Аманжолов
Ж.Ш.
Директор Иртышской
детской школы искусств, Республика Казахстан
ҚАЗАҚТЫҢ
ДӘСТҮРЛІ ӘН ӨНЕРІ
2004 жылы Қазақстанда
өткен ғасыр мәдениетінің озық үлгілерін
меңгеру, сақтау және насихаттаудың тұтас
жүйесін қарастыратын кең де ауқымды «Мәдени
мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Осы бағдарламаға
байланысты кәсіби оқу жүйесінің пәрменді
түрдегі даму сатысы бүгінгі күннің өзекті
мәселелерінің бірі. Соның ішінде дәстүрлі
ән өнерді терең меңгеруде халықтық
музыкалық терминалогияны сабақтастырып, сабақ берудегі
бұрын соңды зерттелмеген кейбір методикалық мәселелерді
қозғауды қажет етеді.
Қазақ
халқының дәстүрлі музыкасы, соның ішінде
дәстүрлі ән өнері ең жоғары кәсіби
өнеріміздің бірі. Бізге жеткен әндердің тақырыбы
мен мазмұны, мақамдары мен әуен ырғақтары
халықтың көкейкесті ой-арманынан туған. Ал, халық
орындаушылары сол әндерді сақтап, келесі ұрпаққа
жалғастырды. Соның арқасында қазіргі бізге жеткен
әндер өмірдің тар жол бұралаңдарынан өтіп,
ұлттық дәстүріміздің айғағы болып
отыр.
Ендеше қазақтың
ән өнері, күй жанры да өзінің тарихи
түр-сипатын анықтап, дәстүрлі ерекшеліктерін белгілеп
алуға тиіс. Мұның өзі қазақтың дәстүрлі
өнерінің түрлі жанрларының даму сапасының
келешекте жоғары сатыға көтерілуіне жол ашып береді.
Дәл осы кезеңде біз табиғи қалпы сақталған,
әуен ырғағы бұзылмаған, бұрынғы
нұсқасы өзгермеген әндерді студенттерге үйретуге
міндеттіміз, әрі мұны болашақта жас дәстүрлі
әншіні тәрбиелейтін музыкалық білім көзінің
қайнар бұлағына айналдыруға тиіспіз. Өйткені
ән – қазақ халқының рухани асыл қазынасы.
Қазақта әншілік
өнердің сан ғасырлық даму тарихы бар. Ендеше,
қазақтың өнер тарихында өткен Мұхит, Біржан
сал, Ақан серілер бастаған ұлы қазақ әндері
өзінен-өзі пайда болмағаны белгілі жай. Олардың
тәлім-тәрбие алған ұстаздары болғаны, сол
ұстаздардың арасында қазақтың әншілік,
жыршылық, күйшілік, шешендік, ақындық сияқты
өнер түрлері қалыптасқаны мәлім. Өнерді
көріп, әдісін тауып баптайтын шынайы бапкер болғанда
ғана шеберліктің шыңына көтерілуге болады.
Қазақта ән өнері тәжірибесі өте
жоғары дәрежеде болғанын дәлелдейтін жүздеген
әндер, ән жанрының дәстүрлік сипаты, ән
жанрының мектептері т.б. сапалық дамуы тарихи шындық.
Халық өнерпаздарының өздері жасаған
әдістемелік жүйесі бар екенін осыдан-ақ білеміз.
Қазақтың
әншілік өнері жанрлық сипаты жөнінен алуан түрлі.
Б. Тұрмағамбетова өзінің
«Қазақстанның Батыс аймағының ән
мәдениеті» атты еңбегінде ғұрыптық,
тұрмыстық ән жанрларымен қоса,
өңірдің өзіне ғана тән «мәтөк»
ән жанрының қалыптасқанын айта келе:
«Ғашықтық сезімді арқау еткен әндер қатарын
мәтөк әндер тобы толықтырып отыр. Мұндағы
«мәтөк» осы өңірде ғана кездесетін диалект
сөздерінің бірі» – дейді. Сонымен қатар Б.
