Филология ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Билял Б.Қ.,

Филология ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Келмағамбетова Ш.С.

Қарағанды қ., Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

Мемлекеттік тілді дамытудағы тиімді әдістер

Мемлекеттік тіл мәселесі - өте маңызды, мемлекеттік мәні бар мәселе. Осы орайда мемлекеттік тілді дамыту, оның қолдану аясын одан әрі кеңейту және мәртебесін көтеру мәселесін барлық жерде кеңінен қолға алып, тікелей ұйымдастыру іс-шараларын жүргізу қажеттігін тұрақты күн тәртібіне қою керек. Ал шетел тілі біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Мемлекеттің халықаралық байланыстарының сапалық өзгерістері адамның практикалық және зияткерлік іс-әрекетінде шетел тілдерінің сұранысқа ие болу қажеттілігін туғызып отыр.

Тіл дамыту ең негізгі жұмыстың бірі болып табылады. Оқу орыс тілінде жүретін студенттерге қазақ тілінен үйретілген сөздер, біріншіден, белгілі бір тақырыптарға ,екіншіден, сөз таптарына қатысты болады. Оқытушы сол себептен сабағын әрі тілдік, әрі әдебиеттік оқу материалдарын қамти білу керек. Кейбір грамматикалық түсініктемелер, жаттығу шарттары орыс тілінде берілетіндіктен, салыстырмалы грамматикаға байланысты мәліметтер де қамтылады. Қазақ тілі сабағындағы сөздік қорды дамыту жұмыстары мынадай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асады. Ол-сұрақ-жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, көрнекілік, аударма, оқулықпен жұмыс, мәтінмен жұмыс әдістері. Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер,бейнекасеталар, СД-ДВД дискілер, тақырыптар бойынша электронды оқулықтар мен сабақты көркемдеп отырса, сонда студенттердің сөздік қоры біршама толығады.  Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын көтереді. 

Қазіргі күні инновация деп көбінесе жаңа технологияларды, әдістер мен құралдарды жасау және қолдануды айтса, сонымен бірге жаңа идеяларды, прцестерді бірлікте жетілдірудің де жүйесі. Сондықтан оқыту мен тәрбиедегі жаңа технология инновациялық идеяларды енгізу, жаңарту нысаны болып табылады.

Қазір «жаңа, өзгеру, жаңаша» деген мағынаны білдіреді және дәл қазіргі заманға да «жаңа, жаңаша өзгерудің» мазмұны терең және анық екендігі белгілі. Бұл әдістеменің негізінде тіл үйренушінің дербес қабілеті, белсенділігін қалыптастыру, оқыту материалдарын өзінше пайдалану арқылы танымдық белсенділігін арттыру алға шығады. Мұның ерекшеліктері негізінен мыналар:

- тіл үйренушінің белсенділік іс-әрекетін дамыту;

- оқыту мен үйретудің өзара үйлесімділігін қалыптастыру;

- мұнда тіл үйренушінің дербес қабілетін дамытуға көмек беру;

- тіл үйренушінің танымдық үрдіске белсенді қатысуын анықтау мүмкіндігі;

- көрнекі құралдарын көбірек пайдалану арқылы сезімін жоғарлату.

Инновациялық технологиялар жоғары оқу орнында тілдік білім сапасын арттырып, қарым-қатынаста еркін қолдана алу мүмкіндіктеріне жол ашады: әр сабақта қазақ тілін игертуге қатысты интерактивті әдістерін қолдану; әр студенттің психологиялық ерекшеліктерін ескеру, қазақ тілді үйренуге деген ынтасы, зейіні, қызығушылығына көңіл аудару; міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып, мүмкіндік деңгейлерін ашу; инновациялық технологияларды сынау арқылы тиімділігін арттыру, жоғары оқу орын жағдайына бейімдейді.  

