Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы
Оразаева Қ.К.,Қазақстан, Алматы.
БОЛАШАҚ ДИЗАЙНЕРЛЕРДІҢ ЖОБАЛЫ ОЙЛАУЫН ДАМЫТУ
Қазақстан Республикасы
педагогикалық жоғары оқу орындарының
көркемсурет-графикалық факультеттерінде дизайн мамандарын
кәсіби даярлау – жоғары білім берудің салыстырмалы
түрде жаңа, бірақ сұранысқа ие және
қарқынды дамып келе жатқан бағыты. Бұл
мамандық сәулет дизайны (интерьер дизайны), графикалық дизайн
және киім дизайны сияқты әр түрлі маманданымдарды
қамтиды. Дизайн – жобалау мәдениетінің бір көрінісі, ол
маманның біліміне арнайы ерекше талаптар қояды және оқу
процесін психологиялық-педагогикалық қолдауды сапалы
түрде жақсартуды талап етеді. Зерттеуші Н.В. Дудареваның
пікірінше, дизайн-білім беруді жоспарлаған кезде дизайнер мамандығы
білімділіктің ерекше үлгісімен сипатталатынын есте ұстау
қажет, ол көркем өнерлер өкілдеріне тән
дамыған көркем ойлау мен инженерлік және конструкторлық
қызмет мамандарына тән ұтымды ойлауды ұштастырады. Осылайша
бірігу жаңа ұғым – жобалы ойлау дегенді береді, оны дамыту
қазіргі білім берудің көкейтесті міндетіне айналуда. Осы
айтылғандар киім дизайнері мамандығының оны инженерлік
мамандықтардан да, нақты көркемсурет мамандықтарынан да
айрықшалайтын ерекшелікке ие екенін білдіреді. Бұл жаңа
ғылым емес, бұл жаңа өнер де емес, алайда
жаратылыстану-ғылыми, техникалық және гуманитарлық
білімдерді дамытпайынша, суреттің, живописьтің,
мүсіндеудің, сәулет өнерінің және
қолданбалы өнердің тәжірибесі мен білімін
пайдаланбайынша, ол да мүмкін болмас еді.
Қазақстандық дизайнның
қазіргі жай-күйі, атап айтқанда, қалыптасу кезеңі
бүгінде жоғары білікті мамандар «одағын» қалыптастыру
туралы сөз қозғалу керек деп тұжырым жасауға
әкеледі. Маңызды проблемалардың бірі білім беруді дамыту
және маман-киім дизайнерлерін даярлауды жетілдіру болып табылады. Өйткені
ұлттық деңгейде де, халықаралық деңгейде де
білім берудің стандарттары мен жоғары оқу орындарының
абыройы түлектерді даярлау сапасына байланысты болады. Киімді
әзірлеу мен шығару саласында білікті маман болатын, көкейтесті
тұжырымдамалық идеялар құруға, жобаны
әзірлеуді бастапқы кезеңінен дайын коллекцияға дейін
апаруға қабілетті, жаңа буын мамандарын даярлау өзекті
мәселе екені хақ. Киім дизайнері кәсібі –
шығармашылық қызметтің синтетикалық түрі,
ол кәсіптік даярлаудың әр алуан түрлерін кіріктіруді
көздейді. Бұл салада дизайн мен мемлекеттің өзара
қарым-қатынасы бірқатар негіз қалаушы
құжаттармен реттелетін Ресей Федерациясында іс біршама оң сипатта.
Олардың ішінде Ресей Федерациясында 2008 жылға дейін дизайнды
дамыту тұжырымдамасының
маңызы зор. Бұл Тұжырымдамада дизайн саласында
кәсіптік және қосымша білім беру жүйесін жетілдіру
шаралары нақты анықталған, атап айтқанда: жаңа
кәсіптік және білім беру стандарттарын, үлгі оқу
жоспарлары мен кәсіптік білім беру мекемелерінің оқу
пәндері бағдарламаларын (кредит-модуль тәсілін пайдалана
отырып), дизайн саласында біліктілік арттыру және кәсіби
қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеу, жұмыс
берушілердің бірлестіктері мен дизайнерлер одақтарын іске тартып
және дизайн саласындағы қазіргі заманғы шетелдік білім
бағдарламаларының мазмұнын ескере отырып, үздіксіз
бейінді кәсіптік білім беру (оның ішінде бастауыш, орта және
жоғары кәсіптік білім беру, аспирантура, қосымша білім беру)
үлгісін әзірлеу үшін мемлекеттік қолдау көрсету;
еліміздің аумағында үздік отандық және шетелдік
дизайнерлердің және үздік отандық және шетелдік
дизайн-компаниялар қызметкерлерінің шеберлік сыныптары мен
семинарлар өткізуіне жәрдемдесу; дизайн саласында білім
берудің оқу-әдістемелік материалдарын әзірлеу
(оның ішінде авторлық құқық ала отырып,
шетелдік басылымдарды аудару); дизайнды және бейнелеу өнерін
тереңдете оқытатын жалпы білім беру оқу орындарына
конкурстық қолдау көрсету. Осы айтылғандар
қазақстандық дизайн-білім берудің қалыптасуы
үшін, ең алдымен, нормативтік база (дизайнды дамытуды реттейтін
мемлекеттік құжаттарды әзірлеу), сондай-ақ
дизайнерлерді кәсіби даярлау («тігінен байланысы» бойынша да, сонымен
қатар «көлденеңінен байланысы» бойынша да)
мазмұнының ғылыми-теориялық негіздерін әзірлеу
және жетілдіру (қазіргі заманның сұраныстарына
сәйкес) қажет екенін білдіреді.
