Оқушылардың тілдік функционалдық сауаттылығын дамытудың бағыттары

 

C:\Users\User\Desktop\ГЖС\Докум\MAR_9649_pp (2).JPG                             Жусупова Галия Сапарбекқызы

                                            «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»

                                              АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша

                                         педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру

                                         институтының аға оқытушысы

 

         Білім беру қоғамның экономикалық, әлеуметтік және рухани өрлеу факторы ретінде мемлекеттің тұрақты дамуына себепші болады. Өмір сапасына жаңа қатынастың дамуын болжайтын ауқымды сауаттылық түсінігі білім берудің осындай міндетін ақиқатқа айналдыру шарттарының бірі болып табылады.

         Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдарлары ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалған. Оның басты мақсаттары – жалпы білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының зияткер, дені сау және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгермелі әлемде оның табыстылығын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық әл-ауқаты үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту болып табылады.

         Осы ұстанымдарды жүзеге асыру барысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында біліктілікті арттыру курстарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру міндетті дәріске айналған.

C:\Users\User\Desktop\02.09-13.09 каз тили\Курс фото\100_PANA\P1000550.JPGМектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарында мектеп оқушыларының сауаттылығын дамыту тетіктері бөлімінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту қазіргі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын  жаңару шеңберінде білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалады.

Функционалды сауаттылық – сыртқы ортамен қарым қатынасқа түсу, бейімделу және жылдам қалыптасу қабілеті екендігі белгілі. Адамның жалпы оқу, түсіну, қарапайым қысқа мәтін құрастыру сияқты сауаттылығынан функционалды сауаттылықтың айырмашылығы келесіде: білім деңгейі, іскерлігі мен біліктілігі, нақты мәдени ортада және әлеуметтік қарым- қатынас жүйесінде тұлғаның өмірлік әрекетін жүзеге асыру қажеттіліктерін, қалыпты жағдайда қалыптастыруын қамтамасыз ету.

Бұл ретте функционалдық сауаттылықты дамыту нәтижесі білім алушылардың  білімдерін практикалық жағдайларда тиімді және әлеуметтік бейімделу процесінде сәтті пайдалануға мүмкіндік беретін негізгі құзыреттіліктер жүйесін меңгеруі болып табылады. Негізгі құзыреттілік – бұл мемлекеттің орта мектепті бітіруші тұлғаның сапасына МЖБС-да және оқу бағдарламаларында көрсетілген білім беру нәтижелері түрінде қойылатын талаптары.

Орта мектепті бітірушінің мынадай негізгі құзыреттіліктері белгіленген: басқарушылық, ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік, тұлғалық, азаматтық, технологиялық.Осы негізгі құзыреттіліктен басқа жекелеген пәндік салалар шеңберінде пәндік құзыреттілік: оқу пәні шеңберінде меңгерілген ерекше білім, іскерлік, дағды ерекшеленеді.

Негізгі және пәндік құзыреттіліктің білім берудің нәтижесі ретінде нақты, өлшемді, шынайы және уақыты анықталған болуы қажет.

         Білім беру жүйесіндегі педагогикалық үдерістің тиімділігі мұғалімнің теориялық және практикалық әзірлігімен, жеке бастың адамгершілік қасиеттерімен, әлеуметтік белсенділігімен анықталғандықтан оқытушылардың кәсіби даярлығын үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Оқушылардың жоғары деңгейдегі дайындығын қамтамасыз ету үшін мұғалім мен оқушы арасындағы әріптестік қарым-қатынасты құра білуге, оқушылардың практикалық және эксперименттік жұмыстарында өз бетімен білімі мен біліктілігін шыңдап, алған теориялық білімін іс жүзінде қолдану дағдыларын қалыптастыруға зор мән берілуде. Функционалдық сауаттылық оқушылардың мектеп қабырғасында алған білім деңгейі және оқушының өмірдегі әр түрлі жағдайларда алған білімдерін қолдана білу қабілеті немесе жеке тұлғаны әлеуметтендіру. Білім берудің маңызды міндеттері мен қызметі оқушыларды әлеуметтік бейімдеу болып табылады. Мектептің міндеті – әлеуметтенуге қалыпты жағдай жасау. Әлеуметтендірудің алғашқы шарты болып сауаттылық алынған. Оқушылардың функционалдық сауатын анықтаудың міндеті:

-         субъект ретінде кездесетін функционалдық мәселелерді шешуге қабілеті;

-         оқыту, қарым-қатынас жасау, әлеуметтік әрекет және мамандық таңдауына көмектесу.

Бұл жұмысты келесі кезеңдер арқылы ұйымдастыруға болады:

-         бағдарламаның бөлімдері бойынша білім маршруттарын құру;

-         әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу;

-         диагностикалық инструментарийлерді айқындау;

-         нәтижені жинақтау.

Мысалы, грамматикалық категорияларды түсіну ережелерді жаттау мен оларды қолдануға жаттығу арқылы емес, білім алушының белсенді когнитивті әрекеті үдерісінде жүзеге асады. Білім алушының когнитивтік білімін қалыптастырып, оны ұштай түсу үшін оқытушы грамматикалық жақтарын оқытудың эксплицитті және имплицитті әдістерін терең меңгеру қажет. Имплицитті тәсіл ретінде адамның тілдік жүйе мен тілдік норманы саналы түрде үйренбей – ақ сөйлеу әрекетін меңгеруі түсініледі. Ал эксплицитті тәсіл грамматикалық дағдыларды дескриптивті және прескриптивті ережелер негізінде қалыптастыруды көздейді.

