Бекенова Асия Кыкпаевна

А. Байтұрсынов атындағы  Қостанай мемлекеттік университеті, гуманитарлық -әлеуметтік факультеті, тіл және әдебиет теориясы кафедрасының

2 курс магистранты

Ғылыми жетекші: Қайпбаева Айжамал Қайпбаевна

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, А. Байтұрсынов атындағы  Қостанай мемлекеттік университеті. Қазақстан Республикасы

 

Фразеологизмдердің қазақ филологиясындағы зерттелуі

        Бір тіл – бір ұлт. Өмірде күллі тіршілік атаулының бар саласын қамтитын әр ұлттың тілінде өзіне тән, бейнелі сөз орамдары, тұрақты сөз тіркестері – фразеологизмдер көптеп кездеседі.

       Ғалым Гүлдархан Смағұлова «Қазақ фразеологиясы лингвистикалық парадигмаларда» атты еңбегінде былай дейді: «Тіліндегісін түрінде, түріндегісін тілінде» өрнектеген қазақтың бүгінгі сөйлеу мәдениеті фразеологизмдерге де қатысты. Әдеби тілдің мәйегі саналатын тұрақты тіркестердің лингвопрагматикалық әлеуеті тілді тұтынушының сан түрлі дискурстық сипатынан көрінеді. Фразеологизмдерді сөйлеу мен жазуда дұрыс қолданылатындардың тілдік танымында фреймдік үлгіде нақтылы ақпараттар жинақталады. Айтушының фразеологизмдердегі ақпараттың мағыналық бөліктерін жақсы білуі оның лингвомәдени мәртебесін анықтайды.

         Тіл мәдениетінің бастауы – фразеологизмдер. Әрбір қазақ үшін – тіл мәдениетін меңгеру міндеттерінің бірі – дұрыс сөйлеу, образды сөйлеу дағдысын қалыптастырудағы тұрақты тіркестердің рөлі ерекше. Бұл ретте фразеологизмдер белгілі бір тілдік мұқтаждықты өтейді [1, 269 бет].

        Қазақ тілі қазынасындағы тұрақты тіркестердің релеванттық қасиетін айқындау, қазақ фразеологизмдерін іштей саралап бөлу, сондай-ақ фразеологиялық мағынаның қалыптасуы, фразеологизмнің құрам сипаты және компоненттердің байланысу түрлері, фразеологизмдердің стильдік ерекшеліктері, фразеологизмдердің сөзден және мақал – мәтелдерден айырмашылығы мен оларға ұқсас тұстары, фразеологизмдердің грамматикалық сипаты, бірнеше фразеологизмдердің жасалуына арқау болатын ұйытқы сөздер, фразеологиялық калька сияқты фразеологияның көкейтесті мәселелерін қазақ тіл білімінің күн тәртібіне қойып, қазақ фразеологиясының бағыт – бағдарын саралаған, осы саланың дербес пәнге айналуының негізін қалаған ғалым академик І.Кеңесбаев болды. Оның ХХ ғасырдың 40 жылдары жарық көрген «Қазақ тілінің тиянақты сөз таптары» (Докторлық диссертация, Алматы, 1944), «Қазақ тілінің идиомдары мен фразалары туралы» (Халық мұғалімі, 1946), «К вопросу об экспрессивно – стилистических функциях фразеологизмов» (Тезисы докладов конференции «Развитие стилистических систем литературных языков народов СССР». Ашхабад, 1966) сияқты еңбектерінен кейін – ақ қазақ фразеологиясын зерттеу айрықша қолға алынды. А.Ысқақов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров, Р.Сыздықова тәрізді қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері қазақ фразеологиясының дербес пән болып қалыптасу, даму жолында көптеген мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуге ат салысты.

       Фразеологизмдерді топтау мәселесі І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров, Р.Жайсақовалар қазақ фразеологизмдерінің құрамдық сипатын ашып, семантикалық – тақырыптық аясын белгілеп, топтастыру принциптерін айқындады. Р.Сыздықова Абай тіліндегі фразеологизмдерді зерттеу арқылы қазақ фразеологизмдерінің поэтикалық тілдегі жұмсалу өрісін зерделеп, авторлық қолданыстағы фразеологизмдердің жасалу механизмін көрсетті. Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев еңбектерінде қазақ фразеологиясының теориялық мәселелері жинақтала сөз болды. Р.Сәрсенбаев зерттеулерінде фразеологизмдердің мақал – мәтелдермен, нақыл сөздермен ара – қатысы айқындалды.

