Жармағанбетова Ж.Р.   аға оқытушы,  магистр

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

Музыка сабағында күй тыңдау қызметі арқылы оқушылардың қызығушылығын қалыптастыру жолдары

 

Жалпыға бірдей білім беретін мектептегі музыка пәнінің мұғалімі – музыканы оқыту арқылы оқушы бойында музыка мәдениетін қалыптастырушы маман. Мұғалім оқу  жұмыстарын мектептерде қойылатын талаптарды басшылыққа ала жүргізеді. Ол музыка бағдарламасы бойынша сабақ жүргізу барысында оқыту мен тәрбиелеудің тиімді әдісін таңдап ала отырып, оқу жоспарын жүзеге асырады.

Музыкалық тәрбие берудегі  музыка тыңдау – музыка пәнінің маңызды бір бөлігі болып табылады. Ол музыкалық жан – жақтылықты кеңейтеді, музыкалық білімін толықтыра отырып, қабылдауын дамытады, сүйіспеншілігі мен көркемдік талғамын қалыптастырады.

Музыка тыңдау барысында шартты түрде бастауыш сынып оқушыларының қабылдауын былайша топтастыруға болады: шығарманың мазмұнын елестету, оның жанры, құрылысы және басқа көркемдік құралдарын ажырату.

Оқушылар бірінші сыныпта ән немесе күй жанры жөнінде толығымен мағлұмат алады.  Ал, екінші сыныпта олар күрделі фактурасы бар «Жыл басы кім болады?» атты балалар операсы мен аңыз – күй «Жетім бала» эпикалық бірнеше көріністен тұратын көлемді күймен танысады.

Үшінші сыныпта ән мен сөздің өзара тығыз байланысымен қазақтың ұлттық шығармашылығы түрлерімен: терме, жыр, айтыс, күй тартыс, атақты жыршы – термеші, күйшілерімен танысады.

Төртінші сыныпта бағдарламаның музыка тыңдау бөлімі жүйелі бірізділікпен жалғасып отырады. Оқушылар ән мен күйдің күрделі музыкада «жаңа өмірге» ие болғанын көре отырып, композиторларының шеберлігінің арқасында халық  музыкасының түрленіп, жаңа бояулармен нәрленгенін байқайды. Қазақстанның және шетел шығармаларымен танысу музыканың күрделі жанрлары мен формаларын білуге көмектеседі.

Оқушылар музыканы  қабылдай білу үшін, оның «тірі» өнер екенін өмірімен тығыз байланыста болатынын түсінуі қажет. Музыканы ести білу тәжірибесі балаларға 1-4 сыныптар бойында халық музыкасын орындау мен тыңдатуда, қазіргі мектеп оқушыларына арналған композиторлық әндерді айтуда, халық күйлерін, классикалық музыка тыңдатуда т.б. бір – бірінен өзара айырмашылықтарын ажыратуда ықпал етеді. Ән айту кезінде және музыка тыңдағанда балалар біртіндеп музыкалық сауаттылықты да игереді. Шығарманың мазмұны мен көңіл – күйі жөнінде мәліметтер алады, музыканың көркемдік құралдарымен – темп, дыбыс күші, әуенділік, ырғақ, дыбыс биіктігі танысады. Шығарманың жанры және құрылысы, музыкалық аспаптар мен халық аспаптар оркестрі симфониялық оркестр, хор және хордың құрамы жөнінде мағлұмат алады. Оқушылардың алған білімдері сыныптан сыныпқа көшкен сайын толықтырылып, ұлғайтыла түседі.

Бастауыш сыныптарда халық аспаптық музыкасына оқушылардың қызығушылығын қалыптастыру ісі педагогика, психология және оқыту әдістемелерінің жетістіктеріне сүйене отырып, жан-жақты түрде, мұғалімнің творчествалық деңгейіне, шеберлігіне сай, оқушының қызығушылығын дамыту мақсатын көздеу ыңғайында жүзеге асырылады. Оқушылардың бойында білім-білік дағдыларын қалыптастыру орайында жүргізілетін қандай да болсын эксперименттік жұмыстарды оның түпкі нәтижесін, қалыптасуы мүмкін ықтимал жағдайларды алдын-ала болжап, жоба-жоспарын белгілеп алмай жүзеге асыруға болмайды[1].                   

Музыка тыңдау – сабақтың негізі. Сабақты тыңдауға, дауыс жаттықтыруға, ән айтуға, ойнауға арналған шығармалардың барлығы алдымен тыңдалып, талданады.

Музыка тыңдауға үйрету – күрделі де маңызды мәселелердің бірі.
Н.А. Грозденская: «...Менің ойымша, тыңдауды вокалды музыкадан бастасақ, оқушының зейіні әннің сөзіне немесе орындаушының орындау мәнері мен мимикасына ауып, музыка сазына аз көңіл бөледі, ал аспаптық музыканы тыңдағанда, керісінше, орындау жағына аз көңіл бөлініп, негізінен музыканы, әуенді тыңдайды...» - деген ой айтады [2].

Демек, оқушыларды музыка тыңдауға баулудың алғашқы сатысында қарапайым, мәтінсіз (тестісіз) шығармаларды тыңдату музыкаға бірыңғай ден қоюға мүмкіндік береді.

