Филология ғылымдарының кандидаты Акатаева Ш.Б.

Педагогика ғылымдарының магистрі  Жолаева Г.Б.

 

Қарағанды қ.,Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті 

 

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА – ЛИРИК АҚЫН

 

Ақындық өнер – киелі де қасиетті, құдіретті де қымбат қазыналарымыздың қатарына жатады. Әріден ой өрбітсек, Аристотель әдебиет әлемін, болмыс-бітімін тамыршыдай тап басып көрсетсе, ғалым А.Потебня поэзия табиғатын, ақындық қуат пен ойлау жүйесін, образдылыққа тән белгі-ерекшеліктерді айрықша бағалайды. Ой-сөз жүйесіне, тілдік құбылыстарға зор маңыз береді. Сөз сипаты туралы: «біріншісі – мән-мазмұны, екіншісі – ішкі құрылысы, үшіншісі – дыбыстық жағы, естілуі», - деп жазады.[1]

Лирика – әдебиеттің үш тегінің бірі және ежелгі жанр санатында бірегейі екендігі баршамызға белгілі. Лирика дегеніміз өлеңмен өрілген туынды – поэзияның туысы, яғни басқаша айтқанда лирика – сөз өнерінің жалпақ жұтқа мәлім бір түрі. Ендеше, лирика – поэзиялық шығармалардың шырайы бола алуы анық. «Поэзия – өнердің асыл тегі» – дейді Белинский «Поэзияны тегіне және түріне қарай бөлу» атты еңбегінде.

Ф.Оңғарсынова өлеңдеріндегі көпке таныс, ешкімге бас имейтін өзіндік дара мінезі бар, көбіне қатал характерімен оқырман есінде қалған әйел кейіпкерді автордың ондаған, жиырмалаған туындыларынан жиі кездестіреміз. Арнайы аты аталып, түсі тұстелмесе де ол бізге бір табан жақын, белгілі іс–әрекет дағдысымен оқырман миының бір қыртысында ұзақ сақталады да, кез–келген таныс әуенді өлең–жырда атой салып, қызу өмірге араласа кетеді.

Фариза лирикасы өзіндік сыр–сипатқа ие, тұрақты оқырманы бар, іздеушісі мен сұраушысы бар, өлең–жырдың жетік дәстүрін өн бойына жиған басалды поэзия. Ақынның лирикалық кейіпкерлері жалпы қазаққа (оқырманға) жақсы таныс, күнделікті өмір тіршілігінң өтінде жүрген біздің замандастарымыз. Саналы ғұмыры, өнегелі өмірі өлеңге айналған ақын–лириктің жыр–сандығынан ақтарылар маржан ойлары образдылық тудыруда орасан мол байлыққа ие. Ойлы оқырманның көңіл төрінен  өзіндік стилімен төл табиғатымызға тән мінез–құлық (сыршылдық, мұңшылдық, нәзіктік пен қайсарлық т.б.) әдебінің ажарын айқара ашып таныту – ақын поэзиясының нұрлы шамшырағы десе де болғандай. Бүкіл жұрттың көкейіндегі келелі мәселелерді лирикалық образдың өн бойына жинақтап, өлең–жырдың жасампаздық құдіретіне әлеуметтік маңыз беру де ақындық мұраттың басты шарты болса керек.

 Фариза лирикасына тән тағылымдық процестердің параметрлік өлшемі өлең өлкесінің нақ төрінен құтты мекенін тапқан тереңдік пен биіктік атты бірліктің қосындысын құрайды. Тереңдік пен биіктік ұғымдарының асқар таудай асылы – ақыл мен парасат парқымен бағаланатынын ескерсек, ақын мұрасының қаншалықты және қандайлықты қасиетке ие болғандығына көз жүгірткеннің артықтығы жоқ. Көз жігіртіп қою аз, нақтысы ақынның қаламгерлік, суреткерлік болмысы мен бітіміне барынша тереңдеп бару арқылы барлау жасауға болады.

Сезімді селт еткізер, жүректен шыққан жырдың балын тамызар ақын поэзиясының пернесі таза да тың лиризмге лайықталған. Өмірдің өзін өлең деп бағалаған ақынның өлең–сөзге жүгінуі де автор этикасын әйгілеп тұр. Фариза лирикасындағы шалқар шабыт ақынның сөз өнерін құрметтеу, оған табыну құдіретінен көрік алады. Нағыз ақынға тән кредо – жыр бұлағын аялап сүюден нәр алып, одан арғы биіктерге қол созады. Ақын түсінігінде поэзия патшалығы адамзат дамуы мен жеке адам психологиясына қызмет етер ерекше дүние.[1]