        Бүгінгі қазақ фразеологиясында зерттеудің үш түрлі бағыты орын алып отырғаны байқалады. Біріншісі – қазақ фразеологизмдерін таза тілдік тұрғыдан бір тіл аясында зерттеу. Бұл бағытта қазақ тіл білімінде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әсіресе фразеологизмдерді лексикографиялық өңдеуден өткізудегі І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (Алматы, 1977), Ә.Қайдаровтың «Мың әсерлі де бейнелі орамдар» (Астана, 2003) сияқты еңбектерін, фразеологизмдердің сыртқы және ішкі құрылымындағы дыбыстық, мағыналық, семантикалық, әуезділік үйлесімін, т.б. архитектоникасын талдап ашып берудегі С.Сәтенованың  «Қазақ тіліндегі қостағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты» (Алматы, 1997) атты зерттеуін, фразеологизмдердің варианттарын көрсету, синонимддік қатарын анықтаудағы Г.Смағұлованың «Фразеологизмдердің варианттылығы» (Алматы, 1996), «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық – мәдени аспектілері»(Алматы, 1998) тәрізді еңбектерін атап айтуға болады. Р.Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» (Алматы, 1994), Н.Уәлиевтің «Фразеология және тілдік норма» (Алматы, 1998) сияқты еңбектерде көптеген фразеологизмдер этимологиялық тұрғыдан талданып, олардың құрамындағы мағынасы күңгірттенген, тіптен мүлдем белгісізденіп кеткен сөздердің мән – мағынасы ашылды. Қазақ фразеологизмдері фразеологиялық бірлікті жасауға ұйытқы болатын сөздер негізінде соматикалық фразеологизмдер, фитофразеологизмдер, сан – мөлшер фразеологизмдері, зоофразеологизмдер, антропонимдік фразеологизмдер деп семантикалық – мағыналық топтарға, тақырыптарға топтастырып арнайы қарастырылуда.

        Қазақ фразеологиясындағы үстем болып отырған екінші бағыт – қазақ тілінің фразеологиялық бірліктерін орыс, ағылшын, неміс сияқты болмыс бітімі, құрылымы бөтен тілдердің фразеологизмдерімен салғастыра зерттеу ісі. М.Х.Абилғалиева, М.А.Сыздықова, М.А.Жақсыбаева, т.б. зерттеулерінде тіларалық фразеологиялық сәйкестіктерді айқындау, интернационалдық фразеологиялық қорды анықтау, салғастырылушы тілдер фразеологиясындағы ұқсас тұстар мен өзіндік ерекшеліктерді саралау және ұқсастықты тудырушы факторларды айқындау мәселелері көрініс тапты. Бұл орайда Г.Сағидолданың қазақ және монғол фразеологизмдерін тіларалық деңгейде салыстырған «Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны»(Алматы, 2003) атты еңбегін түркі – монғол салыстырмалы фразеологиясын қалыптастырудағы алғашқы бастама ретінде атап айтуға болады.

            Қазақ фразеологиясындағы үшінші бағыт – фразеологиялық бірліктерді когнитивтік, этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық, психолингвистикалық аспектіде қарастыру бағыты. Бұл бағыт фразеологизмдерді ұлттың дүниетанымдық, мәдени, тарихи, материалдық құндылықтарымен сабақтастыра зерттеуге айрықша мән береді. Академик Ә.Т.Қайдар, белгілі ғалымдар Ж.Манкеева, С.Сәтенова, Б.Ақбердиева, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, С.Жапақов сияқты тілші мамандардың зерттеулері белгілі бір этногенетикалық қауымдастықтың ақиқат турасындағы таным – түсінігін, ментальді әлемін, ғасырлар бойы үзіліссіз жалғасқан ұжымдық тәжірибесін, рухани және материалдық мәдениетін тілі арқылы танып білуде аса маңызды.

         Қазақ фразеологизмдерін когнитивтік, лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, этнопсихолингвистикалық аспектіде зерттеуге бағыттылған үшінші бағыт – ХХІ ғасыр ғылымының басты парадигмасы – антропоцентризмнің жемісі, жаңа ғасыр талап етіп отырған ғылыми интеграцияның нәтижесі [2, 57 – 60 бет]

            Ғалым Ш.Сейітова өзінің  2009 жылы қорғаған «Қазақ этнонимдерінің тарихи – лингвомәдени жүйесі» атты докторлық диссертациясында орта жүздегі алты арыс ел – арғын, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат, найман, яғни Шығыс Қазақстан аймағында қоныстанған осы ру – тайпаға қатысты қалыптасқан атаулар мен тұрақты тіркестердің тарихи – тілдік табиғатын, уәждену ерекшелігін қарастырады [3, 4 бет].

