П.ғ.м. аға оқытушы А.С.Әбілдаева, аға оқытушы Л.Р.Қапалбекова

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Ағылшын және қазақ тілдеріндегі мақал-мәтелдердің мағыналық ерекшеліктері

Әр тілдегі мақал-мәтелдердің көбі ұлттық мәдени маңызы бар деректерден тұрады. Халықтың тарихи қалыптасу, даму кезеңдеріндегі тіршілік-тынысын танытатын, дүниенің тілдік көрінісі саналатын мақал-мәтелдер ұлттың материалдық және рухани өмірінің айнасы іспеттес.

Әрбір мақал-мәтелдердің бойында этнос болмысына, оның рухани, заттық мәдениетіне, дүниетанымына, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімге байланысты бай информация жинақталғанын және олардың этнос болмысын танып-білуге қосар үлесінің зор екеніне тоқталады. Сондықтан мақал-мәтелдердің тілде пайда болу факторлары мен жеке адамның мінез-құлқына, іс-әрекетіне, қалып-күйіне т.б. қасиеттеріне ауысу  мотивтерін айқындаудың, мән-жайын түсіндірудің маңыздылығы ескеріледі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақал от басында қандай тәрбие алсаң, өсіп-жетілгенде соны жасайсың деген ұғымда қолданылады. Кісі елінде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол-отанға деген керемет сүйіспеншілікті меңзейді. A good name is better than riches – Жақсы сөз – жарым ырыс. Two heads are better than one – Екі кісі бір кісінің тәңірісі. East or west home is best – Өз үйім өлең төсегім. Bad news flies fast – Жамандық жерде жатпайды.           

Этнолингвистикалық арналардың бірі мақал-мәтелдер әр халықтың дүниетанымы, әдет-ғұрпы, салт-санасы мен ұлттық мәдениетінен хабардар етеді. Қай тілде болмасын мақал-мәтелдердің шығу төркіні белгілі бір жағдаймен, наным-сеніммен, күнделікті өмір көріністерімен немесе ұлттық реалиямен т.б. байланысты жеке адамның айтқан сөздері болып табылады.    Әрбір халықтың рухани байлығы болып табылатын мақал мен мәтелдердің тілдік табиғатын анықтау арқылы халықтың көркемдік-танымдық дүниесін, ұлттық және әлеуметтік тұрмысын білуге болады. Олар халықтың толық өмірін, оның дүниесін, болмысын, алып рухы мен үрдістерді философиялық тұрғыдан бейнелеп көрсетеді. Оларды бірыңғай құрылым ретінде зерттеу арқылы тұтас бір халықтың өмірі туралы біршама мағлұмат алуға болады. Мақал-мәтелдерден біз белгілі бір халықтың этнос болмысын, оның рухани-заттық мәдениетін, дүниетанымын, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімін т.б. туралы бай информация табамыз.

Қазақ мақал-мәтелдері мал шаруашылығына, саятшылық-құс баптауға, кейде егіншілікке байланысты болса, ағылшын тіліндегі мақал-мәтелдердің көп бөлігі бағбаншылық саласын қамтиды. Мысалы: “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді”, ағылшын нұсқасында “The rotten apple injures it’s  nature”. Мағынасы: “Шірік алма табиғатын бұзады”. Қазақ нұсқасындағы малға қатысты сөздер ағылшын тілінде жеміс, көкеністермен алмастырылып берілген. Сол секілді “Қарын тойса, қарта әлем сасиды” деген мақал-мәтел ағылшын тілінде “Acorns were good till bread was founded”.

Ағылшын тіліндегі тұрақты тіркестердің шығу тегіне тоқталар болсақ, олардың көбісі салт-дәстүр, сенім-нанымға байланысты: “Good wine needs no bush”-“жақсы тауар өзін өзі мақтайды“-салтқа байланысты мейрамхана қожайындары  сатылуда жақсы шараптың бар екендігін көрсету үшін шырша бұтағын іліп қоятын болған. Ағылшындардың дәстүрі бойынша бақуатты жанұяда туған нәрестеге кіндік әкесі мен шешесі күміс қасық сыйлап, болашақта бай-бақуатты болуын тілеген, осыған байланысты “To be born with a silver spoon in one’s mouth”-тіркесі өмірге келген.

Сол сияқты әдеби шығармалар мақал-мәтелдердің нағыз қайнар көзі екендігі даусыз. Мысал ретінде Шекспирдің шығармаларын алуға болады.  Мұндағы көптеген мақал-мәтелдер өздерінің алғашқы  мағынасын сақтап қалған: “Brevity is the soul of wit”-“Қысқа әрі нұсқа“; “Sweet are the uses of adversity”-“Бақыт болмас еді, бірақ бақытсыздық көмектесті“.Ағылшын тілінің сөздік қорын Шекспирден басқа да Джон Мильтон, Вальтер Скотт, Даниель Дефо, Редьярд Киплинг сияқты атақты жазушылардың шығармаларынан алынып, бүгінгі таңда қолданылып жүрген мақал-мәтелдер байытып отыр деп айтуға толық негіз бар.

Кейбір мақал-мәтелдерге жасаған талдау олардың халық шығармашылығының әр түрлі жанрынан  шыққанын көрсетеді. Аңыз-ертегілер, мысал-әңгімелер, тәмсілдер қысқа, ықшам түрде айтылған қорытынды кеңеспен аяқталады. Ықшам ойды дәл жеткізетін түйін мақал-мәтелдерге айналған. Мысалы қазақ тіліндегі «Өз үйім-өлең төсегім», «Ұшарын жел, қонарын сай білер», «Көп қорқытады терең батырады», «Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл» деген мақалдар өз бастауларын Жиренше шешен, Жәнібек хан, Аяз би туралы халыққа танымал аңыздардан алынған. Мақал-мәтелдердің бір тілден екінші тілге ауысуы халықтардың қонысының жақындығына, бір-бірімен барыс-келісіне, қарым-қатынасына байланысты жүзеге асқан. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді зерттегенде олардың түркі тілдес халықтардың мақал-мәтелдерімен көп тамырластығы бар екендігін байқауға болады. Мысалы: «Ертеңгі қазы-қартадан, бүгінгі өкпе-бауыр артық», арабтың «Ертеңгі тоқтыдан, бүгінгі тауық артық», парсының «Ертеңгі пісер жемістен, бүгінгі шикі жидек артық». Қорытындыласақ, қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдерінің өзара ұқсастықтары мен көптеген айырым белгілері бар. Олардың барлығы әрбір халықтың салт-дәстүрлері мен рухани мәдениеттердің ерекшеліктеріне байланысты. Бұл белгілер сол халықтардың тілі, дінінде көрініс табады. Туыс емес тілдердегі бірқатар мақал-мәтелдердің өзара мағыналас болып келуі қазақ және ағылшын халықтарының өмір тәжірибесінің, көзі жетіп, көкейіне түйген ой-тұжырымдарының ұқсастығымен, астастығымен байланысты.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Бисенова Г. А., Абтихалова Р. Ж. Ағылшын мақалдары мен олардың қазақ, орыс тілдеріндегі баламалары // Молодой ученый. — 2015. — №8.2. — С. 46-48.

 2. Қазақ мақал-мәтелдері. Құрастырған: Ж.Дәуренбеков - А ., 2001