Байбатшаева Ж.А.

Интеллектуалды ұлт қалыптастыру ҒЗИ эксперті

Желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп жеткен Тәуелсіздік

 

Бұл мақалада егемендік алған сәтімізге дейінгі кезеңдердің ауыртпалығымен, азат мемлекет болып қалыптасқан сәттегі азаттығымды мәңгілік сақтап қалу үшін не қажет екендігі жайында сөз болады.

 

Түңлігіннен көктегі нұр сәулесі төгілген Тәуелсіз Қазақстан. Бұл бір мемлекеттің атауы ғана емес, бүтін бір ұлттың қасиетті тұмарына айналған қастерлі сөз. Олай деуімізге аңтаңдақ тарихтың, ақиқаты себепкер. Ата-баба арман еткен егемендікке қол жеткізу жолында талай бұрымды тұл болды, талай ер ат жалын құшты, елім деп еміренген асылдар темір торға тоғытылып, топшысынан кетті. Заман озды. Дүние өзгерді. Жау тоқтатқан Жәңгір, орда бұзған Жалаңтөс, оларға ерген қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, қарақалпақ, түрікмен батырлары жер көкірегі мен ел көкірегінен тиесілі орындарын иемденді. Алайда, өшпейтін, өзгермейтін нәрселер бар. Анау көбең жылқынық сауырындай жалтылдап жатқан көкмайсаның арасында бір кезде айлап-апталап бастарын ажалға тіккен ардақтардың жанына түскен жыртықтай, тәніне түскен тыртықтай боп атамзаманғы оқпана шұқырлар әлі жатыр. Жер-анаңның көкірегін ойып түскен сол тыртықтарды көріп ойсырамау, Ел-ананың ертеңі туралы ойланбау еш мүмкін емес. Қазір ХХІ – ғасыр. Жан шыдатпас, жаһандық майдан. Өйткені, бұл арада екі әскер, екі қолбасы емес, екі құбылыс ұстасты. Тәй-тәй басқан тәуелсіздікке жалғанды жалпағынан басып қалған көкжал басқыншылық тап берді. Сонда жаны Қарқараға келген азаттықты аман алып қалған отаншылдық болды.

Соның арқасында айбынды азат мемлекетке айналды. Егемендік қаз тұрып, жаңа белестерге қадам басып келеді. Ең бастысы – жаңарыстың шабандап, дағдарыстың табандап тұрып алғаны. Біз қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Дүрбелең кезеңде орнық-тылықтан ауытқымадық. Уақыт оздырмай, әлемдік қауымдастыққа мүше болдық. Жаңа тәртібімізге лайық жаңа жосығымызды қабылдадық. Кей ісімізге мимырттық кездескенмен, көп ісімізде ілгерілеу бар. Аяқ алысымызға алыс-жақын адамзаттың ықласы артып отыр. Түтіні түзу шыққан, Қазақстан қай мемлекеттік болмасын қызығушылығын арттырып отыр.

Ойлап қарасақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанды мекендейтін барлық халықтардың рухани, мәдени құндылықтарын сақтауға ерекше назар аударылды. Әр ұлт әлемдік өркениеттің қазынасына өз үлесін қосты. Өйткені ұлттың байлығын оның санымен өлшеуге болмайды. Қазақстан осы әлеуетті сақтауға және дамытуға ерекше көңіл бөледі. Қазақстан текполиэтникалық емес көп конфессиялы мемлекет. «Біздің елімізде 130 ұлттың, 46 конфессияның өкілдері тату тәтті өмір сүруде» [1], -деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз жолдауында ашып айтты. Демек, Республика халқының 60-тан астам пайызын құрайтын мұсылмандармен қатар провославия, протестант, буддизм, котеолик т.б. әлемдік діндердің өкілдері тұрады. Мемлекет басшысы атап айтқандай, көпконфессиялықтың өзі біздің қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға ықпал ететін негізгі фактор, өйткені барлық діндердің негізінде іс жүзіндегі бір ғана адамгершілік принципі жатыр. Ол: адамға деген сүйіспеншілік, адасқан жандарға кешіріммен қарап, дұрыс жол көрсету, пікір алуандылығын сабырлықпен қарау, басқаша айтқанда, жаратушының бар екендігіне сенетін халқымыздың бірдей дәрежеде төзімді, бейбітшілік сүйгіш және ізет ниетті. Тәуелсіздіктің 23-жылдығыда біздің қол жеткізген ең үлкен жетістігіміз осы.