Музыка тыңдатар алдында немесе тыңдатып, талдатып болғаннан кейін оқушылар жауабын толықтыру ретінде айтқан мұғалімнің қорытынды сөзі, сөйлеу тілі төменгі сынып оқушыларына түсінікті, әрі тартымды болуы қажет. Шығарманы талдату барысында мұғалімнің музыкалық туындының мағынасына қарай сұрақтар құрай білу дағдысы да рөл атқарады. Дұрыс қойылған танымдық сұрақтар оқушыларды ойландырады, музыкалық шығарма хақында өз пікірін айта білуге баулып, қиялын дамытады.

Барлық зерттеушілер негізінен музыкалық есту қызметінің алғашқы кезеңіне, яғни, мазмұны тыңдау дайындығының қалыптасуымен байланысты болып келетін кезеңіне назар аударады. Бұл талап тыңдаушылардың ойынан шығуымен және музыканы қабылдау жағдайымен байланысты. Адамдар музыканы концерт үстінде, радиодан немесе теледидардан тыңдағанда, жеке немесе эмоционалдық әсер эффектісін басынан кешкенде, басқа адамдар қатысқанда түрліше қабылдайды. Композитор, музыканы орындаушы, зерттеуші түрлі тұрғыдан қабылдайды[3].

Баланы күй тыңдауға, тыңдай отыра оны саналы түрде қабылдауға баулу музыкалық тәрбие беру жұмысындағы күрделі міндеттердің бірі. Музыкалық қабылдау – сабақта қолданылатын іс-әрекеттердің іргетасы.

 «Музыка тыңдау» бөліміне күйлерді жүйелеу барысында қарапайымнан күрделіге біртіндеп өту, бірізділік, түсініктілік, жас ерекшелігін ескеру және т.б. тәрізді дидактикалық принциптер басшылыққа алынған. Балалар бірінші сыныпта алған алғаш рет «күй», «күйші - композитор» ұғымымен танысып, әрі қарай білімін бірте-бірте кеңейте түседі, оркестр және жеке халық аспаптарымен танысып шығады. Мәселен, домбыра аспабының құрылысы, дыбыс бояуы жөнінде мағлұмат алады. Әрбір аспаптың (домбыра, жетіген, қобыз,сыбызғы т.б.) шығуына байланысты аңыздармен, қызғылықты оқиғалармен хабардар болады.

Екінші сыныпта оқушылар күйді ойнау әдістері бойынша ажырататын болады, яғни күйшілік мектептен (шертпе күй, төкпе күй) танысады. Құрманғазы, Тәттімбет, Қорқыт, Дәулеткерей, Дина тәрізді ірі күйші-композиторлар өмірі және шығармаларымен таныс болады. Сонымен қатар күйдің жіктемесі (классификациясы) жөнінде кеңірек түсінік алады (төрт-түлік малға арналған күйлер, табиғатқа арналған күйлер, аңыз күйлер, тартыс күйлер т.б.). Көлемді эпикалық күйлердің бірі «жетім бала» күйімен толық танысып шығады. 4 картинадан тұратын күйде әрбір көрініске өз алдына ойластырылған тақырыптар бар. Күйді салыстырмалы түрде тыңдай отырып, ондағы әуенге жақын таныс жерлері мен қайталанып келетін үзінділерін баланың өздері табатын болады.

Үшінші сыныпта күйдің ең қиын түрі – тартыс күй өнерімен танысу болады. Төкпе күй түрлерін, халыққа кең тараған ірі күйшілердің жанрдағы шығармаларын тыңдап, олардың шығу тарихын естиді.

Төртінші сынып оқушылары Қазақстан композиторларының туындыларымен танысады. Мәселен, Е.Брусиловский «Сарыарқа» симфониясы, М.Маңғытаевтың «Ақсақ құлан» хор поэмасы, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы тәрізді күрделі шығармаларын өздеріне таныс күйлерді ажыратып, халық музыкасы мен композиторлардың өнері музыка арасындағы жалғасты байқайды. Бастауыш сынып оқушыларына музыка (күй) тыңдап дәстүрлі төрт саны бойынша жүргізіледі. Олар мыналар: (мұғалімнің түсінігі) әңгімесі, музыка тыңдау, музыканы әңгімелесу арқылы талдау, музыканы қайта тыңдау.

Әдістемеде тыңдалатын күйлердің шығу тарихымен қоса күйші-композиторлардың өмірі мен шығармашылығы, күйдің жалпы мазмұны, жанры мен көркемдік құралдары жөнінде ұғым-түсінік беріледі. 

Мұғалімнің кіріспе сөзі қайткенде де оқушының тыңдайтын музыкаға қызығушылығын арттыратындай дәрежеде болуы шарт. Мұғалім әртүрлі мағлұмат беру арқылы оқушылардың музыкалық дүниетанымын кеңейте түседі.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.    Құлманова Ш.  Бастауыш сыныпта музыканы оқыту әдістемесі (1-4 сынып ) . -А.:1996.- 55б.

 

2.    Н.А. Грозденская. Слушание музыки в начальной школе.-М.:1988.- 85б.

3.    Қазақ халқының аспап музыкасы. Домбыраға, қобызға, сыбызғыға арналған күйлер. –А.: 2004. -12б.