Көктеуі келіскен көркемөнердің өзегі – өлең деп ұқсақ, «сөз патшасына» сыйынып сыр ашу – ақынға ғана жарасқан символика болғаны да. Ақынның өзекті өртеп шыққан «Өлеңінде» өміршең өрнектер автордың поэзия планетасындағы платформасын паш еткендей:

Күлкімді, жайлы күнімді,

Азапты, қайғы мұңымды

Өзіммен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындай тағдырым болып

О баста көрінгенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! [3]

Өлеңді аялау, құрметтеу ақын біткенге ортақ қадірлі қасиет. Ақын болмай–ақ сөз өнерін бағалайтын пенде де жыр–жақұтын жан серігі етуге қақылы. Айырым сол – жыр маржаны «жүрекке жылы тисе» (Абай). Парасатты ақын Фаризи пайым–таныммен кестеленген лирикалық шумақтарында өршіл өлеңнің өресі өшпестің, өлместің өрмек жібінен өрілген. Фариза лирикасындағы «сөз сарасының» қадыр–қасиеті жеке бастың мұң–мұқтажынан жоғары тұр, өнегесі – адамды тәрбиелеудің қазыналы, қастерлі құралы.

Біреудің күлкісін көріп,

Бақыттының түр–түсін көріп,

Шаттанып қалған шағымда

Жеткендей арман–сағымға,

Қуаныштан дірілдеп денем,

Алдыңа күлімдеп келем.

Өлеңнің өлшеуіші де, оны тартар таразы да басқалардың бақыт үшін, туралай айтқанда адамзаттың ар–ожданын қызғыштай ұориды және қауымға қызмет қылуды мақсат еткен. Ақын жаны соны түсіндіреді. Өзгенің күлкісі, шаттық қуанышына бола күресу, өмір–өлеңді соған арнау дегеніміз – гуманист суреткерге лайық ғанибетті, ғиратты, келіскен бір іс емес пе! Лирикалық қаһарманның ішкі жан дүниесі, сезім толқыны, көңіл күйі өнерге барып қонақтаған. Өмір өткелі қиын да ұзақ жол. Теп–тегіс тақтадай даңғыл жатқан ештеңе жоқ. Күрмеуі қысқа жіптей келте ғұмырда тірі жанның көрер қызығы, көтерер тауқыметі аз болмайды. Біреуге мал, біреуге мұз жалатқан өмір соқпақтарының ащы–тұщы дәмін байқап көруге де тура келеді. Күнгейі көңілді, көлеңкесі жабырқау шақтарда ақын «мені» өлең жырдан жұбаныш табады.

Біреудің пысықтығынан,

Біреудің жасып мұңынан

Жүрегім сыздаған кезде,

Жаным мұздаған кезде

Мен сені саялаймын.

Эмоция – лирик ақынға тән шабыт құбылысы. Ақынжандылықтың алмас шындығы жеке бас проблемасын баяндаудан аулақта жатыр, керісінше, ырық бермес шалқар сезімге нәр береді. Жан күйзелісі, тіршілік толқыны ішке сыймайды, өзгеге сыр ақтаруға асық. Сөз жоқ, лирикалық кейіпкер тағы да өлең– доспен ой бөліседі. Жыр маздаған жүректің шер тарқатар аяулысы өлең бопты:

Дара күндерімнің

Нала күндерімнің

Серігі болғаның үшін,

Сенімі болғаның үшін

Мен сені аялаймын.

Ақынның қырағы көзі қоғам болмысының бәтуасыз, берекесіз жақтарын жанардан жасыра алмайды. Өкініші көп өмірдің келеңсіз көріністері мен сұмпайы суреттері өлең–серікке соны сөз – ой–толғамның тезін тартқызады. Қиындығы мен қызығы, тағылымы және тақсыреті егіз өретін өткінші дәурен дүрмегінен ақын жаны байыз таба алмай алаң көңілде. «Жаман дос – көлеңке» (Абай) болған бес тиындық құны қалмаған қу ғұмырдың қамытынан қапиясын тауып құтылып көр:

Ажалмен айқасқан сәтте

Қыршын жас көз ілгенін көріп,

Өткінші сезімдерді көріп,

Кешегі доспын дегеннің

Минутта жерінгенін көріп,

Кімнен өшімді аларымды білмей,

Алдыңа лапылдап келем,

Жарылуға жақындап келем.

Шабыттың шар тасын отты өлеңге жаныған ақынның ат басын тірер мама ағашы алдында тұр. Ол – поэзия. Жаратылысы жұмыр жаһанның жеңілжелпі жалама тұзы ақын жанын жабырқата алмайды, мейлінше қиюы қашқан көңілді күн шуаққа сүйрейді. Дара күннің серігі секілденіп, нала түннің сенімі сияқтанып, ай боп туған қияқтанып, сыр ұрлаған өлең – ода ой отауынан орнығып алған.

