Право/4.Трудовое право, и право социального обеспечения.

 

Абдрахманова А.Е.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

 

 

Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі болып табылады. Жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы. Еңбекке жарамды адамдарды жұмыспен қамту аса күрделі әрі мемлекеттік маңызды мәселе. Нарыққа жағдайында бұл мәселе экономикалық өмір тіршілігінде өткір және батыл қойылған саяси және әлеуметтік мақсаттарға жетудің шартты жағдайларының бірі.

Жұмыспен қамту мәселелері қолда бар еңбек потенциалын сақтауды, көбейтуді және тиімді пайдалануды көздейтін қазақстан экономикасы үшін өзекті болып отыр. Онсыз Қазақстанның нарықтық реформалау жолымен ары қарай жылжуы және оны елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі алғышарты болып, өндірістің нәтижесіне мүдделі және тұрақты жұмыспен қамтылған, жоғары білікті икемді жұмыс күші табылатын, халықаралық экономикалық қатынастар жүйесіне толыққанды интеграциялау (біріктіру) мүмкін емес.

Жұмыспен қамтудың мемлекеттік қызметі халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешуді, үйлестіруді, жұмыс күшіне ұсыныс пен сұранысты реттеуді қаматамасыз етуге бағытталған, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал етуге,олардың кәсіби даярлығын ұйымдастыру және жұмыссыздарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған ерекше мемлекеттік органдардың құрылымы болып табылады. Біздің алдымызда Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясы тұр.

Экономиканың аса маңызды басымды дамуының бірі бұл – мемлекет Басшысының «Жұмыспен қамтуды тұрақтандыру саясаты ең пәрменді саясаты болған және болып қалады» деп анықтаған қазіргі тұрақты саясат болып табылады. Барлық бағыттар бойынша бізде бағдарламалар бар, олар қозғалыссыз емес: біз халықаралық тәжірибені енгізіп және жаңа беталыстарға сәйкес, алға қойған міндеттерге жетуді жалғастырудамыз. Қазір әлем елдерінің әлеуметтік әлеуеті, жалпы хал-ахуалы ондағы халықтың жұмыспен қаншалықты қамтылғандығымен де өлшенетіні белгілі. Себебі экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер әсері айтарлықтай зор [1, 136б].

Осыған орай жұмыссыздықпен күрес әрбір мемлекеттің қашанда басты міндеттерінің бірі болып табылады. Қаржылық дағдарыстың салдары да осы жұмыссыздыққа кеп жұғысқан болатын. Талай елде береке кетіп, басына қиын күн туды. Мұндайда, «жұмысы жоқтық ашындырар адам баласын» демеске амалың жоқ. Себебі әлемде орын алып жатқан көтерілісшілердің көп-шілігі, бей-берекет бүліктің, тіпті қантөгістің құрбандарының көбі осы жұмыссыз жүргендер. Осы тұрғыдан алғанда халықтың табысты да тұрақты жұмыспен көбірек қамтылуы қоғам орнықтылығының аса маңызды шарттарының бірі болып табылады, мұның өзі елдегі экономикалық және әлеуметтік ахуалға айтарлықтай дәрежеде ықпал етеді. Жекелеген адамның әл-ауқатын арттыруда атқаратын аса маңызды рөлі туралы айтылғанның өзінде, жұмыспен қамту кәсіптік машықтарды кеңейтіп, ұштай түсуге мүмкіндік береді, халықтың барлық санаттарының өзін-өзі көрсете білуіне жол ашады және түптеп келгенде өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді, яғни көптеген неғұрлым ауқымды міндеттерді шешудің кепілі болып табылады.

Осылайша, халықты жұмыспен қамту еңбек қатынастарының сипатын ғана емес, біздің айналысатын істерімізді де өзгертетін, түрлендіретін және былайша айтқанда, өзімізді де өзгертуге қабілетті негіз қалаушы функцияға ие болып отыр. Халықаралық еңбек ұйымның мәліметінше, 2007 жылы қаржылық дағдарыс басталғаннан бері әлемде жұмыссыздық деңгейі 28 млн. адамға көбейіпті, ал 2009 жылы 199 млн. адам жұмыстан босатылған. Одан кейін жұмыссыздық шамалы азайғанымен, 2012 жылдан бастап қайтадан арта бастады. 2012 жылы олардың қатары 197 млн. адамға жеткен.

