Содикова Дарига, Орынбай  Гүлнұр, Джанталиева Акжаркын,

Мажитаева Шара

Е.А.Букетов ат. КарМУ, Карағанды

 

КАЗАК ЖАЗУЫН ЖЕТIЛДIРУДЕГI  А.БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ КЫЗМЕТI

 

ХХ ғасыр басында тікелей оқу-ағарту ісімен немесе әдеби­етпен айна­лысқандарды ғана емес, бүкіл қазақ қоғамын алаңдатқан үлкен проблема болды. Ол – жазу, алфавит мәселесі. Қазақ мәдениеті тарихында алфавит, емле мәселесінің өз орны бар. Өйткені жазу – мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі.

Қазақ халқы өзге түркі халықтары сияқты 4-5 ғасыр бойы араб жазуын пайдаланды. Көпшілікке мәлім, қазақ жа­зуын (араб гра­фи­касы негізіндегі) басқа графикаға көшіру мәселесі ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бас­тап көтерілген болатын. Сол уақыттағы бас­пасөз беттерінде араб жазуының кемшілік жақтарын, оның түркі тілдеріне жарамсыздығын айтып сынаған мақалалар кез­де­седі. Кей мақаланың авторлары араб  жазуының қазақ ті­лі­нің ды­быс­тық жүйесін толық бере ал­май­тындығын, бас әріптердің, тыныс белгілерінің жоқ­тығы оқу­да қиындық ту­ғызатынын көрсете келіп, қазақ жазуын жетілдіру керек не басқа алфавит алу керек деген пікір айтады. Қа­зақ оқы­ғандары, оның ішінде Ы.Ал­тын­сарин тәрізді ағар­тушылар, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қа­лыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін дұрыс бере алатын жаңа ал­фавит қабыл­дау­ды, не осы жазуды біраз жетілдіруді күн тәртібіне  қоя  бастады. Міне, осы пікір ағымын өз мақ­сат­та­рына шеберлікпен пайдаланған Н.И.Ильминский бас­таған мис­сио­нерлер араб жазуының кемшілік­терін сынай отырып, қазақ жа­зуын бірден орыс графикасына көшіру идеясын қызу уағызда­ды.

Араб жазуын басқа графикамен алмастыру мәселесі ХІХ ға­сырдың екінші жар­тысында көтерілгенімен, бірақ өз шешімін таба ал­май аяқталды. Ахмет Байтұрсынов ХХ ғасырдың бас кезінде араб әліп­­песін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіру мақсатымен өз­герістер ен­гізумен шұғылданады. Ол қазақ әліппесін жүйелеп, оқу құралдарын жасады, фонетика,  грамматика саласын зерт­теп, қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы зерттеулер жазды.

ХХ ғасыр басында Ресейге қарайтын елдерде алфавит жөндеу жұмысы қолға алына бастады. Түркі халықтарының ішінде бірінші бо­лып  Әзірбайжанда  Мырза  Фа­тали Ахундов араб жа­зуын латын алфа­витіне алмастыру идеясын айтты. Пат­ша­лық Ресейде  бұл мәселені ше­шу  мүмкін емес еді,  өйткені патша өкіметі қа­рама­ғын­дағы ел­дің бар­лығына орыс гра­фикасын ұсын­ды. 

Бұдан кейінгі алфавит мәселесі А.Байтұрсыновтың және ол шы­ғарған "Қазақ" газетінің /1913-19/ қызметімен тікелей бай­ла­нысты.  А.Байтұрсынов 1910 жыл­дардан бастап араб жа­зуы таза сол күйінде қазақ тілі үшін қолайлы еместігін байқап, оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайта түзуді қолға алды. Араб алфавитін қазақ тілінің фонетикалық ерек­шеліктеріне сәй­кес­тендіру мақсатын көз­деген ең­бектерге А.Байтұрсыновтың "Айқап" журналы мен "Қазақ" газетінің бет­терінде 1912-1919 жыл­дардағы жарияланған тіл, емле, ал­фавит ту­ралы мақа­ла­лары, құрас­тырған әліппелері, оқу құралдары жатады.

Қазақстанда оқу-ағарту жұмысымен шұғыл­данған қа­зақ хал­қы­ның басқа да зиялылары араб әліпбиін қазақ тіліне жақын­дату, ыңғайлау мәселелерімен ай­на­лысты. Мә­селен, сол тұстағы баспасөз беттерінде алфавит, емле жобаларын ұсынған И.Бей­сен­ба­ласының, Ә.Бөкей­ха­нов­тың, Ж.Жанталиннің, М.Дула­товтың т.б. мақалалары кез­деседі. Де­ген­мен де А.Байтұрсынов араб ал­фавитін тұңғыш ре­формалаушы, оған сәй­кес­тендіріп емле ере­желерін құ­рас­тырушы деп есептелінеді. Өйт­кені ол жасаған жаңа жазу үлгісі ел көңіліне бірден қонады. Оның ұсынған әліп­биін орыс ғалымдары "Бай­турсуновский алфавит" деп ата­­са, ал  Е.Д.По­­ли­ванов оған:" ...енді түзетуді қажет ет­пейтін, тарихи тұр­ғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық гра­фика" - деп жоғары баға берген болатын.

Ахмет Байтұрсынов ықшамдаған, рефор­малаған араб ал­фа­ви­тімен "Қазақ" газеті (1913-1919) шығып тұрған, көптеген көркем әде­биет шығармалары басылған. Оқы­ту­шылар, оқушылар және басқа да қазақтың, ноғайдың, татардың оқыған азаматтары А.Байтұрсынов ре­фор­малаған қазақ жазуын дұрыс деп тауып, күнделікті тұрмыста жап­пай қолдана бастады.

А.Байтұрсынов реформалаған қазақ гра­фи­касы ресми түрде тек 1924 жылы ғана Орынборда өткен қазақ-қырғыз білім­паздарының тұңғыш құрылтайында қа­был­данады. Бұл тәжіри­бені өзге түркі халық­тарының біразы (өзбек, ноғай, татар) қолдап, өз жазу­ларына өзге­рістер енгізе бастайды.

Бірақ сол тұстағы орталық басылымдарда және түркі бас­па сөзінде араб графикасын тастап, латын алфавитіне көшу туралы пікірлер, ұсыныстар да бел ала бастады.

1924 жылы Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаз­да­рының тұңғыш сиезінде қазақ жазуының негізіне қандай ал­фавит  қолайлы  деген мәселенің төңірегінде қызу айтыс болды.  Сиезде алфавит жайында баяндама жасаған А.Бай­тұрсыновтың: "... жаңа әріпке көшеміз, ла­тын әрпін аламыз деген әңгімені біржола доғару керек" - деген үзіл­ді-кесілді ұсынысынан кейін елімізде латын алфавитіне көшу ту­ралы қозғалыс бірсыпыра уақыт кең өріс ала алмады.

Дегенмен 1929 жылы қазақ жазуы латын графикасына негізделген алфавитке, ал 1940 жылы орыс графикасына негізделген алфавитке  көшірілді.

Сонымен айналдырған жиырма шақты жылдың ішінде алфа­витті 3 рет өзгерту  әдеби тіліміздің дамуын тежегені  сөзсіз.

 

Пайдаланылған әдебиет:

1. Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ әдеби тілінің мәселелері.  Қарағанды, 1997.

2.Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдеби тілі. Қарағанды, 2007.

3.Момынова Б. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 2013.