PhD докторант Алдашева К.С.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан

 

ЖОҒАРЫ СЫНЫП САТЫСЫНДА ЖАҢА СӨЗДЕРДІ МЕҢГЕРТУ: ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЖАС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Жоғарғы мектеп жасы – белсенді дүниетанымдық ізденіс кезеңі, осы кезеңде жеткіншектің алдында аса маңызды мәселе – өмірді тану, оған болжау, жоспар жасау тұрады. Бұл жайт жеткіншектің өзін-өзі бағалап, өзін-өзі анықтауын қажет етеді және бұл мектептің соңғы жылдарындағы білім алудың сипатына да әсер етеді. Осы кезеңде айналадағы барлық ақпараттарды, мағлұматтарды екшеуден өткізу, саралап қабылдау қалыптаса бастайды, рухани-мәдени құндылықтарды танып-білу және бағалау пайда болады. Осы жайтпен байланысты жеткіншек тілдегі өзгерістердің айқын көрінісі ретінде тілдің өз мүмкіндігі арқылы жасалған жаңа сөздерді осыған ұқсас басқа құбылыстардан айырып, оның артықшылықтарын дәйектей алады.

Жаңа сөздерді меңгертуге бағытталған оқу бағдарламасының білім мазмұнына сәйкес тапсырмалар мен жаттығу түрлерін ұсынуда осы жас кезеңіне тән аталған белгілерді ескере отырып, оқушылардың өз бетінше ақпарат іздеуіне басымдық беріледі, соның нәтижесінде ақпараттың көздерін өзбетінше таңдай отырып, оларды жеткізудің, жүйелеудің әдістерін барынша меңгереді. Ақпаратты іріктеу, оларға өзіндік көзқарасын таныту және іс-әрекет барысында жинаған білімін тиімді пайдалану, оларды өз тәжірибесінде тұрақтандыру сияқты сапалары қалыптасады.

Жоғары сынып оқушылары ересектер сияқты «қызмет ету үшін көп оқып, еңбектену қажет екенін, өз бетімен өмір сүріп, игіліктерді өндіру оңайға түспейтінін сезе бастайды. ...табиғат пен қоғамдық өмірдің құбылыстарының мәнін ұғуға, олардың өзара байланысын және бағыныштылығын түсіндіруге ұмтылады. Әруақытта да қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға өздерінің көзқарастарын білдіруге, өздерінің бағасын беруге бейім тұрады» [163, 118-119].

Осы тұрғыдан алғанда жеткіншек жастағы оқушы тілді қоғамдық құбылыс ретінде қабылдай отырып, оның шынайы мәні мен қызметін түсіне алады. Қоршаған ортада орын алып жатқан әрбір өзгерістің тілге тигізетін әсері жайында өзіндік пікірін қалыптастырып, оны тұрақтандырады. Бұл әсіресе тілдегі жаңа сөздер құбылысына қатысты айқын көрініс табады, себебі жаңа сөз тілдің қоғам өмірімен тығыз байланысын таныта отырып, оны тұтынушылар мен тіл арасындағы қарым-қатынастың өзегін айқындайды. Тілдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде өзіне қажеттісін таңдай отырып, жеткіншек өз ұстанымын көрсетеді. 

Тұлға мәселесі – психология ғылымының орталығындағы өте күрделі әрі көпқырлы мәселелердің бірі. Бүгінгі күнге дейін әлемдік және отандық психологияда тұлға ұғымына берілетін ортақ анықтама жоқ болғанымен, оны зерттеудің әдіснамалық тұжырымдары өте көп. Соның ішінде тұлға әлеуметтік мәнге және санаға ие адам ретінде қарастырылып, оны тұтас психологиялық құрылым ретінде зерттеу өзектілікке ие.

 Ана тілінің сөздік қорының белгілі бір бөлігін құрайтын жаңа сөздерді «тілдік капитал» ретінде және интеллектуалдық әлеуеттің басты көрсеткіштерінің бірі ретінде меңгерту, сол арқылы өз ұлтының тілінде таза сөйлеуді саналы түрде өзінің өмір сүру қағидасына айналдыру, тілдің өз мүмкіндігі арқылы жасалған жаңа сөздерге тіл келешегінің кепілі ретінде мүдделілік танытуына ықпал жасау және ұлтжанды, рухты тұлғаны қалыптастыру жоғары мектеп сатысында оң нәтиже береді. Бұл олардың ең алдымен жас ерекшелігімен байланысты дәйектеледі.

