Педагогические  науки/5.Современные методы преподавания.

Перизат Оспан, ғылыми жетекшісі проф. Н.Б.Аужанова

ЖГУ им. И.Жансугурова

МЕКТЕПТЕ ҚАН ЖҮЙЕСІН ОҚЫТУДА ЭТНОПЕДАГОГИКА ЭЛЕМЕНТТЕРІН ҚОЛДАНУ

 

Ата-бабаларымыз ең бірінші кезекте балаларын әдет-ғұрып, салт- дәстүрлер арқылы тәрбиеледі.

 Дала данышпандары атанған бабаларымыз болашақ ұрпақ тазалығын сақтау мақсатында жеті атадан бері қыз алыспау дәстүрін берік ұстаған. Ата-ана үшін де, ертеңгі болашақ үшін де отбасылық үлгі-өнегенің әліппесі – озық медициналық сараптамадан өткен жеті атадан қыз алыспау ұстанымын бүгінгі заман өзі дәлелдеді.

Бірде Жәнібек хан ғұлама ғалым, шипагерліктен қараүзіп шыққан Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан: «Қандай ауруды емдеу қиын?», – деп сұрағанда емші: «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын», - деп жауап береді, - жеп жазады.

Ж.Бабалықұлының деректеріне сенсек, Оңтүстік Кореяның ғалымдары дүниежүзіндегі халықтардың қанының құрамын тексеріпті. Сонда ең таза қан, қазақтың қаны деп тауыпты. Жеті атаны ұстанады екен деген. Осында қазақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш рудың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Бұл – жеті атаның қасиеті. Жеті атаны ұстайтын қазақтан өзге ел жоқ. Мына ұйғыр халқы немересін алады. Өзбек немересін алады. Татарың мен түрікмен де немересін алады. Немере дегеніміз – туыс. Немерені алғанымен адамның қаны бұзылады да, түрлі аурулар көбейеді. Нәсіл өзгереді [1, 98-б.]. Тәжік депутаттары да бұл мәселені енді-енді мемлекеттік деңгейге көтеріп жатыр. «Оның алдын алуға бола ма?» – деген ханның екінші сұрағына Өтейбойдақ: «Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыспау керек. Жеті қазақ үшін қасиетті сан,- деген екен. Аты аңызға айналған емшінің айтқанына тоқтаған Жәнібек хан жеті атаға дейін үйленуге тиым салып: «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» деген жарлық шығарады [6]. Көшпелі қазақтардың ел билеу заңы Жеті жарғы бойынша да жеті ата ішінде қан араластыру өлімге не ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады. М.Қозыбаевтың пікірінше, «тоқсан тоғыз қырылып, тоқсан тоғыз тірілген ол (қазақ-Ж.Ж.) халықтың асыл тұқымын қалай сақтау заңын игерді. Жеті атаға дейін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді» [3].

