Право/9.Гражданское  право.

 

Жандильдин Т.Е., т.ғ.к., «Маркетинг және логистика»

 кафедрасының доценті

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

Қазіргі әлем ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен сипатталады. Бұл техниканың жаңа түрлерін жасауға және олармен қызметтің әртүрлі салаларын жабдықтауға үлкен әсер етеді. Әрине, кеден ісі де осылардың қатарына жатады. Кедендік бақылау объектілерін қашықтықтан тексеру үшін рентген аппараттарының әр түрлерін жасау кеден қызметін қажетті техникалық құралдармен жабдықтаудағы едәуір қадам болып табылады.

Бірақ, атап айту керек, Қазақстан Республикасы кеден органдарының қажетті құралдармен жабдықталу деңгейі қазіргі қойылатын талаптарға әлі де толық сай емес. Кедендік бақылау техникалық құралдары Қазақстанда жасалмайды.. Кеден органдарында қолданылатын техникалық құралдар негізінен Ресейде жасалған. Олардың көпшілігі бірсыпыра тактика-техникалық сипаттары жағынан шетелдік үлгілерден төмен. Сондықтан Қазақстан Республикасы кеден органдары қызметінің тиімділігін арттыру, оның ішінде кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру, белгілі дәрежеде Батыс елдерде шығарылатын қазіргі кедендік бақылау техникалық құралдарын сатып алу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін..

Қазіргі кезде кедендік бақылауда көбінесе ішінара іздеу сипаты басым. Сонымен, кейбір тексерілмеген объектілерде Қазақстанға әкелуге немесе одан әкетуге тиым салынған тауарлар болуы мүмкін.. Сондықтан кеден органдарын жоғары өнімді кедендік бақылау техникалық құралдарымен жабдықтау мұндай жағдайларды бірсыпыра азайтуға мүмкіндік береді.

Әртүрлі елдерде  инспекциялық аспаптардың көп мақсатты жүйесін жасау жөнінде тәжірибелік-конструкторлық зерттеулер жүргізілуде. Мұндай жүйелер контрабанда объектілерін іздеу және табу техникалық құралдарын және кедендік бақылау объектілерінің ішіндегілеріне жедел диагностика жүргізу үшін қажетті аспаптарды қамтуы керек..

«Инспекция» ұғымын қолдану  кеден органдарының жедел құрамының технологиялық әрекеттер кешенін орындауға байланысты. Ол негізінен қашықтықтан тексеру, кедендік бақылау объектілерінің ішіндегілеріне тән қасиеттерін және диагностикалық белгілерін анықтауды қарастырады. Мұндай тексеріс қашықтықтан, объектінің ішіндегі заттармен тікелей түйіспей, олардың арналуын және сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының (СЭҚ ТН) нақты бір кодына жататындығын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен, кедендік бақылау объектілері салымдарының әртүрлі контрабандалық немесе кедендік ережелерді бұзушылық заттарына жату мүмкіндігіне ерекше көңіл бөлінеді.

Бұл технологиялық іс-әрекет кедендік бақылаудың мынандай іздеу-диагностикалық техникалық құралдарының қолданылуын қарастырады:

- интроскопиялау техникалық құралдары (рентгендік тексеріп қарау аспаптары және инспекциялық тексеру кешендері);

- контрабанданың жеке түрлерін – қару-жарақ, жарылу құрылғылары, жарылғыш және есірткі заттары, бөлінетін және радиоактивтік материалдар және басқаларды қашықтықтан іздеу құралдары;

- стратегиялық маңызы бар шикізат тауарларының жеке түрлерінің көлемін (мөлшерін) қашықтықтан бақылау техникалық құралдары;

- тауарлардың ішіндегілеріне қашықтықтан диагностика жүргізу техникалық құралдары.

Осы кезеңде құқық қорғау және экономикалық функцияларды жүзеге асырумен байланысты кедендік бақылаудың екі негізгі бағыттары сәйкестендіріледі: контрабанда және кедендік ережелерді бұзушылықпен күресу; тауарларды сыныптаудың толықтығы және дұрыстығы.

