Омарова Г.Ж.

Абай атындағы ҚазҰПУ, аға оқытушы

 

БОЛАШАҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКАНЫҢ МАҢЫЗЫ

 

  Қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында өздігінше, еркін ойлау қабілеті бар, тәрбие, білім беру үдерісін модельдей алатын, тәрбие және білім берудің жаңа технологиялары мен жаңа идеяларын өздігінше іске асыра алатын болашақ мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің деңгейін арттыру өзекті мәселе, себебі, біріншіден, кәсіби құзыретті мұғалім мектептің оқу-тәрбие үдерісінде шығармашыл оқушылардың қалыптасуына дұрыс әсер етеді; екіншіден, өзінің кәсіби қызметінде жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады; үшіншіден, кәсіби мүмкіндіктердің іске асуына ықпал жасайды.  Жоғары дәрежелі кәсіби құзыреттілік болашақ маманның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

«Педагогтың кәсіби құзыреттілігі» ұғымын – оның кәсіби қызметін тиімді жүзеге асыру қабілеті деуге болады. Кәсіби құзыреттілік – педагогтың үш компоненттен тұратын интегралды сипаты, яғни когнитивтік (білім), операционалдық (қызметін жүзеге асыратын әрекеттер жиынтығы) және аксиомологиялық (өз басында белгілі құндылықтың болуы, оны бағалау және келешекке жобалау) [1] .

Кәсіби-педагогикалық құзырлылықты Н.В.Кузьмина пәндік, әдістемелік, психология салаларынан хабардар тұлға қасиеті деп қарастырады да, кәсіби-педагогикалық құзырлылық – бұл оқу-тәрбие міндеттерін өнімді шешу, мамандықты тұлға қалыптастыру құралына айналдыру қабілеті – деген анықтама береді [2].

Болашақ педагогтың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда педагогикалық практиканың  алар орны ерекше. Өйткені студенттердің яғни болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің  кәсіби педагогтік қызметке алғаш  араласуы осы практикадан басталады. Олар тұңғыш рет осында педагогтік жұмыстың  ерекшелігімен жанасады.

        Педагогикалық практика кәсіби қызметке кезеңмен енгізу ұстанымына негізделген. Ол оқу үдерісінің барлық кезеңдерін қамтып, әр курсқа сәйкес кәсіби даярлаудың мақсат, міндеттеріне қарай теориялық қамтамасыздық пен студенттерді даярлаудың  деңгейін күрделендіру жағдайында қарастырылған.

        Педагогикалық практика түрлерінің оқу жоспарына бірізділікпен жүйелі енгізілуі болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың ең басты алғашарты болып табылады. Сондықтан да бастауыш сынып мұғалімін дайындау мақсатындағы әрбір педагогикалық  практиканың өзіндік  ерекшеліктері, мақсат, міндеттері мен мазмұнының жүйесі болашақ маманның кәсіби іскерліктерінің дамып жетілуіне  ықпалын тигізеді. 

5В010200 - Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша білім беру бағдарламасында барлық оқу мерзіміндегі педагогикалық практиканың төмендегідей түрлері  қарастырылған:

1.   Педагогикалық мамандыққа кіріспе (1-курс, 2 семестр, 3 кредит).

2.   Кіші мектеп жасындағы оқушы тұлғасын психологиялық-педагогикалық диагностикалау (2-курс, 4-семестр, 2 кредит).

3.   Тәрбие жұмысының әдістемесі (2-курс, 4-семестр, 2 кредит).

4.    Бастауыш мектепте сабақ беріп көру практикасы (3-курс, ҮІ семестр, 6 кредит)

5.     Өндірістік практика мамандандырумен (4-курс, ҮІІІ семестр, 4 кредит)

 Педагогикалық практиканы студенттердің меңгерген теориялық білімдеріне негіздей отырып, бірізділікпен ұйымдастыру студенттерге мектептегі оқу-тәрбие үдерісінің ерекшеліктерімен бірте-бірте танысуға мүмкіндік береді.