Еліміздің білім беру саласында соңғы жылдары жақсы нәтижелерімен белгілі бола бастаған жаңа педагогикалық технологиялар баршылық. Соның ішінде төмендегілерді атап айтқымыз келеді:

- дамыта оқыту;

- деңгейлеп оқыту технологиясы;

- модульдік оқыту;

- проблемалық оқыту;

- қатысымдық технологиясы;

- сын тұрғысынан ойлауды дамыту;

- сатылай комплексті талдау;

- жобалау технологиясы;

- тірек сигналдары технологиясы;

 - саралап даралап оқыту.

Тіл үйрету жұмысы - өте күрделі үдеріс. Студенттер қазақ тілі сабағында тек тіл үйреніп қоймайды, олардың сабақ үдерісінде қазақша ойлау дағдылары қалыптасып, өмірге өзіндік көзқарасы айқындалып, ұғым-түсінігі кеңейеді. Сондықтан да оқытушы әр студенттің қабілетін, қазақ тіліне деген көзқарасын білуі керек. Жоғарыда аталған инновациялық технологиялардың ішінде тіл үйретуде қайсысы тиімдірек екендігіне тоқталсақ. Қазіргі таңда қазақ тілін үйретуде  оқытушылар жаңа инновациялық технологияларды сабақ барысында пайдалана отырып, сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде.

Оқытудың жаңа технологияларының бірі – модульдік оқыту технологиясы. Модульдік оқытудың өзегі – оқу моделі. Модульдік оқыту – студенттің өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігін дамыту. Модульдік технология әдісі бойынша әр сабақта тек қана ақпаратты игеру емес, сонымен қатар қабылдаған ақпаратты өңдеу ептілігі мен дағдылары қалыптастырылады. Оқу процесін модульдік принцип негізінде ұйымдастыру дегеніміз – ол оқу жылын модульге бөлу, яғни оқу пәнін ірі тарауларға бөліп, сонымен қатар әр тараудың мазмұны, білімі мен ептілігі анықталып, сол модульді меңгеруге қажетті бақылау және орындалған жұмыс туралы есеп беру әдістерін қарастырады. Модульде оқу уақытының басым бөлігі студенттердің өз бетімен жұмыс ісеуіне жұмсалады. Алған білімдері күнделікті  бақылау, тексеру әдістері арқылы анықталып тұрады. Күнделікті бақылау нәтижесінде, пән бойынша рейтинг және аралық бақылау жүргізіледі.

Қазақ тілін тіл үйренушілерге оқытуда модульдік технология элементтерін қолданудың тиімділігіне тоқталсақ: біріншіден, білім деңгейі әр түрлі студенттермен жеке тұлғалық жұмыс ұйымдастыру жүйесін жүргізуге бағытталады; екіншіден, оқу үрдісінде студент әр деңгейлі жұмыстарды таңдауда, бағаланатын тапсырмаларда айқындауда, жоғары ұпаймен бағаланатын күрделі тапсырмаларды орындауға, қорытынды бақылау тапсырмаларына алдын ала дайындалуға мүмкіндік алады; үшіншіден, технологиялық картада күрделі тапсырмаларды, сөздік қорын қолдану арқылы оқу үрдісінің тиімділігі жоғарлайды.

Модульдік технология жаңа және қалыптасқан дәстүрлі әдістерді сабақтастырып қолдануымен қызықты әрі тиімді.

Қазақ тілін оқытуда жаңа технологиялардың бірі - деңгейлік оқыту. Деңгейлік оқытудың басты ерекшелігі – білім беру, оқыту, үйрету үдерісін топтап, жіктеп бөледі. Білім беру, дағды мен білік қалыптастыру классикалық әдіс негізінде болса, инновациялық әдісте керісінше алдымен дағды мен біліктілік, соңынан білімін жинақтау ұстанымын алға шығарады. Әрбір деңгейге арналған лексика – грамматикалық минимумы болады, үйренуші әрбір деңгейдегі білімін өзі бақылайды, ондағы оқу материалдары бір деңгейден екінші деңгейге қарай күрделеніп отырады. Деңгейлік оқыту бойынша әрбір деңгейдің өз әдістемелік мақсаты, әрбір деңгейдің тілдік, әлеуметтік лингвистикалық және дискурсивтік қызметі болады.