Оқыту үдерісінде қосымша зерттеуді талап ететін бірқатар мәселелерді айта кетуіміз қажет. Олардың бірі – топтастырыңыз, мағынасын анықтаңыз, жіктеңіз, сұлба жасаңыз және т.б. тәрізді тапсырмалар орындатудағы қиындықтарға қатысты. Мұндай қиындықтарға білім алушылардың сәйкестендіру (идентификация), салаластыру, жіктеу, дедукция, индукция, жүйелеу, деталдау сияқты когнитивтік стратегияларды жетік меңгермендігі себеп болады. Білім алушылардың көбінде мұндай стратегиялар стихиялық түрде қалыптасып, тілдік материалды толық жүйелі түрде талдай алмайды. Ал грамматикалық бірліктерді сипаттаудағы функционалды – парадигматикалық тәсіл қандай да бір грамматикалық құбылыстың біржақты түсіндірілмей, грамматикалық бірліктердің коммуникативтік мәнмәтіндердегі әрүрлі қызметтері мен жұмсалымдық әлеуетін түсіндіруге мүмкіндік береді.

Демек, қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында коммуникативтік құзыреттілікті басымдыққа алу қежеттілігі туады. Коммуникативтік құзыреттілік лингвистикалық сөйлеу, әлеуметтік, дискурсивтік, стратегиялық және әлеуметтік-мәдени құзыреттілік сияқты компоненттерден тұрады.

Оқу үдерісінде осы құзыреттілікті жүзеге асыру барысында  оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарары сөзсіз.

Осы жүйенің жақсы тұстарын атап өтуге болады: біріншіден, бұл тыңдалым, лексика-грамматикалық дұрыстығы, оқылым, жазылым және айтылым сияқты сөйлеу іс-әрекетінің түрлеріндегі маңызды орын алатын коммуникативтік құзыреттілігі тексеріледі. Екіншіден, жүйелердің құрылымдық және мазмұндық болмысы айқын  традициялықпен өсіп отырады. Оқу бағдарламасында  осы бағыт ұсталынып отырғандықтан, мұндай тәжірибелердің маңыздылығын ескеру қажет.

Сөйлесім әрекетінің түрлері: тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім боса, Қазтест жүйесінің ерекшеліктері:

Бірінші блок- тыңдалым. Оқылған мәтінді түсіну деңгейі төрт деңгей бойынша бағаланады:
-  фрагментаралық түсіну;
-  жалпы түсіну;
-  толық түсіну;
-  терең, сыни түсіну.

Екінші блок - лексика-грамматикалық. Тілді түсіну, түсініп айту, қарым-қатынаста қолдана алу, жазуда  пайдалана алу, лексика-грамматикалық материалды меңгеру деңгейі функционалдық және коммуникативтік тұрғыда бағаланады.

Үшінші блок - оқылым. Оқылым бойынша біліктілік деңгейін анықтау және бағалау мынадай төрт нысандар бойынша тапсырманы орындау нәтижесімен айқындалады:
- танысып оқу;
- зерттеу элементтерімен оқу;
- жүгіртіп оқу;
- зерттеп оқу.     

Төртінші блок- жазылым. Жазба жұмыстары мынадай көрсеткіштер бойынша бағаланады және тексеріледі:
- жазба жұмыстарының грамматикалық сауаттылығы;
- жазба жұмысының мазмұны;
- жазба жұмысындағы тілдік құралдарды пайдалану сапасы;
- жазбаша тапсырманы орындау кезінде өз бетінше тілді қолдана алу дәрежесі.

Бүгінгі күні жалпы білім беретін мектеп жағдайында тілдік және әлеуметтік-тұрмыстық сауаттылықты қалыптастыру құралдары жеткілікті.

Осыған сүйене отырып, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру практикасы үшін мынадай  жолдарды ұсынуға болады:

-  дидактикалық қамтамасыз етуді жаңарту, яғни дайын тапсырмаларды таңдау немесе оқушылардың белгілі пәндік білімін тексеріп қана қоймайтын, сонымен қатар оқушылардың белгілі пәндік емес жағдайды зерттеуге және одан шығу жолдарын көрсететін жаңа мәтіндер мен тапсырмаларды құрастыру;

-  оқушылардың сабақтағы қызметін ұйымдастыру формасын өзгерту, яғни  іздестіру-зерттеу, практикалық-бағытталған қызметтерді тек сабақтарда ғана емес, сонымен қатар сабақтан тыс қызметте пайдалану;

-  оқушылардың құзыретті-бағытталған сипатқа ие жоба қызметін кеңінен қолдану; жобамен жұмыс оқушылардың ғылыми әдістермен зерттелетін және шешілетін проблемаларды тартып алу қабілеттерін дамытуды, жеке шешімдерін қабылдауды болжайды.

Осыған орай, жоғарыда көрсетілгендерге негіздей отырып, мынадай тұжырым жасауға болады: бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың функционалды сауаттылығын қалыптастыруға жеткілікті дәрежеде жағдай жасалған, ал қазақ тілі және қазақ әдебиеті сабағында тілдік және әлеуметтік-тұрмыстық сауаттылықты дамыту мүмкіндігін қолдана білу мүмкіндіктерін жүзеге асыру қажет. 

 

РЕЗЮМЕ

         В статье рассматриваются вопросы использования теоретических инноваций функционально-коммуникативной компетентности в процессе обучения казахского языка и литературы.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық ісқимыл жоспары//Қазақстан Респуюликасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы №832 қаулысы.

2.     Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, 2012 жыл.