Экономические науки/ 15.Государственное регулирование экономики

Асанханова Тоғжан Ерланқызы

Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп интернаты, Тараз қаласы

Қазақстан Республикасындағы жұмыссыздық мәселелері және оның ел экономикасына әсері

 

Әр адам, өзінің әл-ауқаты туралы ойлайды, бірақ бүгінгі әлемде кімнің абыройлы жұмысы бар болса, сол ауқатты адам болып табылады. Өкінішке орай, қазіргі уақытта, барлық адамдарға бірдей жұмыс дайын тұрған жоқ, осыдан барып қоғам дамуының қазіргі кезеңіндегі негізгі әлеуметтік-экономикалық проблемалардың бірі болып табылатын  - жұмыссыздық пайда болады. Сондықтан, экономикалық-әлеуметтік мәселелердің басты қатарына жұмыссыздықты жатқызамыз.

Жұмыссыздық адамдар арасында нарықтық қатынастан туындайтын обьективті процесс, бұл мәселеден планетамыздағы ешбір мемлекет қашып құтылған емес. Жұмыссыздық жеке адам және қоғам үшін көптеген әлеуметтік экономикалық мәселелерді өзімен бірге ала келеді. Жеке адам үшін ол өндірістен кету деген сөз, қызметкер еңбек табысы көзінен айырылып, жағымсыз психикалық күй кешеді. Жұмыссыздық мәселелері көптен бері зерттелуде, бірақ жұмыссыз қатарына кімді жатқызу керек, жұмыссыздық көрсеткіштері, жұмыссыздық деңгейіне әсер ететін факторлар және т.б. сұрақтар осы күнге дейін талқылануда.

Қазақстан жағдайында бұл мәселелер шиелінісе түсті, өйткені экономикалық дағдарыс және әлеуметтік еңбек қатынастары күрт өзгеруіне байланысты қоғамға елеулі өзгешеліктер енді. Қазақстан заңдарында кімді жұмыссыз қатарына жатқызу керек екені жазылған. Статистикалық жинақтарда да бұл түсінікке анықтама берілген. Соларға қарамастан, жұмыспен қамту және жұмыссыздықтың шын күйін бағалау өте қиын. Мысалы, жұмыссыз қатарына жатқызатын барлық критерийлерге сәйкес келетін көптеген адамдар обьективті және субьективті себептермен жұмыспен қамту жөніндегі орындарда тіркелмейді. Оған себеп – олардың осы қызмет орындарының жұмысқа орналастыратын мүмкіншілігіне сенбеуі, алыс жерлерде тұруы, жұмыссыз азаматтардың өз құқықтарын білмеуі және т.б.

Жұмыссыздық туралы көптеген анықтамаларды жинақтап қорытсақ, оған келесідей анықтама беруге болады: жұмыссыз - ол қазіргі жалақы мен еңбек жағдайында жұмысы жоқ, бірақ жұмыс істей алатын және жұмыс іздеп жүрген азамат. Ал, жұмыссыздық дегеніміз - экономикалық белсенді халықтың бір бөлігін жұмыссыздар құрайтын экономикадағы құбылыс [1].

Жұмыссыздықтың экономикалық зардаптары әртүрлі және бірдей болмайды, олардың құрылымының өзі де біршама күрделі. Жұмыссыздықтың экономикалық зардаптарын зерттеген кезде 3 деңгейде бөліп қарастыру керек; Ұлттық кәсіпорын және адам деңгейде. Жұмыссыздықтың зардаптарын ұлттық деңгейде зерттеген кезде мынаны көруге болады: жұмыссыздық жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өндірісінің көлемін азайтады. Бұл екі тығыз байланысты корсеткіштер Оукен заңында өз көрінісін тапты. А.Оукеннің есептеулері бойынша, егер жұмыссыздықтың нақты деңгейі табиғи жұмыссыздық деңгейінен 1%артатын болса, онда ЖІӨ-нің көлемі 2.5% азаяды. Экономикалық теорияда жұмыссыздықтың деңгейі қалыпты болады, егер еңбекке сұраныс пен ұсыныс белгілі бір деңғейде теңестірілген болса, яғни ваканттық жұмыс орындары саны жұмыс іздеуші адамдар санына сәйкес келсе (бұл постулат сапалық сәйкессіздігін мүмкін етеді).

Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы әртүрлі жағдайлармен анықталады. Оған мемлекеттің жүргізетін инвестициялық саясаты, жұмыспен қамту органдары қызметінің тәртібі мен жүйесі, елдегі өмір сапасы, халықтың ақшалай және мүліктік қорларының көлемі, жұмыссыздық бойынша жәрдемақылар, олардың төлену ұзақтығы, кадрларды қайта даярлау бойынша оқу орындары, олардың халыққа қызмет етуі, адамдардың өздерінің жаңа білімдер мен еңбекке дағдыларды алуға даярлығы мен қабілеттілігі және т.б жатады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жұмыссыздықтың табиғи денгейі АҚШ-та 3-4%, ал 90-шы жылдардың аяғында 6.4%, Германияда 60-жылдардың басынан және 90-жылдардың аяғына дейін 0.5-тен 4%-ке дейін өсті, Жапонияда 1,6-ден 2.1%-ке өсті. Жұмыссыздық ЖІӨ-нің көлемдерін азайта отырып мемлекетке түсетін салықтар көлемін қысқартады. Бұл заңды тұлғалар құрайтын салық салу базасының төмендеуі мен жеке тұлғалардың салықтық аударуларының азаюынан болады. Жұмыссыздық өскен сайын мемлекеттің оған шығатын шығындары да өседі. Оны толтыру көздері болып жұмыс берушілер мен жұмыс істейтін адамдар жалақыларынан міндетті аударымдар, мемлекеттік, жергілікті бюджеттерден қаржы бөлу және заңды, жеке тұлғалардың ерікті жарналары болып табылады. Жұмыссыздық салдарынан ЖІӨ-ді бөлудің басқа қатысушыларының үлесі азаяды. Жұмыссыздық өсуі  экономикадағы жалпы нашар ахуал мен Ұкіметтің экономикалық бағыттағы қажеттіліктерін көрсетеді.