Азат емес қоғамнан азат азамат шықпайды. Ал азат азамат қоғамының бостандануын, отанының тәуелсіздігін жақтайды. Қол жеткен азаттық пен тәуелсіздікті сыртқы әлімжеттікке, ішкі алауыздыққа қолжаулық қып жіберткізбейді. Егер табиғатта бар ұлттық, мемлекеттік, территориялық сипаттар мен шек-шекараны ескеріп, есепке алмаса, оны өз пайдасына жарата білмесе, нарықтың аты нарық болмас еді. Бірақ ол айырмашылықтарды бір жақты желеулеткен оқшаулануды емес, қайта оларды жан-жақты мұқият ескеретін ықпалдастықты жақтайды. Бәрінің де мүдделес жақтардың үдесінен шығардай тиімді болғанын көздейді. Демократия да табиғатта бар мүлде айырмашылығын жоққа шығарса, әділеттің емес, қиянаттың құралына айналар еді. Бірақ бар айырмашылық – ерекшеліктердің теке тірес жолымен емес, бірін-бірі құрметтеушілік, бір-біріне қиянат етпеушілік жолымен шешілуін көздейді. Ендеше, демократия мен нарықтан біздің жас тәуелсіздігімізге тиер зиян жоқ. Керісінші, ел экономикасының өркендеуіне тигізер пайдасы ұшан теңіз. Атап айтар болсақ, энергия қадағалау саласында 2015 жылдың 1 қаңтарынан біз қуаттың біртұтас нарқын қалыптастыруға көшіріледі. 2017 жылдан міндетті медициналық сақтандыру қорын құрылып, денсаулық сақтаудың біртұтас ұлттық жүйесі қалыптасады[2]. Егер біз отаншылдықты өз еліміздің тәуелсіздігі мен өз қоғамы-мыздың кемелдігіне қалтқысыз қызмет ету деп түсінсек, онда сол тәуелсіздікті қамтама-сыз еткен жаңарысты одан әрі тереңдете түсуге мүдделі болуға тиіспіз.

Жақын кеңістіктегі жағдайлардың шылауында кетпейік деп барынша заманалық құбылыстарды мұқият қадағалай отырып, санадан әлі кетіп болмаған иемденгіш өркениет экономикалық көрсеқызарлық пен саяси әлімжеттікті біржақты әспеттемей, өзгенің әлжуаздығы мен мұқтаждығын кіріптарлыққа айналдырмай, әуелі аймақтық, артынан әлемдік үстемдікке ұмтылатын отаршылдықты жағдайын туғызбай дербестігімізді сақтай білуіміз қажет. Өкінішке орай өзге мемлекеттердің көкейкескі армандары отаршылқы саясат негізінде қалыптасып отыр. Мұндай жат пиғылдық, келте есеп жеке халықтардың ғана емес, күллі адамзат пен планетаның болашағына түбегейлі қауіп төндіргендіктен де, қазіргі ахуал орнап отыр. Ендігі жерде халықтар мен мемлекеттер бір-біріне кіріптар-лықтан жан-жаққа бөлінетін одақтастық жолына түсіп емес, бір-бірінің тәуелсіздігін мойындап, мүдделерін қалтқысыз құрметтеп, бірдей тиімділік жолымен ықпалдасу арқылы ғана құтыла алады. Тек сонда ғана өздерін де, күллі өркениетті де аман сақтап қалады. Ал, біздерің егемендігімізді нығайту, тәуелсіздігімізді баянды ету – біздің халқымыз бен қоғамымыз алдындағы отаншылдық, қалған адамзат алдындағы адамгер-шілік парызымыз.

