Рымғали Нұрғали және қазақ драматургиясы

Еркенова Айдана Шортанбаевна, филология факультетінің 4 курс студенті

Сейсембай Гүлмира Амангелдіқызы, аға оқытушы, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

XX ғасырдың екінші жартысында өзінің жаңашыл ғылыми зерттеушілік бағытымен әдебиеттану ғылымына, көбінесе драма саласына үлкен үлес қосқан жас ғалым Рымғали Нұрғали болып табылады.

Рымғали Нұрғали 1940 жылы 1 маусымда Семей өңіріндегі Абыралы ауданының Қайнар ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің филология факультетін бітірген соң ол еңбек жолын “Лениншіл жас” газетінде бастап, кейін Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін ол бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болды. “Парасат” орденімен марапатталды, “Қазақ­станның ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері” атағын иеленді, ал 1988 жылы әдебиеттану сала­сындағы трилогиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты атанды[1].

Ғалым қазақ драматургиясындағы трагедия, ко­медия, драма жанрларының ерекшеліктерін,оның негізгі белгілері мен түрлерін зерттеп, сипаттап көрсеткен. Р.Нұрғалидың көп жылдар бойы зерттеулердің нәтижесі ретінде «Трагедия табиғаты», «Талант тағдыры», «Күретамыр», «Қазақ драматургиясы», «Өнер алды қызыл тіл», «Қазақ драматургиясының жанр жүйесі», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», «Драма өнері» және тағы басқа еңбектер жарық көрді.

Р.Нұрғали қазақ драматургиясының жанр жүйесін зерттеудегі мынадай өзекті мәселелерге өзге зерттеушілердің назарын аударады: зерттеушінің пайымдауынша қазақ әдебиеттануының қазіргі деңгейі драма жанрының өзіндік ерекшеліктерін, поэтикасын айқындауды; әдеби дамудағы орны мен маңызын ашуды, өрістеу үдерісін тиянақтауды; жанрлық құрылымдардың өзгерістерін, олардың өзара байланысы мен баюын анықтауды талап етеді.

Жанр тудыратын элементтер қатарында зерттеуші сюжет түзілісін, композиция, тақырып, поэтика түтастығын, бір сезбен айтқанда, шығарма идеясы мен мазмұнын ашатын көркемдік құралдарды айтады. «Трагедия + қайғыртсын», «комедия + күлдірсін», «драма + толқытсын» деп, жанрдың идеялық-көркемдік міндет-мақсатын айқындайды. Жанрлардың тоғысуы, фольклор материалдарымен байытылуы, сюжеттік ауысулар, тағы басқа да шығармашылық әдіс-амалдар, зерттеушінің пайымдауынша, драматургия заңдылығына бағынуы тиіс.

Зерттеуші драматургияның жанр жүйесін саралауда ұлттық әдебиеттің тәжірибесін ескереді. Қазақ трагедиясын жіктеуде жанрдың тақырыптық-өмір шындығын қамту ерекшеліктерін, тартыс арнасын, кейіпкерлер сипатын анықтап, «эпикалық трагедия», «тарихи трагедия», «адамгершілік- тұрмыстық трагедия» деп бөледі. Әлемдік әдебиет тарихында халық аңызы, туындылары негізінде жазылып, трагедия жанрын байытқан туындылар мол. Үлкен шеберлікпен, ақындық қуатпен философиялық шындықтарды поэтикалық суретпен берген Гетенің «Фауст» трагедиясының сюжеттік желісі, мәселен, халық әдебиетінде жатыр. Мұндай дәстүрдің жарқын үлгісі қазақ драматургиясында да бар. Аңыз бен көркем әдебиеттің арақатысын пайымдауда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ж.Шаниннің «Арқалық батыр», «Қозы Көрпеш- Баян», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедияларына зерттеуші талдау жасайды. Ұлттық драматургиядағы тарихи трагедияның қатарында зерттеуші М.Әуезовтің «Хан Кене», «Абай» (Л,Соболевпен бірге жазған) трагедияларына, І.Жансүгіровтің «Исатай- Махамбет», С.Мүқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесаларына кең ауқымда талдау жүргізеді.

