ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ

 

                                                                         Ф.ғ.к Сұлтанова Б

Жер бетіндегі қазақтар әр елде  өмір сүріп жатқаны секілді, тілі бір бола тұра қолданатын жазуы бөлек-бөлек, әр алуан. Айталық, Қазақстан Республикасындағы қазақ халқы және Ресей, Моңғолия қазақтары кирилл әріптерін, Қытайдағы қазақтар төте жазуды, Түркиядағы, Өзбекстандағы қазақтар латын жазуын қолданады. Бұл бүгіндері ғылыми әдебиеттерде шартты тұрде «Кітәби тіл», «Шағатай тілі» немесе «Орта Азия әдеби тілі» делініп осы тілдерді жазуда қолданылған «Шағатай жазу емлесі» жазу дәстүрі болатын. Бұл жазу дәстүрі А. Байтұрсынұлының жазу емлесі жарыққа шыққан XX ғасырдың басына дейін қолданылды.Түркі тілдердің табиғатына сай келмейтін,  1000 жылдың жазу дәстүріне түбегейлі реформа жасаған А. Байтұрсынұлының емлесі тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың рухани өміріне зор өзгерістер әкеледі. Бұл туралы белгілі ғалым Р.Сыздықова: «Сөйтіп, А.Байтұрсынұлының реформалаған араб жазуы өз кезеңінде қазақ мәдени дүниесінде үлкен роль атқарған, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына игілікті қызмет еткен, прогрес­сивтік құбылыс болды. А.Байтұрсынұлының бұл тәжірибесі сол кезде өзге түркі халықтары, мысалы, өзбектер мен татарлар үлгі етіп тұтып, олар да өз жазуларына реформалар жасай бастады» [1, 18-б], – дейді. Әліпбеміздің 1924-жылға дейін қоғамдық жағдайға байланысты өзгерсе, ал 1929-жылдан кейін саяси жағдайларға байланысты өзгергерістерге жолыққанын байқаймыз. 1924 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуы үлгісіндегі төте жазуды қолданысқа шығарды. Бұл жайында қытайдағы қазақтардың жазуын, тілін зерттеуші  ғалым Қ.Ғабитханұлы «1924 жылы Орынборда өткізілген қазақ-қырғыз зиялыларының тұңғыш сиезінің 15 маусымындағы мәжілісінде Араб графикасы негізінде жасаған Ахмет Байтұрсынов әліпбиі ресми қолданысқа енетін болып бекігені, сонымен бірге осы негізде, Қырғыз, Татар, Өзбек, Ұйғыр қатарлы туысқан түрік тілдес халықтарда бірінен соң бірі өз әліпбилерін жасағаны белгілі. Бұл өзгерістер әрине тез арада көршілес жатқан қытай жеріндегі қазақ, қырғыз, ұйғырларға да әсер етпей қоймады. Осы тұста ХХ ғасырдың 20 , 30- жылдары Кеңес одағында болып жатқан түрлі саяси науқандар, атап айтқанда ұлт азаттық қозғалыс, байларды компескалау, ашаршылық т.б салдарынан Қытай жеріне бас сауғалап өткен зиялы қауым өкілдері Байтұрсынов әліпбиін Шынжаңдағы қазақтарға ғана емес Ұйғыр, Қырғыз қатарлы түркі тілдес халықтарға да таратты. Осы жылдары Алтайда Кәрім Дүйсенбайев «Әліппе астары» деген кітап шығарса,  Шәуешекте «Жаңа әліпби», Құлжада «Әліппе» кітаптары жарық көрді. Содай ақ қазақтар шоғырлы қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле, Үрімжі өңірлерінде әр түрлі курстар ашылып сабақтар өтілді» [1, 23-б.],  дейді.

