Сарсенова С.Е., Үрістенбекова Г.Қ.

Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті,

Ақтау қаласы

 

АСТРОНОМИЯЛЫҚ АТАУЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖАРЫСПАЛЫ СӨЗДЕР

         Сөздiң жарыспа тұлғалары дегенiмiз – мағыналық жағынан абсолют теңдiкте тұрған, сөйлемде ешбiр реңктiк, стильдiк бояуымен ерекшеленбейтiн, əр алуан себептерден дыбыстық немесе тұлғалық ауытқуға ұшырап, əрқалай жазылып, əрқалай айтылып жүрген дыбысталуы бөлек, бiрақ қолданылуында мағыналық дербестiгi жоқ, бiрнеше вариантта айтылатын сөздер. /1:3/.

Сөз варианттарының тiлде қалыптасуына мынадай фактор себеп болатын тəрiздi:

1. Кiрме сөздердiң, соның iшiнде, араб-парсы сөздерiнiң қазақ тiлiнiң

дыбыстық заңдылығымен ауызекi тiлде түрлiше айтылып, қалыптасуы арқылы.

2. Кейбiр сөздердiң айтылымында дыбыс өзгерiстерiне ұшырауына байланысты.

3. Бiр түбiрге морфологиялық тұлғалардың ұқсас варианттарының қосылуы арқылы.

4. Кейбiр тұлғалардың тарихи даму қалыптасу жолында ескi жəне жаңа тұлғалары қабат қолданылып, тiлде екеуi де қалып қойған мүшелер.

5. Бiр сөздiң түрлiше жазылуынан да орфографиялық вариант сөздер түзiледi.

Вариант сөздердiң қолданылу, тiлде қалыптасып, орнығу бағыты былайша болуы мүмкiн:

Бiрiншiден, кейбiр вариант сөздер қолданыс барысында мағыналық реңк алып, əрқайсымен бөлек-бөлек лексикалық тұлға ретiнде сақталуы мүмкiн.

Екiншiден, вариант сөздердiң өзге түрлерi ауызекi сөйлеу тiлiнде, диалектизмдер қатарында қалып, бiр ғана түрi əдеби нормаға енуi мүмкiн. Үшiншiден, вариант сөздердiң бiрқатары  бiрнеше нұсқаларымен əдеби тiлде жарыса қолданылуы мүмкiн немесе варианттық қатардағы əрбiр сөз белгiлi бiр стиль түрiнде қолданылуы, яғни стильдiк сипат алуы мүмкiн.

Тілде сөз варианттарынан басқа жарыспалы сөздер бар. Жарыспалы сөздер - мағыналары тепе-теңдікті білдіретін, тұлғаларында айырмашылығы бар, синонимдерге сырттай ұқсас құбылыстар. Шын мәнінде, бұлар да сөз варианттары, сол себепті әдетте бұл ұғымдар бірінің орнына бірі қолданыла береді. Дегенмен, бұлардың бір-бірінен ерекшелігі бар екенін ескерген жөн. Сөз варианттары дыбысталу жағынан да, мағынасы жағынан да тепе-тең, шыққан тегі бір сөздер болса, ал дублет сөздер дыбысталуы жағынан ұқсас болып та, алшақ болып та келуі мүмкін, өйткені дублет сөздердің шыққан тегі бір бола бермейді. Мысалы, разы/ риза/ ырза, жалғыз/ жаңғыз, залал /зарар т.б әрі сөз варианттары, әрі жарыса қолданылатын дублет сөздер, ал таңба/ әріп және белгі, буын үндестігі/тіл үндестігі, шұғыл/тоғысыңқы, дыбыс/фонема, фонема/сингармемо, ызың/жуысыңқы, тіл арты/жуан дауыстылар дегендер жарыспалы сөздер. Жарыспалы сөздердің бір қатарының мағыналарында, стильдік реңкінде, қолданылу тәсілінде өзгешелік болғандықтан, синонимдік қатар құрауға қатысады: дауысты/вокализм, дауыссыз/консанантизм, дәстүрлі принцип/тарихи принцип т.б.

