АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АЙША БИБІ

                                                                      Безаубекова Алмагүл Даненовна

                                                                                филология ғыл.кандидаты,шетел тілдер

                                                                 кафедрасы, ҚМПИ, Қостанай,

                                                                Ерманова Сания Буленбаевна

                                                                                   пед.ғыл.магистр, қазақ тілі мен әдебиеті

                                                                                  кафедрасы, ҚМПИ, Қостанай, Қазақстан

 

 

Қызын ары, мақтанышы, елінің көркі санайтын, қыз қадірін білетін жер бетінде қанша ұлт болса, соның ең бірегейі, текті жұрт – қазақ халқы. Себебі, қазақ үшін ең әуелі, анасы – ардақты, апасы – арайлы, әпкесі – қамқоршысы, қарындасы – қандасы. Қызын қашанда ардақтап, қырық үйден тыйым салып тәрбие берген қазақтың қыздарынан да талай ел аналары шыққаны хақ. Ерлігі ерен Тұмар ана, ел басына күн туғанда етікпенен су кешкен Әлия мен Мәншүк, елі үшін жанын қиған Ләззаттар – тарихта қалған арулар. Ал, бар болмысы наз, әдептен жаралған, талай батырдың жүрегіне «жара» салған Қыз Жібек, Баян сұлу сынды арулар, Зере, Ұлжан, Айғаным, Әйгерім сынды аналар – тектілік бейнелері. Міне, осындай бәсі биік тұрған арулардың бірі-Айшабибі.
Аңызға сүйенер болсақ, Айша бибі – Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы, ХІ-ХІІ ғасырда өмір сүрген ару. Нақты тарихи деректер болмағандықтан, Айша бибінің әкесі кім екенін анықтай алмай келеді. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, Айша бибінің әкесінің аты – Айғожа, ал кейде хас аруды халық сиыр малының атасы Зеңгі бабаның қызы дейді. Киелі Түркістан жерінде танысып, табысқан ғашықтар хикаясы да қызықты. Бір-бірімен сөз байланысқан ғашықтар үйленуге бел буады. Уәделі уақыт таяғанда еліне жау шапқан Қарахан батыр Айша бибіні алып кетуге келе алмай қалады. Осындай қиын сәтте жерін жаудан қорғап, жанталасқан батырдың жағдайын білу үшін жанына қырық қызды ертіп, Айша бибі батырдың туған жеріне аттанған екен. Шаһардың шаңырағы алыстан көрінген кезде, Айша ару өзен суына шомылып алуды қалайды. Тағдырдың жазғаны болса керек, асау Аса өзеніне шомылған аруды улы жылан шағып алады. Мұны естіген Қарахан батыр жан ұшырып келген кезде Айша бибі хал үстінде жатқан екен. Өлім мен өмір арасында арпалысқан аруды ардақтаған Қарахан батыр екеуінің некесін қиғызған. Хан мен қайтыс болып кеткен қыздың некеге тұруы – бұған дейін де, бұдан кейін де тарихта кездеспеген жайт екен. Енді бір аңызда
сонау орта ғасырларда елі мен жерін жау найзасынан қорғаған Қарахан есімді батыр өмір сүрген екен. Талай алыпты тағынан түсіріп, қарсыласының алдында тайсалмаған Қарахан батыр қас жауының қызына ғашық болады. Көп ұзамай қыз әкесінің бұл некеге қарсы болатынын білген соң сүйгенін алып қашуға бел буады. Екі жастың қол ұстасып қашып кеткенін білген әкесі сарбаздарына оларды өлтіруді бұйырады. Қуған нөкерлерден қашамыз деп ғашықтар ұзақ жол жүреді. Арада біраз уақыт өткен соң тоқтаусыз шапқылай беруден шаршаған ару Асу атты өзеннің жағасында аялдауды ұсынады. Хан жарлығын бұлжытпай орындауды жөн көрген сарбаздар Қарахан мен Айша бибіні көре салысымен қыздың сәукелесіне жылан салып қояды. Бақыттың құшағында жүрген ғашықтар мұны байқамай қалады. [1; 10-13 бет]