Бұл шаралар кедендік бақылау учаскелерін тиісті тез әрекет жасайтын жоғары техникалық деңгейде жабдықталған  кедендік бақылау техникалық кешендерін қажет етеді. Мұндай кешендер  кедендік бақылау объектілерінің ішіндегілері туралы шын ақпараттың алынуын, жоғары жеделдікті, кедендік бақылаудың толықтығын және нәтижелілігін қамтамасыз етеді, үйткені жедел-техникалық іс-әрекеттердің келесі түрлері мақсаттылық, олардың ішіндегілерін түбегейлі тексеру (тауарды немесе табылған кедендік құқық бұзушылықтың потенциалды объектілерін) қарастырылады.

Бұл кедендік іс-әрекеттер көбінесе ішінара, іздеу сипатында болады. Бірақ алдағы уақытта контрабанда объектілерінің негізгі түрлерін іздеу және табу техникалық құралдары және тауарларға қашықтықтан жедел  диагностика жүргізудің қажетті аспаптары көп мақсатты инспекциялық аппаратура кешені конструкциясы түрінде жасалынса, олар көлемді мәселелерді шешу үшін қолданыла басталуы мүмкін [1].

Рентгендік тексеріп қарау техникасы интроскопиялау аспабы ретінде кедендік бақылаудың тексерілетін объектісінің ішкі құрылысы және оның ішіндегілері жөніндегі көзбен шолып байқайтын ақпарат алуға арналған.

Интроскопия дегеніміз заттарды немесе оптикалық мөлдір емес дене ішіндегі, мөлдір емес ортадағы процестерді көзбен шолып байқау болып табылады.

1895 жылы неміс физигі В.Рентген электромагниттік сәулелердің жаңа бұрын белгісіз түрін ашты. Ол алғашқы ашушының құрметіне рентген сәулесі деп аталды. Бұл сәулелердің бірсыпыра таңқаларлық қасиеттері бар екендігі анықталды:

1. Адамның көзіне көрінбейтін рентген сәулесі мөлдір емес денелер мен заттар арқылы өтуге қабілетті.

2. Сәулеленуден кейбір химиялық заттар мен қосындылар жарқырап  көрінеді.

3. Рентген сәулелеріне линиялық таралу тән.

4. Д.И.Менделеевтің периодтық жүйесінде орналасқан элементтердің атомдық реттік нөмірі неғұрлым үлкен болса, олардың рентген сәулесін жұтуы солғұрлым күшейе түседі.

Рентген сәулелерінің бұл қасиеттері кеден шекарасы арқылы өткізілетін объектілерді ашпай-ақ олардың ішіндегілері мен құрылымы туралы ақпарат алу үшін қолданылады.

Рентген сәулелері электромагниттік толқындар шкаласы бойынша, 0,06-дан 20 ангстремге (1А=10-10 м) дейінгі ұзындықтағы толқындар диапазонын иелене отырып, ультракүлгін сәулесі мен гамма сәулелері арасында орналасқан және бірнеше килоэлектрон-вольттан жүздеген  мегаэлектрон-вольтқа дейінгі квант энергиясымен сипатталады.

Рентген сәулелері екі жолмен пайда болады.

1. Тез қозғалатын электрондардың зат ішінде тежелуі нәтижесінде  (тежелу арқылы сәулелену деп аталады).

2. Заттың атомдарының энергетикалық жай-күйінің өзгеруі нәтижесінде (характеристикалық сәулелену деп аталады).

Рентген трубкасы арнайы электровакуумдық жоғары вольтты аспап ретінде рентген сәулелерін алуға арналған. Ол катодтан, қыздыру жібінен, шыны немесе керамикалық колбадан, анодтан және жоғары кернеу көзінен тұрады. Рентген сәулесін алу трубканың электродтарына қосылған кернеумен шапшаңдатылған электрондар шоғырымен анодты бомбылау арқылы жүзеге асырылады. Электрондардың көзі болып табылатын катодтың қыздыру жібі жоғары температураға дейін қызатын (шамамен 2500°С жуық) вольфрам сымынан жасалады.