1954 жылы А.Байтұрсынұлы әліппесі негізінде толықтырылған «Қазақ тілінің емлесін дұрыс қолдану ережесі»  жарыққа шықты. Осы кезеңдегі оқу-ағарту, ғылыми-техника, мәдениет т.б. салаларды дамытуда, әрине, тіл-жазудың ерекше орын алғандығы даусыз. Қытайда тұратын туысқан қырғыз халқы 1955 жылы біртұтас төте жазу әліппесін жарыққа шығарғанға дейін шағатай жазуы емлесін қолданып келген. Ол жазумен газет-журналдар шығармаған. Жазу тарихы Қытайда тұратын қазақ, ұйғыр халықтарының жазу тарихымен сабақтас, бір ізде келеді. Жазу дәстүрінде А.Байтұрсынұлының емлесін пайдаланғаны анық байқалады» -деген мәлімет келтіреді ғалым Қ. Ғабитханұлы  [1, 24-б.].   Қытайда  Мәдениет төңкерісі басталып, төте жазу ескіліктің, діннің сарқыншағы  саналып сынға, қудалауға ұшырайды. Осылайша «Жаңалықтың жаршысы» деп латын графикаксы енгізілді. 1965 жылдан бастап Қытай жазуының дыбыстық бейнеленуі негізіндегі латын әліпбиі жасалып, ол 1982 жылға дейін пайдаланылды. Қытай халық республикасы үкіметінің  ресми шешімімен 1981 жылдан бастап төте жазуды қайта қолданысқа енгізді.60-жылдардың соңында Қытай халық республикасында да қытай жазуын дүние жүзі халықтарының көпшілігі қолданып отырған латын жазуына көшіру мәселесі күн тәртібіне шықты. 1959 жылдан кейін  қазақ  жазуын кириллицаға көшіру мәселесі тоқтап қалды. 1962 жылдан бастап Шыңжаң қазақтары тілінде тоқыраушылық пайда болды. Тіл жүйесі бұзыла батады. Латын жазуы түрлі себептерге байланысты кең тарала қоймады. Тек баспасөз, ақпарат құралдарында, оқу орындарында, мектептерде қолданылды. Мемлекеттік қызметтегі қызметкерлерге, іс жүргізушілерге латын жазуымен жұмыс жүргізу тым қиынға соқты. Қытай қазақтарына латын әліпбиін енгізу барысында өрескел сорақылықтарға жол берілді. Әліпбиде «біздің фонетикалық дыбыс заңдылығымызға үйлеспейтін ханзу әріптерінен гһ, сһ, һ  әріптерінің тықпалап енгізілгендігі болды. Сонымен ұлттық тілдің жазу заңдылығы өрескел бұзылды» [5, 44 б.] деп есептейді

Жаңаша (жаңа жазу) – 1960-шы жылдары Қытайда орын алған «мәдени төңкеріс» кезінде аз санды ұлттардың, соның ішінде қазақтардың жазуын қытай иероглифтік жазуына өткізуге талпыныстар жасалған дәуірде пайда болды. Бұл әрекеттер сәтсіз аяқталған соң арнайы бұйрықпен «Шынжаң Ұйғыр автономиялы ауданының Іле қазақ автономиялы облысын мекендейтін қазақтарға арнап латын (қытайда мұны пинйін жазу деп атаған) негізіндегі жазу енгізілді. Ал латын (пинйін) жазуы 1950-ші жылдары Қытайдың Орталық үкіметінің қаулысы бойынша қалыптастырылған қытайдың латын әліпбесі болатын. «Жаңа жазу әліпбесіне зер салып қарасақ, оның кезіндегі А.Байтұрсынов әліпбесінің тағы бір латынша нұсқасы екендігін аңғару қиын емес. Бірақ, ол «жаң әліптен» әлде қайда дұрысталған. «Төте жазудан» әрі қарай бір саты дамытылған әліпби» [7 ]  екендігін жазады Е.Тоқтар . «Оның жетістігі Ww, Yy таңбалары [у] [й] дыбыстарына тек қана дауыссыз күйде қолданылып, дауыссыз дыбыстармен [ы], [і], [ұ], [ү] фонемалары арқылы тіркескендігі болды. М: keliw [келу], kiymelew [кимелеу], tiy [ти], tey [тый], teyelew [тиылу], tuwesᶄan [туысқан], suw [су], süwret [сурет], jetisiw [жетісу], Jetisuw [Жетісу]. Осы жолмен ол тіл-жазудағы нақтылығын арттыра білді. Оның сәтсіздігі – латын таңбаларын тек қытай пинйінінің аясында ғана қолданғаны болды. Пинйіндегі өзгеше дыбыстарға берілген Qq-[ч], Xx-[ш], Hh-[х], Ee-[ы], Cc-[ц] таңбаларын бұлжытпай қабылдаған. Ал қазақ дыбысы мен сөздерін бейнелеу жағынан бұл әліппе «төте жазудан» бір саты жоғарылаған» [7 ]  деген пікір айтады Е.Тоқтар.