Р.Нұрғали әлем және қазақ әдебиеті тәжірибесіне сүйене отырып комедияның жанрлық белгілерін былайша тұжырымдайды: комедия - трагедияға қарсы мәндегі жанр; оның кейіпкерлері қатты қиналысқа түсіп, азап- қайғы шекпейді; комедия жанры да өзге өнер түрлері секілді өмір құбылыстарын көшіре салмайды; іріктеу, топтау арқылы жинақтап, нақты әрі жалпылық сипаты бар көркем образ жасайды; комедияның жанрлық ерекшелігі тартыста, сюжетте, қызықты ситуацияда ғана жатқан жоқ, тіл өрнегінде де жатыр; әсірелеу - комедияның басты көркемдік құралдарының бірі; комедия басқа жанрларға қарағанда аяқталуы жағымды шешіммен келеді; өмір құбылыстарын, адам мінездерін ашуда автор көбіне оқыс оқиғаларды, күлкілі жагдайларды туындыларына шебер пайдаланады; комедияның ұлттық сипаты сол халықтың тұрмыс-салтымен, өмір-тіршілік жайымен байланысты. Р.Нұрғали комедия жанрындағы материалдарды саралап, әлемдік тәжірибені ескеріп, қазақ комедиясын: 1) сатиралық комедия; 2) лирикалық комедия деп бөледі. Зерттеуші қазақ комедиясының төркінін фольклордан, ауыз әдебиеті үлгілерінен іздеу қажет деген пікірді қуаттайды. Б.Майлиннің мен Ж.Шаниннің алғашқы шағын комедияларының әшкерелеушілік сипаты күшті болғанына тоқталады, қазақ әдебиетінде лирикалық комедия 50-60-жылдардан бастап өркендеді. Оның жанрлық белгілерін зерттеуші былай анықтайды: лирикалық комедияда кейіпкерлердің ішкі сырлары, сезім иірімдеріне мол орын беріледі; күлкілі ситуациялардың негізінде персонаждар көңіл күйіндегі, мінезіндегі толқулар, құбылыстар жатады; лирикалық комедиялардағы образдар жайма-шуақ күлкі, өткір қалжың, нұрлы әзіл бояуларымен жасалады; кейіпкерлердің адасулары мен қателіктері, ізденіс жолындағы қателіктері мен жаза басулары күлкі етіледі; лирикалық комедияда астарлы сыр, емеурін, «қызым, саған айтам, келінім, сен тында» дейтін сарындар жиі кездеседі [15, 292 б.]. Зерттеуші лирикалық комедияның үлгісі ретінде Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Өзіме де сол керек» пьесаларын кеңінен талдайды.

Зерттеуші драма жанрының төмендегідей негізгі белгілерін анықтайды: драмада күнделікті тұрмыстың әртүрлі құбылыстары жан-жақты бейнеленеді; сан алуан тартыстар драма қаһарманын ауыр шайқастарға салады, оның рухани-адамгершілік қуатын сынайды; алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күрес үстінде адамдар мінезінің түрлі қырлары ашылады; уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бүзу, шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты психологиялық ситуациялар, драмалық жағдайлар тудырады; нақты детальдер, табиғи бояулар драма жанрының өмірді реалистікпен бейнелеуіне жол ашады; драма кейіпкері көптің бірі болады, бірақ үлкен сыннан өтеді, соның бәрін көтереді, рухани жағынан толысады; драма ерекше оқиғалардың түйісуінен, ерекше характерлердің қақтығысынан туады; онда дос кім, дұшпан кім екені анықталады; мұның барлығы пьесада әрекет, қимыл, күрес арқылы ашылады; драма кейіпкері басын тауға, тасқа соққанмен, трагедиялық қаһарман деңгейіне шыға алмайды, күтпеген күйге түсіп, күлкі тудыратын комедия кейіпкері де емес, ұмтылып құлап, қайта тұрып мақсатына жеткенмен, бәрібір қалыбынан аспайды; драма кейіпкері мінезі, іс-қылығы, дүниетанымы, сөзі, жүріс-тұрысы жағынан көрерменнің өзіне жақын, етене туыс кейіпкер болып көрінеді. Р.Нұрғали қазақ драмасын мынадай салаларға жіктейді: 1) қаһармандық драма; 2) саяси-әлеуметтік драма; 3) тарихи-ғұмырнамалық драма. Мұның нақтылы көріністерін ғалым зерттеу жұмысында жан-жақты тандап, ғылыми- теориялық қорытындылар жасайды[2].

Қорытындылай келе, Горький айтқандай драма – әдебиеттің ең қиын түрі. Ал, Белинскиийдің пікірі бойынша эпос пен лирика «ақиқат әлемінің екі қиыры» болса, драма – сол екі қиырдың қосындысынан туған «үшінші, тірі, өз алдына бөлек», аралық әлем – «поэзияның жоғары тегі, өнердің биік өрі» деп, драма өнерін жоғары бағалаған. Рымғали Нұрғали өзіннің драма саласындағы зерттеулерімен қазақ драма жанрына жаңа серпіліс беріп, ұлттық әдебиеттану ғылымына бағалы үлес қосты.

 

 

Пайданылған әдебиеттер

 

1.       Бодаубай Болат. Рымғали Нұрғали. Егемен Қазақстан. – 2010.  https://egemen.kz/article/rymgali-nurgali

2.      Беркенова Р.А. Қазақ драматургиясы Рымғали Нұрғали зерттеулерінде. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты,  Алматы – 2010. – 23 бет.

3.     Рымғали Нұрғали. Драма өнері. Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет