Педагогические  науки/ 2.Проблемы подготовки специалистов.

 

п.ғ.д. Сайлыбаев Б.А., магистрант Муслимова К.Ш., г.ғ.м.Бугенбаева С.С

«Қазақ-Қытай академиясы» Қызылорда қаласы, Қазақстан.

 

Екі сатылы «Колледж - академия» жүйесінде болашақ педагогтарды даярлаудың сабақтастығы.

 

Бүгінгі таңдағы мемлекеттік маңызға ие құндылықтардың қатарынан әлеуметтік құбылыс әрі мәдени феномен ретінде ересектердің білімін атаймыз. Ол қоғам, адам және ел мүддесіне бағытталған білім беру саясатының жетекші ұстанымдарын айқындайды.

Білім берудің жалпыевропалық жүйесіне арқау болған негізгі идеялар үздіксіз білім беруді мамандар даярлаудың қазіргі заманғы мәселелерін шешудің негізі және болашақтағы білім беру жүйесінің үлгісі дегенге саяды.

«Үздіксіз білім беру» ұғымының пайда болуы мен дамуына жасалған бірқатар зерттеулер адамзат дамуының басты шарты- білімнің үздіксіздігі мен сабақтастығында екендігі ертеден белгілі болғандығын, тек XX ғасырда урбанизация мен индустрияландырудың әсерімен, қоғам мен білім беру жүйесінің өзгерісіне байланысты толыққанды жүйе ретінде қалыптасып, дамығандығын көрсетіп отыр.

Кейінгі кездері қосымша білім алуды теориялық тұрғыда пайымдауда басты рөл оқытудың эмпирикалық теорияларына беріліп келеді. Бұл бағыттың шетелдік өкілдері - Э.Гуссерль, А.Нокс, Д.Колб, Р.Фрай, П.Джарвис, Д.Шон, М.Ноулс, Р.Биард және басқалар өздерінің педагогикалық жүйелері үшін орталық концепті ретінде білім алушылардың тәжірибесін атаған. Сондай-ақ бұл мәселе В.Г.Онушкин, Л.П.Буева, А.П.Владиславлев, А.В.Даринский, Г.С.Сухобская, Ю.Н.Кулюткина, В.Н.Турченко, Г.П.Зинченко, Ф.Р.Филиппова, Е.П.Тонконогая және басқалардың зерттеу жұмыстарына арқау болды.

Еліміз бойынша жоғары оқу орындарында мамандар даярлауды дәстүрлі бірдеңгейлі жүйеден көпдеңгейлі жүйеге біртіндеп көшіру кәсіби білім бағдарламасы мазмұнының көпдеңгейлілігі, көпсатылығы, вариативтілігі мен икемділігі арқылы жасалып, кәсіби білім берудің өзара байланысты ұйымдық құрылымдарында (түрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінде) практикалық жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда орта және жоғары кәсіби білім беру стандарттарында бірізділік пен сабақтастықтың жеткіліксіздігінен қысқартылған бағдарлама негізінде сапалы білім беруді ұйымдастыруда туындап отырған бірқатар қайшылықтар мен қиыншылықтар көпсатылы кәсіби білім беру жүйесінде оны жүзеге асырудың ғылыми-әдістемелік негізі бойынша әлі де зерттеулерді қажет етуде.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы күтілген білім беруді басқарудың тиімді жүйесінің нәтижесінде болашақ педагогтардың кәсіби даярлығында төмендегі мәселелерді міндеттеді:

-            кәсіби міндеттерін дербес әрі шығармашылық тұрғыдан шешу;

-            кәсіби қызметтің тұлғалық және қоғамдық маңызын түсіну және оның нәтижелері үшін жауап беруге қабілетті кәсіби құзіреттілік;

-            бәсекеге қабілеттілік.

Кәсіби қызмет турасында айта кетейік, өз балаларына қалдырған өсиетінде Джеймс Кеннеди: сен кім болсаң мейлің, тіпті көр қазушы болсаң да, дүниедегі ең шебер маман болуың керек,- деген екен. Ал, мұны жеткілікті түсіну,  сөз жоқ оны жасап көруді қажет етеді. Міне, Елбасының «Мемлекеттік білім» стратегиясына ұсынған «өмір үшін білімденгенше, өмір бойы білімдену» принципінің айшықталар тұсы.

Бүгінгі таңда қоғам талабына сай қажеттіліктердің, атап айтқанда үздіксіз білім жүйесін дамыту қажеттілігінің туындауы, жүзеге асырылуы аталмыш бағдарламаның күтілімді сипатындағы кадрларды дайындауда қажетті шарттар деп білеміз. Осы орайда үздіксіз білім тұжырымдамасының жүзеге асырылуымен («Колледж - академия» жүйесіндегі үздіксіз кәсіптік білімнің сәйкесті мемлекеттік білім стандартында қамтылған) сабақтастық мәселесі айрықша көкейтестіленуде. Сабақтастықтың жекелеген қырлары болашақ педагог мамандардың даярлық сапасының қазіргі заманғы шарттарында колледждер мен академиялардағы даярлықтарындағы өзара байланыс сияқты мәселелерінен көрініс беруде. Сондықтан болашақ педагог мамандардың даярлыктарының мазмұн сабақтастықтары мен келешек маманның кәсіптік даярлық деңгейлерін анықтау бағыттарын қарастыру маңызды.