Тұрмағамбетованың еңбегінде мәтөк
әндерінен басқа «қоңыр ән», «сағыныш
ән», «қара өлең» деп аталатын үлгілер
маңызды орын алады. Автордың көзқарасы бойынша,
тұрмыстық және лирикалық жанрды жан-жақты
зерттеуде мұндай туындылардың өңірде ән
мәдениетіндегі алар орнын анықтау, болашақта міндетті
түрде ғылыми тұрғыда қарастыруды мақсат
етілетін іс.
Қазіргі ән үйрену
әдістемесі ғасырлар бойы қалыптасқан күй
үйрену тәжірибесінің қағидаларымен тығыз
байланыста болуы керек. Халық әншілері қалдырған
әнмен қоса күй үйрену тәжірибесінің
негіздерін жинақтап, қазіргі домбыра үйренудің
жүйелі әдіс-тәсілдерін жасап, домбыра үйренудің
болашақтағы бағыт-бағдарын анықтап алуды
өмірдің өзі талап етіп отыр. Ал, әнге келетін болсақ,
халық әншілері қалыптастырып кеткен әннің негізгі
айтылу нақышынан адасып қалмау керек. Әннің мазмұнын
түсініп, әр мектептің дәстүрін бұзбай,
мәнерлеп жақсы айту үшін шеберлік қажет. Ән
айтудың барлық сырларын, оның тұнып тұрған
әдістерін жүйелі түрде үйрену үшін
ұстаздық үлкен тәжірибе керек, ғасырлар бойы
қалыптасқан әнді орындау өнерін жан-жақты
меңгеру үшін әдістемелік жүйе керек. Ал соның
ішінде Батыс ән мектебінің қалыптасқан ән
дәстүрі бойынша – мұнда әнді дұрыс орындау
үшін, орындаушыдан дауыс күшінің зор әрі
диапазонының кеңдігін, сондай-ақ күрделі әрі
екпінді, төкпе күйлерде кездесетін шеберлікті талап етеді.
Сондықтан, халқымыздың рухани талап-тілегін
қанағаттандыра алатындай дәрежеде Батыстың
дәстүрлі ән өнерін өз нақышына келтіріп,
сол Батыс ән мектебіне тән домбыра қағыстарын
меңгеру үшін, сол әдістемені, домбыра шеберлігін
жан-жақты зерттеген еңбек қажет. Көнеден келе
жатқан Батыс ән өнерінің тарихы жайлы,
дәстүрлік түр-сипаты және мектептері туралы
жүйеленген бағыттары айқындалуға тиіс. Батыс Қазақстан
мектебінің орындаушылық дәстүрінде домбыраның
барлық техникалық дыбыс мүмкіншілігін пайдалану салалары
көп. Соның бірі оң қол мәселесі.
Домбыра өнерінде Батыс
Қазақстандық төкпе, Шығыс
Қазақстандық шертпе тәрізді дәстүр
қалыптасса, сол екі мектептің айырмашылығы қағыс
түрлерінде. Шығыс Қазақстандық шертпе
дәстүрінің ерекшеліктерінде күйлердің ән
тектес әуенді, сазы мен жұмсақ нәзік үнді болып
келуін саусақ басымен шертіп тарту әдістері қалыптасса,
Батысқа тән күйлер оң қолдың сермей
соғуымен орындалып, «қара қағыс», «ілме
қағыс», «бөгеме қағыс» т.б. болып сан түрге
бөлінуі сол аймақта қалыптасқан ән
дәстүріне де өз ықпалын тигізбей койған
жоқ.
Қазақ
халқының домбыра үйрену мектебінде аспапты меңгеруде
түрлі әдіс-қағыстарды суреттейтін көптеген
түсініктер бар. Осы сөздердің көбі дәстүрді
сақтау және алға алып барудың керектігінен туған
және күні бүгінге дейін ауызша үйрету жүйесінде
белсенді түрде қолданылып келеді.
Қалыптасқан Батыс
ән мектебіндегі домбыра қағыстары, әннің
мазмұнын түсіндірудегі ең басты құрал,
қысқаша айтқанда, домбыраның қағысы –
әннің тілі. Сондықтан да, оң қолдың
қағысының неше бір түрлерін көрсететін, тіпті
төкпе күй дәстүрінде кездеспейтін белгілі бір
өзіне тән техникасы бар (ол әдіс жалпы батыс ән
орындаушылар арасында «теріс қағыс» деп аталып жүр)
көптеген әртүрлі терминдермен атаулар бар.