Бұл әліппе 1983 жылы  үкімет қаулысы бойынша қолданыстан  алып тасталынып, орнына «төте жазу» қайта қабылданды. «Жаңа жазудың» түбіне қытайдағы ескішіл қарттарымыз жетті деп ойлаймын. Себебі, олардың бұдан бұрынғы жазылған көптеген шығармалары «төте жазуда» жарық көрген болатын. «Жаңа жазу» оларға еңбектерін аяққа таптаған тажалдай болып көрінді білем. Сол себепті мен бұны қазақ тарихындағы тағы бір кері шегініс және трагедияға балаймын» [7]  деп өз пікірін одан әрі жалғастырады Е.Тоқтар. Өткен ғасырда  жасалған әліпбилердің ішінде  Ахмет Байтұрсыновтың «Төте жазуы» өте сәтті жасалған әліпби еді. Ал қалған әліпбилерден қытай қазақтарының «жаңа жазуы» өте үлкен саяси қысымның ықпалымен   жасалғанымен  қытай қазақтарының тілін, жазу мәдениетін белгілі бір өреге көтере  білді. «Сондықтан менім ойым – ендігі латын әліпбесін Ахмет Байтұрсынұлы идеаларын негіз ете отырып, қытай қазақтарының «жаңа жазу» әліппесі негізінде жасау керек деп ойлаймын» деп [7]  өз пікірін аяқтайды, Е.Тоқтар. Сондай-ақ осы мәселеде  Ә. Әуелқанұлы жоғарыдағы пікірлерімен қатар  «өзім аңғарған қытай қазақтарымен отан қазақтарында бірдей қордаланған , кезінде ескерілсе де елеулі мәселеге жатқызылмаған , өзге ұлт үшін де , өзіміз үшінде , бастысы өзіміз үшін риал маңыз алатын ЕКІ ДЫБЫСТЫҢ басын аша кетуді жөн көріп отырмын» [6 ]  -дейді де бұл мәселеде дұрыс шешім қабылдау болашақ ісі екендігне тоқталады.  «Қазақ тіліндегі Ш фонемасы мен Ж фонемасы сөз басында тұрып дыбысталғанда, тіл тіс түбіне тиіп дем недәуір күшті шығатыны баршамызға аян. Қазақтың “Ш” фонемасы орыс пен қытайдың Ч, СН фонемасымен ұқсас дыбысталғанымен , бірақ біздің Ж дыбысымыз олардың Ж, ZH фонемаларынан айқын парықталады. Әсіресе орыстың Ж фонемасындай сүзіліңкі қайырылмайды. Алайда , тіліміздегі бұл екі фонеманың екеуі де дауысты дыбыстарымыздан кейін келгенде , тіл таңдайға жанасалай тиіп екуі де сүзіліңкі дыбысталады. Яғни орысша Ш, Ж фонемасымен ұқсас дыбысталады. Қазақ ұлтын былай қойғанда , басқа түрік тілдес ұлттардың тілінде де Ш, Ж фонемаларының сүзіліңкі вариантын өздерінің меншікті тіл дыбыстарының қатарына енгізген. Өкінерлігі мейлі қытайда болсын , әлде өз отанымызда болсын, сүзіліңкі қайырылатын бұл екі дыбыс санатқа қосылмағандықтан, бірге жасасқан кей ұлттардың тілін жазғанда , немесе дыбыстағанда, дәлдік дәрежесі көңіл көншітпей жүр. Ал сабақ болары сол, отандағы орыс тілді қандастар бұл екі дыбысымызды қатаң қайыра алмай , айна қатесіз орысша Ш Ж бойынша дыбыстап , ана тіліміздің әу бастағы сарынымен сазын бұзуға себепкер болуда. Іс жүзінде тілімізде қатты қайырылатын бұл екі дыбысымыздың сүзіліңкі вариантын кезінде санатқа қоспағанымыз болмаса , ауыз екі тілімізде ежелден сақталып келгені ақиқат. Яғни бұл Қ дыбысымен К дыбысының дауысты дыбыстардың қақ ортасында келіп, не Ғ ға, не Г ге, мысалы, жоқ, ЖОҒАЛ, көк КӨГЕР болып аунағаны сияқты заңды тіл құбылысы болатын. Сондықтан ендігі жерде ол екеуін мойындамай , жазылым мен айтылым арасындағы парық ғана деп елеусіз қалдыру , тіл-жазу қимылдарымызға қиғаш деп білемін. Автор одан әрі «қазақ әліпбиінің санын 35 ке тұрақтандыруға болады» деген көзқарасын» айта отырып, «бірлі-жарым өзгерістерді дүниеге әкелу 5—6 жылымды жегендей болды» дейді . «Бұл 35 харіптің ішінде жоғарда айтылған сүзіліңкі Ш Ж сынды екі фонема мен орыс қытай ағылшын және арап тілдерін дұрыс айтып дұрыс жазу үшін қабылдаған 4 хәріпте қамтылып отыр , олар мыналар:
Аа Оо Uu Ee Mm Bb Pp
Әә Өө Üü Ee Іі Dd Tt 
Ңh Гğ Kk Gg Yy Jj Qq
Ss Zz Ww Rr Иm Ll Nn 
Xx Žž x Hh Vv Ff Cc
Еш, еж, іһ, ха, вей, еф, це;» Одан әрі Әмуал Әуелқанұлы  «бұрынғы әліпбилерімізде, сондай-ақ компьютердегі әріптердің реті бұзылғанын «автор айта отырып алдағы уақытта латын графикасына көшу барысында осы мәселелерге назар аудару керектігіне баса назар аударады. Сонымен қатар автор «Қол байлауыштарды азайту , жазыу қарқынын тездету, сөз-сөйлемдердің қағаздағы сыйымдылығын жоғарлату мақсатымен CH ZH SH сяқты қос харіптен тұратын дыбыстардан  бойды  аулақ салу керектігін айтады. Жаңадан жасалар  әліпбилерді жасау барысында, барлық қазақтар қоныстанған мемлекеттердің жазу таңбалары ескерілуі қажет-ақ. Шет елде қоныстанған қандастарымызбен бөгде ұлттардың тілімізді тезірек игеруіне де назар аудару қажеттігі тәрізді маңызды мәселеелрді қозғайды. Тілімізде бас әріп болып сөз жасай алмайтын Ң, және кірме сөздер үшін қабылданған әріптерге назар аудару керектігін айта отырып «бұл жерде айта кететін жәйіт , тіл дыбыстарымыздың қатарына ірге тепкізбек болған Сүзіліңкі Ш мен сүзіліңкі Ж дан кірме сөздер жасалғанымен қазақ сөздері жасалмайды . Бірақ , ол екеуінің сөз аралығындағы сүзіліңкі қайрылуы, жазу барысындағы ұшырасуы екінің бірінде болатын болса да, өзінің қатаң қайрылатын варианты Ч Ж мен қанаттас жайғаса алмауы өкінерлік жәйіт болды» [6 ]   деген өкінішін де білдіреді. 1958 жылдың ақпап айында бүкіл қытайлық халық құрылтайында бекітілген қытай тілінің латын транскипциясы  (pinyin) жобасы жер жерде жүзеге аса бастады. Жобаның басты мақсаты қытай ероглифтерін латын транскрифциясы арқылы оқыту, ероглифтерді үйренуге қолайлылықтар тудыру болатын. Бұл расында да қытай тілін игеруге жасалған игі қадам еді. Бұл бір-бірін түсінбей әр түрлі диалектіде сөйлейтін халықты ортақ тілге ( putonghua ) көшіру, ортақ тілдік норманы сақтау мен халықты жаппай сауаттандыруда орасан зор ықпал етті. Деседе, осымен бір уақытта Қытайда тұратын өзге халықтардың жазуын қытай тілінің латын транскипциясы (pinyin) жобасына жақындастыру, тілі бар жазуы жоқ халықтардың жазуында осы негізде жасау науқаныда басталып кетті.