Электрондар тасқынын енсіз шоғырға фокустауға электродтар аралығы кеңістігінің электр өрісін қолайлы таңдау арқылы қол жеткізіледі. Катодтан  анодқа бет алған электрондар анодты бомбылайды. Оның сыртқы бетінде электрондар кенет тежеледі, сонымен үздіксіз спектрдің тежеулік сәулеленуі пайда болады. Оның қарқындылығы жылдамдатқан кернеудің мөлшеріне және анодтың нысана материалының атомдық нөміріне тәуелді болады. Нысана материалының атомдық нөмірі неғұрлым жоғары болса, солғұрлым электрондар күшті тежеледі. Сондықтан, әдетінше, анодты жасауға вольфрам типті жоғары температурада балқитын және жақсы жылу өткізгіш материалдар қолданылады.

Объектілерді кедендік интроскопиялаудың мақсаттары мыналар болып табылады: олардағы орналасқан заттардың белгілі топтарға, түрлерге, сыныптарға, типтерге жататындығын анықтау, бақыланатын объектілерде құпия орындардың немесе жасырын салымдардың ерекше конструктивтік белгілерін, сондай-ақ кедендік құқық бұзушылық заттарының күдікті нақты  түрлерін табу. Осы кедендік іс-әрекет процесінде жедел қызметкер,  интроскопиялау аспабының экранындағы бақыланушы объектінің ішкі құрылымының көзбен байқалатын бейнесін талдай отырып, олардың өздеріне тән жеке белгілерінің және есте сақталған ойдағы бейнелердің жиынтығы бойынша заттардың арналуын және қайсысына жататындығын таниды. Бұл іс-әрекеттегі ең маңыздысы және күрделісі ерекше белгілер мен құпия орындар құру әдістері мен кедендік құқық бұзушылық заттарының сырт пішіні жиынтықтарын білу және әжептәуір көп басқа да жасыратын элементтер (логикасыз қуыстар, кедергілер, тығыздықтар және басқалар) жағдайында оларды айқындай білу [2].

Әлемдік кедендік тәжірибеде қолданылатын конвейерлік рентген-телевизиялық аппараттар «линиялық сканирлеу» принципіне негізделген. Оның мәні мынада: қозғалмайтын рентген генераторынан шығатын рентген сәулелері саңылаулы коллиматордың көмегімен тік жазықтықта жіңішке веер тәрізді сәулелер шоғырына қалыптасады. Олар конвейер лентасымен жылжып келе жатқан бақыланушы объектіні кесіп өтіп, Г-тәрізді детекторлық линейканы кездестіреді, онда ол электр сигналына өзгереді. Бұл сигналдар тиісті электрондық өңдеуден кейін импульстік сигналдарға өзгеріп, құрылғының жадына  жазылады және бейнебақылау құрылғысының блогына келіп түседі, оның экранында оператор қабылдайтын объектің көлеңкелік бейнесі түрінде көшірмесі беріледі.

Конвейерлік рентген-телевизиялық аспаптардың жедел-техникалық және эксплуатациялық сипаттамасы мыналарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:

- өлшемі 0,5x0,7 м, шектелмейтін ұзындықты және салмағы 100 кг дейін қол жүгі мен багажды бақылауға,

- ресімдеу және бақылау үшін уақыттың жеткілікті болу тұрғысынан қарағанда конвейер қозғалысының жылдамдығының 0,2 м/сек үйлесімді тең болуы,

- қалыңдығы 8 см дейін болаттан жасалған металл кедергісінің артындағы заттарды ажыратуға,

- телемониторда диаметрі 0,15 мм бақыланушы мыс сымды көзбен шолып табу мүмкіндігі,

- қол жүгі мен багаждың ішіндегі өңделмеген фото-киноматериалдардың, тағамдық азықтардың, дәрілердің, бақыланушы заттардың бақылаудың бір циклында алатын рентгендік сәулеленудің төмен дозасы (0,15 мР-ден аз) нәтижесінде толық кауіпсіздігі;

- рентгендік сәулеленудің экспозициялық дозасының аспаптың сыртқы бетіндегі ең аз қуаты (0,5 мР/сағаттан аз) болуы нәтижесінде операторлардың және айналадағы адамдардың толық радиациялық қауіпсіздігі.

