ӘОЖ: 236.87(956)

ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ЗАҢ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ

Кадралиева Н.А.

М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Тараз қ.

 

Адам қоғамының даму процесінде бір-бірімен байланысты миллиондаған қарым-қатынастар қалыптасып, жаңарып, ескіріп жатады. Бұл объективтік диалектикалық процесс. Осы процесті реттеп-басқару барысында қоғамдағы құқық бірнеше салаға, жүйеге бөлініп жатады. Қоғамдық қатынастардың объективтік даму процесіне сәйкес құқықтың құрылымы да, жүйелері де ескіріп, жаңарып, дамып отырады. Сондықтан, құқық қоғамдағы нормативтік актілердің тек жиынтығы ғана емес. Ол қоғамның, әр саласына сәйкес объективтік, диалектикалық даму процесі арқылы қалыптасатын әлеуметтік көп салалы, көп жүйелі құбылыс. Бұл күрделі кұқық процесі сала-салаға, жүйе-жүйеге бөлінумен шектелмейді. Сонымен бірге қоғамның салалық-жүйелік дамуын, олардың өзара байланысын, қатынасын реттеп-басқарып отырады.

Қоғамдағы құқықтың ең күрделі негізін құрайтын нормативті-құқықтық актілер. Бұл жүйеге қоғамдағы қатынастарды реттеп, басқарып отыратын нормативтік актілердің басым көпшілігі кіреді. Құқықтың басқа негіздері (әдет-ғұрып, мораль, діни т.б. нормалар) жалпы мемлекеттік қатынастарды реттеп, басқара алмайды, тек нормативтік актілерге қосымша күш ретінде жұмыс атқарады.

Нормативтік актілер қоғамның, жеке адамдардың мүдде-мақсатын іске асыратын экономикалық, саяси, әлеуметтік, ұлттық, халықаралық қатынастарды реттеп, басқарады. Нормативтік актілердің ескіргенін жаңартып, кемшіліктерін толықтырып құқықтық нормаларды қоғамның, объективтік процесіне сәйкес дамытып, олардың орындалуын тездетіп, жақсартады.

Дүние жүзінің заң ғылымы құқықтың негіздерін құқықтық нормалардың мазмұнымен тығыз байланыста реттеп, дамытады. Адам қоғамының тарихи диалектикалық процесінде нормативтік актілер бірте-бірте, эволюциялық жолмен құқықтың ең күрделі, ең шешуші негізіне айналады. Көне дәуірде нормативтік актілер тек мемлекеттік қатынастарды реттеп, баскарып отырды. Қоғамның басқа салаларындағы қатынастарды әлеуметтік нормалардың басқа түрлері (мораль, әдет-ғұрып, дәстүр, діни т.б.) реттеп, басқарып отырды. Кейін нормативтік актілер сол салалардағы қатынастарды бірте-бірте өзі реттеп, басқаруға көшті. Қазіргі кезде әлемдегі барлық мемлекеттерде құқықтық нормалар қатынастарды реттеп, басқарудың басым түріне айналып отыр.

Өйткені қоғамда мемлекеттік билікті іске асыруда, демократияны дамытуда, құқықтық мемлекетті қалыптастыруда нормативтік актілер ең шешуші рөл аткарады.

Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттің билік өкілеттігі бар органдары қабылдайды; Қабылдаудың занды тәртібі болады; Оны орындау міндетті; Бұл процесте мемлекеттің егемендігі іске асып отырады; Оның маңыздылығы қабылданған нормативтік актілерден көруге болады; Нормативтік актілердің мазмұны құқықтық нормалармен сәйкес, дәлме-дәл болуға тиісті; Өйткені мемлекеттік органдар "акті" - деген атпен әртүрлі мағынада құжаттар шығарып жатады; Нормативтік актілер заңды бөлу үшін міндетті түрде тиісті нысанында шығарылады; Онда барлық реквизиттері көрсетілуі қажет.

Нормативтік актілердің өмірге келуі, дамуы, өзгеруі, жаңаруы объективтік процесс. Оның негізгі себептері: қоғамның экономикалық базисының өзгеруі, соған сәйкес қоғамның саяси, әлеуметтік, мәдени, таптық мүдде-мақсаттарының өзгеруі болып табылады.