Ал 2013 жылы әлемде жұмыссыздық деңгейі 5 млн.-нан артып, 202 млн. адамға жетуі мүмкін деп болжанған. 2014 жылы жұмыссыздар қатары тағы 3 млн. адамға көбейіп, 2017 жылы 210,6 млн. адамға жетеді. Дүние жүзіндегі экономикалық белсенді халықтың арасында жұмыссыздар қатары 6 пайыз деңгейінде болмақ.

Швейцарияның Женева қаласында орналасқан Халықаралық еңбек ұйымы әлемде 15 пен 24 жас аралығындағы азаматтардың 13 пайызы – шамамен 75 миллион адам жұмыссыз қалған деп отыр. Олар «әлемде 6 миллионнан астам азамат жұмыс табудан үмітін үзген» деп хабарлаған. Осындай мәліметтермен дабыл қаққан Халықаралық еңбек ұйымы әлем елдерінің үкіметтерін жұмыс орнын ашу мәселесін «ең басты мақсат» деп қарастыруға шақырған болатын. Ұйым өкілі Хосе Мануэль Салазар-Ксиринакс «Дағдарыс деңгейіне жеткен жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасы жұмыс орнын ашу мен шешім шығару үрдістеріндегі басты мақсатқа айналып, жекеменшік секторындағы инвестиция айтарлықтай дамыса ғана бұл мәселе шешілуі мүмкін» деген дейді G-Global коммуникативті алаңы жариялаған ақпарат көзі [1, 145б].

Олай болса, жұмыспен қамту проблемасы - бүгінде әлемдік күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Мысалға Еуропалық одақты алайық. Бүгінгі таңда Грекияда, Португалияда, Испанияда, Италияда және Еуропаның басқа елдерінде болып жатқан жағдай – жұмыссыздықты туындататын экономикалық проблемалардың айқын салдарлары, бұл терең әлеуметтік және тіпті саяси дағдарысқа ұласып барады. Күні кеше ғана мерейі асып- тасып тұрған осы елдерде жұмыссыздық деңгейі қазіргі кезде айтарлықтай жоғары болып отыр. Бұл әлі де жалғаса түсуі мүмкін. Ең бастысы – адам және зияткерлік капиталын пайдаланудағы ұстанымдардың белгілі бір дәрежеде жоғалуы айқын көрініп тұр. Мұның аясында Қазақстандағы жағдай айтарлықтай жақсы. Елімізде тиімді алдын алу шаралары қолданылып, олар тіпті әлемдік қаржылық дағдарыс шарықтап тұрған шақта да жұмыссыздық деңгейін 6,6% шегінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Қазір елімізде жұмыспен қамтылмаған, бірақ жұмыс істеуге қабілетті халық саны 5%-дан сәл-ақ асады. Бұған білім деңгейін арттыруға, кәсіби кадрларды даярлау жүйесін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Мемлекет айқындалған міндеттер шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыс күшін оқыту және қайта мамандандыру, нақты экономикаға «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деп аталатындар санатын тарту жөніндегі тікелей менеджер функциясын өз мойнына алды.

Бүгінде былай деп айтуға болады, егер бұрын барлық негізгі іс-шаралар жұмыссыздықпен күреске бағытталған болса, енді халықты жоғары жалақысы бар, тиімділігі жоғары, инновациялық өндірістерде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөнінде анағұрлым биік міндеттер қойылып отыр. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлауды талап етеді. Мұның өзі бірінші кезекте Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін кадрлық әлеуетті ұлғайтумен байланысты болып отыр, оның шеңберінде 2010-2012 жылдары жалпы сомасы 2,1 трлн. теңге болатын 500-ден астам инвестициялық жоба іске қосылып 57 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Демек, еңбек нарығы құрылымында оның неғұрлым тиімділігі мен икемділігіне қарай өзгерістер болып жатыр. Адам капиталын тиімді пайдаланудың тағы бір маңызды бағыты – шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту.