Сонымен қатар рентген аспабының тура және реверстік жұмысы сияқты тәжәрибеде қажетті функцияларының орындалуы, конвейердің қозғалысын оператор пультынан тәуелсіз басқару, сондай-ақ рентгендік сәулеленудің бақыланушы объектінің тек бақылау тоннелінен өту уақытына ғана кепілді түрде қосылуы қамтамасыз етіледі. Телемонитордың экранында бейненің тоғыз фрагментінің қайсысын болсын таңдауға және оны 2 есеге үлкейтуге, сондай-ақ аспаптың бірсыпыра тораптары тоқтап қалғанда аппарат блоктарының жұмысын және радиациялық және электр қауіпсіздігінің барлық түрлерін өзін-өзі автоматтық бақылау мүмкіндігі бар.

Жедел-техникалық тұрғыдан қарағанда тексеріп қарау рентген техникасы мынандай негізгі талаптарды қанағаттандыруы керек:

-көлеңкелік бейнелердің геометриялық бұрмалаусыз жоғары контрастылығы және шешуші қабілеттілігі.

-бақыланушы объектілердегі жасырын салымдарды бір мағыналық табу;

-қызмет етушілердің және айналадағы адамдардың радиациялық қауіпсіздігі;

-бақыланушы объектілердегі тағам азықтарына, дәрілік препараттарға және фотосезімтал материалдарға рентгендік сәулеленудің әсер етпеуі;

-бақылаудың жеткілікті жоғары  өнімділігі;

-тығыз материалдарды телевизиялық көзбен шолып бақылау және олардан жасалған кедергілердің артында орналасқан заттарды табу мүмкіндігі;

-көлеңкелік бейненінің жеке фрагменттерін олардың өлшемдерін үлкейту арқылы түбегейлі талдау мүмкіндігі;

-телемониторда диаметрі 0,15 мм бақыланушы мыс сымды көзбен шолып табу мүмкіндігі;

-пайдалану ыңғайлығы;

-аспаптардың жедел қолдануға жарамды габариттері мен салмағы;

-арнайы техникалық білімі жоқ операторлардың аспаппен жедел жұмыс істеу мүмкіндігі.

Талдау көрсеткендей, қазіргі кезде кедендік қызмет тәжірибесінде рентген бейнелерін алу және тіркеу принциптеріне негізделген екі негізгі флюороскопиялық және сканирлеуші рентген сәулесін пайлаланатын аспаптар қолданылады.

Іштегіні көру принципі (интроскопия), әртүрлі қиратусыз бақылау методтарында қолданылатын, адам қызметінің әртүрлі саласында: өнеркәсіпте, геологияда, медицинада, құрылыста, әскери зерттеулерде, кеден істерінде және басқаларда пайдаланылатын көптеген техникалық құралдардың негізіне жатады.

Кедендік бақылау интроскопиялық құралдарының ең нәтижелі түрі ретінде тексеріп қарау рентген техникасы саналады.

Мұндай техника кедендік бақылау объектілерін рентген сәулесін түсіру методымен тексеріп қарауға арналған арнайы аспап. Оны қолданудың мақсаты объектілерде және олардың ішінде кедендік құқық бұзушылық және сондай белгілері бар заттардың қандай болсын түрлерін табу.

Кеден қызметі жұмысының тәжірибесінде бақылау үшін мамандандырылған әртүрлі рентген аспаптары қолданылады:

- жеке заттарды, олардың ішкі құрылымын толық зерттеп білу мақсатында, оның ішінде дала жағдайларында;

- халықаралық пошта жөнелтімдерін;

- жолаушылардың қол жүгін және багажын;

- орта габаритті жүк орамаларын;

- үлкен габаритті жүк орамаларын (контейнерлерді) және автокөлік құралдарын.

