Мажитаева Ш,,
ф.ғ.д., профессор
Жукенова А.А., ҚарМУ
магистранты
«ЖАҚСЫЛЫҚ» ЖӘНЕ «ЖАМАНДЫҚ» ҰҒЫМЫНЫҢ
КОНЦЕПТІЛІК МҮМКІНДІГІ
Тіл мен ойдың арақатынасы тіл туралы ежелгі
көзқарастардан бастау алады. Ал қазіргі заман
лингвистикасында тіл мен ойдың байланысы, олардың
біртұтастығы күмән келтірмейді. Себебі тіл арқылы
берілетін ой сол тілде сөйлейтін тілдік тұлғаның
танымын, өмірлік тәжірибесін, қоршаған ортаға
деген көзқарасын, мәдениетін, психикасын және т.б.
айқындайды. Басқаша айтқанда, тіл арқылы берілетін
ойдың тасасында сол тілде сөйлейтін адамның тұтас
дүниетанымы жатады. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне
қарап кісіні ал» деген қазақы ұстаным – осының
айғағы. Мұнан шығатыны – тілді адамнан тыс қарау
мүмкін емес. «Тіл – халықтың рухы» деген қағиданы
басшылыққа алатын болсақ, лингвистикадағы
структуралистік көзқарастың жетістіктерінен
анағұрлым асып түскен боламыз. Жаңа
ғасырдағы тіл білімі ғылымының дамуы үшін
қажеті де – осы.
Кез келген халықтың тілі сол
халықтың рухани әлемімен барабар. Ал рухани әлемде
жоғарыда аталған мәдениет, психикалық ерекшелігі,
танымы т.с.с. жатады. Сонда тілді зерттеу арқылы сол тілді тұтынушы
халықтың болмысы мен дүниетанымына жол ашылады. Себебі тіл –
халықтың рухани коды. Халық тіліндегі қандай да бір
қолданыс, айталық, мақал-мәтел, тұрақты
тіркестер, нысандарға атау беруі және т.б. – барлығы сол
халыққа ғана тән ақиқатты танытады.
Бұл ақиқаттан сол халықтың рухани
тереңдігін аңғарамыз. Зерттеуші Ж.Баймұрынов
мақал мен мәтелді «ақпараттық код» дей отырып, олар
жайлы мынадай бір ұтымды ой айтады: «...бұл «ақпараттық
кодтың» сырын білу сол ұлттың ділі жайынан толық
хабардар болуды қажет етеді» [1, 115]. Осыдан болу керек,
мақал-мәтелдерді диссертация көлемінде зерттеген
Ш.Қарсыбекова: «Мақалды білу деген сөз – халықтың
бүкіл болмысын танып білу», – деп өте тұжырымды да
нақты ой айтады [2, 12].
Бұл келтірілгендерден мынадай түйін
шығаруға болады: тіл білімі ғылымының келешегі тілді
структуралистік бағытта емес, антропоцентристік бағытта зерттеуді
қажет етеді. Осы орайда ғалым Ж.А.Манкеева былай дейді:
«...қазақ тілінің жан-жақты қоғамдық,
әлеуметтік қызметін негіздейтін, дәлелдейтін,
айқындайтын, жаңғыртатын, жандандыратын арқауын
анықтауды мақсат ететін жаңаша сипаттағы
антрополингвистикалық бағыт қазақ тіл білімінде
өріс алуы – қоғамдық қажеттілік. Себебі
тілдің тек құрылымдық жүйесіне негізделіп,
тілдің жалаң да жалпы сипаттағы коммуникативтік
қызметінің ғана көрсетілуі тілдің қазіргі
қазақ қоғамында мемлекеттік тіл ретінде
толыққанды қызмет етуінің шын мәніндегі
әлеуетін ғылыми негізде түсіндіріп, әлеуметтік сұранысқа
ғылыми тұрғыдан жеткілікті жауап бере алмай отыр. Оның
себебі қоғам өзгеруі, онымен байланысты сана
жаңғыруы рухани құндылықтарымызды
бағалауға қатысты бұрын қалыптасқан
қағидалары мен ғылыми зерттеу нәтижелеріне де
ұлттық таным мен мүдде тұрғысынан қарауды
қажет етеді. Функционалды-жүйелік парадигманы антропоөзектік
парадигма ығыстыра бастағаны байқалып отыр. Бірақ ол
дәстүрлі тіл білімінің құнды нәтижелерін
теріске шығармай, керісінше, тілді зерттеу тарихындағы екі тілдік
парадигма бірін-бірі толықтыратын, жалғастыратын сипатта дамуы тиіс»
[3, 8].