Өмірдің өткелдерінен

Қиындық көп көрінгенімен,

Өртеніп от басқаныммен

Өзіңмен қоштаспадым мен.

Қаламгердің өмірлің кердос айқын. Ұстар бағдаршам байымы байлаулы, тұрақсыз тактикадан сырт, байсалды бағдарлама.

Оқырманын ойға жетелер «Өлеңмен» өзектес, оралымы ортақтас өлеңнің бірі – «Ақын». Көлемі кішігірім, әйсе де келісімі кемерлі аталмыш өлеңде ақынның азаматтық ажары айқындала түседі. Айталық, «халқының махаббатымен түлер» ақынға тұғыр болар тірек төрттаған–елі ғана. Оқушы түсінігінде ақын жай ғана өлең шығарушы болмаса керек. Ол – «нәзік жүректі самалдан тоңар гүл» тәрізді бола тұрса да, «қияметтерге қарсы ағар бал шабыт» иесі. Семсер сөздің сүңгісінен мұз еріткен ақын идеясы игілікті іске құлаш ұрады:

...Әділет үшін жан салып,

Алдыңда тұрсын қанша алып–

Шындыққа жетпей тынбайды.

Сұлулық пенен пәктіктен

Рахат күткен, бақ күткен

Шығып кеткенше ақтық дем

Арпалысып өтер қасқайып

Күңкілмен, бұқпа сақтықпен [4].

Ақ сөйлеген лирикалық кейіпкердің туған жері мен еліне деген махаббатында шек жоқ. Өсіп–өнген Отанының ана тілі мен салт дәстүрін, тарихы мен мәдениетін, ел еркесі–ерлерін құрметтейді, қастер тұтады. Ақын елдің ардағы атты тәлімді осы «Ақын» өлеңінен тап басып танимыз да терең түсінеміз. Тақырыбы жағынан төркіндес жоғарыда талданған екі өлеңнің өміршеңдік сипатын ақын кредосының критерийі сынды алуымыздың да өзіндік мәні бар. Өлең және ақын немесе басқалай алып қарасаңыз, бірінсіз бірі толық мәнге ие бола алмайтын деректі зат есімдер. Айтулы екі ұғымның қамқоршысы халық болмай кім болады? Сол себепті шығар, ақынның көпшілікке айтар кісілікті сөзінде үлкен мән–мағына, ұтымды ұшқыр ой бар:

Аяла, халқым, суынбай

Бұхардың мұрагерлерін!

Бұрынғыдан қалған «алтынның сынығын» аялауға да ыстық қан, мұраттастардың демеу болар мейір–шапағаты, суымас сезімі керек. Ел–жұртқа етене жақын ақын–суреткердің әзіл–шыны аралас қазақы қалжыңмен жазылған және бір өлеңі «Ұнытып ем» деп аталады. Әп дегеннен ғашықтық отына күйіп–жанған бойжеткенге көз қырын салмай жүрген жігітіміз.., – бақсақ... Өлең екен:

Сол жігіт білсең атын Өлең деген

Жымияр: «Саған оңай көнем бе мен!» –

Ерте–кеш болса да бір естір ме екем

Бір сөзін «Сені жақсы көрем!» –деген... [5].

Өнердің биік шыңы – өлең деп түсінген ақынның суреткерлік шеберлігі жан–жақты жаңашылдығымен жарқырай көрінеді. Жазу мәнерінің мың да бір машығын игерген қаламгер туындыларының тұнығы тереңде жатыр. Өлең өлкесінің ой–қырынан өмінді жырларымен өрнек өрген өнерпаздың шалқыма шабыты, кең құлашты қарымы поэзия әлемінің айшығын аспандата биікке көтере түседі.

Фариза Оңғарсынованың ақындық лабораториясының ұлағатты ұтымтал тұсы – нені жазса да, өлең–сөздің парқын пайымдай білуінде. Үнемі ізденіске толы, жинақылығы жиһаздай жыр жолдарынан ақыннын өзін–өзі қайрауы, өлең өрісін өзгертуге, тыңнан түрен салуға ұмтылысы байқалады. Шығармашылықтың шарайнасы – шабытпен жазылған өлең–сөзден сезіліп, жарқырай көрінуі үшін де тұщымды туындыларды оқу, білу керек дегенді «Жақсы өлең» аталған жыр шумақтардан асықпай барлауға болады. «Өлең сиқырын аңғармаған көңілге» қажеттінің бірі – жақсы өлең оқу. «Жақсы өлең –жанның нәрі» деп ой қорытқан ақын үні:

«...жақсы жыр оқып нұры армандай

Жадыраймын, жанымда мұнар қалмай,

Сол өлеңді дәл өзім шығарғандай» [5]-деп ағынан ақтарылады.