Жұмыс істеу принциптері және конструктивтік жасалу тұрғысынан алғанда тексеріп қарау рентген техникасы былайша сыныпталуы мүмкін:

1.Стационарлық флюороскопиялық (проекциялық) қондырғылар: «Флюрекс» («Медрентех», Ресей), «Шмель-ТВС» («Флэш электроникс», Ресей) және басқалар.

2.Дала жағдайларында жұмыс істеу үшін мобильді флюороскопиялық қондырғылар: «Заслон» («Медрентех»), «Шмель 240/ТВ» и «Колибри» («Флэш электроникс») және басқалар.

3.Веер тәрізді рентген сәулесінің шоғыры бар стационарлық сканирлеуші жүйелер: «Досмотр-2» («Медрентех»), «Hi-scan 6040», «НСV-RSV 2500», «НСV-Моbilе» («Нeimаnn Systems», Германия) және тағы басқалары. Олардың арасында бір сканирлегенде объектің екі бейнесін алуға мүмкіндік беретін «Контроль-2», «НСV-5000» және басқа бірнеше екі проекциялық жүйелерді атап көрсетуге болады.

4.Сканирлеуші енсіз («жүгіруші») рентген сәулелерінің шоғырлы жүйесі: «101ZZ», «МоbileSеаrсh» және басқалар, кері шашатын ренгендік сәулеленудегі көлеңкелік бейнені тіркеуге мүмкіндік беретін («Аmеrican Sсiеnсе & Еngineering», АҚШ).

Стационарлық және мобильдік флюороскопиялық қондырғылар конструкцияларының негізінде бейне алудың проекциялық принципі жатады. Оның мәні мынада: рентген сәулесі түсетін объект рентгендік сәулелену көзі мен жазық флюоресцентті (рентген сәулелерінің әсерімен жарқырайтын) экранның аралығынд орналастырылады. Экранда объектің ішкі құрылымын көрсететін көлеңкелік бейне пайда болады. Оны экраннан оператордың тікелей қарауы немесе цифрлық телекамера арқылы компьютерге берілуі мүмкін. Екінші әдістің артықшылығы бар, үйткені ол алынған нәтижелерді оңай құжаттауға, сондай-ақ компьютердің көмегімен бейнелерді арнайы өңдеуге мүмкіндік береді, мысалы, оны үлкейту, ең «қызықты» учаскелерінің және т.б. контрастылығын арттыру мақсатында.

Қондырғылардың осы типтері үшін мыналар негізгі жұмыс параметрлері болып табылады: жұмыс температураларының диапазоны -20...+45°С (тасымалданатын қондырғылар үшін); рентген сәулелерінің өту мүмкіндігі 15 мм дейін болатты немесе 50 мм дейін алюминийді; бір түсіру уақыты - 5 с артық емес; диаметрі 0,2 мм және ұзындығы 20 мм жалғыз мыс сымды табу мүмкіндігі; массасы 15 кг дейін (тасымалданатын қондырғылар үшін); көлеңкелік бейнелер объектің ауданы 500x500 мм2 дейін учаскесінен түсіріледі; қондырғылар айнымалы ток жүйесінен болсын, бірге орнатылған немесе штатты автомобиль аккумуляторынан болсын жұмыс істейді (бірге орнатылған аккумулятормен үздіксіз жұмыс істеу уақыты 2,5 сағатқа жетуі мүмкін). Тасымалданатын флюороскопиялық қондырғылардың жұмыс блоктарында жинауға мүмкіндік беретін бекіту элементтері бар, мысалы, көлік құралдары конструкцияларының бөлшектеріне, салонның төбесіне, есіктеріне, автомобильдер отырғыштарының арқасына және т.б [3].

Осы типті қазіргі қондырғылар («Флюрекс», «Шмель-ТВС» және басқалар), конструкциясының оңайлығымен және жұмысының сенімділігімен ерекшелене отырып, бақылау сезімталдығы және жасырын салымдарды табу қабілеті бойынша қазіргі кезде өте «әйгілі» сканирлейтін рентген-телевизиялық аспаптардан кем түспейді. Олардың көмегімен объекті айналдыра немесе қозғай отырып, тікелей рентген сәулесін түсіру процесінде немесе қысқа рентген экспозицияларының арасында көп проекциялы көлеңкелік бейнелерді алуға болады. Бірақ флюороскопиялық аппараттар сканирлеуші аппараттардан тексеріп қаралатын объектілердің өлшемдері мен бақылау өнімділігі бойынша шын мәнінде кем түседі.