 Медицина не дейді? Демек, ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК-ны толық зерттемесе де, жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерттің етек алатынын жетік білген. Тұқымқуалаушылықтың заңдары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Бүгінде сирек кездесетін сырқаттар негізінен генетикалық аурулар екендігі анықталып, медициналық тілмен айтқанда орфандық аурулар проблемасын дәрігерлер соңғы жылдары дабыл қағып көтере бастады. Әсіресе, мутацияға ұшыраған нәрестелер санының көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Дамыған елдерде адамның тұқым қуалайтын 50-55 түрлі ауруларына тест жасайтын генетикалық консультациялардың жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Бүгінгі таңда ерекше назар аударарлық нәрсе АҚШ және Батыс Еуропаның онға жуық мемлекеті заңдастырып үлгерген бір жыныстылардың некесі, киеңкілер мен қызтекелер деген сорақылықты және өзге де ұлттық ділімізге жат көріністерді мамандар түптеп келгенде қан тазалығын сақтамаудың салдарымен байланыстырып жүр. Өйткені еуропалық мәдениетте тек туралы түсінік жоқ, оларда отбасы ұғымы ғана бар. Соңғы жылдары шетелдіктердің өзгеден гөрі қазақ балаларын көптеп асырап алуының да негізгі сыры тектік қорымыздың тазалығымен астасып жатыр. Алаш баласының некелік-отбасылық түсінігіне мүлде жат, небір азғындықты білдіретін анайы көріністер адамзат тарихында жеткілікті. Бұған дейін де аталған тақырып жергілікті зиялылардың [4] зерттеулерінде көтерілгендіктен, біз дәйегімізге дәлел болмақ бір-екі мысалмен ғана шектелмекпіз. Мысалы, көне заман өркениетінің ошағы әйгілі Мысыр елінде б.д.д. 59 жылы ХІ Птолемей перғауын бақилық болғаннан кейін тақ мұрагерлігіне 16 жасар қызы Клеопатра мен 13 жасар ұлы Птолемей қалған еді. Осы елдің Птолемей перғауындар әулетінің соңғы патшайымы, әлем тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра сол замандағы Мысыр ғұрпына орай, өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққаны белгілі. Жалпы бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне ғалымдардың айтуынша, туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған. Осыған ұқсас тағы бір мысал. 1917 жылы тақтан құлатылған Ресей патшасы ІІ Николайдың баласы гемофилия (қан тоқтамайтын ауру)  сырқатымен ауырып, соны гипноз арқылы емдеп жазған Валентин Распутин патша сарайында үлкен беделге ие болған. Тарихшылар баланың мұндай ауруға душар болу себебін, ақсүйек әулет Романовтардың өзара қыз алыса бергендігімен байланыстырады. Адам түгілі текті жануарлар өз қанына ешқашан шаппайтынын білген дана халқымыз мұндайға барғандарды «жатынына шапқан жаман айғырға» теңеген.

Генофондтағы тағы бір түйткілге мамандар алаңдауда. Еуропа елдерінде тұқымның тексізденіп бара жатқанын байқаған генетик ғалымдар үш атадан үзілмей аралас некеден туған ұрпақтың белсіздікке ұшырайтынын анықтауда. Мұның сырын зерттеушілер – белсіз еркектер өздерінің қай ұлтқа жататындығын білмегендігімен байланыстырады. Өйткені жатжұрттықтардың етегінен ұстаған кәсіби білікті, көп тілді, көрікті қаракөздеріміздің саны жылдан-жылға өсуде. Сайып келгенде, әлемдік жаһандану бізге де ауыз салып, аралас неке қоғамға сыналай енуде. Мұндайда «жақсыны жатқа жібермеген» бабалар ұстанымын еске түседі. Сөзімізді тұжырсақ, қазақтың бекерден-бекерге жеті атаны сұрамайтындығы, мұның шын мәнінде генетикалық қорғаныс екендігі тиянақталады.

