Каримсакова
Б. А. Акбердыева Б.К.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ
доценті
Кунтубаева
Г.О.
«Тұран-Астана» университетінің
аға оқытушысы
С. ШАЙМЕРДЕНОВТЫҢ «МӘЖНҮН ТАЛ» ПОВЕСІНІҢ
КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
Көркем туынды
адамды тек қана жағымды қаһармандарының
іс-әрекетімен тәрбиелеп, шабыттандырып, қанаттандырып
қана қоймайды. Сонымен бірге ол өзінің
әлеуметтік, азаматтық пафосымен де, адамгершілік
әуенінің биіктігімен де, әсемдікті әлпештеп,
дәріптеуімен де, адам бойындағы асқақ сезімдерді
ардақтап, оған мораль талаптарын қатаң түрде
қоя білуімен де игі әсер етеді.
Жазушы өз заманының ұлы болуға керек,
шығармаларында өзі өмір сүрген дәуірдің
шындығын, замандастарының бейнесін бедерлеуі керек дейтін талап
бар. Көңілге әбден қонымды, заңды талап.
Өйткені шын мәнінде көркем шығарма тудыру үшін
суреткер сол жазып отырған тақырыбын, өмірдің
қат-қабат құбылыстарын жетік білуі керек. Ал адам
өзі өмір сүрген заманды, өзінің өскен
ортасын, өзінің күнде көрісіп, дәйім араласып
жүрген замандастарын жақсырақ білетіні, ол жайында еркін де
батыл жазуына болатыны даусыз ақиқат.
Ендеше,
әдебиет барда замандас бейнесі, оның адамгершілік асыл
қырлары да мәңгілік тақырып болып қала бермек. Ш. Айтматов
айтқандай: «Әдебиет проблемасының негізіне адам проблемасы
алынады» [1, 14-17 бб.]. Сондықтан да шынайы да көркем әлемді
– адам образын, өмір сырларын, характер ашуды үнемі суреткерлік
ізденістермен дамытып, жалғастыру кейінгі жазушылар үшін
творчестволық борыш болып қала бермек.
Қаламгердің әдеби бетін
айқындайтын нәрсе –
жазушының дара стилі болса, оның орнығуы жазушылық
шығармашылық дарынының қуатына, шыңдалған
суреткерлік шеберлігіне байланысты. Сондықтан да
Қ. Жұмалиевтың стильді тек талантты жазушыдан табамыз деуі
дұрыс-ақ. «…Кез келген ақын-жазушыдан стиль іздеу –
бекершілік. Өйткені барлық өлең қиыстырушылардан
ақын, сөз жаза білушілерді жазушы десек, қателескен болар
едік. Дарын жоқта – стиль жоқ» [2, 23 б.].
Жазушының өзіндік стилі оның дүниетанымына,
идеялық мақсатына, авторлық позициясы мен интеллектісіне де
қатысты. Осы жолдағы рухани ізденісі оның тақырып
таңдау, сюжет құру, жанрын анықтау, образ бен характер
жасау әдістерінен көрініс алады.
Осы тұрғыдан келгенде, біз Сафуан
Шаймерденовты уақыт ағымындағы неше түрлі қоғамдық
өзгерістерді қырағылықпен байқап, заман келбеті
мен замандас образын шебер бейнелей білу интеллектісі жоғары
суреткерлердің қатарына жатқызамыз. Жазушының өз
ойы мен сезімдерін шығармасына енгізе алуының өзі шеберлікті
талап етеді. Өз образын шығармаларына сіңімді енгізуде С.
Шаймерденовтың жанрлық ізденістерінің септігі үлкен.
Әсіресе, «Мәжнүн тал» повесінің диалогқа,
монологқа құрылуы, баяндау тәсілінің әр
алуандығы автордың өз ойын еркін білдіруіне көп
мүмкіншілік берген. Жазушы қай тақырыпты сөз етсе де,
өз идеясының түп қазығын адамгершілікке
әкеп тірейді.