Бұл объективтік өзгерістер өмірде субъективтік өзгерістерді қалыптастырады:

-  мемлекеттік билік дамып, жаңарады;

-  мемлекет пен құқықтың функциялары өзгеріп, нормативтік актілерді дамытады;

-  құқықтық қатынастар прогрестік өзгерісте болады;

-  рухани сана-сезім, білім дамиды.

Қоғамдағы осы объективтік және субъективтік өзгерістерді реттеп, басқару үшін нормативтік актілер үнемі үзіліссіз даму процесінде болады. Бұл процестің сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін:

- құқықтық шығармашылықтың сапасын жақсарту;

- лауазымды түлғалардың кәсіпқойлығын, білімін, тәжірибесін көтеру;

- мемлекеттік органдардың қызметінің сапасын жақсарту қажет.

Қазақстан мемлекетінің нормативтік актілерінің түрлері, жүйелері Конституцияда толығымен көрсетілген. Мемлекеттіқ органдар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, саяси партиялар, еңбек ұжымдары өздерінің құзыретіне, өкілеттілігіне сәйкес нормативтік актілер шығарады. Олар Конституцияға нұқсан келтірмеуге міндетті. Конституіщяның талаптарының дұрыс орындалуын Президенттің аппараты мен Конституциялық Кеңес бақылап отырады.

Республика Конституциясында көрсетілген жағдайда Президент заң күші бар және жай жарлықтар шығарады. Республика Президентінің жарлықтары Конституция мен Республика заңдарының негізінде және оларды орындау үшін шығарылады. Республика Президентінің жарлығымен:

1. Республика Президентінің актісін шығаруды талап ететін Президенттің конституциялық өкілеттігі жүзеге асырылады.

2.      Конституцияда және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілік заңдарында белгіленген мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді жүмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері шешіледі.

3.      Парламенттің заңды міндетіне кірмейтін, сондай-ақ Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың занда көрсетілген міндеттеріне жатпайтын мәселелерді құқықтық жүйелендіру жүзеге асырылады.

4.      Республиканың экономикалық және саяси-әлеуметтік дамуы жөніндегі стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер кабылданады.

Республика Парламентінің актілері: Парламент Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Республиканың заңдары, оның ішінде Парламенттің Конституциялық және зандарды қолдануды енгізу мәселелері жөніндегі Парламенттің нормативтік қаулылары түрінде заң актілерін қабылдайды, Парламент, өз құзыретіндегі мәселелер бойынша, сондай-ақ дара сипатты қаулылар қабыл­дайды. [2,28]

Парламент пен Палаталар өз құзыретіндегі мәселелер бойын­ша үндеулер, декларациялар, мәлімдемелер және заңдық сипаты болмайтын өзге де актілер қабылдауға хақылы. Парламент заң актілерін және басқадай актілерді палаталар бірлескен отырыста­рында қабылдаған кезде дауыс беру Палаталар бойынша бөлек жүргізіледі.

Үкімет актілері - зандардың және Республика Президенті актілерінің негізінде және соларды орындау үшін шығарылатын Үкіметінің нормативтік актілері және жеке қаулылары. Үкімет актілері алқалық отырыстарында дауыс беру арқылы қабылданады, оған Премьер-Министр қол қояды. Премьер-Министр өз құзыреті бойынша жеке өкімдер шығарады, Үкімет қаулыларының және Премьер-Министрдің өкімдерінің Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. Үкімет қаулыларының күшін Республика Президенті мен Үкіметтің өзі, ал Премъер-Министрдің өкімдерінің күшін Республика Президенті немесе Премьер-Ми­нистр жоя алады.

Нормативтік - құқықтық актілер — ресми заңды нормативті мемлекеттік күші бар нормалар.