Экзогамия дегеніміз не? Сонымен қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрді өте қатаң ұстанған экзогамистерге (грек тілінде «экзо» – бірдеңеден тыс, «гомос» – неке) жатады. Демек, экзогамия – аталас бір рудың ішінде еркек пен әйелдің некелесуіне рұқсат етпеу дәстүрі. Мұны сол заманнан қазірге жеткен «руын жасырған – құл», «тегін құл мен қу жасырады», «дөңгелектің шегі жоқ, көргенсіздің тегі жоқ», «жабыдан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды», «тегін білмеген теріс бағады», «тексізді төрге шығарма» деген мақал-мәтелдер дәлелдейді. Бабаларымыз жеті атасына қарап кімнің кім екенін анықтаумен шектелмей, «қызды жеті өзеннен өткізіп ал» деген қағидаға баса мән берген. Аса көрнекті этнограф-ғалым, жазушы Жағда Бабалықұлы осы орайда мынадай бір қызықты дерек келтіреді. – Қазақтар тектілік танымды тек бес-он жыл ішінде емес, ұлт болып қалыптасып, тайпалық бөлістерден бері дарытқан. Сондықтан қазақтар ішінде кем-кетік адамдар аз кезігеді. Қазақтарда тектілікті дәріптеудегі бұлжымас қағида – некелену барысында тегіне қарау. Ежелден, мейлі – ұл, мейлі, қыз жағы болсын, балалары мақұлдасудың алдында тегін анықтайды. «Ол қандай жердің балалары,  әкесі қандай, оның арғы тегі қандай» деп қудалайды. Міне, тектілікті дәріптеу. Өр Алтайда өмір сүрген Бөстек деген сал Алтай өңіріне барып Мәмидің қызына құдаласып келгенде басқалардың: «өр Алтайда қыз құрығандай, келінді төменгі Алтайдан іздегеніңіз не» дегендеріне Бөстек: «Текті атаның баласынан текті ұрпақ көремін бе деп отырмын» [1]  – деп жауап берген екен. Отандық этнограф ғалымдар жеті атаға жіктеу, қан тазалығын сақтау, біле білсек, бүкіл жер беті халықтары ішінде тек қазаққа ғана тән салт-дәстүр екенін анықтауда. Бұл жөнінде зерттеушілік ғұмырын қазақтың этнологиясына арнаған белгілі ғалым А.Сейдімбектің пікір-тұжырымы назар аударарлық: «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық», «Бұл үрдісті қалыптастыруда олар мейлінше мол өмірлік тәжірибе жинақтап, эмпирикалық жолмен-ақ өздерінің эвгеникалық (тектілікке ұмтылу) зердесін таңқаларлық биікке көтере алған», «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалап отырған. Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың аралары төрт-бес ата болғанына қарамастан, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі елдіктің шырқын бұзатын ауыр қылмысқа баланып, қатал жазаға ұшырайтыны да содан» [5]. Түптеп келгенде, жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуға үзілді-кесілді тыйым салудың арқасында қазақ тұқымның бұзылуынан, тектік-генетикалық қасиеттердің жойылуынан, ұрпақтың азғындауынан сақтандырылған. Бұл салт-дәстүрдің адам дамуының тарихындағы биологиялық және әлеуметтік мәні өте зор. Ж. Жұмаханұлы айтқандай, тіпті, мұның өзі табиғат заңына сай. Өйткені, бүкіл әлемді құрайтын химиялық элементтер қасиеттері бойынша орналастырғанда жеті период, жеті негізгі топқа бөлінеді. Қасиеттерінің жақындықтары бойынша осылай орналасқан элементтер неғұрлым бір-бірімен алшақ тұрғандарымен қосылғанда ғана мызғымас берік келеді. Тіпті қасиеттері өте ұқсас элементтер бір-бірімен мүлде қосылыспайды да. Ата-бабаларымыз осындай табиғат заңдылығын білген [2].  Қош, сонымен «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің салдары», т.б. деген мақалдар мен қанатты сөздердің бәрі тегімізді тануға байланысты айтылған. Ұлт денсаулығы алдымен қан тазалығынан басталатынын ескерсек, мұндай әлемді таңқалдырған өрелі салт ұстанған қазақтың төлтума мәдениетін ұлттық бренд десек артық айтқанымыз емес. Осы тұрғыда қазақ халқы классикалық ұлтқа жатады. Өйткені ұлтымыздың қаны саф алтындай таза, соған сәйкес жаны да таза.

Әдебиет:

1.      Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме. – А., 2010. 99-б.

2.     Жұмаханұлы Ж. Балалардың жеті атасын білуге мән берейік. // Қазақ тарихы. 1994.№2.55б.

3.     Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. – Алматы: Қазақстан, 1994. 59.

4.     Набиоллаұлы Ж. «Жеті ата» // Егемен Қазақстан, 2013, 16 мамыр.

5.     Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. – Астана, 2008. 170,171,174 б.)

6.     Тілеуқабылұлы Ө. Шипагерлік баян. Араб қарпінен көшіргендер. – К.Елемес, Д.Мәсімхан. – Алматы: Жалын, 1996.15, 43-б.