Филологические науки /     Теоретические и методологические проблемы  исследования языка.

 

А.С. Адилова, филология ғылымдарының докторы,

Д. Мейрамқызы, студент

Академик Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Қазақ және қырғыз тілдеріндегі мәндес және қарсы мәндес тұрақты тіркестер

 

Тұрақты тіркестер – сөздердің орны әбден қалыптасқан және құрамындағы сөздерден мүлдем басқа  мағына беретін тіркес. Олар тұрақтылығымен, даяр қалпында жұмсалу қалпымен және мағына тұтастығымен, бейнелілігімен ерекшеленіп тұрады. Неше сөзден құралса да, тұрақты тіркес тек бір ғана ұғымды білдіріп, сөйлемде бір мүшенің қызметін атқарады. Фразеологизмдердің эмоционалды бояуы қою, экспрессивтілігі күшті болады.

Қазақ тіл білімінде тұрақты тіркестерді топтастыруда екі пікірге сүйенеді: бірі - І. Кеңесбаевтың топтастыруы, екіншісі - В.В. Виноградов пен Н.М. Шанскийдің үлгісі бойынша жасалған топтастыру [1;190]. Түркологиядағы алғашқы фразеологиялық сөздіктің авторы І. Кеңесбаев тұрақты тіркестерді екі топқа (идиома, фраза) бөлсе, орыс ғалымдары  В.В. Виноградов пен Н.М. Шанский олардың төрт түрін (фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық тіркес, фразеологиялық бірлік, фразеологиялық сөйлемше), өзіндік ерекшеліктерін атап көрсетеді.

      Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің шығу тегі, пайда болу негізі әр түрлі. Соның бірі - адамға, адам бойындағы түрлі ерекшеліктер мен қасиеттерге қатысты туған тұрақты тіркестер. Осыған орай адамға қатысты айтылатын тұрақты тіркестерді былай топтауға болады:

1. Адамның кескін-келбетіне, түр-тұлғасына қатысты тұрақты сөз тіркестері: жаз дидарлы, дембел денелі, екі иығына екі кісі мінгендей, бидай өңді, бәйшешек бетті, бас терісі келіспеген т.б.

2. Адамның мінез-құлқына байланысты тұрақты сөз тіркестері: жүрегінің түгі бар, қыз мінезді, аузының ебі бар,  арамдығына найза бойламайды, қолы ашық, тойған қозыдай, күбідей ісінді т.б.

3. Адамның көңіл-күйіне, эмоциясына байланысты туған тұрақты сөз тіркестері: иманы қашты, көзі шарасынан шықты, көзі алақандай болды, жерден жеті қоян тапқандай болды, құмартқанынан аузының суы құрыды т.б.

4. Адам бойындағы белгілі бір қасиетіне, өнеріне қатысты тұрақты сөз тіркестері: жеті жұртқа әйгілі, ағаштан түйін түйген, асылдың сынығы, шұғаның қиығы, ат құлағында ойнайды, аузы дуалы, бармағынан бал (өнер) тамған, т.б.

5. Адамның жас-шамасына байланысты туған тұрақты сөз тіркестері: аузынан ана сүті кетпеген, бесіктен белі шықпаған, жер ортасынан асқан адам, жер ортасына келген адам, бурыл тартты т.б.

           Адам, оның пайда болуы, өмірде алатын орны, тіршілігінің мәні мен мақсаты, танымы тілді жанды құбылыс деп танитын лингвистикамен байланыссыз болуы мүмкін емес. Адам әлеуметтік процесте, яғни басқа адамдармен қарым қатынаста, өзара іс-әрекет барысында жеке тұлға болып қалыптасады. Адамның дамуы күрделі процесс, оған табиғи және әлеуметтік орта ықпал жасайды [2;37]. Осындағы әлеуметтік орта - жеке тұлғаның дамуына ықпал жасайтын әлеуметтік қатынас, адамдар, олардың іс-әрекеттері. Ал адамдар арасындағы қатынастың тіл арқылы жүзеге асатыны белгілі, яғни адам өзін қоршаған ортаны таным үдерісі арқылы қабылдап, оны сыртқа тіл арқылы шығарады. Дыбыстық тіл адамның іс-әрекеті ретінде өзінің құрылымы, сыртқы тұлғасы арқылы ғана  қарастырылмайды, ол адамның көңіл-күйімен, мінез-құлқымен, бітім-болмысымен қатар жүріп отырады. Сондықтан да тіліміздегі адамға қатысты қолданылатын тұрақты  сөз тіркестерінің табиғаты күрделі, жасалу жолы әр алуан.

         Тілдік қарым-қатынас жеке адамдармен қоса басқа ұлттар арасында да орнайды. Ұлттар арасындағы әлеуметтік, мәдени, әдеби байланыстар өзара сөз алмасуды, тығыз қарым-қатынасты қажет етеді. Тіліміздегі  айрықша сөз тізбегі болып саналатын тұрақты сөз тіркестерінің табиғатын,   жасалу, жұмсалу ерекшелігі мен лингвистикада алатын орнын анықтауда оларды басқа тілдегі осындай бірліктермен салыстыра отырып қараудың маңызы зор. Осы мақсатта түркі тілдерінің ішінде дыбысталуы мен жазылуы қазақ тіліне жақын қырғыз тіліндегі фразеологизмдердің адам, оның мінезі, бітім-болмысы мен ішкі жай-күйін көрсететін түрлерінің мағынасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар, жасалу заңдылықтарындағы ерекшеліктерді қарастыру біраз мәліметтер берері сөзсіз.

        Фразеологизмдер лексика-грамматикалық  және семантикалық жағынан өзгермейтін тұрақты тіркестер қатарына жатады. Тілде қалыптасқан бір ұғымды ұқсас, мағыналас сөз тіркестерімен жеткізуге болады. Оларды тілімізде мағыналас фразеологизмдер және фразеологиялық варианттар деп атайды. Г. Смағұлова бұл жайында  «тілдегі фразеологизмдердің өзгермелі табиғатының бір көрінісі - оның варианттылығы»,- дейді [3;3].  Фразеологиялық вариант  мағына тұтастығын сақтаған фразеологизмдердің лексика-грамматикалық түрлері болып табылады.

Қазақ тіліндегі фразеологиялық варианттар: Азуы алты қарыс ˗ аузы кере қарыс (қаһарлы); беті күйді ˗ бетінен оты шықты (ұялды); жылы қабақ көрсетті ˗ жылы шырай білдірді (жадырады, күлді); айдай таза, күндей нұрлы ˗ айдай аузы, күндей көзі бар (өте сұлу, әдемі); ебедейсіз адам ˗ рабайсыз адам (ебі жоқ, қолынан іс келмеу) т.б [ 4].

Қырғыз тіліндегі фразеологиялық варианттар: Кабагы ачык ˗ кабагы жарык (жайдары, көңілді);  жүрөгү ак ˗ жүрөгү таза (арам ойы жоқ, пейілі ақ);  бит сыгарга алы жок ˗ бит сыгарга кару жок (әлжуаз); ак таңдай ˗ жез таңдай (ақын, жыршы); акылга тунук ˗ акылга дыйкан (ақылға бай, өте акылды); бети жок ˗ бети кара (ұятсыз, арсыз) т.б [5].

       Фразеологиялық варианттарға ұқсас мағыналас фразеологизмдер деп аталатын тіл бірліктері де бар. Екеуі ұқсас болғанымен,  бір-бірінен жасалу ерекшелігінен ажыратуымызға болады. Фразеологиялық варианттар компоненттері өзара мағыналас, мәндес сөздермен ауысып жасалса,  мағыналас фразеологизмдер жасайтын компоненттер келесі синоним болатын тұрақты тіркестің құрамында қайталанбайды, яғни фразеологиялық синонимдер қатарын құрайды

Фразеологиялық синонимдер  (қазақ тілінде): Терісі тарамысына ілінген ˗ құлағынан тартып тұрғызғандай ˗ ине шаншар еті жоқ ˗ ˗ жағына пышақ жанғандай (арық, жүдеу адам); арыстан жүректі ˗ балуан білек ˗ жүрегінің түгі бар ˗ жүрек жұтқан ˗ қайраты қара тастай ˗ атан жілік, арқар мүйіз ( қуатты, күшті) т.б [4].