Колледждер мен педагогикалық жоғары оқу орындарының ортақ мақсатына қарамастан, олардың түлектерінің дайындық деңгейлерінде айырмашылықтар болады. Білім алушылар колледжде оқу барысында жекелеген пәндік курстарды оқыту әдістемесінің обьектісі, оқытудың мазмұны, әдістері, ұйымдастыру формалары мен құралдарының жалпы сипаттамаларын қамтыған білімдермен қаруланады. Осы іскерліктердің негізінде зерттеу жұмыстарына машықтанудың алғашқы қадамдары жасалады.

Оқытудың екінші сатысында (академия) негізгі бағыт теориялық сұрақтарды терең негіздеуге межеленеді. Білім алушылар мектеп оқушыларының жекелеген пәндерді оқытудың осы заманғы практикалық көкейтесті проблемаларымен, технологияларымен танысады. Болашақ педагогтың зерттеушілік әрекетіне ерекше назар аударылады. Пәндік ұғымдар жүйесі дәстүрлі және вариативті бағдарламаларда қарастырылады, бұл өз кезегінде пәндік білімдерін өзектілеуге мүмкіндік береді.

Болашақ педагог мамандардың кәсіптік даярлығы тек пәндік мазмұнмен ғана емес, сол мазмұнды оқыту әдістерімен де сипатталады. Білім алушылардың әдістемелік- пәндік даярлығы жалпы амал тәсілдеріне сүйенеді (анықтамалардың, алгоритмдердің және пайымдаулардың барабар аудармасы, қойылған нақты тапсырманың оқу-дамытушылық мүмкіндіктерін айқындау, оқытудың қайсібір кезеңінде оқушыларда туындайтын оқу-дамытушылық проблемаларды айқындау ). Білім алушылардың амалдық жалпы тәсілдерді игеруі олардың оқу әрекетіне ықпал жасайтын және пәндік мазмұнды игерудің жоғары деңгейін қамтамасыз ете отырып, ойлаудың тиімді түрін дамытатын оқу міндеттері жүйесі шарттарында өтеді.

Жекелеген пәндер бойынша оқыту әдістемесі курстарының оқытылуы болашақ педагогтардың игерген теориялық білімдерімен қатар төмендегідей іскерліктерді де қамтиды:

-  сәйкесті пәндік ғылыми мазмұнды қажетті сәтте өзектілей алу;

- білім алушыларда пәндік қайсібір негізгі ұғымдары жөнінде түсініктерінің қалыптасу деңгейлерін, оқулық мазмұнын ғылыми анықтамамен                           салыстыра отырып анықтай алу;

- берілген нақты тапсырманың мақсатын қоя білу;

- жаңа материалға егжей- тегжейлі түсінік құрастыра алу және т.б.   

Осылайша, әдістемелік курстарды колледжде оқыту білім алушыларда қажетті теориялық ақпараттарды таба алу іскерліктерінің қалыптасуымен, басқадай ғылым теорияларымен жүйелі жұмыс жасай алу қажеттіліктері мен дағдыларын тәрбиелеу және т.с.с. болса, ал академиядағы жұмыс негізінен болашақ педагогтардың мектепте жекелеген пәнді оқытуға іскерлік тұрғыдан келу сапаларының қалыптасуына жүргізіледі.

Егер де сабақтастықты бірінші және екінші сатылар жүгінетін бірыңғай ортақ тұғырнама қаруларымен мүмкін болатын процесс деп қарастырсақ, онда мұндай тұғырнама тек бірінші саты деңгейіндегі болашақ педагогтың оқытудағы пәндік- әрекеттік тәсілі бола алады. Себебі, оқытудың осы әдісі ғана білім алушыға қазіргі және болашақта мектептегі өз міндеттерін табысты орындау үшін кәсіби дамуына қажетті іс- әрекет түрлерін оқытушыны қайталай отырып «меңгеруіне» және «иеленуіне» мүмкіншілік береді. Әрине, мұндай кәсіби қызметті нәтижелі жүзеге  асыруға жеткілікті даярлыққа біл әрекеттерді толық меңгерген  маманның басшылығымен, ұғымдармен тікелей және толық ұйымдастырылған әрекеттер жолымен жетуге болады. Міне, осылайша қалыптасқан негіз әрі қарай, яғни екінші сатыда ғылыми салмағы жөнінен толықтырылып, тереңдетіле бастайды.

Сонымен, бірінші сатыдағы болашақ педагогтардың даярлығында негізінен оқытушының әрекеті маңыздылық танытса, екінші сатыда, керісінше оқытушы білім алушыға қалай әрекет етуі және неге бұлай екендігіне басымдылық беріледі, яғни мұнда оқытудың теориялық әдісі басым деуге болады. Демек, академияның үлесіне білім алушыны қажетті кеңестермен қамту және ең маңыздысы өзіндік зерттеулік қабілеттерін қалыптастыратын ғылым заңдылықтары мен теориясына тереңірек бойлауға мүмкіндік туғызатын уақытпен қамту тиеді.

       

                                               

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.        Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 ж.ж    арналған Мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2010 ж.

2.        Савельев А.Я. и др. Преемственность образовательных профессиональных программ. М., 2000 г.

3.        Двухступенчатая подготовка педагогических кадров в системе «Колледж- Университет: опыт, проблемы, перспективы»// Сборник материалов конференции., М., МГПУ., 2001г.