Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы
(фил.ғыл.канд., доцент)
Батаева Аяжан Махметқызы
Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қазақстан
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ ЛИРИКАСЫ
ТІЛІНІҢ ҚӨРКЕМДІГІ
Мақалада қазақ поэзиясының көрнекті
өкілі, халқымыздың дарынды ақыны – Қасым
Аманжолов лирикасы тілінің кейбір көркемдік ерекшеліктері жайлы
сөз етілген. Қасым поэзиясында қолданылған сөз
қолданыстардың мәтін ішіндегі қызметі, берілу жолдары
қарастырылған.
Қазақ өлең өлкесінде
өзіндік мәнерімен, сөз- образдар жасаудағы
сонылығымен, шынайылығымен, ұтқырлығымен,
байқағыштығымен өткір де кесек сөйлейтін,
сөз құдіреті арқылы өлеңнен өрнек
салған, жаңа, соны қолданыстар қолданып,
образдылықты кеңінен аша түскен, айтар ойын дәлдікке,
ықшамдылыққа, құрған: «Мен дауылдың
ұлымын, Тұра алмайтын дауылсыз» - деп жырлаған Қасым
еді. Қасым Аманжолов лирикасы өзінің сыршылдығымен,
әуезділігімен, көркемдік қуаттылығымен, сөз
ойнатудағы шеберлілігімен айрықша көзге түседі.
Ақынды елге танытқан оның лирикалары болатын.
Ей,
тәкаппар дүние,
Маған да
бір қарашы!
Танисың
ба сен мені,
Мен –
қазақтың баласы!
Тәкаппар
ұлы дүние,
Қазақ
деген – мен деймін.
Мылтығыңды
ұсынба,
Қолыңды ұсын, кел
деймін!
Бұл өлеңнен ақынның
азаматтық тұлғасын, адами қуанышы мен
қайғысын, сырлы сезімі мен құпия сырын, былайша
айтқанда, Қасымның адамдық бітімі мен
ақындық болмысын бар қырынан танимыз. Әсіресе,
ақынның өлеңге өзгеше құрметпен
қарауы - оның ұлы мақсатын айқын танытады.
Өкінбен мен де бір күн
өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай
келемін деп,
Күніне жүз ойланып, мың
толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін
өлеңім деп, – жырлайды ақын.
«Өзім туралы» өлеңі адамның
рухани жан дүниесін терең ашады. Ол - жеке тағдыр
мәселесін көркем жинақтау, өз деңгейіне
көтерген философиялық лирика. Мұнда бәрі бар -
өршілдік, тағдырдан тарыққандық,
өлеңнің өлместігіне сенген сенім, өмірдің
күнгейі мен көлеңкесін таразылаған шындық. Олар
ақынның дүние, тіршілік туралы таным-толғанысын айқындай
түседі. «Поэтикалық өрнек сөзден өріледі» - [1,
205] деп ғалым Р.Ғ.Сыздықова айтқандай поэзия – образды
сөйлем, көркем де айшықты тіл. Сондықтан кез-келген
қаламгердің өрнекті сөз оралымдарының
құпиясын зерттеген сайын ашыла түседі. Қасым Аманжолов
лирикасы тілінің көркемдігіне тоқтала отырып, ақын
қолданған сөзқолданыстардың қолданылу
мүмкіншілігі айқын көрінеді. Ақын тілінің
табиғатын ашатын, суреткерлік шеберлілігін танытатын – оның тілінде
қолданылған көріктеу тәсілдері. Қасым өлеңдерінде бұрын тілімізде кездеспейтін
метафоралардың қолданысынан образ ашуда ерекше
сөзқолданыстарын қолданғанын байқаймыз. Ғалым З. Қабдоловтың
пікірінше: «Метафора (ауыстыру) дегеніміз – сөз мәнін
өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты
немесе құбылысты айқындай, ажарландыра түсу үшін
оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не
құбылысқа балау, сөйтіп суреттеліп отырған
заттың не құбылыстың мағынасын үстеу,
мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту» [2, 100] Мысалы:
Жырымды
да жасымды,
Бір
сығып мен тастадым.
Жайнап
қайта ашылды
Ойым
менің аспаным.