Қазақ тілінде сөз варианттары мен жарыспалы сөздер көп. Жаңа атауларды жасауда олардың жұртшылыққа қолайлы болу жағы, сөз қолданудың тіл тәжірибесінде қалыптасқан дағдысы сияқты факторлар ескерілуге тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда, жаңа қолданыстағы сөздердің бәрі бірдей сәтті шыкгы деуге болмайды. Мәселен, қазақ тіліне ертеректе еніп, сіңісіп кеткен кірме сөздер аз емес, осылардың баршасына қазақша балама іздеу дұрыс емес. Мысалы, газетті – үнқағаз, телефонды – үнсандык, самолетті – өзіұшар т.б. деп атауды жұртшылық кабылдамады, тілге кірікпеді. Сол сияқгы ғылым, өнер, техниканың әр саласындағы интернационалдық сөздердің терминдік мағынасын білдіретін қазақ сөздерін табу немесе қолдан жасау сәтті бола бермейді.

Жаңа қолданыстағы атауларға байланысты әлі де реттейтін, нақтылайтын жайттар аз емес. 

Астрономиялық атаулардың ішінде жарыспалы сөздер (варианттар) де көптеп кездеседі екен.

         Тілші ғалымдар жарыспалы сөздердің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық варианттар деп аталатын үш түрі бар деп есептейді. Біз бұл жерде астрономиялық атаулардың ішіндегі тек лексикалық варианттарға ғана тоқталмақпыз. Себебі бізге керегі – сөздің әр түрлі тұлғалары емес, атаулар мен терминдер ғана.

         Әдетте лексикалық варианттар деп – бір ғана заттың немесе ұғымның екі не одан да көп атауларының болуын айтады. /2:63/ Мәселен, орысша «Венера» деп аталатын ғаламшар қазақша Шолпан деп аталады. Неге бұлай көп атауы бар деп ойласақ, оның себептері жоқ емес екен. Ол себеп планетаға ат қоюдағы уәж (мотив) мәселесі. Бір ғана жұлдыздың әртүрлі атауға ие болу себебі – ол атаулар әр түрлі уәжге негізделген.

Халық Шолпанды «жұлдыз» дейді. Дұрысында ол – ғаламшар. Күн жүйесіне жатады. Көлемі мен массасы жағынан айдан көп үлкен, ал Жерден сәл ғана кішілеу. Шолпан жерден 50 миллион км-дей қашықтықтықта орналасқан. Сондықтан ол бізге жұлдыздай болып көрінеді. Онда атмосфера бар. Шолпанның Күн түскен жағы да, түспеген жағы да әр уақыт ыстық. Оның бетіндегі температура +450 С жетеді. Шолпан өз өсінен айналады және Күнді айналады. Оның Күнді айналу мерзімі – 117 тәулік. Ол тек Шолпан деп аталмайды, тілімізде оның Шолпан жұлдыз, Ақжұлдыз, Жарықжұлдыз, Таң жұлдызы, Шағыр жұлдыз, Шопан жұлдыз, Керуен жұлдыз, Тұлқатын, Өмірзая, Зуһра жұлдыз деген қосымша атаулары тағы бар. /3;63/

         Айталық, Шолпан жұлдыз (таң алдында туады) деген атау Шолпанды жұлдыз деп ұққандықтан, Ақжұлдыз атауы – жұлдыз түсінің ақтығынан, Жарықжұлдыз (бұл іңірде туады) деген атау оның жарқырап тұруынан, Таң жұлдызы деген атау оның таң алдында туатындығынан, Шағыр жұлдыз (бұл іңірде туады) деген атау – шақырайып, көзге шағылысып тұрғандықтан, Шопан жұлдыз деген атау – Шолпан туа қорадағы қой өре бастайтындықтан, Керуен жұлдыз деген атау – Шолпан туа керуен жолға шығатындықтан пайда болған атаулар. Тұлқатын мен Өмірзая атауларының пайда болу себептері де дәл осындай. Нақтылай түсер болсақ, Шолпан үнемі туып отырмайды екен. Ол таң алдында туып жүріп, біраз уақыт «жатып қалады». Бірер айдан кейін шоғырланып, батыстан шыға келеді. Шолпанның бұл құбылмалығын ел онша ұната бермей, оны Өмірзая немесе Тұлқатын деп атайды. Себебі Шолпан батыстан туған жылы егін мен шөп нашар шығатын көрінеді. Ал Зуһра (жұлдыз) - Шолпанның арабша атауы.