Стационарлық сканирлеуші (конвейерлік) рентген аспаптарының екі негізгі түрі бар:

- веер тәрізді шоғырларды пайдалану;

- енсіз «жүгіретін» рентген сәулелерінің шоғырларын пайдалану.

Рентген сәулелерінің веер тәрізді шоғырлары қозғалып келе жатқан конвейерлік лентада орналасқан объектіге рентген сәулелерін түсіреді. Бейнені тіркеу конвейердің басқа жағында орналасқан детекторлық линейканың көмегімен жүргізіледі. Бейненің тік жазбасын қамтамасыз ететін линейканың 1024 жуық жеке рентген детекторлары бар. Горизонталды жазба объектіні конвейердің жылжытуы арқылы жүзеге асырылады. Бейне арнайы мониторға немесе жеке компьютердің мониторына шығарылады. Сканирлеу жылдамдығы (конвейер лентасының қозғалуы) 24 см/с дейін болады, ал аспаптардың өнімділігі сағатына 800 объектіге жетуі мүмкін.

Енсіз «жүгіретін» шоғырлар аспатарда арнайы құрылғымен - модулятормен жалғасады. Енсіз шоғыр жүйелі түрде тігінен (мысалы, жоғарыдан төмен) объекті сканирлейді, горизонталды сканирлеу жоғарыда айтылғандай - конвейер лентасының қозғалуы арқылы жүргізіледі. Бұл методпен объектілердің рентгендік бейнелерінің алыну ерекшелігі мынандай. Әрбір уақыт кезеңінде объектің тек қана кішкене учаскесіне рентген сәулесі түседі, содан кейін ол бейнеде өзінің нүктесімен көрсетіледі (телевизиялық трубканың экранын электрондық сәулемен сканирлеуге ұқсас). Рентген сәулелерінің енсіз «жүгіруші» шоғырларын қолданғанда үлгінің көрші учаскелерінің «бөгет жасайтын» сигналдары болмайды, үйткені оларға рентген сәулелері түспейді. Көрші учаскелерден рентгендік ақпарат жазылуы үшін оларға сканирлеуші шоғыр «келіп жетуі» керек.

Конвейерлік аспаптарда ең жоғары сапалы рентгендік көлеңкелік бейнелер алынады. Бұл негізгі рентгендік аспапта сапа жағынан жаңа элементтік базаны қолданумен, сондай-ақ алынатын нәтижелерді компьютерлік өңдеу және талдау мүмкіндігімен байланысты. Көлеңкелік бейнелерді цифрлық ең әрең айыратын заттар мен олардың бөлшектерін «тартып алуға» мүмкіндік беріп қана қоймай, сондай-ақ ең жоғары радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, үйткені рентгендік сәулелену тек қана объектінің детекторлар линейкасынан өткен уақытында ғана қосылады, ал рентген генераторы мүмкін болатын ең аз қуатымен жұмыс істейді (рентген детекторларының әлсіз сигналы электрондық әдіспен күшейтіледі). Мысалы, конвейерлік рентген аспаптары аэропорттардың жолаушылар залдарында олардың аппаратқа тікелей жақын көп жиналған жерінде радиациялық қауіпсіз жұмыс істейді.

Конвейерлік аппаратар ең құпия орындар мен жасырын салымдардың әртүрлі типтерін объектерге рентген сәулесін түсіру арқылы таба алады: чемодандардың екі түбінің болуы, аз мөлшерлі есірткі және жарылғыш заттар, бірнеше ондық ақша купюраларынан тұратын пачкалар, қымбат металдардан жасалған бұйымдар және т.б. Бірақ бұл техника рентген операторларының мамандығына көтеріңкі талаптар қояды және олардың жұмысын әжептәуір күшейтеді. Міне сондықтан олардың дамуымен көлеңкелік бейнелердің графикалық компьютерлік мәліметтер базасы және рентген операторларын дайындау және жаттықтыру компьютерлік жүйесі пайда бола бастады. Компьютерлер басқаратын қазіргі аспаптарда объектілердің типтік бейнелерін жинауға, мәліметтер базасын компакт-дискіден немесе жергілікті есептеу жүйесінен және т.б. толтыруға болады.