Нормативтік актілер мемлекеттік билікті, саясатты орындайтын, қоғамның халықтық мүдде-мақсатын іс жүзіне асыратын ең сенімді, шешуші құрал. Оның құқықтың басқа негіздерінен ерекшелік белгі-нышандары:

-   нормативтік актілер мемлекеттің өкілетті органдарының бекіткен немесе жалпы халықтық референдумда қабылданған нормалар;

- нормативтік актілердің мемлекеттік күші бар құжаттары ерікті орындалмаса, оны еріксіз орындату мемлекеттік органның міндеті;

-  нормативтік актілер ресми түрде: заң, қаулы, жарлық, ереже т.б. болып шығады, олардың занды нысандары болады;

-  нормативтік актілер жалпы қоғамдық, күрделі қатынастарды реттеп, басқарады.

Нормативтік актілердің түрлері:

-  занды күшіне қарай нормативтік актілер екі топқа бөлінеді: заңдар және заңға тәуелді нормалар. Мемлекеттің дәрежесі жоғарылаған сайын нормативтік актілердің де занды күші жоғарылай береді.

-   нормативтік актілердің мазмұнына қарай бірнеше түрге бөлінеді: өндірістік, шаруашылық, әлеуметтік, мәдени т.б. қоғамның салаларына сәйкес;

-  нормативтік актілердің іс-әрекетінің шеңберіне қарай үш түрі болады: қоғамдық іс-әрекеттер, шектеулі іс-әрекеттер, төтенше іс-әрекеттер;

-  субъектілеріне қарай (нормаларды қабылдаған мемлекеттік органдар) нормативтік актілер үш топқа бөлінеді: заңды шығарушы органдардың актісі; заңды орындайтын органдардың актілері, сот жүйесінің актілері.

Заң - қазіргі заманда мемлекеттің ең жоғарғы нормативтік актісі. Ол қоғамдағы ең күрделі, маңызды мәселелерді, қатынастарды қамтиды. Заң қоғамдағы барлық нормалардың "Атасы"— деуге болады. Заңның белгі-нышандары:

-  заң парламентте немесе жалпы халықтық референдумда қабылданады;

-  заң күрделі, маңызды мәселелер бойынша қабылданады;

-  заң арнаулы процедура арқылы қабылданады (ол төрт-бес кезеңнен өтуге тиісті);

-  занды ешқандай орган тексере, өзгерте алмайды;

-  заң қоғамдағы нормалардың кіндігі, атасы.

Заңның үстемдігі арқылы қоғамдағы заңдылық, тәртіп қамтамасыз етіледі. Заң арқылы қоғамның мүдде-мақсаты, мемлекеттік билік, саясат іс жүзіне асады. Заң арқылы адамдардың бостандығы мен құқықтары, демократияның басқа да талаптары қалыптасады.

Қазақстан мемлекетінің Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғарғы өкілді органы (49-6. 1-т.). Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды шығаруға хақылы.

Заңға тәуелді нормативтік актілер - бұл актілер төрт түрге бөлінеді: жалпы қоғамдық, жергілікті, ведомствалық және мекемелік актілер.

Жалпы қоғамдық актілер — мемлекеттік әкімшілік-территориясына толық заңды күші бар актілер (Президенттің жарлықтары, Үкіметтің қаулылары). Жергілікті басқару органының актілері - маслихаттың шешімдері, әкімдердің бұйрықтары. Ведомстволық актілер министрліктердің бұйрықтары, шешімдері, инструкциялары. Мекемелердің өз аппаратының ішкі тәртібін реттейтін актілер[3,135].

Сот билігінің актілері — Конституцияның 75-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот билігі азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен занды мүдделерін қорғауды жүзеге асыруға арналған. Сот билігі Республикамыздың нормативтік актілерінің және халықаралык шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады. Сот билігі сот ісін жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Соттың шешімдері, үкімдері, өзге қаулылары сондай-ақ олардың занды өкімдері, талаптары, тапсырмалары мен басқа өтініштері Республиканың бүкіл аумағында барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшін міндеті болып табылады.

Сот төрелігінің қағидалары:

-  адамдардың кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі;

-  бір құқық бүзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды;

-  айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес;

-  адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыптаушының пайдасына қарастырылады.

-  Заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды.

-   қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берілмейді (Конституцияның 77-бабы).

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты - жалпы юрисдикция соттарының қарауына жататын азаматтық, қылмыстық және басқа істер жөніндегі мемлекеттегі сот билігінің жоғарғы органы. Заңда көзделген іс жүргізу нысандарында олардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады, сот тәжірибесінің мәселелері бойынша түсініктемелер беріп отырады (прецеденттік түсінік береді).