            Бұлар сияқты жарыспалы сөздер астрономиялық атаулардың ішінде аз кездеспейді. Мысалы: Таразы /Үшарқар/Үшарқар-Таразы/ Шідер жұлдыз (Орион), Есекқырған/Сарыжұлдыз/Шабансары (Юпитер), Темірқазық/Алтынқазық/Жалғызқазық (Полярная звезда), Қызылжұлдыз/Шартая (Марс), Құсжолы/Тырнажолы/Сабанжолы (Млечный путь), Қозы/Тоқты/Қошқар (Овен), Шақпақ/Көкшақпақ/Көгалдай мергеннің көкшақпағы (Ригель), Су құйғыш/Көнек (Водолей), Қарақұрт/Өрмекші жұлдыз (Кассиопея), Олпан/Болпан/Кіші  Шолпан/Бота (Меркурий), Шаншар/Қоңырқай жұлдыз (Сатурн) т.б /4;4/

         Көрсетілген  жарыспалы атаулар, әрине, тең құқықты емес. Олардың біреуі әдеби атау болса, екіншілері-халықтық атау, ал үшіншілері-жергілікті атаулар. Мәселен, жоғарыда көрсетілген Таразы/Үшарқар/Үшарқар-Таразы/Шідер жұлдыз деген жарыспалы варианттардың ішіндегі Таразы - әдеби атау, Үшарқар/Шідер жұлдыз дегендер - халықтық атаулар, Үшарқар – Таразы - ғылыми атау. Есекқырған/Сарыжұлдыз/Шабансары дегендер мен Темірқазық/Алтынқазық/Жалғызқазық, Құсжолы/Тырнажолы/Сабан – жолы дегендер де солай. Есекқырған Темірқазық, Құсжолы  әрі әдеби, әрі ғылыми атаулар, ал Сарыжұлдыз, Шабансары, Алтынқазық, Жалғызқазық, Тырнажолы, Сабанжолы дегендер – халықтық атаулар т.б.

  Әр халықта қолданылған бір жұлдыздың әр түрлі атауларын салыстырған да қызықты. Мысалы, М.Горбаневский Торпақ жұлдыз шоғырындағы шашырап жатқан жұлдыздар жиынтығын: орыс, Бабы, Кучки, Попова семья, Утиное гнездо, Волосянка, Волосожары, Решетка, Решето, Стожары («төбе, үйінді» немесе «маяның ортасына қадалған істік»), Улей, Кичига («шынжыр орнына қолданылған талқандауыш»), мари, башқұрттар, чуваштарда – Звездное сито, мордваларда – Пчелиный рай, Семь воробьев деген атауларды келтіреді. Бұл космонимнің ғылыми атауы да – Плеяды – бар. Қазақтарда – Жетіқарақшы; Большая медведица, Повозка, Семерка –көне римлиндіктерде, орыстарда – Повозка, Ковш немесе Большой ковш, Телега, Коромысло, Колымага атпен белгілі  құралсыз көзге анық көрінетін жеті жарық жұлдыздар атауын мысалға келтіруге болады.

Жарық таң жұлдызы Венера, Ю.А. Карденконың зерттеуі бойынша, көне гректерде екі атауға ие болған: Фосфор «жарық беруші» және Эосфор «таң әкелуші» таң жұлдызы үшін және Геспер «кеш» кешкі жұлдыз үшін, кейінірек көне римлиндер оны Венера деп атаған, осы атпен бұл жұлдыз ғылыми терминологияға қабылданған.