1-2- курстағы оқу практикалары педагогикалық-психологиялық пәндерді оқумен сәйкес жүргізіледі. Бұл практикалардың негізгі мақсаты студенттердің мұғалім іс-әрекетінің әлеуметтік маңыздылығын, оның оқушы тұлғасының қалыптасуына ықпалын ұғынуы және бастауыш сыныптардағы оқу-тәрбие процесін бақылай отырып, оны диагностикалау, талдау дағдыларын меңгеруі болып табылады.

3-4 курстардағы педагогикалық практикалар – жеке пәндердің әдістемелері толық оқылғаннан кейін жүргізілетін белсенді практиканың түрлері. Олар алдыңғы педагогикалық практиканың логикалық жалғасы болып табылады.

3-курстағы «Бастауыш мектепте сабақ беріп көру» практикасы мектептегі оқу-тәрбие жұмысын өз бетінше жүргізуге болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби даярлаудың келесі кезеңін қамтиды. Практиканың бұл кезеңдегі мақсаты  - оқылған әдістемелік пәндердің негізінде педагогикалық білік пен дағдыны тәжірибеде қалыптастыру.

Осыған сәйкес педагогикалық практиканың міндеттері:

1. Мектептегі оқу-тәрбие жұмысын іске асыру барысында педагогикалық білім мен дағдыны қалыптастыру мен жетілдіру;

2. болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін төмендегідей кәсіби –педагогикалық әрекет түрлерін орындауға қатыстыру:

- оқу (пәндер бойынша сабақ және сабақтан тыс жұмыстарды жүргізу);

- тәрбие ( тәрбие жұмысын жоспарлау және оны сынып оқушыларымен жүргізу);

- әдістемелік (көрнекі-құралдар мен дидактикалық материалдарды дайындау).

4-курстағы «Өндірістік практика мамандандырумен» практикасының мақсаты – студенттерді болашақ бастауыш сынып мұғалімі қызметін тұтас атқаруға дайындау.

Педагогикалық практика барысында мынадай міндеттер шешіледі:

-                          оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға, басқаруға мұғалімнің даярлығын қалыптастыру;

-                           студенттердің оқу-тәрбие жұмысында жаңа педагогикалық  технологияларды жүзеге асыру біліктілігін жетілдіру;

-                          сыныптағы балалар ұжымының қалыптасуын зерттеу үшін жалпы педагогикалық білім, білік, дағдыларын жетілдіру;

-                          педагогикалық іс-әрекетке шығармашылық тұрғыдан қарауды қалыптастыру;

 Оқу жоспары бойынша «Өндірістік практика мамандандырумен» мамандандыру бойынша жүргізілетін практикаға ұласады. «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алатын студенттер ІІ курстан бастап өз қалауымен ағылшын тілі, информатика және музыка пәндерінің бірі бойынша қосымша мамандандырылады. Осыған сәйкес өндірістік практикада студенттерді өзінің мамандандырылған саласы бойынша (ағылшын тілі, информатика және музыка пәндерінің бірінен) бастауыш сыныптарда сабақ жүргізуге дайындаймыз.  

Байқап отырғанымыздай, практика кезіндегі студенттің қызметі кәсіби ұстаздың қызметіндей, іс-әрекеттің (білім беру, дамыту, тәрбие беру) және қарым-қатынастың (оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер, студенттермен) әр түрлілігімен сипатталады.

Қорыта келе айтарымыз, 5В010200 - Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығындағы педагогикалық практиканың жүйесі болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігінің қажетті деңгейін қамтамасыз ететінін көреміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Маркова А.К. Психология труда учителя. – М.: Просвещение, 1993.

2. Кузьмина Н.В. Профессионализм личности преподавателя и мастера производственного обучения - М. : Высшая школа, 1990. - 117 с