Педагогические науки/3.Методические основы

 воспитательного процесса

Куненова П.С, аға оқытушы, 2 курс студенті  Айдарова Дилара

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы

Мәңгілік елдің бесігі – ана жүрегінде

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы өз елімізге, туған жерімізге деген махаббаты арқылы  ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірігейлікті сақтау,  ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен өнеріміз, әдебиетіміз  сияқты ұлттық рухтарды бойымызға мәңгі сіңіру керектігін айтып өткенін бәріңіз білесіздер.

Ия. Көне ғасырлардан тамыр алған мәдениет пен өнеріміз жалғасын тауып, ұлттық салт-дәстүріміз жаңа белестерден көрінуде. Елбасының «Мәдениет – тіршіліктің тірегі. Бейбітшілік, руханият пен келісім – бәрінің тамыры мәдениетте», - деп, қазақ зиялылары мен рухани жетекшілерді ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға, сонымен қатар, ұрпақты жат ықпалдан қорғауға, адасқандарды оқыс қадамдардан сақтандыруға тиіс екенімізді атап

 Қазақ баласының өмірге «шыр» етіп келгенде, алғаш еститіні анасының әлди жыры. Тал бесігін тербеген бесік жырында қаншама тағылым, терең тәрбие жатыр десеңші.

Ал, қазақ үшін ерекше қасиетті, Құранның сөзіндей үш ұғым бар;

        Ана! Жер-ана, Отан –Ана!.

        Әйел-ана ұлтымыздың бойындағы  бар жақсы қасиеттерді - тілін, ділін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін келешек ұрпаққа  жеткізуші, дарытушы, дамытушы.

Біз әйелдер қауымы, елімізде болып жатқан саяси мәселелерден тыс қала алмаймыз, өйткені, Қазақ елінің ертеңі - отбасымыздың, ұрпағымыздың болашағы. Ол болашаққа біз кіммен бірге аяқ басып, кіммен бірге аттанатынымыз - өмірлік маңызды мәселе. Менің білім жүйесіндегі  тәжірибеден түйгенім; біз дамыған елдердің озық технологиясын меңгерейік, тілінде үйренейік, мәдениетінен де хабардар болайық, бірақ тәрбие ұлттық рухта болуы керек. Сонда ғана өз ұлттық құндылықтарымызды бағалайтын  қасиетті ұлы мекеніміздің иесін, басқаның жылтырағанына қызықпайтын ұрпақ өсіреміз.  Ол көбіне аналарға байланысты.

Бүгінде «қазақ», «қазақ» деп шырылдап, жаһандану деп аталатын жеті басты айдаһардың аузында жұтыла жаздап, қалт-құлт етіп әрең тұрған қазақтың тілі мен ділін, жерін, дінін, дүниетанымын қалай сақтап қала аламыз деп сарыуайым шегетін ата-аналар бар. Ал баласы ұялы телефон мен интернетті ойлап тапқан жарқ-жұрқ әлем көшінен қалмауы керек деп ойлайтын ата-ана да бар. Міне, осы орайда «Әулиета» қазақ мәдени орталығының аналар кеңесі мен «Мәдениет және өнер» кафедрасының жанынан құрылған «Рухани әдеп мектебі», «Эстет», «Шабыт», «Інжу» сияқты қыздар клубы  мен жалпы студенттердің шығармашылық клубтарының ұйымдастыруымен жастардың бос уақытын дұрыс пайдалану жөнінде, отбасы мен қыздар тәрбиесіне, жастар руханиятына  байланысты дөңгелек үстел, пікірталас кештері мен шығармашылық мәдени-іс шараларын ұйымдастыру бізде дәстүрге айналған.

Жалпы, отбасында ер адамның табиғатына  ауқымды түрде ойлап, ірі істер атқару тән болса, әйелдер сол істің ерлер елемеген, бірақ маңызы зор  жақтарын түгендеп, жігін жатқызып жүреді, өйткені оның болмысы осындай. Әйел адам  әр мәселеге өзінің жеке  проблемасы  ретінде қарап, сол тұрғыдан  шешім қабылдауға ұмтылады

         Елдің намысын, арын қорғай білмейтін жасық, жағымпаздардың тым көбейіп кеткендігінен туып отыр. Біз аналар кеңесінің мүшесі ретрінде  бірнеше аудандар мен қаладағы оқу орындарының  студенттерін аралап, көз жеткізгеніміз жастарымыздың ұлттық рухани мәдениетінің төмендігі, қыздар тәрбиесіне байланысты жұмыстар жасалып жатқандығын, дегенмен  жібектей ару қыздарымызға арналған қыздар клубының аздығы, ана мен қызының арасындағы алшақтық, әке мен баланың арасындағы қарым-қатынастың әсерінен әр түрлі жағдайлар орын алып жатады. Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап, аспан қалай ашылмақ, - деп ақын Мұқағали айтқандай   жаныңды жадыратар жақсы адамдар жанымызда  жүр, көп балалы батыр ана, мыңдаған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде абырой арқалап жүрген  ардақты ұстаз, аяулы әжелер,  мейірімді ана, мерейлі ұстаз, бүгінде барлық этнос орталықтарының  көшбасшы аналардың атқарып жатқан іс-шаралары, қайырымдылық жұмыстарын мақтан тұтып, жасаған өнеге істерін кейінгі жастарға үлгі етіп, кітап жазуға тұрарлықтай.

Қазақтың дархан даласындай дарынды ұлдары мен қыздарының болатыны мың жылдықтардан бастау алған рухани құндылықтардың әлемдік өркениеттен алатын өз орны, өз биігі бар екендігіне бүгінгі ұрпақтың көзін жеткізу. Білім әрине, тек басқаларға үйрету үшін қажет емес, өзінің рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру үшін де қажет. Парасатты адам әрқашан да алды – артын бағамдап алып, әрекет жасайды, тарих тағлымын, ата – бабалардан қалған өмір сабақтарын, жол-жосықты, үлгі - өнегені келешекке өсиет етеді. Олай болса, мәңгілік еліміздің бесігін тербейтін аналарымыз көп болсын. Еліміз аман, халқымыздың бірлігінің туы берік болсын демекпін!

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қ. Мұхамеджанов Өнер жайлы ойлар.алматы «Атамұра».1998

2. Қыдыралиев Д.Қ. «Жерұйық» - Деловой мир Астана, 2014.11-15б

3. Жастар: тәрбие, жауапкершілік, парыз [Текст] / Ө. Нұрғалиев. -         Алматы: Қазақстан, 1988. - 45 с. - Б. ц. Нәсіпқаным Камалова «Мәдени – тынығу жұмысының ұлттық дәстүрлері»,-Шымкент,2009

4. Қазақстан Республикасы этникалық-мәдени білім беру тұжырымдамасы. //Егемен Қазақстан, 7 тамыз, 1996

5. Арай жастар газеті.»Тәрбие – тал бесік» , №41.19 қазан. 9бет