Психолог ғалым Қ. Сейталиев жеке тұлғаға тән үш ерекшелікті атайды, олар: тұрақтылық, бірлік және белсенділік [173, 91]. Жоғары сынып сатысындағы оқушыға жеке тұлға ретінде баға беруде осы аталған сипаттар басшылыққа алынады. Себебі жоғары сынып оқушысында «психикалық көріністердің өзгермелілігіне қарамастан, оның психикалық келбетінің салыстырмалы тұрақтылығы байқалады» және олар «тұтас, бірлікте қалыптасады, тәрбиеленеді», сондай-ақ жеткіншектің белсенділігі «қоршаған дүниені өзгертуге, түрлендіруге бағытталған көптеген және жан-жақты іс-әрекеттерді» қамтиды. Сондықтан да жаңа сөздерді менталды санада тұрақтандыру, сөйлеу тілінде нормаға айналдыру жеткіншектер психикасындағы жаңа құрылымдардың және психикалық қасиеттері мен сапаларының тұрақтала бастауымен байланысты осы кезеңде жоғары нәтиже береді.

Оқыту үдерісінде жеке тұлғаның псхологиялық келбетін жасаудағы биология ерекшеліктердің бірқатары – оқушылардағы психикалық үдерістерге, соның ішінде таным, зейін, қабылдау, ойлауға тән белгілер.

Жеткіншектерде танымдық үдерістердің дамуы айтарлықтай жоғары деңгейге жетеді және балалар ересектермен теңдей ақыл-ой жұмыстарын орындай алады. Ойлау теориялық деңгейге жетіп, сапасы жағынан өзгере бастайды. Олар түрлі теорияларды, көзқарастарды салғастыруға, яғни «ақиқатқа жетуге» ұмтылады.

Жоғары мектеп сатысындағы оқушының танымы сапалық жағынан айтарлықтай жетістікке жететінін және таным зияткерлік сапаға ие болатынын ескерсек, жаңа сөздерге қатысты жан-жақты білім осы кезеңде берілуі керек. Осымен байланысты оларға берілетін білім мазмұны жаңа сөздерге қатысты ғылыми ұғымдар жүйесін қамтиды. Осындай сипаттағы ақпараттар мен тапсырмалар кешені олардың ғылыми логикасының қалыптасуына ықпал етеді.

Әлем ақпараттар көзіне толған бүгінгі қоғам жағдайында жалпы мектеп оқушыларының зейінін дамыту өзекті мәселеге айналды, себебі ақпараттар ағынында оқушы үшін қажеттісін таңдап, оған зейінін шоғарыландыра білу де маңызды. Шоғырландыру – зейінге тән негізгі қасиеттердің бірі, оқу әрекетінің тиімділігі мен табыстылығы шоғарыландыруға байланысты. Мамандардың көрсетуінше, оқуға шоғырлануға қабілетсіз және оған қызығушылығы жоқ балалардың саны артып келеді, бұл айтарлықтай күрделі мәселе. Осымен байланысты қазір оқушылардың қызығушылығы мен уәждемесін арттыруға бағытталған жаңа оқыту әдістемелерін даярлау қолға алынған. Бұл мәселеде зейін маңызды рөл атқарады.

Жаңа сөздерді меңгерту үдерісінде оқушылардың зейінін шоғырландыру ұсынылып отырған оқу материалымен тікелей байланысты. Жеткіншек кезеңде оқушылар үшін шынайылыққа негізделген ақпараттар қызықты. Мәселен, жаңа сөздердің баспасөздегі көрінісі, мектеп оқулықтарындағы сипаты немесе күнделікті сөйлеу тіліндегі жаңа атаулардың қаншалықты деңгейде қолданыста жүргендігі жеткіншектер үшін шын мәнінде қызығушылық тудырып, олардың зейінін үнемі осы үдерістің қалай жүріп жатқандығына шоғырландыруға болады. Олар осы мәселенің қаншалықты маңызды екенін ұқққанда, бар зейінін саналы түрде осыған аударады. Бұл бастапқыда саналы түрде, кейін бейсаналы түрде сөйлеуде жаңа сөздерді қолдана бастауына ықпал етеді.