Қытайдағы қазақтардың жазуын, тілін зерттеуші  ғалым Қ.Ғабитханұлы «1959 жылдың 25 қарашасынан 11 желтоқсанға дейін Үрімжіде ашылған екінші кезекті өлкелік тіл-жазу жиналысында « районымызда (өлкемізде) қазір қолданылып отырған араб жазуы негізіндегі Ұйғыр, Қазақ ұлттарының көне жазуын күшінен қалдырып, оның орнына ханзу (қытай) тілі әліппе жобасы (pinyin) негізінде жасалған латын жазуын қолдану жөніндегі ұсынысты» мақұлдады. Жиналыста сол кездегі Шынжаң өлкесі төрағасының орынбасары Сәйпиден Әзези: « Отанның тұтастығын қорғау, ұлттардың ынтымағын онан әрі күшейту, ұлттардың шаруашылық, мәдениет, оқу-ағарту және ғылым-техника саласын дамыту үшін, барлық ұлттар өзара жақындасуы, әсіресе жан саны аз ұлттар ханзулардан(қытайлардан) үйренуі ханзу тілінен атау терминдер қабылдап өз ұлтының тілін дамытуы және байытуы, сонымен бірге аз санды ұлттардың жазу реформасы қытай тілінің дыбыстық әліпбиі жобасы(pinyin) негізінде жүруі тиіс» , « Ұйғыр, қазақ жазуларын қытай тілінің дыбыстық әліпбиі жобасы(pinyin) негізінде жасауды қаламау деген ұлттар тілінің ханзу тіліне сүйеніп дамуын қаламау, ханзу тілін шетке қағу, Шынжаңдағы аз ұтттардың сотциализм, комунизм ұлы нысанасын жүзеге асыруды қаламағандық, халықтар достығы мен отанның тұтастығын қаламағандық» деді. Осылайша «ұлттардың тіл-жазуы өзара жақындасуы, әсіресе ханзу халқының тілі мен жазуына жақындасуы керек» деген берік саяси ұстаным  негізінде жазу реформасы тағы басталды»  [1, 215-б]    деген аса құнды мәліметтер келтіреді.                                         

