Амантай А., Жакан А.
Е.А.Букетов ат.
Карағанды мемлекеттік университеті
АХМЕТ БАЙТУРСЫНОВ
ЕНБЕКТЕРIНДЕГI ЖАЗУ МӘСЕЛЕСI
Ғылыми
жетекші: ф.ғ.д., проф.Мажитаева Ш.
Қазақтың белгілі қоғам қайраткері,
алашордашы Ахмет Байтұрсыновтың қазақ еліне
жасаған еңбектері аз емес. Солардың бірі де бірегейі қазақша
әліппе жасауы, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тіл
білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау
мүмкіндігімен сабақтастырып өз топырағымыздан тауып,
оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс
жүйесін «фонетика», қалыптастырып шығарған ұлы
еңбегі қазақ тіл біліміне қосқан үлесі
екенін көруімізге болады.
Сәбит Мұқанов: «Ахметтің Октябрь төңкерісіне шейін
қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді.
Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда
оның еңбегі мол ...Әр тілдің айдауында жүрген
қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған,
қазақ тілінің негізін жасап, қазақ
мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам -
Ахмет. Ахметтің бұл тарихы еңбегі бағаланбай
қалмақ емес. Бұны пролетариат та бағалайды» дейді. Ғаббас Тоғжановтың пікірінде
де : «Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті
қазақ еңбекшілеріде қадірлей біледі, сөзін
оқып сүйсінеді» деп
жоғары баға берген.
Енді Ахмет
Байтұрсыновтың жазу мәселесіне тоқталсақ,
қазақ тіл білімінің тарихында алғаш рет
оқулықта "жазу қағидалары" яғни емле
мәселесі берілген. Бұны 1914 жылы Орынборда шыққан " Тіл -
құралдан" көруге болады. Ахаң жазуға ерекше
мән берген: "Біздің заманымыз – жазу заманы, жазумен
сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен
заман" [1,141]. Сондықтан ол дыбыстардың дұрыс
белгіленуі, олардың дұрыс жазылуына әліппелерінде де,
оқулықтарында да үлкен мән беріп отырған [2,5].
Ахмет
Байтұрсынов – қазақтың араб графикасына негізделген
жазуына реформа жасаған
ғалым. Ақаңның реформа жасаудағы мақсаты -
жазуды жеңілдету арқылы тез арада сауатсыздықты жою.
Бұл реформада қазақ тіліне қажетсіз араб әріптері
алфавиттен шығарылады, дәйекші қолданылады, қазақ
тілінің дауысты дыбыстары түгел белгіленеді. Осы реформа
қазақтың араб графикасына негізделген жазуын едәуір
жеңілдетті.
Ахмет
Байтұрсынұлы кезінде латын жазуына қарсы болған.
Ғалым қазақ тілін оқыту ісіне икемделген араб
графикасын латын графикасына көшіру сан ғасырлық жазба
мұрадан қол үздіреді, экономикалық мүмкіндіктер
жағынан да бұрынғы алфавитті сақтау латын графикасына
көшуден әлдеқайда пайдалы деп санады. А.
Байтұрсынұлының бұл пікірі әлі де
құнды екенін есте ұстаған жөн [3, 8-9].
Белгілі
ғалым Р.Сыздықованың көрсетуі бойынша,
А.Байтұрсынұлы қазақ жазуын ретке келтіру
мәселесімен 1910 жылдардан бастап айналыса бастаған. Ол 1929 жылы 1 мамырда өз қолымен жазған
өмірбаянында «1910 жылдардан бастап, бала оқытқан кездерден
бос уақыттарымды өз бетіммен білімімді толықтырдым,
әдебиетпен шұғылдандым. Ал Орынборға келгеннен кейін
ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық жүйесі
мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім. Одан кейін
қазақ алфавитін және емлесін ретке салып, жеңілдету
жолында жұмыс істедім. Үшіншіден, қазақ
қазақ жазба жұмысын бөгде тілдік қажетсіз
сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге
тілдердің (жағымсыз) әсерінен тазартуға
әрекеттендім. Төртіншіден, қазақ прозасын жасанды
кітаби сипаттан арылған, халықтың сөйлеу
тәжірибесіне икемдеу үшін, ғылыми терминдерді жасауға
кірістім және стильдік өндеу үлгілерін көрсетумен
шұғылдандым» деп жазады [3,16].