Ол парызды ойдағыдай атқарып шығудың оңай емес екені рас. Қазіргі күйзелістің тамыры терең, салдары салқар. Жер кең. Байлық мол. Қарамыз аз. Одан туатын қиындықтарды кешегі «орталықшыл экономизм» шешудің орнына, одан сайын шиеленістіріп жібергені мәлім. Өнеркәсібіміздің көбінесе сыртпен ұштасып, іштей тұтаспай жатуы да, бір пұшпағымыздың шығандап озып, екінші пұшпағымыздың қалып қоюы да, бар байлықтың бәрі бола тұра, ештеңеге қарқ бола алмай келгеніміз де тегіннен-тегін емес. Бас-басына би болғысы келетін саяси топтар, бас-басына бай болғысы келетін экономикалық күштер осы жағдайларды пайдалана отырып, онсыз да жолы жіңішке тәуелсіздіктің жолын одан сайын тарылтып бағуда. Жарлының асын жапа-тармағай бісміллә құртады дегендей, жан-жақтан сұғыну, жан-жаққа ала қашу да азаймай тұр. Кешегі салалық өзімшілдіктің орнын енді кәсіпорындық өзімшілдік басты. Оның үстіне ойда жоқта отан жайлы ұғымын қайта қарауға мәжбүр болып отырған миллиондаған жандардың өздері мен балаларының болашағына бола заңды алаңдаушылығын пайдаланып, бөліне-жарылушылықты, жер, тіл, лауазым дауын қопсытқысы келетіндер де баршылық. Қысқасы, шешетін мәселелер көп. Шешуге мүмкіндік тапшы. Ол мүмкіндікті қамтамасыз ету үшін де уақыт қажет. Бұл орнықтылықты талап етеді. Тәуелсіздікке жұлдызы қарсылар, ең алдымен, сол орнықтылықты шайқалтуға құштар. Сәл нәрседен ілік шығара қойғыш, дау туғыза қойғыш күштердің де көздейтіні сол. Жанжал шығарып, жауапкершілігін жас тәуелсіздікке арта салу – тоталитаристік кекшілдіктің кәнігі тәсілі. Ондайдың шылауында кетіп, саяси әулекілік пен әлеуметтік шыдамсыздыққа жол беріп алған аймақтардың күндерінің қандай болып жатқанын көріп отырмыз. Ендеше, дәл бүгінгі таңда бізге керек отаншылдық пен елжандылықтың ең басты сипаттары: саяси қоқан-лоқының қай түріне де төтеп бере алатын ұстамдылық, өз қамын өзі жеп, өз құлқын өзі түзей алатын салихалылық, өзгелер мүддесіне түсіне қарайтын, қолынан келсе қолғабыс жасап, қолынан келмесе, біреудің басындағы жайсыздықты ушықтырмайтын ізгіліктілік, ертең өзі қиянат көрмеу үшін бүгін өзгеге қиянат жасамау керектігін ұмытпайтын көшелі көрегендік болса лазым. Ал азаматтық жігер, әлеуметтік белсенділік, ұлттық намысқа келсек, оны, ең алдымен, өз бойымыздағы кетік-кемтікті түзетуге жұмсаған жөн. Қауырт келген өзгерістер бұл жағынан оязымыз мол екенін бұрынғыдан да айқындай түсті. Ата-бабадан қалған кең байтақ даланың асты мен үстіндегі бар байлықтың бәрін өндіріп, өңдеп, ұқсатуға жетілмей тұрып, экономикалық тәуелсіздіктің іргесі өз-өзінен орныға салмайды. Өзгеріп жатқан дүниенің қай құбылысын да сырттай қызықтамай, бел шешіп араласып, белсене ықпал ете алмай тұрып, тереземіздің теңеліп кете қоюы да қиын. Ұлан-байтақ өлкеміздің қай пұшпағын да өз үйіміздей көріп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, бір атаның баласындай бірге көгертіп, бірге құлпыртуға білек сыбанып бірге кіріспеген жерде, бірлік-береке жайындағы әңгіменің де тұзы жеңілдей бермекші. Етек-жеңі Европа мен Азияны бірдей қамтып жатқан ен байтақ Отанымызды жаңаша қорғап үйренбей тұрып, заманамен қатар адымдап, қатар дамуымыз да күмәнды. Демократия оңай бақ табу, нарық оңай мал табу деп ұғатындардың мықтап қателесетінін уақыт өзі көрсетіп беріп отыр. Біз бұған дейін бір-бірімізбен жарысып келсек, енді күллі адамзатпен жарысқа түсуге тура келеді. Намыс қуған дұрыс. Мансап, бақ, дәулет іздеген де теріс емес шығар. Бірақ, ол жолда ұпайымыз түгел болуы үшін өзімізді өзіміз қамшылай, өзімізді өзіміз шыңдай білуіміз керек. Сары уайым сапыратын уақыт кетті. Сарқылмас сабыр, ұтымды әрекет, тыңғылықты ыждаһатты күйттейтін уақыт жетті. Өйткені, әркім өз талайын өзінен көретін тәуекел мен жауапкершілік кезеңі келді. Әйтпесе, есесі кетеді. Опық жейді. Мұндай әңгімеден ешкім апшымауға тиіс. Өйткені, қандай халық, қандай қауым болмасын, өзінің тарихи дамуын өзінің тарихи отанында толығымен қамтамасыз ете алған жағдайда ғана, ішкі күштермен жарастықты ынтымақтаса, сыртқы күштермен тиімді ықпалдаса алмақшы.