«Антропоцентризм терминінің мазмұны грекше
«anthropos» – «адам», ал «centrum» – латын сөзі, «орталық» дегенді
білдіреді. Яғни адам болмысын табиғат әлеміндегі өзге
де болмыстарға қарсы қоя отырып, адамды ғаламның
кіндігі (орталығы) ретінде қарастыратын, өмірдегі болып
жатқан құбылыстардың себепшісі ретінде адам факторымен
байланыстыратын ғылыми бағыт ретінде қарастыру ісі
кеңінен қанат жаюда» [4, 6].
Антропоөзекті парадигма аясында тіл білімінде жиі
қарастырылатын мәселе – концепт мәселесі. Аталған
терминнің лингвистикалық түсіндірмесі жайлы пікір де әр
алуан. Дегенмен осы алуан пікірдің түпкі негізі ортақ.
«Концепт ұғымы – лингвистикада «адамның
әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері»
(А.Вежбицкая), «біздің сол нысан туралы білетініміздің барлық
жиынтығы» (В.Н.Телия), «құдайлық ілімді танудың,
сол арқылы, соны ұғыну арқылы халықтың
рухын, ұлттың мәдени металдығын танудың кілті» (Гумбольдт)
тәрізді анықтамалармен беріліп жүр» [5, 53].
Зерттеуші Б.Нұрдәулетова концептіге
қатысты көзқарастарды топтастыра отырып, ойын былай
қорытады: «Сонымен, концепт туралы сөздіктердегі
анықтамаларды, ғылыми зерттеулердегі тұжырымдарды салыстыра
келіп, төмендегі өз пайымдауымызды ұсынамыз: концепт –
индивидтің, тілдік ұжымның дүние, жаратылыс, оның
түрліше заттары мен құбылыстары туралы өмір
тәжірибесі, білімдік аясы (көзқарасы, танымы) негізінде,
өзі өмір сүретін әлеуметтік ортаның
мәдениетінен қабылдап, қалыптастырған танымдық,
білімдік жүйесі» [5, 58-59].
Біздіңше, «концепт» терминінің аясына
«негізгі», «басты» дегендер кіреді. Сонда концепт дегеніміз бірнеше
ұғымды топтастырып тұратын доминант (мәйек) сөз
болып шығады. Мұны жоғарыда аталған зерттеуші де
жоққа шығармайды: «Концепт – сөз мағынасы,
ұғым, сөздің ішкі формасы, семасы т.б. терминдерімен бара-бар
емес. Себебі концепт жеке-дара сөз аясында емес, белгілі бір танымды
айқындайтын «сөздер қоры» (тірек сөздер) арқылы,
кейде үлкенді-кішілі мәтіндер көлемінде танылады» [5, 59].
Қалай дегенде де, мұнан концепт
дегеніміздің ұғым аясынан кең екені, бірнеше
ұғымды топтастыра алу мүмкіндігімен ерекшеленетін
«мәйек» екені байқалады. Ендеше кез келген сөз концепт бола
алмайды. Қандай да бір сөзді концепт деп тану үшін ол
сөздің семантикалық өрісінің ауқымына
қараймыз. Ассоциация негізінде семантикалық өріс
құрайтын ұғымдардың жиынтығы бір ғана
атаумен берілетін болса, онда сол атау (сөз) концепт болады. Осыған
орай қазақ тіл білімінде «Махаббат», «Өмір», «Өлім»,
«Тағдыр» т.с.с. концептілері арнайы зерттеу жұмыстарына арқау
болды. Байқап отырғанымыздай, бұл аталғандардың
қай-қайсысының да семантикалық өрісі кең,
десе де, барлығының басын қосып тұратын атауы
(сөз) бар. Ол атау (сөз) – концепт.
Сонымен, концепт бола алатын келесі сөздер –
«жақсылық» және «жамандық» сөздері. Бұл
сөздердің де әрқайсысын кең көлемде
қарастыруға болады. Себебі олардың семантикалық
өрісіне бірнеше ұғым сыйып кетеді. Сөзіміз
дәлелді болуы үшін келтіріліп отырған сөздердің
семантикалық түсіндірмесіне назар салайық.
«Қазақ әдеби тілінің
түсіндірме сөздігінде» «жақсылық» сөзінің
екі түсіндірмесі бар:
1. Қайырымдылық ізгі іс,
рақымдылық;
2. Кісінің я заттың бойындағы
тәуір қасиет, сапа [6, 611].
«Жамандық» сөзінің де
түсіндірмесі екі нұсқада берілген:
1. Жайсыз оқиға, суық хабар,
кесір;
2. Жағымсыз іс, жағымсыз
қимыл-әрекет [6, 692].