А.Байтұрсынұлы
араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне
икемдеп, жаңа әліпбиді жасау жолында мынадай өзгерістерді
енгізуді ұсынады:
1. араб
әліпбиіндегі жуан дауыссыздардың қазақ тілі үшін
қажетсіз таңбаларын алмау (заль, саура, ха, та, са);
2.
қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, ү, дыбыстарының
әрқайсысына таңба белгілеу;
3. к, г
дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің
жіңішкелігін білдіру үшін сөздің алдына дәйекші
таңба қою [4,58].
Ахмет Байтұрсынов өзінің «жаңа емлесі» жайлы
ой – пікірлерін, тимділігін 1912 жылы «Айқап» журналының 4 – 5
нөмірлерінде жарияланған «Жазу тәртібі», 9,10,11
нөмірлеріндегі «Шаһзаман мырзаға», 1913 жылы
«Қазақ» газетінің 35 нөмірінде жарияланған «Жазу
тәртібі», 1913 жылы «Шора» журналының 4 нөмірінде
жарияланған «Қазақша сөз жазушыларға» атты
мақалаларында сөз етеді [5,71]. Араб жазуы (әріп
таңбалары) – құран қолданған әліпби,
сондықтан оған өзгерістер енгізуге,
қысқартуға, өзге таңбаларды қосуға
болмайды деген діндар догматиктердің қарсы пікірлері де
(мақалалары да) болғанына
қарамастан, ауыл мұғалімдері, озат ойлы, білімді адамдар
тарапынан Байтұрсынұлы әліпбиі батыл қолдау табады.
1924 жылы 12
маусымда Орынбор қаласында өткен Қырғыз
(қазақ) білімпаздарының тұңғыш сьезінде
А.Байтұрсынұлының «Жаңа емлесі» ресми түрде
талқыланып, ғалым «Әліпби тақырыпты» деген атпен
көлемді баяндама жасайды. Бұл кезде араб әліпбиінің
күрделілігі, баспа жұмыстарында келтіретін қиындықтары
жиі айтылып, латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз бола
бастаған. А.Байтұрсынұлы өз баяндамасында осы
мәселеге қарсы пікірін білдіріп, түркі
халықтарының ұзақ жылдар бойы қолданып келе
жатқан, қалыптасқан жазуы бар екендігін, әрі бұл
әліпби қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін
толық қамтитындай етіп реформаланғандығын,
оқу–ағарту ісінде, баспасөзде кеңінен қолданылып
жүргендігін айтып, өз тұжырымын қорғап
шығады.
Сьезд
делегаттары А.Байтұрсынұлы мен
Н.Төреқұловтың баяндамаларын талқылап, екі
алфавиттің оң–теріс жақтарын сарапқа салып
«Қазақ тұтынып отырған түрік (араб таңбасы)
әліпбиінің баспа түрінің дара болмауы баспа ісіне де,
үйрету жағына да қолайсыз болғандықтан, ол
қолайсыздықтан құтылу үшін түрік
әліпбиінің өзін түзеті өзге әліпби алудан
анағұрлым оңай болғандықтан, баспасын дара
түрінде алу керек деп А.Байтұрсынұлы реформалаған
және баспа түрінің де вариантын ұсынған араб
жазуы негізіндегі қазақ алфавитін қабылдау керек» деген
қарар ұсынады [3, 18].