Одан әрі ғалым «Аздаған дайындықтан соң  «Шынжаң газетінің»1960 жылғы 2 науырыздағы санында Қытай тілінің латын транскрипциясы жобасына негізделген қазақ латын жазуының жобасы жарық көрді. Бұл жазу бастапқыда сынық ретінде қолданылып 1964  жылдың 23 қазанында орталық үкіметтің  бұйрығымен ресми бекіді. 1965 жылдың бірінші қаңтарынан бастап атқарылды. Бұйрық мәтіні: Шынжаң ұйғыр автономиялы райондық(өлкелік) халық үкіметінің Ұйғыр жаңа жазуының фаңанын(жобасын), Қазақ жаңа жазуының фаңанын(жобасын) Гуо ви юан (орталық үкімет)1964  жылдың 23 қазанында бекітті, қазір жариялансын. Шынжаң ұйғыр автономиялы районның(өлкесінің) төрағасы       Сәйпиден Әзези 1965 жылдың бірінші қаңтары» » [1, 216-б. ]    тәрізді ғылым үшін маңызды құжаттық деректерді келтіреді. Жаңадан жасалған қазақтың латын әліпбиінде 9 дауысты 24 дауыссыз дыбыс бар, бұдан басқа 4 қосар әріп, бір буын айру таңбасы қолданылады делінген Латын жазуындағы 26 әріп өз реті бойынша тізіліп, қазақ тілінінің ерекшелігіне сай Ғ, Қ, Ә, Ө,Ү, Е сияқты дыбыс таңбалары әліпбидің соңына тіркелгендігін айта отырып қазақ латын әліпбиіне егжей-тегжейлі тоқталады. «Латын жазуын қытайдағы қазақтар 20 жылдай қолданды. Осы әліпбимен дәл қазір ондағы қоғамдық ортада белсенді қызмет атқарып отырған бір ұрпақ тәрбиеленді. Осы әліпбимен милиондаған тиражбен оқулықтар шықты, мыңдаған көркем әдебиеттер мен көпшік қауымға арналған басылымдар жарық көрді, ондаған газет жұрналдар басылып тұрды. 1970 жылдардың соңы мен 1980 жылдардың басындағы «Мәдениет зор төңкерісінің» қателерін түзету, ұлттар тіл жазуын қапына келтіру т.б ұлттарға берілген саяси еркіндіктен пайдаланған  Шынжаңдағы   қазақ , ұйғыр, қырғыз халықтары 1982 жылы қайтадан жиырма жыл бұрын қолданысын тоқтатқан Байтұрсынов әліпбиі негізінде жасалған әліпбиге көшіп алды. 1978жылы сонда латын жазуында жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында: «қазақ әдеби тілінде 37 дыбыс бар. Бұл дыбыстарды бейнелеу үшін 33 әріп қолданылған; zh, ch, sh, ng әріптері тек екі таңбаны қосар қолдану арқылы жасалған, сондықтан оны қосар әріптер деп атаймыз. Қосар әріптер екі дыбыстың таңбасы емес, бір дыбысты бейнелеу үшін қолданылған қосар таңба. Қазақ жаңа жазуындағы әріптердің баспаша, жазбаша нұсқалары бар. Әріптердің бас әріп, жол әріп түрлері бар. Сонымен қатар әр әріптің аты болады» » [1, 219-б. ]   дей келіп Қытайдағы қазақтардың қолданған латын әліпбиін мақала соңына толығымен оқырмандарға ұсынады