Барлық дерлік сканирлеуші аппараттардың мониторларының экранында бейнелерді көрсетудің «түрлі-түсті» режимі бар. Түс бейненің контрастылығын көтеруге, сондай-ақ бейнелердің рентген сәулелері түсетін заттардың әртүрлі химиялық құрамына сәйкес учаскелерін бөліп көрсетуге көмектеседі.

Бірінші түстік режимге «псевдотүстік» деген ат берілді. Біздің түсінігіміздегідей рентген сәулесінің «түсі жоқ», біз заттарды дағдылы өмірде көретін түстерімен суреттеп айтуға үйренгенбіз. Түстің көмегімен адам орасан зор мөлшердегі ақпаратты қабылдайды. Ең алдымен ол көру ерекшеліктеріне байланысты. Егер ақ-қара вариантымен орта адам әдетінше сұр түстің 22 сатысын айыра алатын болса (абсолютті қарадан жарқыраған аққа дейін), түрлі-түсті көрудің көмегімен - бірнеше миллионға дейін негізгі түстердің әртүрлі реңкі мен жарқырауы, сондай-ақ олардан құралған аралас түстерді айыруға болады.

Рентгентелевизиялық аспаптарда бейне интенсивтіктің сандық мәні түрінде сақталады, сол мәні бойынша экранның бір нүктесінде жарқырауы керек. Егер бейнені экранның нүктелерінің жай ғана жарқырауы ретінде шығарса, яғни ақ-қара вариантында, онда оператор тек қана контрастылығы сұр түстің әртүрлі сатысына сәйкес келетін заттарды ғана көреді. Сірә рентген аппаратының жадында сақталатын жарқырау сатылары адамдар айыратын 22 сатыдан анағұрлым көп.

Көзді «алдау» және операторға рентген аппаратының жадында сақталатын жарқырау сатысының ең жоғары мөлшерін көруге мүмкіндік беру үшін, псевдотүстік рентгендік көлеңкелік бейнелерін қолдану ұсынылды. Бұл методта ақ-қара бейнеден түрлі-түсті бейне қалыптастырылады. Мұнда жарқырау диапазонының кішкене учаскелеріне (өлшемдері интенсивтікті өлшеудің қатесінен кіші болмауы керек) әртүрлі түстерді береді. Сонда сұр түстің бірдей сатысына кіретін көрші учаскелер, жақсы айыруға болатын контрасты түстерге боялады.

Қазіргі рентген жүйелерінде псевдотүсті бейне алу үшін әдетінше бір ғана ішіне кіргізілген түстердің жиынтығы қолданылады (түстің палитрасы). Ол бақылаудың нақты мәселесін шешуге өте қолайлы болады. Мысалы, ренген сәулесі өтпейтін объектілерді (жарқыраудың ең аз мәні) жарылғыш құрылғының элементтері, «суық» және атылатын қару және басқалар сияқты күдікті заттарды өте жеңіл табу үшін қызыл түске бояуға болады.

Үлкен габаритті контейнерлер мен көлік құралдарын кедендік тексеріп қарау күрделі проблема болып табылады. Оны шешу үшін интроскопиялық техниканы шығарушылар стационарлық интроскопиялық тексеріп қарау кешендерін (СИТҚК), көшірілетін интроскопиялық тексеріп қарау кешенін және мобильді интроскопиялық тексеріп қарау жүйесін жасаумен айналысуда.

СИТҚК шын мәнінде стационарлық кеден бекеті болып табылады. Мұнда тек кедендік бақылаудың үлкен габаритті объектілерін қазіргі әр алуан техникалық құралдарды қолдану арқылы тексеріп қарап қана қоймай, сондай-ақ кедендік бақылау мен ресімдеуге қажетті шаралардың барлық циклі жүргізіледі.