Әр халық Венераны өзінше атаған: қазақтар – Шолпан, Таң Шолпан, жарық жұлдыз, Шоғыр жұлдыз, Нарық жұлдыз, Керуен жұлдыз, Тұлқатын; уақыт сөткесіне қарай орыстар оны Утренняя звезда, Утренница, Утренняя заря, Зарянка, Заряница, Денница, Вечерняя звезда, Вечерняя заря, Вечерняя зарница, Вечерница және Волчья деп атаған, себебі ол күн қайтқаннан кейін жарқырайды; эстондықтар – Койдутяхт («таңғы жұлдыз») сербтер – Зорняча, словендер – Пораница, немістер – Абендштерн («кешкі жұлдыз») т.б. Бұл атаулар ұлттық атаудың әмбебаптығын және ерекшелігін көрсетеді. Жиналған материалдарды талдау екі-үш жұлдыздарға қатысты дублет, бір ғарыш объектіге қатысты вариант атаулардың және аймақтық жекелеудің, халықтар арасындағы тілдік қатынастың көрінісі.

Ғылыми әдебиеттердегі қолданылуына көз салсақ, көпшілік астрономиялық денелер көбінесе екі атаумен аталады. Оның бірі – қазақша, екіншісі – орысша атау. Мысалы: Есекқырған – Юпитер, Қызылжұлдыз – Марс, Кіші Шолпан – Меркурий, Шаншар – Сатурн, Құйрықты жұлдыз – Комета, Ақпа жұлдыздар – Метеорлар, Қыдырма жұлдыз – Планета т.б. /5/

Бұл – көрсетілген қазақша атаулардың әлі де әдеби тілде қалыптаса алмай жүргендігінің белгісі болса керек.

Жарыспалы қос атаудың екі сыңары да қазақша болуы мүмкін. Ондайда олардың біреуі – әдеби атау да, екіншісі – ғылыми атау болып келеді. Мысалы: Жетіқарақшы (әдеби) – Үлкен аю (ғылыми), Темірқазық (әдеби) – Кіші Аю (ғылыми), Босаға (әдеби) – Егіздер (ғылыми) т.б.

Жарыспалы варианттар тек туыстық (род) атауларда ғана емес, сонымен бірге ол түрлік (вид) атауларды белгілеуді де байқалады. Мәселен, Таразы жұлдызы екеу: оның біреуі – Үлкен Таразы, екіншісі – Кіші Таразы. Үлкен Таразы дегеніміз – Таразы жұлдызының өзі, ал Кіші Таразы дегеніміз – Үлкен Таразының бір бүйіріндегі кішірек келген, соған ұқсас жұлдыз. Алдымен Үлкен Таразы туады, содан кейін Кіші Таразы туады. Тілімізде Үлкен Таразының – Мұсылман Таразы, Кіші Таразының – Шайтан Таразы деген қосымша аттары бар. Сүмбіле жұлдызы да Үлкенсүмбіле/Текесүмбіле, Кішісүмбіле/Лақсүмбіле болып екіге бөлінеді.

Тілдік теория тұрғысынан жарыспалы сыңарлардың тек бір-ақ сыңары қолданылуы керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Бизақов С. Вариант сөздер сөздiгi Алматы, 1995.

2.     Горбачевич К.С. Вариантность слова и языковая норма. Л.,Наука, 1978. -238С.

3.     Жүністегі К. Жұлдыз әлемінің қазақы ұғымы // Егемен Қазақстан,2000,

4.     22 қараша №12.

5.     Аронов Қ. Қазақ тіліндегі халықтық космонимдердің этнолинвистикалық табиғаты. //ҚР ҒА-ның Хабарлары. Филология сериясы,1992. №5.3-13б.

6.     Сергеев Л.И. О некоторых особенностях заимствования немецким языком «космической» лексики из русского языка// Исследования по романской и германской филологии. Киев,1975.157-160С.