Біз магистірлік жұмысымызды
бұрын соңды ғылыми түрде зерттелмеген Батыс ән
мектебіне тән домбыра қағыстары жайлы әдіс-амалдарды
үйрету тәсілін қарастырғалы отырмыз. Осы Батыс ән
мектебінің ұлы әнші-композиторлары қалыптастырған
тәжірибесін сақтай отырып, қолдан келгенінше кейінгі
ұрпаққа аталған аймақтың әнін
бұзбай жеткізу – қасиетті борыш.
Сондай-ақ, Батыс
Қазақстан фольклор үлгілерінен бастап жоғары
дәрежелі, яғни, кәсіби әншілік және
эпикалық өнердің жанрларын қамтитын қазақ
материалына негізделіп құрастырылған сольфеджио
жинақтары жоқтың қасы. Ал аймақтың
әдет-ғұрып, тұрмыс-салт үлгілерін және
халықтық шығармалар мен ауызша кәсіби авторлар
туындылары, әншілік мектебінің негізін салушы Мұхит сал
мұрасының және өңірлік қайқылар
әндерінің авторлық қолтаңбалары Батыс
Қазақстан өңірлеріндегі музыкалық материалын
құрауы қажет. Сондықтан да фольклор үлгілерінен
бастап кәсіби әншілік және өңірдегі
эпикалық өнердің жанрларын қамтитын, жалпы осы өңірдің
материалына негізделіп құрастырылған этносольфеджио курсына
арнайы нота құралын құрастыру қажеттілігі
туындады.
Дәстүрлі музыкада
кәсіби трансляциялау Ұстаз-шәкірт жүйесі бойынша
жүзеге аскан болса, ол сондай-ақ жалпы мәдени, жоғары
кәсіби орындаушылық, әншінің мінез-құлқын,
биік эстетикалық талғамын да қалыптастырып отырды. Бұл
жүйе әннің териялық, тарихи жақтарын да, жалпы
дәстүрлі музыканы терең меңгеруге үлкен
мүмкіншіліктер туғызды. Қазіргі европаланған
оқыту жүйесі дәстүрлі музыка мен дәстүрлі
мәнедиеттің құндылығының қыр-сырын
өз жүйелеріне толық дерлік енгізбегенінің кесірінен
терең теориялық және философиялық білім жағынан
толық көңіл бөлінбей шетте қалып отыр.
Дәстүрлі музыканттарды
дайындау барысында дәстүрлі мәдениет пен музыканың
құндылығы Қазақ ұлттық
консерваториясында 1973 жылдардан Б. Амановтың эксперементтерімен бейімделе
бастады. Б.Амановтың бастаған оқыту жүйесі, практика
мен ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, өз кезеңімен
қалыптасты. 1991 жылы жаңа курстың әдіснамасы
халық музыка факультеттерінің студенттеріне арналған Б.
Айманов, А. Мұхамбетова, С. Райымбергенова, С. Өтеғалиева, Г.
Омаровалардың бағдарламаларында негізін тапты. 1988 жылы
«халық әні» мамандығының ашылуына байланысты А.
Байгаскинаның еңбектеріне сүйене отырып, дәстүрлі
ән орындаушыларына арналған С. Райымбергенова мен А.
Байбектің жетекшілігімен этносольфеджио курсы құрастырылды.
Егер дәстүрлі
кәсіби ән өнеріне байланысты, соның ішінде Батыс
Қазақстан дәстүрлі ән өнерін қамтитын
қазақ материалына негізделіп құрастырылған этносольфеджио
жинақтары толығымен дерлік қамтылса, жоғарғы
оқу орындары мен колледждерде, оқушылар мен
оқытушыларға, сондай-ақ кәсіби әнші-орындаушылар
да өз қажетін табар еді. Сондықтан біз жалпы Батыс
Қазақстан өңірін қамтитын дәстүрлі
өлең-ән (фольклорлық және кәсіби жанрлар)
саласындағы бүкіл қолда бар басып шығарылған
материалынан таңдап отырып, жұмысымызды этносольфеджио курсына
арналған жинақ ретінде қарастыруды көздейміз.