Соңғы жылдарда елімізде бұл үшін заңнамалық тұрғыда біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыруға, бюджеттік процесті, салықтық және кедендік әкімшілік жүргізуді жетілдіруге бағытталған кәсіпкерлік мәселелері бойынша заңнамаға бірқатар маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Және бұл шаралар оң нәтижесін берді: соңғы үш жылда шағын және орта бизнесте белсенді түрде айналысатын қазақстандықтардың саны 22 пайызға өсті, олар жыл сайын елдің жалпы ішкі өнімінің 17-20-дай пайызын өндіріп отыр [2, 78-79бб].

Шағын және орта бизнесті бірігу мен кооперациялануға ынталандыру, жергілікті бизнес-бастамаларды көтермелеу жолымен ішкі нарықты дамыту бойынша, ұсақ кәсіпорындар мен дара кәсіпкерлердің белсенді дамуы мен орта бизнеске өтуіне жағдайлар мен алғышарттар жасау бойынша, отандық өндірушілердің мүдделерін бірыңғай экономикалық кеңістік, сондай-ақ дүниежүзілік сауда ұйымына алдағы өту шеңберінде қолдау, қорғау және алға жылжыту тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар кешенін қолдану көзделіп отыр.

Жалпы, ғылыми-техникалық революция жағдайында жұмыспен қамтуды тұрақты түрде өсіру негізінен өндірістік емес салалардың дамуы арқылы жүзеге асырылады. Онын ұлғаюы, тұрғындардың әр түрлі қызмет түрлеріне деген шығынының тез өсуімен және халық шаруашылығының орташа көрсеткішіне қарағандағы жоғары еңбек ауқымдылығымен сипатталады. Біздің басты мақсатымыз – жұмыспен қамту саласында жұмыссыздарға құрғақ уәделер және хаттар емес, тұрақты жұмыс алатын, ал кәсіпорындар мамандармен толықтыратын сенімді жол және олар қажетті біліктілік деңгейіне жеткенше, мемлекеттік қолдау алатын жұмыспен қамтудың тиімді жүйесін құру болу керек.

Экономикалық белсенділік халықтың еңбек табысын арттыруға мүмкіндік берді. Соңғы 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есеге артты. Бір қызметкердің орташа айлық табысы он есеге дейін, оның ішінде бюджеттік сала қызметкерінің табысы – 10,7 есеге артты.

Жұмыспен қамту саласына сыртқы факторларының әсер етуі әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанның ықпал ету дәрежесіне байланысты және ол ықпал ету үдерістерінің дамуы мен республиканың Бүкіләлемдік сауда ұйымына (БСҰ) кіруімен күшейе түседі.

Халықаралық еңбек бөлінісіндегі өзгерістер қазіргі уақытқа дейін республиканың еңбек нарығына онша әсер етпейді. Әлемдік бағалардың шикізат ресурстары коньюнктурасы экономика мен әлеуметтік саланың дамуына тұрақты әсерін тигізеді.

Соңғы жылдары әзірленген үкіметтік құжаттар мен мемлекеттік және салалық бағдарламалар едәуір шараларды көздейді, ал жалғасып келе жатқан экономикалық өсім, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін көтеру үшін мүмкіндік құрайды, жұмыссыздықты төмендетеді, адамзат ресурстарына салынатын инвестицияларды көбейту үшін жағдай туғызады. Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуі еңбек нарығының құрылымында едәуір өзгерістер, сондай-ақ білікті қызметкерлерге сұраныстың табиғи артуын туындатты. Мемлекет экономиканың базалық салаларын (тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс), өңдеуші өнеркәсіпті (машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі), сондай-ақ сервистік секторда, (туризм, әлеуметтік қамсыздандыру, қызмет көрсету) кадрлық қамтамасыз етуде өсіп отырған қажеттілікті бастан өткеруде [2, 82б].

Осыған орай, Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығын зерттеуде аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары ескерілу керек. Аймақтағы еңбек нарығының сұранысына қажетті мамандар дайындау жұмыстары жандандырылып, іске асырылу қажет. Жұмыспен қамтудың өсімінің жаңа мүмкіндіктері үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға өтуге жол ашады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын асыру: бір жағынан, жаңа жұмыс орнын құруды болжайды, алайда екінші жағынан, жұмысшылардан заманауи талаптарға сәйкес тиісті кәсіптік біліктілігінің болуын талап етеді.