«Жамандық» сөзімен мәндес
жұмсалатын «жаманшылық» сөзінің де екі
нұсқада түсіндірілгенін байқаймыз:
1. Жаман ниет, арамдық;
2. Өмірдің ащы-тұщысы,
қиындық [6, 694].
«Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігінде» берілген түсіндірмелері де осыған орайлас.
Мәселен, «жақсылық» сөзі:
1. Қайырымдылық, рақымдылық,
мейірімділік;
2. Белгілі бір заттың бойындағы
тәуір қасиет, сапа [7, 253].
«Жамандық» сөзі:
1. Жағымсыз іс, оқиға,
зұлымдық, қастық, жауыздық;
2. Жағымсыз жаман хабар [7, 261].
«Жаманшылық» сөзі жайлы бір нұсқа
келтірілген: жамандық, қырсыздық, ұнамсыз
іс-әрекет [7, 261].
Бұлардан аңғарылатыны –
«жақсылық» және «жамандық» сөздерінің
семантикалық аясының тым кең екені. Себебі халқымыз
бұл сөздер арқылы сан түрлі жайтты меңзейді,
дүниеде болып жататын құбылыстар мен сапаны екі түрлі
жікке бөліп, бірін «Жақсылық» концептісінің, екіншісін
«Жамандық» концептісінің аясында қараған. Мәселен,
жоғарыда келтірілген сөздіктерде «жақсылық»
сөзінің мағынасы ізгі іс, рақымдылық,
мейірімділік, тәуір қасиет, сапа екені, «жамандық»
сөзінің мағынасы жайсыз оқиға, хабар, кесір,
жауыздық т.с.с. жағымсыз әрекет екені меңзелгенімен,
бұл түсіндерімелердің өзі жалпылама сипатта.
Айталық, ізгі іс, рақымдылық, мейірімділік, тәуір
қасиет, сапа, сондай-ақ жайсыз оқиға, хабар, кесір,
жауыздық т.с.с. жағымсыз әрекеттің өзі бірнеше
қырынан көрінеді. Сонысына қарай бұл аталғандар
өз ішінен бірнеше қырынан сипатталады, яғни бірнеше
қырынан айтылады. Осындағы әрбір айтылыс белгілі бір
ақиқатқа негізделеді. Себебі халықтың тілі коммуникативтік
қажеттілікті ғана өтеп қоймайды, сонымен бірге
қоршаған ортаны тану ерекшелігін де білдіреді. Қай
халық қандай да бір құбылысты қалай атаса немесе
сөзбен бейнелесе, сол – ол халықтың өзіндік
ақиқаты. Себебі кез келген халық әлдене жайлы айтқанда,
құбылыс пен нысанға атау бергенде сан ғасырлық
тәжірибесіне сүйенеді, сөйтіп, өзі ақиқат
деп таныған білімін тікелей басшылыққа алады. Ендеше тіл
арқылы жеке адамның, тіпті, тұтас бір халықтың
ойлау механизмін, дүниетанымын, рухани әлемін тануға болады. Бұл
– тілдің әмбебап қасиеті.
Сонымен, «жақсылық» және
«жамандық» сөздерінің концептілік мүмкіндігі мол,
семантикалық өрісі ауқымды. Ендеше «Жақсылық»
және «Жамандық» концептілері жайлы зерттеу жүргізу
бүгінгі тіл білімі ғылымының сұранысына сай. Бұл
жөнінде зерттеу жұмыстарымыз алдағы күндері де
жалғаса беретін болады.
Әдебиеттер тізімі:
1 Баймұрынов Ж.М. Синтаксистегі үнемдеу
құбылыстары (психолингвистикалық аспект). Монография. –
Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 2013. – 186 б.
2 Қарсыбекова
Ш.П. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді
топтастырудың этнолингвистикалық принциптері: филол. ғыл. канд.
... автореф. – Алматы, 2004. – 27 б.
3 Манкеева Ж.А.
Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық
негіздері. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2008. – 356 б.
4 Жиренов С.А. Когнитивтік
лингвистика. Оқу құралы. – Алматы, 2010. – 110 б.
5. Нұрдәулетова Б.И. Когнитивтік
лингвистика. Оқулық. – Алматы: Қазақстан Республикасы
Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2011. –
312 б.
6 Қазақ әдеби тілінің
сөздігі. Он бес томдық. 5-том / Құраст.:
Б.Әбілқасымов, С.Бизақов, Ә.Жүнісбеков және
т.б. – Алматы, 2011. – 752 б.
7 Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігі / Жалпы редакциясын басқарған
Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.