 Сөйтсе–дағы «қылаң берер емес–ау алдымда әлі Махамбеттің, Абайдың шалғындары...». Ұдайы ізденісте жүретін қаламгер қадыр–қасиетінің бір төркіні тарихты бағалау, өткеннен үйрену үлгісінен өнеге алады. Сырлы өлеңнің сиқыры сыр бермей дуалы дүниедей дертке дауа тапқызбай бұлқынады. Ақ жырдың абыздарын (Махамбет, Абай т.б.) ардақ тұтқан албырт көңілдің көк кептерлері қолға түспей қалықтайды: «Сыр бермейді сырлы өлең, жүдесем де, көңілім дауыл, күшім аз күресерге»ү

Фариза жырларындағы ақынның «Мені» мен лирикалық кейіпкер тұлғасын ажырату үшін айшықты әлем – поэзия табиғатының тегін тап басып тану қажет. Поэзияны пүліш жапқан пыраққа теңесек, «жыр дүлей» (Т.Тоқбергенов) атанған Фаризаның ақындық поэзиясы айқын, таңдауы таңдайға татырлық, керімі келіскен керімсал поэзия. Ақынның ақынға қояр талабы мен өлең–жырға адалдығында көзге көріне бермес, жалпыға бірдей байқала бермес бір ізгі сыр бар. Үлкен өнерден үміткерге таудай талап қойғыш ақынның өлең жазу машығында майда–шүйде мәнсіз атымен жоқ. Әрі әлеміш дүбәра дүниеге дәті шыдамайтын қаламгер құдіреті қанмен жазылардай өлеңді қадыр тұтады, қасиет көреді. Шеберліктің шұғылысынан от ойнатқан ақиық ақынның айтыр сыры, салар салмағы шексіз. Әріптестен күтері – сөздің саумал бұлағынан бал тамызар тегеурінді жыр мен өміршең өлең.

Бұл жолда:

Төгіп–төгіп жазбай ма ақын деген!

Терлеп–тепшіп қиналса, пақыр дер ем!

Немесе:

Майлы ас сіңген таңдайға татыр ма өлең –

Қайтсем ойын оятам, ақыл берем? -деп қиналған суреткер санасының дайын схематизм үлгісінде түлеп жүрген ақынсымақтарға көрсеткен қарсылығы ма екен?! Жыр–жақұттың жалынына оранбай «қылғынып», «қызарыңдап» отырып өлең жазу –«ол ақынның білімсіз бейшарасы» (Абай). Сырлы сұлу сөз өнерінің сиқырын түсінбеген талантсызға, ақынша айтсақ «миына жырдың мәні кіріп–шықпай» жүрген сабазға қояр талабы мен талғамы таудай. Ақын үшін ел есінде мәңгі қалудың жолы қиын да азапты сапар. Ол сапарда саф алтынды тас мүсіннің онша қажеті жоқ, төзіміңді текті жырға жани біл де құлақ сал:

Құрбандықсыз келмейтін жеңістердей,

Жазылса жыр ақынның қаныменен,

Ескерткіштей сол ғана нағыз өлең! [6].

Поэзияны құрметтеу, ол арқылы болашақты бағдарлау – Фариза лирикасының еншісіне бұйырған бояуы қанық тақырып. Ақын лирикасын қай қырынан алып қарасақ та, бұлжымас бірізділік бедерін аңғаруға болады.

Қазақ поэзиясы қазақ халқымен талайдан бірге жасап келеді, жасай бермек. Демек, поэзия туралы, поэзиядағы дәстүр жалғастығы мен жаңашылдық туралы әңгіме өмірдің өзі секілді мәңгі әңгіме.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.    С.Негимов. Өлең өрімі. А., Ғылым, 1980, 136б.

2.    Ө.Күмісбаев. Екі перне. А., Жазушы, 1995, 320б.

3.    Ф.Оңғарсынова. Екі томдық таңдамалы шығармалар. 1 том. А., Жазушы, 1987, 352б.

4.    Ф.Оңғарсынова. Екі томдық таңдамалы шығармалар. 2 том, А., Жазушы,1987, 368б.

5.    Ф.Оңғарсынова. Қыз-ғұмыр. А., Жазушы,1996, 391б.

6.    Ф.Оңғарсынова. Шілде. А., Жазушы,1978, 320б.

7.    Ф.Оңғарсынова. Қыз-тағдыр А., Жазушы, 1994, 336б.

8.    Ф.Оңғарсынова. Жүректер тілдескенде. А., Жалын, 1990, 344б.

9.    Ф.Оңғарсынова. Шашы ағарған қыз: мақала, эссе, повестер. А., Жазушы, 1990, 336б.