            Ғалым Р.Үрімова өзінің  2009 жылы қорғаған «Қазақ тілінің аймақтық мақал – мәтелдері мен фразеологизмдерінің этноқұрылымдық сипаты»  кандидаттық диссертациясының «Қазақ тілінің аймақтық мақал – мәтелдері мен фразеологизмдері» атты тарауының «Қазақ тілінің аймақтық мақал – мәтелдері мен фразеологизмдерінің зерттелу жайы» деп аталатын бөлімінде диалектілік фразеологизмдердің зерттелуі жайында айтып өтеді. Қазақ диалектологиясында тұрақты тіркестерге алғаш көңіл аударып, олардың жеке аймақтарға тән сипаты профессор С.Аманжоловтың, Ж.Досқараевтың еңбектерінде ашылып көрсетілді. Диалектілік фразеологизмдер туралы ой – пікірлердің жалғасы Қостанай қазақтарының тілдік ерекшеліктерін зерттеген А.Байжоловтың (1963), Орда қазақтарының тілдік ерекшеліктерін зерттеген Ә.Бөрібаевтың (1964), Маңғыстау сөйленісіндегі тұрақты тіркестерді зерттеумен айналысқан С.Омарбековтің (1965), жоғары оқу орнына арналған «Қазақ диалектологиясы» оқулығындағы құрамында әдеби тілде жоқ сөздер кездесетін тұрақты тіркестерге ерекше тоқталған ғалым Ғ.Қалиев пен Ш.Сарыбаевтың (1991), қазақ тілі сөйленістерінің батыс тобындағы аймақтық сөз тіркестерін синтаксистік ерекшелік ретінде көрсеткен ғалым Ә.Нұрмағамбетовтің (1974), оңтүстік сөйленіске жататын Түркістан тұрғындарының ерекшеліктерін қарастырған Б.Жүсіпованың (2003) еңбектерінде берілген. Сонымен қатар, Қ.С.Қалабаева (1997), М.Атабаева (2006) еңбектерінде диалектілік фразеологизмдерге жүйелі талдау жасалған.

            Ғалым А.Нұржанова өзінің  2010 жылы қорғаған «Дүниенің қарабайыр бейнесі: фразеологиялық фрагменттің соматикалық коды» деп аталатын кандидаттық диссертациясында қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдерді «тіл және адам» проблематикасы тұрғысынан өзектей отырып, олардың мазмұн межесін қазақ этносының дүние бейнесінде бекіген әлем туралы білімінің, өмірлік іс – тәжірибесінің соматикалық коды тұрғысынан зерттейді және «қарабайыр» санада орын тепкен «адам және оның дене мүшелері» туралы көне ұғым – түсініктердің тілдік көрінісін айқындайды [5, 5 бет].

Сондай-ақ белгілі ғалым З.Ержанова «Қазақ қолөнеріне байланысты фразеологизмдердің этномәдени аспектісі» (Алматы, 2010) атты диссертациясында қазақ қолөнерімен байланысты қалыптасқан  фразеологизмдердің этномәдени негіздерін қарастырған: фразеологизмдерден халықтың кен байлығы, жер байлығы, жануарлар әлемі мен адам, қоғам, әлеуметтік-экономикалық қатынастарға қатысты білімі тәжірибесі көрінеді [6, 6 бет]. 

        Ой айқындылығы – әр сөздің орын – орынымен жұмсалу, құлаққа жағымды естілуі мен көңілге әсерлігі. Ана тілінің байлығы мен әуезділігін анықтауда фразеологизмдердің алатын орны ерекше.

         ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. – Алматы: «Санат» баспасы, 1996. – 128 бет.

2. Смағұлова Г. Қазақ фразеологиясы лингвистикалық парадигмаларда: монография. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. – 280 бет.

3. Сейітова Ш.Б. Қазақ этнонимдерінің тарихи – лингвомәдени жүйесі. Филология ғылымдарының  докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты, Алматы – 2009. – 54 бет.

4. Үрімова Р.К. Қазақ тілінің аймақтық мақал – мәтелдері мен фразеологизмдерінің этноқұрылымдық сипаты. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты, Алматы – 2009. – 29 бет.

5. Нұржанова А.Б. Дүниенің қарабайыр бейнесі: фразеологиялық фрагменттің соматикалық коды. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты, Астана – 2010. – 24 бет.

6. Ержанова З. Қазақ қолөнеріне байланысты фразеологизмдердің этномәдени аспектісі. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация авторефераты, Алматы – 2010.

 7. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: ҚазАқпарат, 2007. – 356 бет.