Фразеологиялық синонимдер (қырғыз тілінде): Узун кулак ˗чаар баш ˗ көп чоку ˗ көзү жетик ˗ карт бөрү ˗ тиш каккан ( көпті көрген ); котур ташы койнунда ˗ дини кара ˗ арам ойлуу ˗ баш териси бузук ˗ ичи ала ˗ кара жүрөк ( жаман ойлы, ниеті қара); каарын төгүү ˗ көзүнөн заар чачуу ˗ күйбөгөн жерин күн кылуу ˗ кыжыры кайноо˗ түгү сыртына айлануу (ашулану, ызасы келу) [5].

Тұрақты тіркестердің лексикалық бірліктер сияқты мағынасы жағынан бір-біріне қарама-қарсы қатынаста жұмсалатын, фразеологиялық антонимдер деп аталатын түрлері де болады. Фразеологиялық антонимдер құрылымы жағынан екі түрлі сипатта болады:

1. Фразеологиялық антоним болатын тұрақты тіркестер құрамы жағынан өзгеше болмайды, тек бір компоненті арқылы ғана ерекшеленеді. Мысалы: қайраты тасыды  (бойына күш бітті, күш-қуаты тасыды) ˗ қайраты қайтты (күші кеміді, әлсіреді); көңілі керең (сезімсіз) ˗ көңілі тірі (сезімтал); иі жұмсақ (мінезі жұмсақ) ˗ иі қатты (тоң мінез) т.б. (қазақ тілінде) [4].

Жүзі ак (адамгершілігі мол, ибалы) ˗ жүзі кара (ұятсыз, адамгершілігі жоқ); колу тар (сараң) ˗ колу ачык (жомарт); көңүлү сынуу (қапалану) ˗ көңүлү көтөрүлуу (қуану); оозу бош (сыр сақтай алмау ) ˗ оозунан жел чыкпоо (сыр сақтай билу) т.б. (қырғыз тілінде)  [5].          

 2. Құрамы да, құрылымы да бір-бірінен өзгеше тұрақты тіркестерден болған фразеологиялық антонимдер: жүрек жұтқан ( батыл) ˗ қоян жүрек (қорқақ); етек-жеңі кең (жомарт) ˗ жұмыртқадан жүн қырыққан (сараң); тауы шағылды (жасыды) ˗ жігері тасыды (қайраттанды) т.б. (қазақ тілінде) [4].

   Ичинде кири жок (пейілі ақ) ˗ ниети бузук ( қара ниетті); бир бороондук алы жок (әлжуаз) ˗ күшү тасыган (күшті); битин сыгып, канын жалаган (өте сараң) ˗ май казан ( жомарт, кеңпейіл ) т.б. (қырғыз тілінде) [5].

Екі тілдегі фразеологизмдердің жасалу ерекшеліктері мен құрылымының ұқсас, тіпті бір-біріне жақын болуы заңды құбылыс, себебі түркі тілдерінің ішінде тілімізге жақыны осы - қырғыз тілі. Қазақ, қырғыз тілдерінің туыстығы олардың лексикалық құрамынан, фонетикалық (дыбыстық) жүйесінен, грамматикалық құрылысынан байқалады. Соның бір дәлелі - жоғарыда қарастырып өткен екі тілде де кездесетін адам,  адам мәселесіне қатысты  тұрақты тіркестердің жасалуындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар. Мұндай тұрақты тіркестер ауызекі сөйлеу тілінде, функционалдық стильдердің шығармашылық түрлерінде (көркем мәтіндерде, медиадискурста) эмоционалдық жай-күйді беру, кейіпкерді сипаттау, мәтін модальділігін қалыптастыру, таңбалық, мәтінтүзімдік сияқты түрлі қызмет атқарып, қаламгердің тіл шеберлігін көрсетеді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.   Қалиев Ғ. Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.- Алматы: Сөздік-Словарь, 2006.- 264 б.

2.   Сарбасова Қ.А. Шаушекова Б.Қ. Педагогика негіздері. - Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2004. - 119 б.

3.   Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. - Алматы: Санат, 1996. - 128 б.

4.   Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. - Алматы: Арыс, 2007. - 800 б.

5.   Османова Ж., Конкобаев К., Жапаров Ш. Қыргыз тілінің фразеологиялық сөздігі. - Бішкек: КТМУ, 2001. - 519 б.