ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ САБАҒЫНДА АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Алимбаева Гүлсим Торемахановна

 

Тараз қаласы, №38 орта мектебі

 

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және азаматтық құндылықтар мен іс-тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желіге шығу» -делінген. Осыған орай бүгінгі мұғалімдердің алдында оқушының білім, білік, дағдыларын игертіп қана қоймай, олардың дүнитанымын қалыптастыруда яғни, қабылдауын, ойлауын, қиялын, сезімдерін, ерік-жігерлерін жан-жақты дамытып, шығармашыл, өз бетімен жұмыс жасай білетін, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны дамыту міндеттері тұр.

Жалпы білім берудің мақсаты-терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі дамытудағы адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдерді қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру, яғни жеке тұлғаны қалыптастыруға негізделген, ақпаратты технологияны терең меңгерген, жылдам өзгеріп жататын бүгінгі заманға лайықты, жаңашыл тұлғаны қалыптастыру.

Оқу процесінде оқыту технологиясы мен әдістеме бір-бірімен тығыз байланысты. Әдістеме ғылымы «Нені оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «Қалай нәтижелі оқытуға болады?» деген мәселенің шешімін іздейді. Олардың мақсаты бір, яғни оқытудың тиімді жолдарын қарастыру. Оқытудың тиімді жолдары оқытудың әр түрлі әдістері арқылы анықталады.

Көптеген жаңа технологиялармен қатар соңғы кездері қазақ тілі және қазақ әдебиеті сабақтарында ақпараттық технологиялар жиі қолдануда. Жаңа ақпараттық технологиялар дегеніміз-білім беру ісінде ақпараттарды даярлап, оны білім алушыға беру процесі. Бұл процесті іске асырудың негізгі құралы компьютер болып табылады, сол себепті қазіргі мектепке шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген, шеберлігі қалыптасқан жаңа ақпараттық технологиялардың тілін білетін ұстаз қажет.

Білім беру процесін ақпараттандыру оқушыға білім берумен байланысты болғандықтан академик В.М.Глушковтың айтуынша, «Ақпараттық технологиялар» ақпаратты өңдеумен байланысты процестер болып табылады. Ал білім беруде компьютерді және оның құралдарын пайдалана бастаған кезде оқытудың ақпараттық технологиялары ұғымы, редактор, электрондық кесте, мәліметтер базасы, графиктік редактор, мультимедия және коммуникациялық технологиямен  сипатталады.

Ақпараттық технологияның бірі-интерактивті тақта, мультимедиялық және он-лайн сабақтары. Жаңа ақпараттық технологияның негізгі ерекшелігі-бұл оқушыларға өз бетімен немесе бірлесе отырып шығармашылық жұмыспен шұғылдануға, ізденуге, өз жұмысының нәтижесін көріп, өз өзіне сын көзбен қарауына және жеткен жетістігінен ляззат алуға мүмкіндік береді. Ол үшін мұғалім өткізетін сабағының түрін дұрыс таңдай білуі қажет.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін оқытуда да ақпараттық технологияларды қолданудың мүмкіндіктері өте мол. Мәселен, 5-сыныпта әдебиетпен танысу халық ауыз әдебиетінен басталады.. Бұнда оқушылар тұрмыс –салт жырлары, мақал-мәтелдер, ертегілер сияқты ауыз әдебиеті үлгілерімен танысады. Оқушылардың мақалдарды түсініп, есте сақтауын қамтамсыз ету мақсатында интерактивті тақтаның көмегі зор. Мұғалім тақтаны сурет салу редакторы арқылы тақтада мақалдарды ребус түрінде сала отырып оны көрсетіп, оқушылардың шешуін сұраса, поэзияны оқытуға тоқталатын болсақ, бұнда да ақпараттық технологияның алар орны зор. Оқушыларға әуелі слайд көрсету арқылы өлең авторының өмір жолымен таныстырып, осы өлеңнің шығу тарихына ерекше тоқталып, мазмұнын меңгеріп, электронды оқулықта берілген әр түрлі интерактивті тапсырмаларды орындатамын. Жоғары сыныптарда роман, повесть, әңгімелерді оқыту үлкен қыйыншылықтарға әкеліп соғады, себебі балалар кітап оқып отырғаннан гөрі, компьютерде көбірек отырғанды қалайды. Осы мәселенің шешуін де ақпараттық технологиялар көмегімен табуға болады. Мәселен, романды  оқуға екі немесе үш сағат берілсе, білімді бекіту сабағында электронды оқулық бойынша тест тапсырмасы ретінде шығармашылық топ құрып, соларға осы роман немесе әңгімеден үзінді кино қылып түсіріп, келесі сабақта интерактивті тақта арқылы сол киноны сыныпқа көрсетуге болады. Міне, осындай ақпарат құралдарының көмегімен сабаққа қатысу белсенділігі төмен оқушылардың да қызығушылығын арттыруға болады.