«Ойым
менің аспаным» метафорасын ұтымды қолданып,
образдылығымен айқын көрінеді. Қасым Аманжолов
тіліндегі сөз – символдар мәніне назар аударатын болсақ,
символ сөздердің өлең мәтінінде айрықша
кездесетін сөздер екенін көреміз. Солардың бірі,
ақынның өз мінезіне сай табиғаттан таңдап
алған құбылысы, үздіксіз қолданыстағы
сөзі – «дауыл» сөз-символы. Қасым – өзі
айтқандай, «Дауыл мен оттан жаралған» ақын еді.
Қасымның қай өлеңін алып, қарасақ
та «дауыл», «найзағайлы
қара бұлт», «от-жалын» ұғымдарын кең түрде
қолданады. Төмендегі өлең жолдарынан айқын
көрінеді:
Ышқына соққан
дауылға
Құмартушы
ем жасымда.
Нөсерлеп
құйған жауында
Қызығушы
ем жасынға.
Сөзді
қиыстырып, тиісті жерінде ұтымды қолданып қана
қоймай, ойдың түсініктілігін, айқындылығын,
дәлдігін беру үшін сөз мағынасын сан жаққа
құбылтып жұмсайды. Ақын өлеңдерінде
кездесетін «ақындықтың қиял құсы», «Хан
тәңірі - бұлт жамылып», «мұз киген», «көңіл
көгін қара бұлт торлайды», «соқсын дауыл даусымыздан»,
«жүйткіді жердің жүйрік доңғалағы», «шаштан
сүйреп махаббатты», «бомба бол да, жарыл жүрек!», «дүние
сыймас бомбаға», «ойраны шыққан өмірдің ортасын
оя қойғанбыз», «бойыңнан өрлігіңді алсам тартып»,
«Көкшетау Бурабайын тұр құшақтап», «қанатын
өрт шарпыған өлең мен жыр», «жырдың алтын
құлағы», «ақын қиял – ақ
сұңқар», «жүзіміз - жалын», «кеуде - нұр» сынды
жаңа түрленістер, синкреттік амалдар мен тың тіркестер
жаңаша түр беріп, жиі кездесіп отырады. Ақын
өлеңдеріндегі тосын тіркестер мәтін ішінде белгілі бір
стильдік қызмет атқарып тұрғанын байқаймыз.
Қасымның
тілдік тұлғасын прагматикалық тұрғыдан
айшықтайтын нақыл сөздер, мақал-мәтелдер
және қанатты сөздер кездеседі: «Ақылдың кені –
данышпан», «Мектеп – кеме, білім – теңіз», «Жаны тәтті
жаманның», «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып,
бас болмас», «Жұмсасаңыз жоспарсыз, әлі талай
қақсарсыз», «Сән болмайды көк түтін, әл
болмайды «бір жұтым»», «Тұрмыс түзер бойыңды,
бойың түзер ойыңды», «Болса денең, ойың сау,
ақылың сау, ойың сау», «Дән піспейінше қауызы жарылар
ма, Желге ұшар қауызда мағына бар ма?» т.б.[3, 115] Мына
пікірді келтіретін болсақ: «Қазақ поэзиясында Қасым
жаңалығы ең алдымен сөз күрделенеді:
жарыққа, бояуға, музыкаға айналды. Ырғақ
күрделенді: екпінге, пафосқа, құдіретке айналды.
Шығарма күрделенді: ақын түйсігі бір
құбылыстың, бір жердің үстіндегі сезімін
жан-жақты, көп көріністі суреттермен сипаттарлық
шеберлік тапты». [4, 563] Бұл ақын поэзиясына берілген үлкен
баға деп айтуымызға болады.
Қасым
лирикасы тілінен сөзқолданыстарды ұтымды қолданып,
образ ашуда олардың стильдік күші айқын көрінетінін
байқаймыз. Өлеңнің сырын терең түсінген
ақын мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жете
береді. Қасым поэзиясы тілдік тұрғыдан зерттеуді қажет
етеді.
1.
Сыздықова Р. Абайдың сөз
өрнегі. – Алматы, 1995.
2. Қабдолов З. Әдебиет теориясының
негіздері. – Алматы, 1970.
3. Аманжолов Қ. Нұрлы дүние. – Алматы,
1950.
4. Қазақ совет әдебиетінің тарихы. –
3-том, 2-кітап. – Алматы, 1967.