Конституциялық бақылау Қазақстан Республикасында Конституциялық Кеңестің құзыретінде. Ол маңызды демократиялық институттың бірі болып саналады, Конституцияның үстінен карауды және оның тікелей ықпалын қамтамасыз етуді, азаматтардың жоғарғы деңгейдегі құқықтары мен бостандықгарын қорғауды, биліктің бөлісу қағидаларын орындауды т.б. жауапты қызметтерді атқарады.

Заңнамада, құқықтағы сияқты, оның ішкі құрылымы болып табылатын өз жүйесі бар. Алайда, бұл түсініктерді келесі негіздер бойынша ажыратқан жөн:

1) егер құқық жүйесінің алғашқы элементі болып норма табылса, заңнама жүйесінің алғашқы элементі болып нормативтік акт табылады;

2) егер құқық жүйесі мазмұны түрінде көрініс тапса, заңнама жүйесі нысаны түрінде көрініс табады;

3) егер құқық жүйесі объективтік түрде, қоғамдық қатынастарға сəйкес қалыптасса, заңнама жүйесі субъективтік сипатқа ие, себебі, заңшығарушыға тəуелді болып келеді;

4) егер құқық жүйесі негізгі, алғашқы сипатты иеленсе, заңнама жүйесі туынды сипатқа ие, себебі, алғашықысы екіншісі үшін негізгі база болып табылады;

5) құқық жүйесі мен заңнама жүйесі көлемі бойынша ажыратылады: заңнама, бір жағынан, нормативтіліктің барлық түрлерін қамтымайды, себебі, құқық заңнамамамен қатар əдет нормаларынан, нормативтік шарттардан жəне заңды прецеденттерден де көрініс табады; екінші жағынан, нормалардың атауларынан басқа да элементтерді қамтиды – преамбулалар, тараулардың бөлімдердің, баптардың атаулары жəне т.б.

Құқық жүйесі объективтік құбылыс. Ол қоғамның диалектикалық даму процесінің объективтік заңдылықтары арқылы өмірге келеді. Бір жағынан, құқықтық нормалар субъективтік жолмен қалыптасады. Екінші жағынан, құқықтық нормалар қоғамның объективтік табиғи даму процесінің тілегіне сәйкес қалыптасып елдегі әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеп, басқарып жатады. Сондықтан мемлекеттік органдар қүқықтық нормаларды өз бетімен, қалай болса солай қабылдай салмайды. Қоғамның әлеуметтік қарым-қатынастарының даму процесіне сәйкес қүқықтық нормалар жан-жақты талқыланып, бекітіледі. Қоғамдық қатынастарды реттеп, басқару процесінде нормативтік актілер сала-салаға, жүйе-жүйеге бөлініп, дамып жатады. Сөйтіп құқық жүйесі қалыптасады. [4,98]

Заң шығару жүйесінің өмірге келу жолы басқа. Бұл жүйе басым түрде субъективтік процесс арқылы қалыптасады. Қоғамдағы қарым-қатынастарды жақсы дамыту үшін нормативтік актілерді дер кезінде қабылдап, елді, мемлекетті дағдарысқа ұшыратпай басқару керек. Бұл мәселемен мемлекеттің заң шығару бағытындағы аппараттары шұғылданады. Осылай қоғамда заң жүйесі қалыптасады.

Заң жүйесі дегеніміз - құқықты құрастыратын (калыптастыратын) нормативтік актілердің жиынтығы (негіздері). Нормативтік актілерсіз, заңсыз құқық болмайды. Заң жүйесі мен құқық жүйесі бір-бірімен тығыз байланысты.

Заң шығару жүйесінің негізгі салалары:

1. Бір салалық қатынастарды реттейтін заң жүйесі. Заң жүйесінің бұл түрі құқық жүйелерімен үқсас. Мысалы: азаматтық құқық, әкімшілік құқық т.б.

2.   Саланың өз ішіндегі қатынастарды реттейтін заңдар нормативтік актілер. Мысалы: азаматтық құқықтың ішіндегі авторлық құқық; жер-су заңдарының ішіндегі тау-кен, экология туралы зандар т.б.