Мұның бәрі Мемлекет басшысының 2030 жылға қарай ішкі жалпы өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесін екі есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді, ал 2050 жылға қарай экономиканың бұл секторы тіпті басымдыққа ие болуы тиіс. Аталған шаралар кешенін жүзеге асыру Қазақстанға «Қазақстан - 2050» Стратегиясының басты мақсатына жетуге - қуатты мемлекет, дамыған экономика және жалпыға бірдей еңбек мүмкіндіктері негізінде берекелі қоғам құруға мүмкіндік береді. Жұмыспен қамту саласында қолданылатын саясатқа жасалған талдаудан 2000 жылдан бастап жұмыспен қамтудың мемлекеттік саясаты кедейшілікпен және жұмыссыздықпен күрес жөніндегі бағдарлама шеңберінде іске асырылуда.

Осы Бағдарлама жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруды, оларды кәсіптік дайындауды және қайта дайындауды, кәсіптік машықты талап ететін қоғамдық жұмысқа қатыстыруды, жұмыс орындарын, оның ішінде салалар мен қызмет түрлері жөнінде облыстар бойынша индикативтік көрсеткіштерді қамтиды. Бағдарламаны іске асыру белгілі бір дәрежеде жұмыссыздықтың деңгейіне, жұмысқа орналастыруды ұйымдастыруға ықпал етті. Шын мәнінде жұмыспен қамту саясатының ауқымы еңбек нарығындағы саясаттан анағұрлым кең, ал еңбек рыногындағы саясат болса жоғарыда аталған бағдарламадағы сапалық көрсеткіштерден ауқымды. Жұмыспен қамтудың еңбекке қабілетті адамдарды тиімді пайдалану, жұмыс күшіне деген сұраныстың артуы, осы ұсынысты оңтайландыру, оның құнын арттырып, сапасын жақсарту сияқты маңызды өлшемдері мемлекеттік реттеу шеңберінен тыс қалып келді.

Ал еңбек рыногындағы саясатта жұмыс күшін салалар, кәсіптер мен аумақтар бойынша тиімді етіп қайта бөлу ісі де тыс қалып отыр. Нарықтық экономикасы бар елдердің тәжірибесі, егер жұмыссыздықпен және кедейшілікпен күреске бөленген барлық қаржылардың кемінде жартысы жұмсалса, жұмыспен қамту саясаты тиімді болатынын негіздеп отыр. Бірақ бұл шаралар пакетінің ішінен жәрдемақыларды төлеудің басым болып отырғанын атап көрсету қажет.

Қаржыландырудың осындай моделі тиімді жұмыспен қамту саясатынан гөрі жұмыссыздық пен кедейшілікті арттыруды білдіреді. Бұл жағдай заңдардың кемшілігіне байланысты орын алатыны белгілі. Бүгінгі таңда, экономикалық өрлеу кезеңінде, мемлекеттің жұмыспен қамтудағы және еңбек рыногын реттеудегі рөлі туралы мәселе принципті тұрғыдан жаңаша шешілуге тиіс. Бұл салада Үкіметтің өзі басты реттеушінің рөлін атқаруға тиіс, жұмыспен қамту саясатының әлеуметтік-экономикалық дамудың басқа да аса маңызды бағыттарымен өзара байланысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретінің шеңберінде емес, тек макроэкономикалық реттеу шеңберінде жүзеге асырылады. Тиімді бақылау мен жұмыспен қамту саясатын іске асыруды бақылауды мемлекеттік органның еншісіне қалдырған жөн.