Жалпы жазу
теориясын, дүние жүзіндегі жзу жүйелерінің
қалыптасуын терең меңгерген өркениетті елдердің
әліпби түзеу тәжірибесімен жақсы таныс
А.Байтұрсынұлы төл әліпбиімізді жасау барысында «фонема
санынан оны белгілейтін таңба санының көп болмауы»
қағидасына сүйенген. Осы қағиданы басшылыққа
алған әліпби ең жақсы жазу жүйесіне
жататындығы баршамызға белгілі. Себебі жазу фонологиялық
транскрипцияның қайталамасы болмауы керек [7,59]. Осы тұрғыдан алғанда
А.Байтұрсынұлы жасаған қазақ әліпбиі
ең озық жазу жүйелеріне жатады. Кезінде «Байтұрсынұлы
әліпбиі» ( 1929–1931 жылдары А.В.Луначарскийдің жауапты
реракторлығымен шыққан «Әдебиет
энциклопедиясының» I томында «Казахский алфавит» деген кесте беріліп,
оның «Байтурсуновский алфавит» деп атаған) аталған
қазақ жазуы қазақ халқының мәдени
өмірінде ерекше құбылыс болды, оқу- ағарту ісін
жандандыруға, баспа ісін дамытуға игілікті ықпал етті.
Қазақ әліпбиіне басқа түркі халықтары да
қызығушылықпен қарап,
А.Байтұрсынұлының тәжірибесіне сүйене отырып,
өз жазуларына реформалар жасай бастады (мысалы, өзбек, татар
халықтары) [3,18].
А.
Байтұрсыновтың қазақ жазуының әліпби жобасын қостай
отырып, Міржақып Дулатов (Азамат Алашұлы деген лақап атпен)
жаңа әліпбиге ф мен х
таңбаларын енгізуді ұсынады («Айқап», 1912, № 8). Бұл
да тұңғыш пікілердің бірі болды. Өзінің бүкіл өмірін туған
халқының, оның тілінің жарқын болашағына
арнаған ғұлама ғалым – А.Байтұрсынұлының
ұзақ жылдардағы әзденуінің нәтежесі – араб
жазуынан реформаланған «қазақ әліпбиі» республика
көлемінде ресми жазу ретінде он жеті жыл ғана қызмет етті [5,74].
«Ахаң
емлені түзеп, қазақ тілінің негізін орнатқанына
біз түгіл орыстар да қарсы емес. Емлеміздің дұрыс
шешілгендігі, басқа елдердің көбінен артық екендігіне
ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан біз Ахаң
мәселенің қиынын шешті дейміз» [8,87].
Қорыта
айтқанда, қазіргі қазақ тіл біліміндегі жазу
мәселесі Ахмет Байтұрсыновтан бастау алады. А.Байтұрсынұлы
реформалаған араб жазуы қазақ тілінің дыбыстық
жүйесіне икемделіп жасалғандықтан, қалың
бұқараның сауат ашуын
оңайлатты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. А.Байтұрсынов. Тіл –
құрал. Бірінші жылдық. Орынбор, 1914. "Тіл тағылымында".
//Тіл тағылымы. –Алматы, 141–б.
2. А.Байтұрсынов және
қазақ тіл білімі: А.Байтұрсыновтың 125 жылдығына
арналған республикалық ғылыми-әдіснамалық конф. матер.
-Алматы: Абай атындағы АлМУ 1998, 97 б.
3. А.Байтұрсынов. Тіл
тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға
қатысты еңбектері) – Алматы, «Ана тілі», 1992, 448 б.
4. А.Байтұрсынов және
қазақ тіл білімі: А.Байтұрсыновтың 125 жылдығына
арналған республикалық ғыл.-әдісн. конф. материалдары. -Алматы:
Абай атындағы АлМУ 1998, 97 б.
5. М.Қ,Ескеева. Қазақ
жазуының тарихи негіздері: Оқу құралы. Астана: Еуразия
ұлттық университеті, 2002. 125 б.
6. А.Байтұрсынов. Тіл
тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға
қатысты еңбектері) – Алматы, «Ана тілі», 1992, 448 б.
7. Қазақ тілі.
Энциклопедиия. Алматы, 1997, 59 – бет.
8. Мәжітаева Ш.
Әліппе айтысы. Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1990. 91 б.