ОРЫС МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНДЕРІНЕН ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН  ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ

 

Арапова И.Е, Буркутбаева К.М.

Қарағанды қаласы, «№9 Гимназия»КММ, №33МБК КММ,

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері

 

         Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту-бүгінгі заманның негізгі талабы болып табылады.Кез келген азамат өз елінің,ұлтының мұрасын білу арқылы туған халқының тарихымен,мәдениетімен танысып,білімін кеңейтеді.Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Ендеше, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады.

         Функционалдық сауаттылық біліммен,іскерлікпен және дағдылармен ғана шектелмейді,солардың негізінде әр елдің өзіндік ерекшеліктері ескеріледі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда, функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады. 

         Біздің тәуелсіз елімізде орта білімнің дамуына функционалдық сауаттылықты арттырудың маңызы өте зор.

        Функционалдық сауаттылық дегеніміз не? Функционалдық сауаттылық дегеніміз­­ ­- адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына, жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Мұндағы басшылыққа алынатын ең негізі мәселелер:

      -белсенділік;

      -шығармашылық тұрғыда ойлау;

      -өз бетімен шешім қабылдай алу;

      -өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады.

       Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады.

       Мектепте мемлекеттік тілді оқытудың түпкі нәтижесі ретінде қатысымдық, ақпараттық және проблемалардың шешімін табу құзіреттіліктерін қалыптастыруға қол жеткізудің басты тетігі – оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Өйткені функционалдық сауаттылық оқушының белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауына пайдалы білім, білік, дағдылардың бірлігінен құралады[3,156].


         Орыс тілінде  білім беретін мектептегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін оқытудың мақсаты – оқушылардың қазақ халқының көркем әдебиет туындыларымен, әдебиет теориясымен жүйелі түрде таныстырып, сол негізде оқушыларға жан-жақты тәрбие бере отырып, әдебиетіміздің үздік туындыларымен, көркем мәтіндерді оқыту барысында қазақ тілінде ауызша және жазбаша сөйлеу тілін дамыту, қазақ әдебиеті шығармаларын өз бетінше оқып, түсіне алуын қамтамасыз ететін тілдік негіз қалыптастыру. Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр [9,102].

       Мектептегі басты тұлға - мүғалім десек, бала өмірінде мұғалім ерекше роль атқарады. Оқушылардың білімді де, білікті, парасат пайымы мол, саналы да сабырлы азамат боп жетілуі, тәлім мен тәрбие беретін мұғалімге тікелей байланысты болмақ.

        Ұстаздардың мақсаты – рухани жан дүниесі бай, жан-жақты жетіле дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру[6,32].

         Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б. тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету –қазақ тілінің басты міндеті болып танылады.

      Мұғалімнің міндеті оқушының өзі түсініп, ізденіп оқуына, пәнді терең білуге бағыттау білімнің қажеттілігін түйсік арқылы саналы қабылдау. «Мектептің тірегі де, тілеуі де оқыта білетін мұғалім» -деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, жас ұрпаққа заман талабына сай жан-жақты білім беру мүмкін емес, себебі қазіргі білім саласындағы талаптарды орындауға қазақстанда әлі де  жағдай жасалмаған.

       Болашақ азамат өз ұлтының асыл мұрасымен сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жете танысып, білімін кеңейтеді. Қазақ тілінің грамматикасын терең меңгерген оқушы, қоғамның кез келген саласында қиналмай жұмыс істеп, өзінің функционалды сауаттылығын көрсете алады.

        Әдебиет – оқушыға беймәлім өмірді танытатын қуатты құрал. Әдебиет арқылы біз оқушыларға ұлттық болмысымызды, асыл қасиеттерімізді танытамыз. Адамға тәрбие беруші әуелі, ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, қоршаған орта екені баршамызға белгілі. Өнер, ғылым бар жұртта өскелең ұрпақ тәрбиені ата-анадан да, мектептен де, араласатын ортасынан да, өздері оқып жүрген қазақ әдебиетіндегі түрлі аңыз-ертегілерден де аларына ешкім шүбә келтірмейді. Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды,ол адамды тәрбиелейді[5,74].      

        Әдебиет арқылы оқушы бойында өмір туралы дұрыс талғам, түсінік қалыптастырамыз. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындылар арқылы қалаған мамандықты игеріп, өмірден өз орнын табуларына, қалаулы азамат болып өсулеріне тигізетін әсері көп. Ұрпақ бойында ұлттық ұғымдарды сіңіру үшін, біз оқушыға өткен тарихымызды танытуымыз керек[5,91].

        Пән мұғалімі оқушының назарын аудару үшін сабақ кезінде әртүрлі тақырыптық, пәнаралық, сыныпаралық байланыс орнатып, қызықты әңгімелерді сахналық көрініс ретінде өтуді ұйымдастыра білуі қажет. Сонымен қатар, түрлі көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, тақтаға жазу, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалық мәселелерге жауап беру, нақтылы және жалпылама тапсырмалар беріп, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, оқушының бірін-бірі сынауы, өзіндік пікір білдіруі, баяндама жасауы, ғылыми зерттеу жазып қорғауы т.б. алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді.

           Соңғы жылдары жеке тұлғаны қалыптастыруды дамыту мен оған жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Жаңа технологияның басты мақсатының бірі – баланы оқыта отырып оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінде шешім қабылдауға дағдыландыру.Яғни, ғылыми негізде білім беру үшін жаңа технологияларды меңгере отырып, оны сабаққа енгізу педагогтар алдындағы өзекті мәселе [7,89].

       Қорыта келгенде,функционалдық сауаттылық-адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу көрсеткіші болып табылады. Осы орайда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін дұрыс үйрете білу өте маңызды. Педагогтің  сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының  алдынан шыққан оқушы – өмірден өз жолын адаспай табады, тұлға болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін үмітінің ақталғаны, кез келген мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы міндеттің атқарылғаны.

 

 

        Пайдаланылған әдебиеттер

 1.«ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдаламасы» 2010ж. 
2. ҚР Жалпыға міндетті білім берудің Мемлекеттік стандарттары// 12 жылдық білім беру 2012 ж. 
3. ҚР 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы. 2010ж. 
4.Тұрғынбаева. Б. А .Ұстаздық шығармашылық. Алматы. 2007ж

5. «Қазақ  әдебиеті - тұлғаның  рухани  дамуының бастауы» - Алматы-2005 ж. 96-148 б.

6. М.Жұмабаев, Педагогика, – Алматы, 1992.
7. Выготский Л.С. Педагогическая психология. – М., 1991.
8. Оразбаева Ф.Ш., Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы, 2000.

9.  Қазақ  тілі  мен  әдебиеті  орыс  мектебінде.          2009ж.