Жансеркеева Э.Н.

Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университеті

Aibosha@mil.ru

ЛЕКСИКАЛЫҚ ИНТЕРФЕРЕНЦИЯНЫҢ РӨЛІ МЕН МАҢЫЗЫ

Шет тілін үйренушілерге жаңа сөздерді түсіндірудің алуан түрлі тиімді жолдары көптеп кездеседі. Тілдегі лексика саласы бойынша жұмыс істеудің ерекше маңыздылығын атап өткен жөн. Дегенмен, лексикалық аспект жеткілікті дәрежеде талданып, әдістемелік тұрғыда ұйымдастырылуы жағынан әлі де болса кемшін күйде қалып келе жатқаны мәлім. Үйреніп жатқан тілдегі лексиканы түсіндірудің олқы соғып жатқан себептерін былайша түсіндіруге болады: біріншіден, лексиканың жүйелілігі – тіл құрылымындағы ең күрделі құбылыс болып есептеледі, ал екіншіден, сөз сипаты жағынан ең күрделі, жан-жақты және атқаратын қызметі бойынша ерекше болып есептелетін негізгі, базистік бірлік болып табылады. Өзге тілді меңгерту барысында сол тілдің лексикасын түсіндірудің (семантизациялаудың) әр түрлі жолдары болады десек, олардың ішінде ең тиімді дегендерін былайша топтастыруға болады:

1) жаңа сөзді көрнекі құралдарды пайдалана отырып түсіндіру;

2) синонимдер арқылы түсіндіру;

3) жаңа сөзді мәнмәтін (контекст) арқылы түсіндіру;

4) антонимдер арқылы түсіндіру;

5) туынды сөздердің жасалу жолдарын талдау негізінде түсіндіру;

6) жаңа сөзді санақ (перечисление) арқылы түсіндіру;

7) сөздерді білдіретін мағынасына сипаттама беру арқылы түсіндіру;

8) жаңа сөзді ана тіліне аудару арқылы түсіндіру.

  Осы сегіз топтың әрқайсысына жеке-дара тоқталып өтейік.

1. Жаңа сөзді көрнекі зат арқылы (құрал) түсіндіру. Бұл әдіс аты айтып тұрғандай, нақты ұғым беретін, заттық атауы бар сөздерді сол затты көрсету арқылы түсіндіруге келіп саяды. Сонымен қатар, ым-ишара арқылы да лексиканы меңгертуге болады. Осы мақсатта әдетте, фильмдер, диафильмдер қолданылады.

  Алғашқы сабақтарда аудиториядағы заттарды қөрсету арқылы көп сөздерді түсіндіруге болады. Мысалы, ағылшын тілінде: blackboard, window, door, table, copy-book, pencil, dictionary, book, chalk, chair деген сөздер арқылы кейбір етістіктердің мағынасын түсіндіруге болады. Бұл дегеніміз, жоғарыда аталып өткен заттарды (ашу − open, тазалау − clean, жабу − close, отыру − sit, жазу − write, оқу − read) етістіктерді өткенде пайдалануға болады деген сөз. Ағылшын тіліндегі үстеулерді (алдында − in front of, оң жақта − оn the right, артында − behind, ортасында − in the middle, жоғарыда − above) заттың орналасқан орнын көрсету арқылы түсіндіруге, сын есімдерді заттың түр-түсін, сапасын, көлемін көрсету арқылы түсіндіруге болады. Сол себептен, мұндай сөздерді түсіндіру барысында басқа амалдарды іздестіруге тура келеді.    

2) Синонимдер арқылы түсіндіру. Бастапқа кезеңде ағылшын тіліндегі жаңа сөздерді түсіндіру барысында синонимдерді пайдалану арқылы түсіндіру әдісі әдетте қолданылмауы тиіс. Оқытуды жалғастыру кезеңі мен жоғары кезеңінде синонимдер арқылы түсіндіру белсенді түрде қолданылады.  Мысалы: continue – go on – proceed; look – stare – gaze; finish – complete – end; answer – reply – respond; vacant – free – not engaged – loose – free. Бірақ, синонимдерді пайдалану кезінде олардың ұғымдары мен стилистикалық тұрғыда әр түрлі қолданылатындығы мен сөздермен таңдап тіркесетіндігін ұғындыру, түсіндіру қажет. Мысалы,  go on reading − continue reading, vacant room – free room деп айта алмаймыз.   

3) Жаңа сөзді мәнмәтін (контекст) арқылы түсіндіру. Ағылшын тілінде кейбір сөздердің мағынасы сөйлем арқылы айқындалады. Бұл тұрғыда анық және түсінікті мәнмәтін қолданылуы қажет, демек, тілді үйренуші сөйлемнің білдіретін негізгі ойын, не туралы айтылғанын дұрыс түсіну үшін мәнмәтінді дұрыс түсінуі керек. Мысалы:

saw with half an eye – бір көзімен көру;

open one’s eyes − көзі шарасынан шыға жаздап қарау (таңқалу);

open person’s eyes to the truth – шындыққа көзін жеткізу;

mind your eye! – сақтаныңыз!  