Деңгейлік оқытудың негізгі ұстанымы – тілдік қолданыстардағы сөздерді  күнделікті тұрмыс-тіршілік жағдайларында пайдалана білуден бастап, белсенді үйренушіге дейін қалыптастыру болып табылады. Осы негізде тілдік кәсіби біліктілікті үйрету бағытында жүйе қолданылып келеді.

Әсіресе тіл үйренушілерді оқытуда деңгейлік оқыту технологияны қолданудың тиімділігі әрбір деңгейге арналған лексика – грамматикалық минимумы болады, үйренуші әрбір деңгейдегі білімін өзі бақылайды, ондағы оқу материалдары бір деңгейден екінші деңгейге қарай күрделеніп отырады.

Тілді жылдам әрі сапалы меңгертуде, оны кез келген ортада еркін тілдік қатынасқа түсе алатын дәрежеге қатысымдық технологиясы арқылы ғана қол жеткізуге болатындығы бүгінде дәлелденіп отыр. Дүние жүзінің әдістеме ғылымында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген қатысымдық бағытты ұстану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін қалаған профессор Ф.Оразбаеваға жүгінсек, «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» .

Қатысымдық технологияны қолданудың тиімділігі, алдымен тілді оқытуда үйренуші мен үйретушінің арасында бір-бірімен көзбе-көз кездесу, ауызба-ауыз тілдесу, яғни тікелей қатынас жиі болса, сөйлесім әрекеті де ұтымды жүзеге асатындығы, сөйлеуді үйрету барысында қатаң талаппен сұрыпталған лексикалық, фонетикалық, грамматикалық минимумдар мен сөздік материалдар алынатындығы болып отыр.

Тілді меңгертуде тиімді саналатын  жаңа технологияның бірі – тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы. Сабақтың қатысты материалдар ірі мөлшерде енгізіліп, блоктарға бөлінеді. Оқу материалы тірек схема-конспектілер түрінде беріледі. Тірек белгілері арқылы оқыту технологиясы төмендегідей мақсаттарды көздейді:

- білім, білік, дағдыны қалыптастыру:

- барлық баланы оқыту;

- оқытуды жеделдету.

Бұл технологияның қазақ тілін оқытуда тиімділігі: үнемі қайталау, міндетті кезеңдік бақылау,  блокпен оқыту, тіректі қолдану,  жеке бағдарлы қарым-қатынас, ықпал;  ізгілендіру, ерікті оқыту; оқыту мен тәрбиенің бірлігін қолдана отырып жүргізетіндігі.

Ал проблемалық (мәселелік) оқыту тіл үйренушілердің ойын, шығармашылығын, өзіндік іс-әрекет арқылы танымын дамытуға үлесін қосады. Қазіргі кезде студенттерге ақпараттар көп берілуде, сондықтан да берілетін ақпараттар жүйелі, мазмұнды болуын қажет етеді. Проблемалық оқытудың мақсаты – студент пен оқытушының іс-әрекеті, мәелені түсіне білуі шешім үрдісінде біріге алуы болып саналады. Мұнда студент тек білімнің, іскерлігінің, дағдысының жүйелілігін ғана емес, ақыл-ойының жоғары дәрежеде қалыптасуына, өз бетінше білім тереңдетуге септігін тигізеді. Проблемалық оқыту оқушының теориялық және тәжірибелік іс-әрекетінен жаңалық ашып отыруын қадағалайды. Мұнда да тапсырманы орындау, іздену студенттің еншісінде болады, ал оқытушы тек бағыт беруші ретінде болады. 

Инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдануда оқытушы сабақты дайын күйінде бағалайды, әрбір білім алушының өзі ізденіп, ғылыми негіздерін өз бетінше игеріп, ғылыми зерттеуді көздейді, ал оқытушының негізгі міндетіне білім алушының іс-әрекетін бақылау жатады.

Қазақ тілін оқытуда инновациялық технология әдіс-тәсілдері студенттердің тілге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып, өз ізденістері мен шығармашылық деңгейлерін дамытуға жол ашу болып табылады. Қазақ тілін оқыту үрдісінде жаңа итехнологияларды енгізу төрт кезеңнен тұрады:

І. Тілге қатысты жаңа идеяны іздеу; Инновацияларды ұйымдастыру, жаңалықтарды іздестіру.