Кейіпкердің күрделі қақтығысқа, ішкі
психологиялық тартысқа құрылуы – С. Шаймерденов
творчествосына тән қасиет. Әсіресе, Бағданның
«Айша Бибі» полотносына байланысты Бағдан мен Әспет
арасындағы диалог ой-сана қақтығысына, пікір
қайшылығына құрылған. Характер
табиғатындағы сезімдік құбылыстар мен ағыл-тегіл
төгілген ой-сана ағысын, жан сарайындағы сан алуан арпалысты
тап басып, тәптіштеп жазуды талап ететін психологиялық
талдауға жазушы жиі жүгінеді. Өзі объект етіп алған
адамдарының рухани әлемін, ішкі иірімдерін әріден зерттеп,
терең зерделеп келе жатқан жазушы бұл жолы да
психологиялық саралаудың соны үлгісін танытады:
« – «Айша Бибі не, ұнамады ма? Неге
алып тастадыңыздар?
– …Шынымды
айтсам, бұл картина маған мүлде ұнамайды.
Бағданның төбесінен жай түскендей: дүйім
жұрттың аузында жүрген, «талантты суретші» деген атақ
әперіп, мұны даңққа бөлеп келе жатқан
картина мына бір шөп желкеге ұнамайды. Кім өзі бұл
соншама?! Бағдан қыстығып ашуланыңқырап
қалды. Бірақ құдай берген төзімділік артық
сөзге жіберген жоқ.
– …Картинаңызда
ой жоқ қой. Махаббат жоқ. Күмбездің өзін
көрмей, картинаңызды көрген адам жақынырақ
үңіледі де: «Е, әлгі Айша Бибісі осы екен ғой» дейді
де, жөніне кетеді… Бір нәрсеге мен құдайдай сенем: егер
осы күмбездің енді қайтып ашылмас жұмбақ сырында
әлеуметтік бір мән бар, не халықтық бір трагедия
жатпаса, құр өлім үшін қалдығының
өзін жұрт тамашалайтын сұлу күмбез
соғылмаған да болар еді.
…Содан кейін картинаңыздың фоны ұнамайды маған. Әлдебір
адамдар, машиналар. Бұл не? Бүгінгі заман мен өткен
заманның тіл табысқаны демексіз ғой. Қандай арзан, – деп тоқтады да, содан әрі дауыс
ырғағын өзгертіп, шеней сөйледі. – Ана
тұмсығы көрінген жеңіл машинаңызды да
түсінем: Айша Бибіге тауап етушілердің ішінде әкімдер де бар.
Ал алыс қырқадан көрінген электр линиясы: міне, біздің
өмір осындай! Соны паш етіп тұр. Егер Айша сорлы: «Мың жылдан
кейінгі ұрпақтарым қандай болар екен?» – деп кетсе, міне,
көрсін қандай екенін!
– Байқа, шырақ, мен беделді суретшімін. Тіл тигізе
бастадың, – деп салғанын өзі де білмеді Бағдан.
– Бедел! Беделді суретші екеніңізді жақсы білем, – деп
қыз сөзін әрі жалғады. – Бірақ бедел
әперген, даңқыңызды шығарған
шығармаңыздың сиқы мынандай болып тұр ғой.
Бұл не сонда? Бұл сонда беделіңіздің
жалғандығы болып шығады ғой. Шын таланттылар
көбіне далада қалып, кейде беделге жай пысықтар ие болып
кететіні де болады. Өйткені беделдің жарым-жартысы лақаптан тұрады:
пәлен екен, түген екен. Өйтіпті, бүйтіпті… Міне, бедел
осы, Бағдан аға. Пікір таласында бедел сізге қару бола
алмайды» [3, 367 б.].
Қыз сөздері арқылы берілген тереңдік,
ойшылдық, психологизм бүкіл повестің өн-бойына
арқау болғандай. Егер бұл туындыда психологиялық
тереңдік, ойшылдық орын алмаса, жұмбақ адамның
ішкі иірімдері, жан сезімі, ойы мен түйсігінің сан алуан
қалтарыстары, ой-санадағы психологиялық процестер ашылмаса,
біз кейіпкерді, жалпы туындыны тани алар ма едік. «Нағыз көркем
шығарманың, талантты суреткердің қаламгерлік
қуаты, шеберлік даралығы, міне, осы кейіпкердің ой-сезім
дүниесін ашқанында жатыр емес пе?!» [4, 86 б.] Адамгершілік
тұрғыда үлгі етерлік қаһарманның
іс-әрекеті алдымен оның ішкі жан дүние толқынысымен
тығыз байланысты. Мұның өзі психологиялық ой-ниет
шешімінің, күйініш-сүйініш жағдайларының адам тағдырында
айрықша орын алатынын көрсетеді. Ал сол адами-рухани дүниені
келістіре суреттеу үшін жазушының айрықша шеберлігі
қажет.