Қазақ әдебиеті сабақтарында ақпараттық технологияны қолдану келесі жұмыс түрінде де қолданысын табады. Бұл оқушылардың аса шығармашылығын талап ететін жоба жұмысы. Бұл жұмыс түрін жүргізгенде оқушылар техникалық құралдарды қолдану арқылы тақырыптық жобасын дайындайды. Мәселен, сабақта ақын-жазушының шығармашылығымен танысу үшін арнайы топ құрылып, тақырып бойынша терең мағлұмат жинап, онымен бүкіл сыныпты таныстыру мақсатында балалар мұражай қызметшілерінен, белгелі әдебиетші, тарихшыларға барып сұхбат алып, тақырыпқа байланысты материалдарды суретке түсіріп, жалпы толық бейнематериал жинақтайды. Жиналған мағлұматтарды компьютер арқылы өңдеп, қасқаша деректі фильм етіп шығарады. Содан соң бұл фильмді сабақ үстінде сынып назарына ұсынады. Осындай өзгеше жұмыс түрлерін өткізу арқылы оқушылардың шығамашылық қабілеттерін дамытуға олардың пәнге деген қызығушылығын оятуға, дарынды тұлғаны қалыптастыруға әбден болады.      

Қазақ тілі сабағында логикалық жүйеге құрылған бағдарламаларды пайдалану арқылы өтілген тақырыптардан қайталау, пысықтау, мәтінді оқыту барысында талдау сияқты тапсырмаларды орындауға болады. Мысалы, 1.Қазақ тілі фонетикасын оқыту барысында сөздегі не сөйлемдегі дауысты, дауыссыз дыбыстар санын компьютерде анықтаудың бағдарламасын іздеп табады.

2.Сөз құрамында керекті әріпті табу,  бағдарламасын құра біл деп тапсырма беруге болады.

3.Тест арқылы тапсырманы сұрау, оған дұрыс жауап алу арқылы оқушы білімін бағалауға болады.

Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында жиі кездесетін сөздер мен сирек кездесетін сөздерді анықтауға оқушыларға жұмыс жасатамын. Мысалы, оқушыларға адамның ой сипаттарын қарастырап «Досымның портреті», «Менің көршім» сияқты шығармашылыққа бағытталған тапсырмалар беремін. Жұмыстарын ексере  отырып, нәтижесінде оқушылар көркем әдеби тілде өз ойын ұшқыр жеткізуге дағдыланады. Соңынан мұндай тапсырмаларды оқушылар бірінен – бірі оқу арқылы көркем әдебиет тілін кеңінен меңгереді.

Жаңа ақпараттық технологияның басты тиімділігі-бұл мұғалімге қазақ тілі мен әдебиет  сабақтарында оқу үрдісін түбегейлі өзгертуге, оқытудағы пәнаралық байланысты күшейте отырып, оқушылардың дүниетанымдарын кеңейтуге және қабілеттерін көре біліп, оны дамытуға толық жағдай жасауы.

Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында компьютерді пайдаланудың тиімділігін былай саралап көрсетуге болады.

1.Оқушы мен мұғалімнің арасындағы оң қатынастың болуына ықпал етеді. Олай дейтініміз, оқушылар компьютермен тікелей жұмыс істей отырып мұғаліммен тікелей қатысты болғандықтан өзін еркін сезінеді.

2.Компьютермен жұмыс барысында оқушылардың белсенділік, жауапкершілік және өзіндік шығармашылық қабілеттері қалыптасады. Оқушы өз бетінше еңбектенеді. Өз еңбегінің нәтижесін көреді. Өзін-өзі қадағалауға мүмкіндік туады. Тапсырмаларды мұғалімнің көмегінсіз орындайды. Сол арқылы ойлау және есте сақтау қабілеттері дамиды.

3.Берілетін материал бірсарынды болып, тек мұғалім ғана сөйлейтін болса, оқушылар тех шаршап жалығып кетеді де, сабақ сәтсіз аяқталады. Осындай көңілсіз жағдайларды болдырмау үшін қазақ тілі мен әдебиеті сабағында компьютер арқылы оқушылардың белсенділігін арттыратын жаңа технологияның  элементтерін көптеп қолдануға болады. Мысалы СТО стратегияларын, дидактикалық үлестірмелер, түрлі ребустарды шешу, суреттермен жұмыс, кроссвордтарды шешу жолдарын жатқызуға болады.

Ақпараттық технологияның мұғалім жұмысына  ең тиімдісі - оқушылардың білім олқылықтарына үнемі зерттеу жасап, түзету жұмыстарын жүргізуге пайдасы бар. Қазіргі заманның даму қарқыны мұғалімдерден шығармашылығын жаңаша, ғылыми зерттеу бағытында құруды  талап етеді. Сондықтан, ХХІ ғасырдың ақпараттық технологиялары дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы-жас ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, жан-жақты дамуына ықпал ету мұғалімнен шығармашылық ізденісті, үлкен сұранысты талап етеді.

Компьютер және ақпараттық технологиялар арқылы жасалып жатқан оқыту процесі оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырап, оларды жүйелік байланыстар мен заңдылықтарды табуға итеріп, нәтижесінде-өздерінің кәсіби дәрежесінің қалыптасуына жол ашады.

Бүгінгі таңдағы ақпараттық қоғам аймағындағы оқушылардың ойлау қабілетін қалыптастыратын және компьютерлік оқыту ісін дамытатын жалпы заңдылықтардан тарайтын педагогикалық технологиялардың тиімділігі жоғары деп есептейміз.

 

Пайдаланған әдебеттер:

1.Қазақстан Республкасы «Білім» туралы Заңы, 2007ж

2.Мұхаметжанова С.Т., Жартынова Ж.Ә. Интерактивті жабдықтармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері. Алматы, 2014ж

3.Жұмажанова Т., Дүйсебаев С., Мамырова Ә., Көпбаева З. Қазақ әдебиетінің әдістемесі. Алматы, 2013ж

4.Иманбаева А. Оқу-тәрбие үрдісін ақпараттандыру ділгірлігі. Қазақстан мектебі, №2, 2014ж