Жұмыссыздықтың экономикалық зардаптары мұнымен ғана шектеліп қоймайды. Ол кәсіпкерлерге жұмыс күші бағасын төмендетуді мүмкін етеді. Жұмыс берушілер, әсіресе шағын кәсіпорындарда заңмен салыстырғанда ұзағырақ жұмыс аптасы, кезекті демалыстың өзі қалаған уақытын бекітеді, ауру бойынша парақтарын жүкті және босануға байланысты  демалыстарды төлемейді, жұмысқа әйелдерді алмайды, ешқандай объективті себептерсіз еңбек шартын бұза алады және т.б.

Қазақстанда жұмыссыздық деңгейін есептеумен Статистика агенттігі шұғылданады. Статистикалық мәліметтер соңғы кезде екі көрсеткіш есептелініп жүр: жұмыссыздықтың ресми және жалпы деңгейі. Жұмыссыздық масштабын азайту мақсатында жұмыссыздық ретінде жұмыссыздықтың табиғи деңгейіне жету көзделінеді. Өйткені жұмыссыздықты мүлдем жою мүмкін емес. Жұмыссыздық нарықтық қатынастардан туады, сондықтан ол экономикадағы өзгеріспен тығыз байланысты. Американдық экономист А. Оукеннің есептеуі бойынша, егер ұлттық ішкі өнім (ҰІӨ) 2,7%-ға өссе, жұмыссыздық деңгейі өзгермейді; ал ҰІӨ қосымша тағы 2%-ға өсуі жұмыссыздың деңгейін бір пайызға азайтады және керісінше, ҰІӨ-ң қосымша қысқаруы жұмыссыздық деңгейін көтереді. Еркін жұмыссыздықта (кейде күту жұмыссыздығы деп аталынады) адам жұмыс таба алар еді, бірақ жұмыс істемегенді қалап, айлығы, ұсынылған жалақыдан жоғары жұмыс орнын іздеуді жалғастырады.

2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығының көрсеткіштері келесі сурет негізінде кескінделеді [2].

http://baq.kz/userfiles/%D0%91%D0%B5%D0%B7%D1%8B%D0%BC%D1%8F%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D0%B9(11).png

Сурет 1.  2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығының көрсеткіштері.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, 2015 жылғы 1 қаңтарда бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,3%-ын құрады.

Республика экономикасында 2015 жылғы қаңтарда, бағалау бойынша 8,6 млн адам жұмыспен қамтылған. 2014 жылғы сәйкес кезеңге қарағанда олардың саны 55,5 мың адамға немесе 0,6%-ға көбейді. Жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 6,0 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 70,0%) құрады.

2015 жылғы қаңтарда жұмыссыздар саны, бағалау бойынша 459,2 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,0% құрады. Жұмыспен қамту органдарында 2015 жылғы қаңтар айының соңына 47,3 мың адам («Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысатындар құрамына енгізілген тұлғалардың есебінсіз) ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,5%-ын құрады (2014 жылғы қаңтарда — 0,5%).

Жұмыссыздықты күрделі экономикалық құбылыс ретінде біржақты бағалау мүмкін емес және болмайды да. Оның тек негативті ғана емес, сонымен қатар позитивті мәні де бар. Жұмыссыздық экономиканың қалыпты және тоқтаусыз жұмыс істеуінің маңызды шарты. Ол жұмыс күшін резервін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Ал ол шаруашылық қызметтің жаңа объектілерін іске қосуға байланысты еңбекке сұранысты тудыратын нарықтық экономика дамуының маңызды факторы болады [3].

Кадрларды тек экономикалық белсенді халықтың табиғи өсімі арқылы ғана қалыптастыру мүмкін емес. Осындай болатын болса, жаңа кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар тек жаз айларында ғана, жастар оқуларын бітіріп өз еңбек өмірін бастаған кезде ғана ашуға мәжбүр болатын еді. Жұмыс істеп тұрған өндіріс кадрлар ағымы, табиғи шығыстарға байланысты үнемі қосымша жұмыс күшіне сұраныс жасайды. Қазіргі нарықтық механизм жағдайында ол сұраныс тек жұмыс күшін резервтеу арқылы ғана қанағаттандыру мүмкін.

 

Әдебиеттер:безрабо

тица население экономика

1. Ж.Ж.Тәжіғұлова, Еңбек нарығы экономикасы: оқу құралы.- Алматы, 2012. – 246 бет.

2. Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігінің ресми сайты: http://www.stat.gov.kz

3. А. Қ. Ерали, М. Ғ. Қабылбеков. Кәсіпорын экономикасы: Оқулық. – Алматы: ҚазҰТУ, 2010. – 232 б.