері бар адам.

«Негізгі құзыреттілік» термині  алғаш рет білім беру үрдісінің нәтижелілігін  жаңалаудың жалпы дүниелік тенденциясын әйгілі ете отырып, 1992 жылы Еуропа Кеңесінің «Еуропадағы орта білім» жобасында пайда болды. Одан әрі 1996жылы Бернде Еуропа Кеңесінің өткізген «Еуропа үшін негізгі құзіреттілік» симпозиумында қазіргі кездегі түлектердің келесідей бес негізгі құзіреттілігі  көрсетілді:

1)        саяси және әлеуметтік құзіреттілік (өзіне жауапкершілікті алу, бірлескен шешім қабылдауға қатысу, дау жанжалдарды күштеусіз реттеу қабілеті);

2)        көп мәдени қоғамда өмірмен байланысты құзіреттілік (айырмашылықты қабылдау, өзгелерді сыйлау, басқа мәдениет, тіл, сенім адамдарымен өзара әрекет жасау қабілеті );

3)        жазбаша және ауызша түрде бір тілден артық тілді игеруге жататын құзіреттілік;

4)        ақпараттық қоғамның туындауымен байланысты құзіреттілік (жаңа технологияларды игеру, оларды қолдану мүмкіндіктерін түсіну, бұқарат ақпарат құралдарымен таралатын ақпаратқа сыни көзқарас);

5)        кәсіби дайындық контекстінде үздіксіз оқыту негізінде өмір бойы оқуға қабілеттілік.

Педагог-ғалым Б.А.Тұрғанбаева «Құзырлыққа бағытталған оқыту үрдісінде тәжірибелік жолмен мәселені шешу мүмкіндігі молаяды. Осы жағдай біліктілікті арттырудағы екінші үлгіге көшірудің негізі бола алады» деп көрсетеді.

Білім беру тұжырымдамасында педагог кадрлардың кәсіби-тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру басты мақсат екендігін атай келе, білім беруде педагог төмендегідей құзыреттіліктерді игеруі міндетті деп көрсетілген.

Арнайы құзыреттілік - өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті. 

Әлеуметтік құзыреттілік - кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті. 

Білім беру құзыреттілігі - педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты — бәсекеге қабілетті маман дайындау. Ізденімпаз оқытушының шығармашылығындағы ерекше тұс — оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі.

Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр оқытушының борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, колледжін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация оқытушысы – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті.

Жаңа формация оқытушысы табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды.

Нарық жағдайындағы оқытушыға қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация оқытушысы — рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық-әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани-адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.

Қазіргі білім беру парадигмасы «білікті адамға» бағытталған білімнен «мәдениет адамына» бағытталған білімге көшуді көздейді.

Соңғы жылдары білім беру саласында болашақ мамандардың құзіреттілігін қалыптастыруда кәсіби құзіреттілікті анықтау туралы мәселе педагог, философ, психологтар арасында пікір қайшылықтары мен жаңа ойлар тудыруда. Оқытушының кәсіби құзіреттілігі көп жағдайда оның біліктілігімен, іскерлік сапаларымен байланыста қарастырылады.

Сонымен, кәсіби құзіреттілік деп оқытушының жеке бас сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық және теориялық білімнің, кәсіби біліктілігі мен дағдысының, тәжірибесінің бір арнада тоғысуы деуге болады. Оқытушы өз ісінің шебері болу үшін мамандығына қажетті қабілеттерді және жалпы әлемдік мәдиенетті, өз елінің мәдиенетін, қарым-қатынас мәдиенетін, тіл мәдиенетін игеріп, интеграциялық үрдістерді меңгеріп, жаңа технологияны меңгеріп әлемдік білім кеңістігінің өрісінен шыға алуға талпынуы керек.

Оқытушы қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз тәрбиелеп отыратын ортамен, студенттермен қарым-қатынасқа тез түсе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, қасиеттерді жинақтағанда ғана оның бойынан кәсіби құзіреттілігі анық байқалып тұрады. Сонымен қатар, оқытушылардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыруда еңбек өтілі мен тәжірибесі үлкен рөл атқарады.

Кәсіби құзіреттілікті қалыптастыру жеке шығармашылық қабілетті дамытуды, инновациялық жаңа үрдістерді дұрыс қабылдауы, күнделікті өзгеріп жататын ортаға тез бейімделуді қажет етеді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Тұрғанбаева Б.А. «Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе». – Алматы: Рауан, 2005. – 250 б.

2. Құдайбергенова К. Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерий // «Білім сапасын бағалаудың мәселелері: әдіснамалық негізі және практикалық нәтижесі». Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. - 2008. – Б.30-32.