Ағымдарды ескере отырып, министрліктің құрылымында соңғы бес жыл ішінде жұмыспен қамту саласында атқарылған жаңа міндеттерді жеке құрылымда шешуді ойластыру қажет. Енді осы қаржыларды уақыт талабына жауап беретін жұмыспен қамту бағдарламасын шынайы іске асыру үшін барынша тиімді жұмсайтын кез келді. XXI ғасырдың басында экономиканың өзіндік ерекшелігі бар саласы — ақпарат бизнесінің қалыптасқаны белгілі. Оның мазмұны ақпаратты қайта өңдеуді білдіреді. Ақпарат саласындағы жұмыспен қамтуды құрылымдау көптеген бағыттар бойынша өріс алуда. Ақпараттық технологияның дамуы өндірістегі, саудадағы, коммуналдық сектордағы құрылымның өзгеруіне белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Осымен қатар жұмыспен қамтылған жаңа бір категория пайда болды. Олар экономиканың ақпараттық емес саласына жұмысқа орналасуда. Жұмыспен қамту органдарына жұмыс сұрап келгендердің арасында біліктілігі жоқ адамдардың саны басым, олардың көпшілігі ауылдық жерден келген 23 жасқа дейінгі, негізінен орта білімді әйелдер. Осы адамдардың электронды рыноктан жұмыс табуы үшін бүгінгі таңда жұмыссыздарды қайта оқыту үшін жұмсалып жүрген қаржылармен қамтамасыз етілсе. Сонымен қатар қазіргі заманғы ақпараттық жүйелердің еңбек рыногын реттеу және жұмыспен қамтудың тиімділігін қамтамасыз ету саласында қолданылуының маңызы арта түседі.

Ал бүгінгі таңдағы біздің қолымыздағы бардың өзіуақыт талабына жауап бермейді әрі лайықты қаржыландыруды қажет етеді. Жұмыс іздеушілердің ендігі бір санаты 40-тан 50 жасқа дейінгі адамдар. Осы адамдардың үлесі жұмыспен қамту органдарына келгендердің жалпы санының 40 пайызын құрайды. Біздің Республикамыздың көптеген дамыған мемлекеттерден бір өзгешелік бізде өндіріске енгізетін жаңа технологиялар, сондай-ақ, олардың өндіріске енгізілуін жүзеге асыратын жоғары білікті ғылыми-техникалық кадрлар жоқ. Бұл кадрлар керексіз болып қалған 40 пен 50 жастың арасындағы жоғарыдағы адамдардың арасында қалды. Осы адамдарды өндіріске қайта тарту үшін осы ұрпақтың интеллектуалдық күш-жігерін пайдалана отырып, мемлекеттің ақшалай қаржыларын шоғырландыру қажет. Алайда, жұмыспен қамтудың тиімділігіне қол жеткізу жолындағы осы ұмтылыс еңбек саласында жинақталып қалған проблемаларды жеңуді, жұмыс күшінің кең ауқымда орын ауыстыруын және оларды тиімді пайдалану үшін мол қаражат құюды талап етеді. Жұмыспен қамту саясатының белсенді түрі – мемлекеттің жұмыссыздық деңгейін төмендетуге көзделген құқық, ұйымдық және экономикалық шаралардың жиынтығы [3, 127б].

Мұндай саясаттың мазмұнына: қоғамдық жұмыстар жүйесі бойынша жаңа жұмыс орындарын ұйымдаствру, өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамыту жолымен жұмыс орындарын құруды демеу, жұмыс орнын сақтап қалуға, тұлғаларды оқыту, қайта дайындау және біліктігін жоғалатуға, қызметтердің жұмыстан өздігінен босталуын болдырмауға (ескерту, алдын алу шарасы) байланысты іс-шаралар кіреді. Жұмыспен қамту мемлекеттік саясатты мемлекеттік деңгейде жүргізу мәселесі негізінен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігінде шоғырланған. Іс жүзінде жұмыспен қамту саясаты Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында, Қазақстан Республикасы Қаулыларымен бекітілген іс шараларда және «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» Бағдарламасында көрсетілген барлық міндеттер жүзеге асырылады. «Мақсат – жетістіктің желкені» демекші, орынды қойылған мақсаттар ғана жүйелі жетістіктерге жеткізеді. Осы тұрғыда, қорытындылай келе, жұмыспен қамтудағы мемлекеттің саясаты негізінде жұмыспен қамту мәселесін шешуде мынадай ой-түйін айтуға болады: -әлеуметтік-экономикалық күйзелісті бастан кешіріп отырған қоғам өміріне кірген жасөспірімді азамат ретінде қалыптастыру үшін, оның болашақтағы мүмкіндіктерін кеңейту үшін не істеу керек?[4]