4) Антонимдер арқылы түсіндіру. Тіл үйренушінің лексикалық қоры кеңейген сайын, соғұрлым, антоним сөздерді көбірек пайдалануға болады. Егер, жаңа сөздер құрамында қыс − winter, ақ − white, түн − night, қымбат –expensive, оңай − easy, келу – to come, т.с.с. сөздер болса, осы сөздердің антонимдерін бере отырып, тілді үйренушілердің сөздік қорын кеңейтуге болады: жаз − summer, қара − black, күн − day, арзан − cheap, қиын − difficult, кету - leave.

5) Туынды сөздерді олардың жасалу жолдары арқылы және жасалуын талдау негізінде түсіндіруге болады. Бұл тәсіл тілді үйренудің барлық кезеңінде қолданылады. Оқыту кезеңіндегі лексикалық минимумдар ағылшын тілінің сөздік қорының бір ғана бөлшегі болып табылады. Осыған орай, оқу материалы бойынша берілген лексикалық минимумдар жаңа сөздері көп мәтінді түсінуге мүмкіндік бермейді. Тілді үйренушілердің сөз мағынасын сөзжасам элементтері арқылы анықтай алу қабілетін тілді үйренудің алғашқы сатысынан бастау қажет. Мысалы:

to write (жазу) cөзінен  writ + er (жазушы)

writ + ing (жазу)

writ + ing – ink (cия)

writ + ing – paper (пошта қағазы) [59, 674]. Ағылшын тіліндегі to write (жазу) cөзінен туындаған туынды сөздерді тіл үйренушілерге бастапқы кезеңнен бастап аңғартып отырса, бұдан өзге де туынды сөздердің мағынасын олар түсініп отыратын болады.                              

6) Жаңа сөздерді санамалау (перечисление) арқылы түсіндіру. Бұл дегеніміз жалқыдын жалпыға көшу, бөлшектің бүтінге айналуы арқылы түсіндіріледі. Мысалы: What are the types of furniture? (Жиһаздың қандай түрлері бар?) десеңіз, ағылшын тілін үйренушілер desk (үстел), table (орындық), sideboard (шкаф) (sofa) диван деп санамалай жөнеледі.  

7) Сөздерді білдіретін мағынасына сипаттама беру арқылы меңгерту. Бұл әдіс көбінесе тілді меңгеруді жалғастыру сатысындағы оқушытер үшін қолданылады. Егер де кейбір сөздердің ана тілінде баламасы болмаған жағдайда сол сөздің білдіретін мағынасына сипаттама беріледі.

8) Жаңа сөзді ана тіліне аудару арқылы түсіндіру. Аударма әдісіне байланысты түрлі пікірлер өте көп. Жаңа сөздерді тек аудару арқылы түсіндірген жағдайда немесе аудармадан мүлдем бас тарту жағдайында керемет нәтижеге қолымыз жетеді деп айту қиын. Бұл кез келген сөзді түсіндіру кезінде семантизациялаудың жан-жақты әдісі болып табылмайды.

Интерференция нәтижесінде туындайтын қателердің себептерін тілді меңгерушілермен бірге талдап интерференцияны түсінуге көмектеседі. Қателерді сезіну қабілеті оларды айқындай алу қабілетін қалыптастырады, сыни тұрғыда талдай алу мен өзіне ескертіп отыруға септігін тигізеді. Сонымен, интерференция қатенің бірнеше типтерін туындатады. Тасымал оқу үдерісінің ең басты сипаттамасы болып табылады, алайда, екінші шет тілін меңгеруде оқудағы барлық жетістіктер мен мәселелер оның қолданылуымен ғана түсіндірілмейді. Қателердің туындау себептерін талдау тасымалдың іс-әрекет саласы мен өзге де танымдық стратегияларын шектеуге мүмкіндік береді.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. А. Салқынбай, Е. Абақан. Лингвистикалық түсіндірме сөздік: − Алматы: Сөздік – словарь. 1998, - 304 б. 

2. Словарь иностранных слов. Изд. 9. М.: Русский язык, 1982. - С.199.

3. “Қазақстан Ұлттық энциклопедия. Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы:  “Қазақ энциклопедиясының” Бас редакциясы, 2002. – 720 б.

4. Н.В. Имедадзе. К психологической природе раннего двуязычия // Вопросы психологии.- I960.- №1.- С.7

5. Н.А. Пашковская. направление и характер интерференции украинского языка в русской письменной речи учащихся-украинцев // Русский язык в национальной школе.- 1973.- №1. С. 46.

6. Э. Хауген. Языковой контакт // Новое в лингвистике. Вып. VI. - М. 1972. – 17 с.