Көптеген зерттеушілердің (С Колос,
М.В. Горелов, И.С. Кәрімова) пікірінше, жете қаралмаған
көкейтесті мәселелердің қатарында дизайнерлерді жалпы
академиялық және арнайы даярлаудың өзара байланысы
мәселелері де бар. Күні бүгінге дейін
көркемсурет-өнеркәсіп жоғары оқу орындарында
суретті және дизайнерлік жобалауды оқыту жеке-жеке жоспарланып,
жүзеге асырылатыны атап көрсетілген. Осы жерде мұндай
жағдай көркемсурет-педагогикалық (соңғы кездері
әр түрлі бағыттағы дизайнерлер даярлауды жүзеге
асырып келе жатқан) жоғары оқу орындарына да тән екенін
атап айтқан жөн. Бұл жалпы көркем тәрбие беру мен
арнайы оқыту процесінің тұтастығына елеулі зиян
келтіреді. Осы фактілердің бәрі студентті даярлаудың
ғылыми негізделген жүйесін тез арада құру
қажеттігін көрсетеді, ол дизайнерлік жобалау саласында суретті оқытудың
міндеттерін белгіленген мерзімде оңтайлы жүзеге асыруды қамтамасыз
етеді. Сонымен, киім дизайнерлерінің қызметі қазіргі
заманғы киімнің жетілдірілген үлгілерін жасаумен байланысты.
Дизайнер көркем идеяны (бейнелі түпкі ойды) шынайы объектінің
көлемді-кеңістікті құрылымының
ақпараттық графикалық моделіне түрлендіретін және
оны дайын сериялы үлгі түрінде жүзеге асырудың
әдістерін, құралдары мен рәсімдерін әзірлейтін шешуші
тұлға ретінде болады. Бұл дизайнердің кәсіби
қызметінің бір мезгілде бірнеше: «адам – көркем бейне», «адам
– белгілер жүйесі», «адам – техника», «адам – адам» жүйелеріндегі
ерекше мағыналық астарын құрады.
Соңғы онжылдықтар ішінде
пайда болған бірқатар ғылыми жұмыстар сурет
сабақтарында суретші-сәулетшілерді даярлау мәселелерін
қозғайды. Бұл А.А. Гавричковтың (1970 ж.), Н.Ф. Марковтың
(1974 ж.), Н.Г. Сұлтановтың (1981ж.) кандидаттық диссертациялары.
Сәндік-қолданбалы өнер саласында осы проблеманы
көрсететін В.Г. Власовтың (1988 ж.) кандидаттық диссертациясы
бар. Өнертану тұрғысынан жобалы ойлауды дамытудың
инструменті ретінде сурет мәселелеріне М.В. Гореловтың (2006)
жұмысы арналған. Дизайнер-студенттердің жобалы-бейнелі
ойлауын графикалық құралдар арқылы қалыптастыру
проблемаларын И.С. Кәрімова (2005) қарастырады.
Кәсіби қызмет саласы ретінде
дизайн жүз жылға уақыт өмір сүріп келеді. Осы
феноменді гуманитарлық білімнің теориялық тұрғыдан
ұғыну тарихы бұдан да қысқа болғанымен, зерттеу
әдебиетінің белгілі бір қабаты пайда болды. Дизайнның
тарихы мен теориясына көптеген шетелдік зерттеулер арналған.
Олардың ішінде Ж. Гассио-Талабоның, Г. Маркузенің, У. Морристің,
Х. Ратцктің, Дж. Рескиннің, Ф. Райттың, Г. Ридтің
және басқалардың жұмыстарын атап көрсетуге
болады. Біздің зерттеуіміз үшін жалпы педагогика саласындағы
белгілі ғалымдар С.И. Архангельскийдің,
Ю.К. Бабанскийдің, И.Я. Лернердің, В.А. Сластенинаның, М.Н. Скаткиннің,
А.А. Смирновтың және басқалардың
еңбектерінің мәні зор болды. Жалпы психология
мәселелерін зерделеу кезінде біз психолог ғалымдар: С.Л. Рубенштейннің,
Л.С. Выготскийдің, П.Я. Гальпериннің, А.В. Петровскийдің, А.Н.
Леонтьевтің, М.Г. Ярошевскийдің және тағы басқалардың
еңбектеріне жүгіндік.
Көркемсурет
шығармашылығындағы танымдық процестердің
құрылымын және бейнелі ойлау мәселелерін талдау кезінде
біз Н.Н. Волковтың, Е.И. Игнатьевтің, В.П. Зинченконың, B.C. Кузиннің,
В.К. Лебедконың, Е.В. Шороховтың, И.С. Якиманскаяның
және басқалардың жұмыстарына сүйендік. Өздерінің
диссертациялық зерттеулерінде жобалау шығармашылығының
танымдық процесі ретінде ойлау мәселесіне Ф.Ф. Бандуристый, А.Г. Дроздецкий,
Ю.Г. Коваленко, А.И. Ковешников, Е.И. Ковешникова, И.И. Маслова, И.А. Спичак
және де басқалар көңіл бөлген.
Демек, жобалы ойлауды дамыту сияқты
жұмыс нысаны болашақ дизайнерлердің тек академиялық
бағдарламаларды (атап айтқанда, сурет бойынша) меңгеруіне
ғана емес, сонымен қатар және өте маңыздысы –
олардың парапар кәсіби дағдылар алуына ықпал ететін
болады.
Литература
1.
ГузеевВ.В. Планирование результатов образования и образовательная
технология. - М.: Народное образование, 2000.
2. ЖуковГ.Н.
Основы общей профессиональной педагогики: Учебное пособие. -М.: Гардарики,
2005.
3. Глоссарий современного образования
(терминологический словарь) // Народное образование, 1997, № 3.
4. Маликова Н.Р.
О некоторых инновационных методах преподавания социологии // Социс, 2002, № 2.