Экономические науки/ 2. Финансовые отношение

 

Капанова Шолпан Аманжоловна

«Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі

Сағынбайұлы Наурызбек

«Қаржы» мамандығының 2 курс студенті,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы

Кәсіпорынның айналым капиталының экономикалық мәні мен маңызы

Кәсіпорындар мен ұйымдар өзінің меншігіндегі  активтерін сол кәсіпорындарды басқару, өнім өндіру, басқадай заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсету, яғни ұйымның алдағы уақыттарда табыс табуы үшін пайдаланады. Осы активтерді пайдалану арқылы алдағы уақыттарда алынатын кіріс - кәсіпорындар мен ұйымдардың ақшаларына тікелей немесе жанама түрде келіп қосылып оның көлемін арттырып отырады. Жалпы бұл үлестің көбеюі кәсіпорынның негізгі немесе  негізгі емес қызметтері нәтижесінде пайда болуы мүмкін.

Айналым қоры – бұл өндірісті үдерістің міндетті, ал өнімнің өзіндік құнының негізгі бөлігі (элементі). Оның негізгі өндірістік қорлардан ерекшелігі – айналым қоры әрбір өндірістік циклде толығымен тұтынылып, өзінің құнын өндірілген өнімге толығымен өткізеді.

Айналым капиталы - өндірістік айналым қорлары айналыс қорларды құруға және олардың үздіксіз айналымдылығын қамтамасыз ететін алдын ала бөлінген ақшалай қаражаттарының жиынтығы. Сонымен қатар айналым капитал – бұл кәсіпорынның айналмалы қаражаттарына инвестицияланған капиталдың бөлігі.

Айналым қаражаты – өнім өндірумен оны сатудың үздіксіз үдерісін қамтамасыз ету мақсатында өндірістік айналыс қорларын құру үшін бірлестіктерге, кәсіпорындарға, ұйымдарға алдын ала берілетін ақшалай қаражаттың жиынтығы.

Айналым қаражатының қызметі өнімді өндіру және сату кезеңдерінде төлем-есеп айрысу жұмыстарынан тұрады. Міне, бұл жағдайда өндірістік айналым қорының қозғалысы дер кезінде материалдық факторлардың айналымын қалпына келтіруге, ал айналым қаражатының қозғалысы – ақша, төлем айналымына жалғасады. Айналым қаражатының жіктелуін 1-суреттен көруге болады.

 Айналым қаражаты ауыспалы үдерістеріне қарай:

- өндірістік айналым қоры;

- айналыс қоры.

Қалыптастыру көздеріне қарай:

-қарыздық;

- меншікті.

Жоспарлау ерекшеліктеріне қарай:

- мөлшерленетін;

- мөлшерленбейтін.

Сурет 1. Айналым қаражатының жіктелуі

 

Кәсіпорынның айналым капиталы айналыс жасай отырып, ұдайы қолданыста болады. Айналыс өрісінен олар өндіріс аумағына, кейін өндірістен – қайтадан айналыс өрісіне т.с.с өтіп отырады. Ақшалай қаржылардың айналымы кәсіпорынның өндіріске қажетті материалдық ресурстар және өзге де элементтермен төлем жүргізуден басталып, осы шығындардың өнімді сатудан түскен ақшалай табыс түрінде қайтуымен аяқталады. Бұдан соң кәсіпорын қаражаттарын материалдық ресурстар сатып алуға қайта жұмсап, оны өндіріске жөнелтеді.

Айналым қоры өндірісте пайдалануға немесе белгілі бір жұмыс пен қызметті орындауға арналған шикізаттар, материалдар, сатып алынған жартылай өңделген өнімдер, құрастырушы өнімдер, отын, ыдыс, ыдысқа арналған материалдар, жартылай фабрикаттар, қосымша материалдар, қосалқы бөлшектер т.б. материалдар аяқталмаған өндіріс түрінде болады. Өнім бірлігіне жұмсалған шикізат, материалдар, отын мен энергия шығыны неғұрлым аз болса, соғұрлым үнемді әрі оның өзіндік құны арзан болады.

Өндірістік айналым қорлары өндіріске өзінің табиғи–заттық күйінде түседі де өнім дайындау кезінде толығымен тұтынылып, жасалатын өнімнің өзіндік құнына өтеді. Айналым қорына қарағанда айналым капиталы экономикалық санат ретінде кең мағына береді. Ол айналым қоры мен айналыс қорынан тұрады.

Айналыс қоры – өндіріс үдерісіне тікелей қатыспайды, алайда өндіріс және айналыс бірліктерін қамтамасыз ету үшін қажет.

Айналыс қорлары кәсіпорынның сатуға арналған дайын өнімі мен ақша қаражатынан тұрады. Айналыс қорлары құн түзуге қатыспайды, бірақ түзілген құнның қайтарымын қамтамасыз ететін аса маңызды тетік болып табылады. Айналыс қордың негізгі қызметі – ақшалай қаражатпен айналым үздіксіздігі мен бірқалыптылығын қамтамасыз ету.

Айналым капиталын басқару айналым капиталының өте аз көлеміндегі үдерістің үздіксіздігі мен өнімді өткізуді қамтамасыз етуге негізделген. Бұл – кәсіпорынның айналым капиталын  бүкіл айналым сатыларында міндетті түрде ең аз мөлшерде, бірақ жеткілікті көлемде болуы тиіс дегенді білдіреді. Айналым капиталы үнемі айналымның барлық үш сатысында болады және олар ақша қаражаттары, материалдар мен аяқталмаған өндіріс өнімі, дайын өнім түрінде болады.

Айналым қаражаты өндіріс үдерісінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді.

Айналым капиталының элементтері өндіріс саласынан айналым аясына үздіксіз өтіп, өндіріске қайтадан оралады. Айналым капиталының бөлігі өндіріс саласында, ал басқа бөлігі – айналыс аясында үнемді болады. Сондықтан  кәсіпорынның айналым капиталының құрамы мен мөлшері өндірістің қажеттілігімен ғана емес, айналыс қажеттілігімен де байланысты.

Кесте 1

Кәсіпорын капиталының құрылымы

 

Көрсеткіштер

Негізгі капитал

Айналым капиталы

Кәсіпорынның меншік капиталы

Негізгі қаражаттар

Негізгі қор

Өндірістік айналым қоры

Айналыс қоры

Кәсіпорынның қарыз капиталы

Ұзақ мерзімді міндеттемелер

Қысқа мерзімді міндеттемелер

 

 1-ші кесте бойынша кәсіпорын капиталының құрылымына, яғни олардың қалыптасу көздері мен қаржыландыру жолдары берілген.

 Кәсіпорынның меншікті капиталы арқылы негізгі капитал мен айналым капиталы қалыптасады, ал оларды қаржыландыру ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді міндеттемелер арқылы жүзеге асырады.

Қорыта айтқанда, өндірістік айналым қорды пайдалануды жақсарту және үнемдеудің экономикалық тиімділігі аса үлкен, өйткені олар кәсіпорынның өндірістік және шаруашылық қызметінің барлық тараптарына оң әсер етеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Кадерова Н.Н. Корпоративтік қаржы: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2008. -376 бет.

2. Корпоративные финансы/под ред. В.В. Бочаров- СПб: Питер, 2007,793 с.