Жазушы кейіпкерлерін
өмірдің әр түрлі саласында түрлі
жағдайларда сынға алып, олардың парасатын, интеллектілігін,
адамгершілік қасиеттерін психологиялық тереңдікпен
көрсетуге ұмтылады. Әспет пен Бағданның
арасындағы диалог арқылы берілетін пікір қайшылығы
өзін талантты да парасатты, интеллектісі жоғары адамдардың
қатарына қосатын Бағданның рухани әлемінің
Әспеттен анағұрлым жұтаңдығын ашып берді.
Повестен үзінді келтірейік:
«Әспет мүдірмеді.
– Бүкіл жазушы қауымы болып көркем әдебиеттегі
Америка баяғыда ашылып болған деп шулап жүр еді. Маркес келді
де, роман жазудың жаңа жолын тапты ғой.
– Бағдан нығарлаңқырап айтты:
– Оныңызды
қойыңыз, Маркс еш уақытта да роман жазып көрген емес
– Әспет
ішегі қатқанша күлді.
– Маркс
емес, Маркес. Габриель Гарсия Маркес. Колумбия жазушысы. «Сто лет одиночества».
Оқыған жоқсыз ба?
– Бағдан ақымақ болып қалғанын сезінді:
оның бір кемшілігі – қолына түскен шығармалар болмаса,
іздеп, індетіп жүріп ештеңені оқымайтын еді. Соған
қыз алдында ұялды да:
– А, Мар…кес?! – деп білетін адамша мән бере айтты.
– Байқап отырмын, Бағдан аға, бәрібір, Маркесті
оқыған жоқсыз, білмейсіз.
Бағдан тағы да қабағын түйді:
– Сіз өзі кімсіз?
– Өзіңіз айттыңыз ғой, Әспетпін, – деп
қыз сықылықтай күлді.
Байқаса, Әспет кейпінде сенгіштік пен жылылықтан
басқа, жаңа ғана қатты сөз айтып, жасы, жолы
үлкен ағаны ренжітіп алдым-ау деген күдіктен нышан да
жоқ екен» [5, 370 б.].
Осыдан-ақ жазушының кейіпкердің рухани жан әлемін
бейнелеуде аса психологиялық жітілік көрсететінін
аңғарамыз. «Бәрінен бастысы – автордың
қаһармандар дүниетанымы мен характерін дәл танып,
солардың жаратылыс табиғатын жіті аңғара білетін сергек
позициясы, интуиция тереңдігі, қаламгерлік көру
ракурстарының көп қабаттылығы» [6, 181 б.].
Әрбір талантты қаламгер, әрбір суреткер жазушы, кез келген
творчество адамы әдебиетте өзіндік дара стилі мен қолтаңбасын
қалдыруға тырысады.
С. Шаймерденов те өз туындылары арқылы
қазақ прозасында өзіндік дара қолтаңбасын, дербес стилін
орнықтырған шебер жазушы болып табылады. Ол – қаһармандарының
ішкі әлемін ашуда көркемдік-стильдік тұрғыда көп ізденіс
танытқан жазушы. Повестерінде көркем образ сезімінің иірімдерін, характердің
қалыптасуын көрсетуде
психологиялық суреттеу принциптерін, монолог пен диалогты әр
түрлі жолмен кеңінен пайдаланған. Мұның
бәрі де авторлық идеядан
туындап, кейіпкердің ақыл-парасатын, адамгершілік қасиеттерін аша түсетіні
ғылыми тұрғыда негізделді.
Осы тұрғыдан келгенде қай
тақырыпта жазса да, адамгершілікті шығармаларының түп қазығы
ете білген суреткер жазушы С. Шаймерденовтың туындылары да айрықша зерттеуге лайық
деп танимыз. Өзінің жазушылық
парызын, творчестволық салмағын терең түсінген
қаламгер ғана халықтың рухани қажеттілігін тап басып тани алады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1977. –
207 б.
2. Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. –
Алматы: Мектеп, 1970. – 321 б.
3. Шаймерденов С. Жыл
құсы // Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1997. –
2 т. – 408 б.
4. Майтанов Б. Қазақ романына
психологиялық талдау. – Алматы: Санат, 1996. – 336 б.
5. Сыздықова Р.
Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997. – 264 б.