       Жылы суға рахаттанып түсіп шығып, Айша бибі киіне бастайды. Ақырында сәукелесін кие берген кезде жылан шағып алады. Осы сәтте ғашығының қолында мерт болып бара жатқанын көрген Қарахан алай-дүлей күйге түсіп, мына өмірден баз кешеді. «Бұл жалғанда бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп сүйгенін жақын маңдағы молдаға алып барады. Жас жігіттің Мәжнүндей қайысқанын көрген молда ғашықтарға батасын беріп, некесін қияды. Даналардың «Шын ғашықтар қосылмайды» деген сөзі бекер айтылмаса керек.Ешбір жауының алдында иілмеген батыр тағдырдың алдында бас иіп, Айша бибі қайтыс болған жерге мазар тұрғызады. Қарахан батыр сүйгенінің жанында болу үшін Айша бибінің қасынан өзіне де мазар салдырады. Өмірінің соңына дейін ақ киім киіп, Айша бибі мазарында түнейді. Жаратқанға жалбарынып, кешірім сұрайды. Осы адалдығы үшін халық оны есінде сақтаған. Ал, бұл жер «Әулие ана» деп аталып кеткен. 

        Тасын түртсең тарихы сыр шертетін Тараз жеріндегі керемет кесенелер қатарына қосылды. Көне заманның бүгінгі куәгеріндей күмбездерін күнге сүйгізіп, аймақтың атын шығарып, асқақтап тұр. Сан ғасырлар соқпағынан аман өткен кесененің тек батыс бөлшегі ғана сақталып қалған болатын. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдар аралығында жүргізілді. Көнеден жеткен кесененің бұрынғы қалпын бұзбай бүгінгі күнге үйлестіру де асқан шеберлікті талап еткен-тін. Ақыры сеніп тапсырылған ауқымды жұмыс ойдағыдай атқарлып халық игілігіне ұсынылды. Қараханидтер сәулет ескерткіштері ішінен бұл ескерткіш ең кереметі болып саналады. Ескерткіштің сыртқы бетіне қаланған кірпіштердің әртүрлілігінің   өзі таң қалдырарлықтай... [2; 45-47 бет]

Бүгінде Айша-бибі кесенесі – бір шаранаға зар болып жүргендердің тәу етіп келетін қасиетті жеріне айналған. Әрине, тілектің қабыл болуы бір Алланың қолында екені рас. Әулиелі жердің топырағын басып, кесенеге ізгі ниетпен келгендердің тілегі қабыл болып жататындығы да таң қалдырады. Жаңадан шаңырақ көтерген жастар ескерткіш басына келіп, тағзым етіп жатады. Кесененің алды бос болған кезі жоқ. Үнемі туристер мен алыстан ат арытып келетін қандастарымыздан босамайды. Оларға да бар жағдай қарастырылған. Автотұрақ бар, кесененің алдында ескерткішке арналған нешетүрлі ұлттық кәдесыйлар сатылады.

Кезінде Әулиеата уезінің бастығы болған В. Каллаур Айша бибі мен Қарахан арасындағы шексіз махаббат туралы ел арасындағы аңыздың бірнеше нұсқасын жинаған көрінеді. Сондай-ақ, археология үйірмесінің мүшесі В.Панков: «Айша бибі кесенесінің төрт бұрышында жуан бағаналары бар. Әр фасадының ортасында жоғары және сүйірлеу арқамен бітетін кішірек қуыстар бар. Барлық қабырғалары мен бағаналарының беті тұтастай ұшы тақталармен қапталып шыққан. Кесененің ішкі беті кірпіштен, сыртқы беті күйдірілген құйма балшықтан қаланған. Кірпіш пен құйма тастардың арасынан әк қосылған балшықпен жымдастырып, арша ағашымен ұстатылған. Мұндай әдістің жер сілкінгенде қабырғалардың құламай сақталып бүгінге дейін жетуінің айғағы осы» деп жазып қалдырған.

Сан ғасырлардан бері аңыз болып келе жатқан Айша бибі мен Қарахан арасындағы ыстық өшпес сезімдер, бір – біріне деген сүйіспеншлігі мен адалдығы  келер ұрпаққа «махаббаттың символы» болып қалары хақ. Айша бибінің бойынан табылған ізеттілік пен инбатылық, көргенділік пен талдырмаш мінезі әр қазақ қызының бойынан табылуы тиіс. [3]

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.     “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 жыл

2.     Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010

3.     Википедия және интернет көздерінен алынды.