  ІІ. Жаңалықтарды ұйымдастыру;

ІІІ. Жаңалықтарды енгізу, яғни жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдалану;

ІV. Жаңалықтарды бекіту.

Инновациялық технология беретін нәтижелері:  түрлі әдістерді пайдаланумен мемлекеттік тілді үйренудің нақты мәнін терең ашуға көмектеседі; студенттердің барлығын сабаққа қатыстыруға мүмкіндік туды; олардың әрқайсының деңгейін анықтауға; студенттерді бағалау мүмкіндіктері мол; студенттерді өз бетінше жұмыс істеуге үйретеді; студенттердің қабілеттері, ұйымшылдықтары, шығармашылық белсенділігі, лексикалық қоры артады; жеке тұлғалық сипатын дамытуға, шығармашылығын шыңдауда, өзінің болашақ кәсібіне сенімі, қызығушылығы арта түседі.

Оқытудың жаңа технологияларын пайдалануда жоғары оқу орнының алатын орны ерекше. Өйткені білім де, тәрбие де, дүниеге көзқарас та жоғары оқу орнында қалыптасып, орнығады. Жоғары оқу орнында қазақ тілін оқытуда аталған инновациялық технологиялар  сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай жасалса, ол оқыту үдерісін жетілдірудіңбірден-бір тиімді жолы. барлығы да өз дәрежесінде тиімді әрі

Қорыта келе, тіл байлығы - сөз байлығы. Ал сөз байлығы әр адамның лексикасындағы қолданылатын сөздердің санымен байланысты болғанымен, негізгі байлық – ой байлығы, сол сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі ой мұнарасын қалай білуде. Себебі сөзді көп біліп, бірақ оны орынды, ойлы, образды жұмсай алмасаң, одан не пайда? Ал сөзге көп мағына сыйғызып, әр сөздің парын, мән-мазмұнын, стильдік бояуын дөп басып беру ойлау қабілетімен, оның шығармашылық сипатымен ұштасып жатады. Ал ой байлығына жету үшін тіл дамуының кешегісі мен бүгінгісін, лексикалық қабаттын баю, толығу жолдарын, тілде пайда болған жаңа құбылыстардың өміршеңдігін, бір сөзбен айтқанда, тілдің ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы меңгеріп, оған қамқорлықпен, жанашыр көзбен қадағалап отыру керек.

Жаңа технологияларды қолдану барысында студенттердің пәнге ынтасы, белсенділігі артып, білім сапасы тереңдей түседі. Сол сияқты ізденімпаздық, дербес ойлау, өзіндік қорытындылау қабілеттері дамиды.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Оразбекова Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі / Ф.Оразбаева.- Алматы: Ы.Алтынсарин ат. РБК, 2000. - 208 б.

2. Қадашева Қ. Қазақ тілі оқыту әдістемесі / Қ.Қадашева. - Астана: Атамұра, 2006. – 240 б.

3. Кобдикова Ж.У. Оқыту процесін технологияландыру. А:2000 ж.61б. 

 4. Қуанышбаева А.Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану.А: Қазақ тілі: Әдістеме. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал, №2 ,2004. 47 5. Аманжолова С.С. Мемлекеттік тілді оқытудағы жаңа технологиялардың тиімді жолдары. А: Қазақ тілі мен әдебиеті : Әдістеме. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал,2010.

6. Шамова Т. И., Третьяков П. И., Капустин Н. П. Управление образовательными системами: Учеб. пособие для студ. высш. пед. учеб. заведений / Под ред. Т. И. Шамовой. - М.: Гуманит. изд. центр ВЛАДОС, 2001.

7.. М.Жанпейісова Модульдік технологияны қолдану оқушыны дамыту ретінде., А., 2003ж.

8. Көпдеңгейлік бірыңғай стандарттық оқыту жүйесі және қазақ тілін үйретудің әдістемесі. Астана «Келешек-пресс», 2006 ж.