Біз таңғажайып қиял дүниесінде емес, кедір-бұдыр шындық дүниесінде өмір сүріп отырғанымызды бір сәт те ұмытпағанымыз жөн. Ешкімнің қызылына қызықпайтынымыз белгілі. Бірақ, ештеңеден де қапы соғып қалмауымыз керек. Орнықсыз заманда озбырлық -қа құрбан болып аярлықтан алданып қалмауымыз үшін тыңғылықты білік те, тегеурінді білек те, тәуекелшіл жүрек те керек... Тек сонда ғана азаматтықтың ақ жолында мерт болған арғы-бергі ата-бабаның лайықты ұрпағы, олар қорғаған атамекеннің бүгінгі қожасы, әрі панасы, жасарып-жаңғырып жатқан адамзат қауымдастығының терезесі тең мүшесі бола аламыз. Желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп, сонау қадым ғасырлар түкпірінен бүгінгі тәуелсіздік пен егемендікке жол салып берген қаһарман бабаларымыз-дың шәйіт қаны тамған шайқас орнында бас қосып, ерліктеріне тағзым етіп, нар тәуекелдері мен береке-бірліктерінен тағылым ала отырып, байласар пәтуамыз бен берер сертіміз осы болса керек деп білеміз.

Бұл жолда өзінің салихалы саясаты мен әлемдік аренада Қазақстан деген алып мемлекеттің дамып келе жатқанын алыс пен жақынға анық көрсете біліп жүрген ел басымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол – бiрлiк. Елiңдi, жерiңдi қорғау үшiн бiрлiк қаншалықты қажет болса, Тәуелсiздiк жемiстерiн, бүгiнгi қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшiн де ол сондай қажет», - деп Тәуелсіз еліміз үшін ең алдымен қажеті еліміздің бірлігі мен арман тілектің ортақ мүддеде тоғысары екендігін дәйектеп өтті.

Тәуелсіздіктің азат ақ таңының мәңгілік шуағын төгіп тұруы үшін, бұғанасы толық бекімеген жас мемлекетіміз үшін экономикалық ахуал тұрақтылығы ауадай қажет. Елбасы осы жағдайға назар сала отырып, геосаяси жағдайды дөп басып бағалады, мемлекеттің жақын болашақтағы даму бағытын айқындады және ел басшылығының Қазақстанның тағдыры үшін саяси жауапкершілікті өзіне алуға әзір екендігін растады. Әлемдік экономикалық дағдарыс, ұлы державалардың санкциялық «соғысының» салдары, энергия тасымалдағыштарға бағаның болжанып отырған құлдырауы, біздің кейбір көршілеріміз бен әріптестеріміздегі тұрақсыздық еліміздегі жағдайға теріс әсер тигізіп отыр. Осының алдын алу үшін, биыл үстіміздегі айдың 11-қарашасынды «Нұрлы жол – болашақ бастауы» [3] атты елбасымыз Н.Назарбаев өз жолдауын халыққа жолдады. Іргемізге келіп тұрған Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жолданған жолдаудың тағлымы мол, артқан салмағы ауыр. Ішкі экономиканы логикалық саясат тұрғысынан жүйелеуге арналған жолдауда ішкі экономиканы қалыпқа келтіріп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, жас отбасыларды қол жетімді баспана мен қамтамассыз ету, апат жағдайында тұрған мектеп пен бала-бақшаларды қайта қалпына келтіру, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында мемлекеттен қаржы бөлінбек. Бұл қаржы 2015, 2016, 2017 жылдар аралығында толықтай игерілмек. Аталмыш бастаманың барлығы егемен еліміздің ертеңінің жарқын болуы үшін жасалып жатқан бастамалар екендігіне шүбәміз жоқ.

Осыдан бес ғасыр бұрын сайын дала төсінде іргесі қаланып, «қазақ» деген мемлекет құрған Әз Жәнібек пен Керей хандардың ұлы армандары ақиқатқа айналып, еңсесі биік, тәуелсіз ел атандық. Өткеніне қайыр, бүгініне шүкірлік ете келерінен ізгілік күтер ұлытымыздың азаттығы мәңгілік болғай.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1                   Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар

2                   Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің бесінші шақырылымының төртінші сессиясы 2014 жылғы 02 қыркүйек

3                   Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 11 қараша.