Мұндағы негізгі ой, қоғамды қылмыстан және тағы басқа келеңсіз құбылыстардан құқықтық тұрғыда қорғай отырып әлеуметтендіру мен тәрбиеге қол жеткізу, жастармен осы мақсатта әлеуметтік жұмыс жүргізу үшін жағдайлар жасау; -жастардың экономикалық дамуы, еңбек және жұмыспен қамту саласында жағдайлар жасау, оқуды жаңа бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуы үшін жағдайлар жасау керек, ол үшін мемлекет әрекет етуі тиіс, яғни өз нәтижесін көрсететін тың жаңа бағлдарламалар қабылдануы керек, әйтпесе тәжірибесі жоқ жас маманның қазіргі қоғамда жұмыс табуы өзекті мәселеге айналып бара жатқаны жасырын емес; -өңірлерде жұмыспен қамту саясатын тиімді іске асыру; -ғылыми-техникалық прогресті дамыту, соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашу және де жұмыспен қамту саясатын ақпараттық қамтамасыз ету; - жас таланттарды дамыту мен қолдау. - халықты жұмыспен қамту мақсатында, ел экономикасын дамыту және қауіпсіздігін нығайту, адамдардың әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында тиімді бағыт белгілеуіміз қажет.

Қазіргі қоғамымыздағы белең алып бара жатқан жұмыссыздық мамандықтың дұрыс таңдалмауынан туындаған күрмеулі мәселелердің бірі. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныстың арасындағы теңгерімнің бұзылуына әкеп соқты. Болашақ мамандық таңдау кезінде мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жас азаматтың аңсаған арманы мен шынайы қажеттіліктерін басшылыққа ала отырып, тұлғаның ерекшеліктері мен қандай нәрсеге икем екендігін ескеріп қадам жасаған дұрыс.

 Азаматтарды кәсіби бағыттау еңбек нарығын реттеу формаларының бірі болып табылады, адам ресурстарын дамытуға ықпал етеді, кәсіптік білімнің, кәсіби білікті мамандарға нақты қажеттілігімен байланысын қамтамасыз етеді. Ашығын айту керек, бізде мамандық таңдау мен ішкі еңбек нарығы сұраныс арасында алшақтық орын алып отыр. Қазіргі таңда басты міндет - әрбір қазақстандыққа сұранысқа ие мамандықты таңдау және ол бойынша білім алу тәртібі мен шарттары туралы мемлекеттен толық ақпарат алу мүмкіндігін беру. Осы орайда, халықты жұмыспен қамту механизмдері бір-бірімен байланысып толық жұмыс жасаған кезде халықты жұмыспен қамтуды жүзеге асыру тиімді болады.

Халықты жұмыспен қамту іс - шаралары "Халықты жұмыспен қамтудың 2017 жылға арналған кешенді іс - шаралар жоспарының" аясында жүзеге асырылуда. Кешенді іс - шаралар жоспарына сәйкес 2017 жылы 42576 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. 2017 жылдың 1 қыркүйегіне облыс бойынша 32982 адам (жылдық тапсырмаға 77,5%), оның ішінде 16022 жұмыссыз, 7350 нәтижесіз өзін-өзі қамтыған азаматтар, 9610 адам жұмыс іздеушілер, 1039 аз қамтылған азаматтар жұмыспен қамтудың шараларымен қамтылды [4].

Жыл басынан 15456 адам жұмыспен қамту органдары арқылы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 1486 адам мемлекеттік және салалық, өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында жүзеге асырылатын жобаларға, 13874 адам мемлекеттік қолдау түрлерінсіз, яғни облыстағы бос жұмыс орындарына, 96 адам өз бетінше жұмысқа орналастырылды.
Уақытша жұмыс орындарына 9634, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 1079, жастар практикасына 1186, қоғамдық жұмыстарға 7369 адам жіберілді.

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1.Ахметов А. Еңбек құқығы :Оқулық..-Алматы. , 2006

2.Уваров В.Н. Трудовое право Республики Казахстан – А., 2002

3.Айымханова Е.Е. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы.-2002

4. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» Бағдарламасы// www. zakon.kz