Қазақ алфавитіндегі бұл әріптердің ішінде V әрпі халықаралық атауларды жазуда ғана қолданылады, zh, ch, sh, c, q, f әріптері қазақтың байырғы сөздерінде қолданылмайды, тек ханзу(қытай) және басқа ұлттар тілінен ауысқан осы дыбыстары бар сөздерде ғана қолданылады деп белгіленген.
Қортып келгенде, латын жазуына қайта көшу, еліміздің, ұлтымыздың ұлттық рухын көтеретін ұлағатты шаруа, әрі заман талабына. Ол мемлекеттілігіміздің, өз тілімізді басқа тілдермен шұбарламай  байытуымыздың құралы.Ғылым-білім тілін тезірек негіздеуіміздің  кілті. Ал латын әліпбиінің өзі қытайдағы қандас бауырларымыздың қолданысқа салған жазуы. Оның баспа нұсқасы болсын, әлде оның жазба нұсқасы болсын, көрер көзге  көркем, қағазға ықшам, жазуға жылдам, көзге жеңіл қасиетімен жер бетіндегі көптеген ұлттар қолданып отырған жазу екені белгілі. Мықты да құдіретті Ұлт ретінде жетілдірудің берік ірге тасы деп санайды көпшілік.  Болашаққа бастар сара жолдың бірі осы Латын әліпбиі. Латын әліпбесіне көшу орындалмай қоймайтын тарихи мақсат.

Әдебиеттер:

1.Ғабитханұлы Қ. Қазақ жазуының қазіргі жағдайы және болашағы \\ Қазақ тілі мен әдебиеті туралы зерттеулер. - Пекин: Орталық Ұлттар университеті, 2015ж.

2. Ғабитханұлы Қ.Ұлттық рухтың ұлы тіні \\ А.Байтұрсынұлының 100 жылдығына байланысты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: 2003 ж.

3.Ғабитханұлы Қ. Қазақ тілінің қытайдағы зерттелуі \\ Терминологиялық хабаршы. 2002ж. №3. -110-118 бб.

4. Мамырханова Ж.Т. Қытай қазақтарының тілі мен жазуы \\ Л.Н.Гумилев ат ЕҰУ хабаршы ғылыми журналы. 2015ж № 3. І бөлім, 175-178 бб.

 

5 Күдеринова Құралай Бимолдақызы ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХЫ МЕН ТЕОРИЯСЫ Оқу құрал (қазақ тілі мен әдебиеті, филолог мамандығы студенттеріне арналған)

 6 Әуелқанұлы Ә. Келеге салар келелі іс әліпби жәйлі http://www.kazakh.ru/

7  Toqtar Е. Латын әліпбесіне көшу орындалмай қоймайтын тарихи мақсат. http://www.tilortalyq.kz/

8С.Мұстафаұлы Қытай қазақтары тілінің тұрақты тіркестеріндегі жергілікті ерекшеліктер авторефетат-А,2002.-26б.

 Ел ертеңі және латын әліпбиі, Егемен қаз 18.01.2013