СИТҚК-ны құруда техникалық жүзеге асыру тұрғысынан қарағанда ешқандай жаңа шешімдер іздеу керек болған жоқ. 400мм дейін және одан артық болаттан өтуге қабілетті қуатты сәулелену көзі (10 МэВ дейін және одан артық энергиясы бар) жасалды және ғылым мен техниканың басқа салаларында ойдағыдай қолданылды. Сәулеленуді тіркеу әдістері және көлеңкелік бейнелерді өңдеу стационарлық сканирлеуші рентген аппараттарында жақсы игерілді. Көп мәселелер радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде туындады. Қуаты төмен кедендік рентген аспаптарында қолданылатын әдістер, мұнда жарамайтын болды, үйткені қорғасыннан жасалған қорғаныш мұндай сәулелену энергиясында өзінің нәтижелілігін жоғалтады. Сондықтан радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі варианты ретінде «ауыр» қабырғалы арнайы ғимараттар салу қабылданды. Сондай-ақ рентген сәулесін түсіру технологиясы зерттеп жасалды. Бұл технология бойынша тексеріп қарау тоннелінің ғимаратында рентген көздері жұмыс істеген кезде онда адамдардың болмауы керек. Осы шаралардың сақталуымен салынған СИТҚК санитарлық нормаларға толығынан сәйкес келеді .

СИТҚК «НСV9000» құрылысын «Неimann Systems» корпорациясы жүзеге асырады.

«НСV9000» кешені кіру және шығу шоғырландыру алаңдарымен бірге өлшемі 100x500 м2 алаңды алып жатыр. Кешен ғимаратының өзі бетоннан салыңған және ғимараттың жалпы ауданы 2000 м2 артық, ұзындығы - 70, ені - 37 және биіктігі -17 м. Жер беті деңгейінен 3 м төмен технологиялық жабдықтар үшін кейбір бокстар орналасқан.

СИТҚК тексеріп қарау тоннелінің 4,5 и 9 МэВ энергиямен жұмыс істейтін екі (тік және горизонталды орналасқан) линиялық үдеткіші бар. Олардың тексеріп қарау жүргізілетін объектінің бүйірінде, астында орналасқан детекторлық линейкаларға бағытталған веер тәрізді шоғырлары осылайша көлеңкелік бейненің екі проекциясын қамтамасыз етеді.

«Неimann1Systems» корпорациясының СИТҚК-ның жұмыс циклының диаграммасы бойынша бір объектіні тексерудің технологиялық циклы 150 с жуық созылады. Ендеше бақылау өнімділігі сағатына 20-25 объектіге жетуі мүмкін. Бірақ нақты өнімділік жұмыс істейтін кешендерде елеулі төмен.

Сонымен, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру рентген аспаптарын кеңінен қолдануға байланысты. Кедендік бақылау объектілеріне қашықтықтан жедел-техникалық инспекция жүргізу үшін интроскопиялаудың техникалық құралдары қолданылады (тексеріп қарау рентген аспаптары және инспекциялық тексеру кешендері); контрабанданың жеке түрлерін қашықтықтан іздеу құралдары (қару-жарақты, жарылғыш құрылғыларды, жарылғыш және есірткі заттарын, бөлінетін және радиоактивтік материалдарды және басқаларды); стратегиялық маңызы бар шикізат тауарларының жеке түрлерінің көлемін (мөлшерін) қашықтықтан бақылаудың техникалық құралдары жатады.

 

Қолданылған әдебиет тізімі:

1. Жандильдин Т.Е., Байдуллаев Б.Б. Кедендік бақылаудың техникалық құралдары. Оқу құралы. - Қарағанды: ҚҚЭУ баспасы, 2010.

2. Дугин Г.А. Технические средства таможенного контроля. Учебно-методическое пособие.  М.: РИО РТА, 1995.

3. Бейсенбаева А.К. Технические средства таможенного контроля. Учебник.- Алматы: Юридическая литература , 2006.