3.  Кешенді зандар жүйесі (бірнеше салаларды қамтитын заңдар). Мысалы: шаруашылық, транспорттық т.б. зандар. Бұл заң жүйелері қоғамның бірнеше салаларының ұқсас қатынастарын реттеп отырады.

4.  Қорғаныс - әскери заң жүйелері. Бүл жүйе құқық жүйесінің басым көпшілігін біріктіреді. Мысалы: мемлекеттік, әкімшілік, қаржы, жер, қылмыстық т.б. құқық салаларын біріктіреді.

Әскери заң жүйесі арнаулы, ерекше заң саласы болғанмен, қоғамдағы құқықтың негізгі қағидаларын қатаң сақтауға тиіс: азаматтардың теңдігін, бостандығын т.б.

Заң жүйесі объективтік жолмен қалыптасқан нормативтік актілерді субъективтік тұрғыдан біріктіріп, дамытып отырады. Құқықтың дамып, қалыптасу кезеңдері:

1. Қоғамдағы қарым-қатынастардың өмірге келіп сала-салаға бөлінуі.

2.Қатынастарды реттеп, басқару үшін құқық жүйелерінің қалыптасуы.

З.Объективтік тұрғыдан қалыптасқан құқықтық нормаларды заң жүйесіне айналдыру. Сөйтіп құқықтың рөлін, маңызын күшейту, олардың қолдануын жеңілдету, нормативтік актілердің орындалуын жақсарту.

Әр елдің құқық жүйесі халықаралық құқықпен тығыз байланысты болады. Барлық мемлекеттер ол құқықты дүрыс орындауға міндетті. Өз нормативтік актілерін осы халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауға тиіс. Егер қайшылықтар болса, халықаралық құқықтың нормалары басым болады.

Құқық және заң жүйелерінің даму бағыттары - құқық пен заңның дамуы қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік реформаларға байланысты. Бұл процесте құқық пен заңның мазмұны да, сапасы да терендеп, жақсара түседі. Құқық және заң жүйелерінің даму бағыттары: 1). Қоғамдағы диалектикалық құбылыстардың құқық пен заңды объективтік тұрғыдан дамытуы; 2). Құқық жүйесінің дамуы; 3). Заң шығармашылық процестің сапасының жақсаруы.

Қоғамның диалектикалық даму процесінде адамдар мен құқықтың өзара байланысы жақсарып, шеңбері кеңейіп, адамдардың бостандығы мен құқықтары нормативтік актілердің негізгі қызметіне айналып, жеке тұлғалар құқығы қоғамдағы ең кұрделі, ең маңызды қүқық саласына айналуы объективтік процесс. Сөйтіп, келешекте мемлекет пен қүқықтың міндеттері мен бостандығы бірте-бірте теңесуге тиісті. Бұл құқықтық мемлекет кезінде шындыққа айналады. [5,113]

Қоғам объективтік даму процесінде көп мәселені реттеп, басқаруды бірте-бірте қоғамдық ұйымдарға, бірлестіктерге, ұжымдарға беріп, құқықтың қызметі азая беруі өмірге келеді. Бұған күмән келтіруге болмайды. Мұндай процесс мемлекетаралық, халықаралық құқықта да болуы мүмкін.

Келешекте құқық жүйелері де дамып, сапалы өзгерістерге ұшырауы объективтік процесс. Бірнеше құқық салалары бірігіп, нормативтік актілердің кешенді жүйелері қалыптасуы әбден мүмкін. Бұл процесс нормалардың мазмұнын, сапасын, маңызын жоғары деңгейге көтеруі даусыз деуге болады.

Жоғарыда көрсетілген құқық жүйесінің келешекте объективтік даму процесі міндетті түрде заң шығармашылық қызметті де көтеруге, жақсартуға объективтік, занды негіз деп толық сеніп айтуға болады. Қоғамның даму процесінде заң шығармашылық қызметті бірте-бірте Парламенттен төменгі органдарға беруге болатынына сенуге болады. Ол органдар өздерінің әкімшілік территориясында мәселелердің басым көпшілігін өздері толық реттеп, басқаруға көшуі мүмкін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі