аға оқытушы Жолдыбаева А.Е.

Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

 

Бүгінгі күні өмірімізге дендеп еніп, қолданысы кеңейе бастаған «инновация» термині ауыз екі тілде ғана емес, қоғамдық қарым-қатынаста кеңінен қанат жайып келеді.

«Инновация» ағылшын тілінен аударғанда «жаңалық енгізу, жаңашылдық» деген ұғымды білдіреді. Басты мәні бұрын болмаған жаңалық, қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандырудың жаңа әдісі деген түсініктеменің жиынтығы.

 Ертеңгі келер күннің бүгіннен гөрі нұрлы болуына ықпал етіп адамзат пен қоғамын алға апаратын құдыретті күш бұл білім. Ғылым мен техникалық прогресттің дамуы қоғамның өзгеруі жаһандану заманның басталуы, білім мазмұнын жаңартуға мол мүмкіндіктер туғызды. Сондықтан білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын табу, оны тәжірибеге енгізу - уақыт күттірмейтін мәселе. Заман талабына сай білім де жаңарып отырады.

             Елбасы өзінің жолдауында «Қазақстанның алдағы он жылда бәсекеге барынша қабілетті дамуын 50 елдің қатарына қосылу мақсатын орындау жолындағы басымдықтың бірі – осы заманғы білім,ғылым мен инновацияны дамыту қажет» , - деп атап өткен.

Мемлекет басшысы инновациялық білім беру мәселелеріне жан – жақты тоқталды. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының қызметі инновациялық білім беруге, өзінің теориялық тәжірибесін практикалық нәтижелерге бағытауы қажет. Осыған байланысты оқу орындарында инновациялық, ақпараттық технологиялар бөлімдері мен тәжірибелік – зерттеу орталықтарының ашылуы бұл студенттердің білімге деген құштарлығын арттырады. Осындай инновацияға негізделген білім ордаларының арқасында мемлекетті қарқынды экономикалық дамудың жаңа белесіне көтеруге мүмкідік туады.

Осы мақсатта Елбасы еліміздегі барлық жоғары оқу орындарындағы математикалық  бағыттағы қолданбалы кафедраларда дәріс беру деңгейлерінде тың инновациялық технологиялық үдерістерін кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті. Әлемдік өркендеудің алдыңғы елулігіне ену – болашақтың маңызды сатысы.

Бүгінгі күні әртүрлі елдер үшін білім беру мен тәлім-тәрбиені дамыту бағытында ортақ қиыншылықтардың туындағанына қарамастан, олар бір-бірінен білім беру мәселелерін шешу жолдары, әдістері және мақсаттары тұрғысынан елеулі дәрежеде ерекшеленіп отырғандығы байқалады. Мұндай айырмашылықтар адамның рөлі мен оны жетілдірудің маңызын (мінез-құлқының маңызын, жеке тұлғаны дамытудағы тәрбиенің рөлін), осыдан барып қоғамның жекелеген мәселелерін шешудегі, оның қажеттіліктерін қанағаттандырудағы және жалпы қоғамды дамытудағы білім беру жүйесінің міндеттерін әртүрлі түсінуден келіп шығады.

 Осыған байланысты, әртүрлі қоғамдық-саяси жүйелерімен ерекшеленетін елдерде білім беру саласына жаңалықтар әртүрлі мақсаттармен, әртүрлі тәсілдермен және әртүрлі атаулармен енгізіледі де, олардан әртүрлі нәтижелер күтіледі. Әртүрлі елдердегі бірдей жаңалықтар әртүрлі қызметтерге ие болып, оларды қолдану нәтижелері де түрліше бағаланады.

                Бүгінгі таңда білім берудің ұлттық жүйесі өте маңызды, қарқынды өзгерістердің сатысында тұр деуге болады. Үздіксіз жаңалық енгізу білім беру мекемелерінің, соның ішінде жоғарғы оқу орындарының жұмысының дамуының ең басты факторы болып отыр.

               Иновация және оның қажеттілігі қандай себептермен түсіндіріледі? 
Біріншіден иновацияның өмірге енуі жоғарғы оқу орнының  өзінің жұмыс істеуіне себепші болатын ішкі жағдайларға байланысты.Білім беру мекемесінің алға қойған мақсатына жетуі үшін басқаруға ықпал жасайтын (оқытушылар,білім алушылар) және өзінің басқарушы ішкі жүйесі (әкімшілік, педагогикалық ұжым) біртұтас жүйе болғандықтан, иновацияға үнемі орын табылады.Ал жаңа өзгеріс нәтижесінде білім беру мекемелері үздіксіз өзгеретін және дамитын жаңа қайшылықтардың көздері болады.Сонымен қатар басқарудағы маңызды орын үнемі қозғалыс пен дамуда болатын педагогикалық және білімгерлер ұжымының қажеттілігіне беріледі. 

              Жаңашылдық білім беру саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді сәтті орындаудың негізгі шарттарының бірі болып саналады. Олар оқу-тәрбие жұмыстарының тиімділігі мен өнімділігін арттыруға септігін тигізеді.Оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын меңгеру оқытушыдан орасан зор іскерлік пен шығармашылыққа негізделген ізденістерді қажет етеді. Осындай мақсат көздеген жүйелі ізденістер оқытушының жаңа технологияны меңгеруіне, инновациялық жетілуіне мүмкіндік береді.

               Бірінші бағыт тұрғысынан алып қарасақ, ақпараттық технологиялар білім, білік, дағдыны игеру үшін қажетті ресурс болып табылып, студенттердің саналы тәрбие, сапалы білім алуына жағдай жасайды, ал екінші бағыт тұрғысында ақпараттық технологиялар оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру тиімділігін арттырудың қуатты құралы болып  табылады.

              Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасында «Жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандар даярлау сапасын арттыру, қарқынды ғылыми-зерттеу қызметімен ықпалдастырылған инновациялық қажеттіліктерімен тығыз байланысты білім беру және техногияларды жетілдіру көзі» деп атап көрсеткендей, қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе: әлеуметтік педагогикалық ұйымдастыру тұрғысынан білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестірумен және оларды жүзеге асыра алатын болашақ мамандарды даярлау болып отыр.

              Педагогикалық теорияны жан – жақты меңгерген оқытушының іс-әрекеті тиімді болатыны әркезден-ақ мәлім. Ендеше оқытудың жаңашыл технологиясын оқу үрдісіне енгізу білім сапасын қажетті деңгейде және оны басқаруды қамтамасыз етеді.

Иновацияның қажеттілігі сыртқы себептермен де анықталады: адамдардың мұқтаждылығын қамтамасыз ету қажеттілігі, білім алушылардың білімге, дағдыға, шеберлікке деген ұмтылысы, жоғары сапалы білім алудағы жеке тұлғаның дамуы.

             Демек, жаңалықтың ену қажеттілігі білім алуға деген коньюктураның ( бір нәрсеге әсерін тигізетін жағдайлардың кездесуі) мұқтаждығынан пайда болады. 
Ол сұраныс пен ұсыныс арасындағы қатынаспен, жалпы білім беруге дайындық деңгейімен, педагогика қызметкерлерінің кадрлық әлеуетімен және басқа да факторлармен анықталады. 
Технология ұйымдастыруды үнемі жаңғырту жағдайында ұстап тұрып қана жоғарғы оқу орындары өз бағытын нығайта алады.

              Бүгінгі таңда білім беру қызметін көрсетуде бәсеке күшейіп отыр, тұтынушылардың дайындық деңгейіне деген талаптары өсуде.Осындай кезеңде өз өмірін сақтап қалуы үшін жоғарғы оқу орындары өз қызметін үздіксіз жақсартуға және қайта құруға, оқу -тәрбие үрдісін жетілдіруге мәжбүр.

              Инновацияның, яғни жаңалықтың, жаңа туған немесе жаңадан қолданысқа енгізілген дүниенің халыққа берері мол.

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1.     Жаңа ақпараттық технологиялардың тиімділігі. Г.Бейсенова, Қазақстан мектебі №6 - 2006ж

2.     2003ж. № 1096 «2003-2015»жж. Арналған «ҚР индустриалды инновациялық даму стратегиясы туралы» ҚР Президентінің Жарлығы.

3.     2002 ж. 3.07.№ 333 «Инновациялық қызмет туралы» ҚР заңы.

4.     Инновационная деятельность в РК, 2001.