Педагогические науки/3.Методические основы

 воспитательного процесса

Бердишева А.О., Бимурзаев Е.Т

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы

Ұлт руханияты - ел дамуының қайнар көзі

 

         XXI ғасырдағы адамзаттың рухани ізденістері, мәдени, тарихи тамырыңды іздеу мәселесі алға шықты. Яғни, елдің әлеуметтік-гуманитарлық саласын жаңғырту - бүгінгі күннің басты мәселесі. Ал мұның кепілі - қазақ ұлтының рухын, ой-санасын тұтастай жаңғырту болып табылады. Ал, "өзінің тарихын қадірлемейтін, өзінің ұлттық байлығын бағаламайтын халық табысты да бола алмайды" (Н.Назарбаев) [ 1. 7 б.] Ұлағатты тоқтам көкіректің көлеңкелі астарын басып тастайтындай, соған меңзейді.

         Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодыңды сақтай білу. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні - бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана"-деп атап өтеді.

         Біздің бүгінгі жастарымыз әдебиетте Ақтамбердіні, Доспамбет, Қазтуғандардың тіл байлығы мен көркемдігін, Абайдың ойшылдығын, Қасым мен Мұқағалидың сыршылдығын, Мұхтар Әуезовтың кеңдігі мен Қадырдың тапқырлығын сіңірмей, жаңа сұңғыла дүние тудыра алмайды. Сондай тума таланттардың бай мұрасы балаларға мультфильмдер  түрінде жетіп, халыққа классикалық кино мен драмалық туынды болып оралуы керек. [4, 2б.]

         Қазақ халқының тәлімдік қазынасы  - тәрбиелі тоқтамның бастауында, халықтың рухани мұрасында. Қазақ халқының мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры, айтыс, терме, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа әдептілікпен, сыйластықпен, әділеттілікпен жеткізу - ұлттық құндылықтардың жүйесін құрайды.

         Толық өркениетті ел болу үшін, алдымен өз тарихымызды, мәдениетімізді бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн. Десек те, бұл ұстаным күнделікті тіршілікте әлі де толық ескерілмеуде. Әр саладағы кәсіби маманның міндеті, мақсаты, талаптары дер кезінде дөп ескерілмесе, рет-ретімен жүзеге аспаса, онда патриоттық, ұлттық тәрбиенің қадірі артпайды. Өзіне сенетіндер озық тәжірибені тез игереді, оны өз міндетіне орай оң өзгеріске қолданудан тартынбайды. Ынталылар саяси-мәдени жаңаруға дайын. [2, 2б.]

         Ұлттық дүниетанымды игеру - алдымен қазақтың өзіне ғана тән мінезді, жүріс-тұрысын, салт-санасын, ұлттық дәстүр мен тәрбие нысандарын игеру, яғни отандық тарих пен халықтың әлеуметтік тәжірибесін жақсы білу, олардың ұстанымдарын ұлағат тұту.Сонда ғана қазақтың қадір-қасиеттері, дүниетанымы оның рухани тұтастығы мен ұлттық болмысының қайнар көзіне айналып, ұрпақ санасын баурай түседі. [3, 9б.]

         Әрбір халық өзінің дүниетанымы арқылы тарихи даму кезеңі мен ойлау жүйесін зерделейді. Рухани жаңғыру толыққанды болмыстың, адамгершіліктің көзі, сараланған саналы тәлімнің аясы.

         Елбасының мақаласында атап өтілгендей: "мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі керек.  Ел дамуының жасампаз жолы, асыл арқауы - қоғамның, оның әрбір мүшесінің санасын жаңғырту болса, бұл мақсаттағы басым бағыттар қатарына: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы жатады. Демек, біртұтас ел болу - бұқаралық сананы өзгертіп, рухани жаңғыруға батыл қадам жасауға жол ашады

         Стратегиялық тұрғыдан сараптасақ, толеранттылық саяси тұрақтылықтан, қоғамдық келісімнен, әлеуметтік түсінушіліктен, елді басқаратын қатынастан, татулықтан, ұлтаралық келісімнен және саяси этникалық - діни төзімділіктен тұрады. Мәдениеттегі толеранттылық тактикалық  амалды әрекеттен- төзімділік, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, қолдаушылық, көрегендік, мейірімділік сияқты ұстанымдардан құралады. Мемлекеттің дамуын және рухани мәдени келбетін қамтамасыз ету үшін төзімділік таныту, тіл табысу, өзара көмектесу- мәдени мүдденің мәйегі.

         Сана мен тіл – мәдениеттің негізі. Мәдениет өз кезегінде рухани өмірдегі барлық жетістіктердің жиынтығы бола отырып, ұлттық салт - дәстүрмен өзектеседі. Ал салт - дәстүрің - халық пен тарих жазған ата заңың. Сондықтан да оны Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы   - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты  Жолдауында ұлттың генетикалық кодына теңеген болатын [4, 5б.]   Бұл болашақтың мамандарын даярлайтын оқытушылар қауымы үшін жауапкершілікті бұрынғыдан да арттыра түседі. Кемеңгер ағартушы Ы.Алтынсарин "Мектептің жаны-мұғалім" деп бекер айтпаған. Білім саласы қаншалықты заманауи технологиялармен, инновациялық оқу құралдарымен жабдықталып,  материалдық тұрғыдан байытылса да, мұғалімнің орнын оның ешқайсысы алмастыра алмайтыны аян. Ұстаз шәкірті арқылы өз заманын тәрбиелейді. Ұлт руханияты - ел дамуының қайнар көзі, құндылықтар жиынтығы, болашақ бағдарының басты негізі.

                                    

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. Н.Назарбаев."Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласы, Егемен Қазақстан, 2017

2.  Смайыл А.  « Ұлттық мәдениет» Егемен Қазақстан, № 145, 2014.

3. «Ата салтың  - халықтық қалпың» (Құрастырғандар А.Зәкірианов, М.Молдабаева) Алматы: Рауан, 1998

4.  «Қазақстан жолы – 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Егемен Қазақстан, 2014