Жеткіншектердің зейін шоғырландыруда жаңа сөздерді меңгертуге бағытталған тапсырмалар мен жаттығулар кешенінің құрылымы да үлкен мәнге ие. Осы мақсатта ұйымдастырылған тапсырмалар интербелсенді әдістерге негізделіп берілді. Айталық, жобалау әдісі бойынша оқушыларға берілген тапсырмалар негізінде оқушылардың зейінін адамдардың күнделікті қарым-қатынас тіліне, БАҚ тіліне аудару мүмкін болады.

Қабылдау – қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне әсер етуінің нәтижесінде пайда болған сол заттар мен құбылыстардың тұтас қасиеттерінің адам санасындағы бейнесі. Жоғары мектеп жасында қабылдау перцептивті әрекеттерді меңгеруде, белгілі бір нысанды мақсатты түрде бақылауда, заттың, оқиғалар мен құбылыстардың елеулі белгісін бөліп алуда ауыспалы формада көрініс табады. Осымен байланысты жеткіншектер жаңа сөздерді және оларға қатысты ғылыми сипаттағы мәселелердің өзекті тұтастарын саналы түрде қабылдай бастайды. Олар алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда көрнекілік материалдармен ғана емес, түрлі нысандардың себеп-салдарлық байланыстарына қатысты материалдармен жұмыс істеуге бейім болады. Жаңа сөздермен байланысты ақпараттарды мақсатты түрде меңгеруге апаратын жол – ағымдағы тақырыпта қамтылатын мәселенің бір сабақ көлемімен шектелмеуі. Бүгін естіген жаңа сөздің немесе сонымен байланысты ақпараттың бір тақырып шеңберінде ғана емес, кейінгі сабақтарда да белсенділігін жоғалтпауды ескеру керек. Тапсырмалар әр сабақта алдыңғы айтылған жаңа сөздерді қайталату мақсатында ұйымдастырылса немесе оқушы жаңа жағдаяттарда бұрынғы білімді пайдалана алатындай болса, бұл олардың білімді тұтас қабылдауына алып келеді.

Жоғары сынып оқушыларының ойлауы олардың ғылыми білімді игеруін қамтамасыз ететін күрделі оқу қызметі жағдайында дамиды, бұл олардың тұлғалық дүниетанымының негізін қалыптастырады. Жоғары сынып оқушылары өзін-өзі қалыптастыруға бейім келеді. Ойлау жоғары сынып оқушысы игерген білім арқылы жүзеге асады. Бұл ретте логикалық пайымдау мен дұрыс ой қорытындысын алудың рөлі арта түседі. Жадының дамуы да жеткіншектердің зияткерлік қабілетімен байланысты, айталық, төменгі сыныптарда оқушылар жады арқылы ойланса, жеткіншектердің жады ойлау арқылы қалыптасады.

Қорыта келгенде, жаңа сөздерді бейіндік мектепте, яғни жеткіншек жастағы оқушыларға меңгертуде психолингвстикалық және психологиялық категориялардың мәнін ескерудің маңызы зор. Бұл жаңа сөздерге қатысты теориялық білімнің толыққанды болуын және тілдегі жаңа сөздердің қалыптануы мен нормалану үдерістерінің тиімді жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Жеткіншек кезеңде оқушы тілдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде жаңа атаулардың қалыптануы мен нормалануына саналы түрде үлес қоса бастайтындығын жоғарыда талданған психологиялық категориялардың осы жас кезеңіндегі сипаттары дәлелдей түседі.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.       Сейталиев Қ. Педагогиканың жалпы негіздері. Оқу құралы. – Алматы: «Өлке», 2009. – 232 б.

2.       Сейталиев Қ. Жалпы психология. Екінші басылымы. – Алматы: «Білім», 2012. – 360 б.