Политология/10. Региональные политические процессы

 

 

Әли Б.Қ. соц.ғ.к.

                Абылайхан  атындағы  Қазақ  Халықаралық қатынастар және

           әлем тілдері университеті, Казахстан

 

Ұлтаралық некдегі есім қою дәстүрінің кейбір ерекшеліктері

 

 

         Елімізде тәуелсіздік алғалы қоғамда көп нәрсе өзгерді. Оның ішінде ұлтаралық неке мәселесі. Бұл тек Қазақстанның емес, сонымен қатар, әлемнің әртүрлі елдеріндегі қазіргі кезеңдегі орын алып отырған ұлтаралық  қатынастардың даму процесінің көрінісі. Бұл процесс ұлтаралық қатынас мәдениетімен, ұлтаралық байланыс деңгейімен тығыз байланыста. Осы мәселелер көп ұлтты елдердің саяси-әлеуметтік өмірінде маңызды орын алады.

Әлеуметтанулық және демографиялық әдебиеттерде әлеуметтік-территориялық қауымдастықтардың көп ұлттылығы, әлеуметтік-мәдени дамудың деңгейі, сондай-ақ адамның тіршілік-қызметі қоғамның қазіргі даму кезеңінде ұлтаралық неке мен отбасылардың кеңінен таралғандығының объективті жағдайы ретінде көрінеді. Егер ХХ ғасырдың 50-жылдарында бұрынғы КСРО-да әрбір оныншы неке ұлтаралық неке болса, ХХ ғасырдың 80-жылдарында оның әрбір жетіншісі, ал, кейбір республикаларда әрбір бесіншісі ұлтаралық неке болды [1].

Қазіргі таңда Қазақстанда ұлттардың бір-бірімен отбасы құрып жатуы, яғни ұлтаралық некеге тұру заңды құбылысқа айналған. Көбінесе ұлтаралық неке әртүрлі елден келген шетел азаматтарының көп шоғырланған жері - үлкен қалаларда кездеседі. Алайда, еліміздің оңтүстік өңірлерінде, ауылдарда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен деп айтуға болады.

Отбасы адамзат үшін өте маңызды әлеуметтік институт болып табылады. Әр халықтың отбасы және некеге байланысты өз әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері бар. Оның ішінде қазақ халқының отбасылық дәстүрлері - екі жастың отбасы құрып, дүниеге бала келуіне дейінгі түрлі салттарымыз баршамызға мәлім. Оның ішінде дүниеге бала келгендегі есім қою дәстүрінің орны бір бөлек. Дәстүрлі отбасында балаға есім беру, дәстүр бойынша үлкендердің ұсынысымен беріледі. Бірақ, бұл жағдай кей кезде отбасының тұрғылықты жеріне, әлеуметтік ортасына байланысты болып жатады. Егер, отбасы қалалық жерде тұрса, есім қою мәселесін ерлі-зайыптылардың өздері шешіп жатады, ауылдық жерде бұл процесс керісінше.

Есім беру дәстүрі тек дәстүрлі отбасында ғана емес, сонымен қатар, ұлтаралық некеде де өз маңыздылығына ие. Өйткені мұндай некелерде әртүрлі мәдениет, ұлт және әдет-ғұрыптардың өзара байланысуы өз әсерін тигізуде. Адамның есімі өзін-өзі теңестіруді айқындау үшін өте маңызды. Кейде ұлтаралық некелерден шыққан ұрпақтардың есімі  өзін-өзі теңестіруге сәйкес келмейді. Өзін тануы, тұлға ретінде қалыптасуы адамның сана-сезіміне  байланысты.

Психологтардың пікірі бойынша, адамның есімі оның мінез-құлқына, өміріне, тіпті тағдырына ықпал тигізеді [2]. Сондықтан, есім беруде мұқият болуымызға кеңес береді. Әсіресе, ұлтаралық некеде есім беру мәселесі жіті мұқияттылықты талап етеді. Ұлтаралық некеде көбіне интернационалды есімдерге көңіл бөлінеді. Аралас некеден шыққан ұрпақтар үшін бұл өте ыңғайлы. Ұлтаралық некеде екі түрлі ұлт өкілінен шыққан ұрпақтардың жасөспірімдік кезеңінде өзін-өзі тануы және өз есімін дұрыс қабылдауы қиынға соғады. Адамның есімі тегіне, әкесінің атына тіпті түріне де байланысты болуының да рөлі бар [3].

Сонымен қатар, есім қою мәселесі ұлтаралық некедегі ерлі-зайыптылардың  ұлтына және дініне де тікелей байланысты. Мысалы, ерлі-зайыптылардың екеуінің діні мұсылман және ұлты түркі тілдес (қазақ, ұйғыр, қырғыз, әзербайжан және т.б.) болса есім қою қиындық тудырмайды. Өйткені түбі бір түркі тілдес халықтардың есімдері ұқсас келеді. Алайда, ерлі-зайыптылардың ұлты әртүрлі азиаттық және европалық (қазақ-орыс, қазақ-украин, кәріс-орыс және т.б.), діні мұсылман және христиан болса, есім таңдау біраз қиындыққа түседі. Көбіне ең қолайлы жолы интернационалдық есім таңдалады. Сонымен бірге, ұрпақтарға есім беру процесі объективті және субъективті көп жағдайға байланысты: отбасы мүшелерінің әлеуметтік тегі, білім деңгейі, қандай орта үстемдік танытатындығына байланысты; ерлі-зайыптылар туыстарымен әлде олардан бөлек тұратындығына байланысты; қалада немесе ауылда тұратындығына байланысты.

Қалалық жерлерде ұлтаралық некеде заманауи, яғни заманға сай, орыстанған не шетелдік есімдер қою үдерісі жүруде. Бұл түсінікті де. Көбіне балалар ата-анасының қайсысы сол өңірдің түпкілікті халқының өкілі болып табылатын болса, соның ұлттық салт-дәстүрлерін, мәдениетін, тілін, мінез-құлқын, психологиясы мен рухани ерекшелігін сіңіреді.

Түйіндей келе, ұлтаралық отбасыларда ата-анаға екі ұлттың мәдениетіне, салт-дәстүріне және дініне толеранттылық пен түсінушілік таныту арқылы есім беру маңызды деп санаймыз. Қоғамда ұлтаралық неке – тек этномәдениеттік процесс бастаушысының рөлін ғана емес, сондай-ақ болып жатқан процестерді жеделдетуші рөлін де атқарады. Ұлтаралық неке ұлтаралық қатынастардың микродеңгейіндегі қалыптасудың бірегей құрылымы болып табылады. Сондықтан да, әр түрлі ұлтқа жататын ерлі-зайыптылардың сана-сезімі олардың өзара қарым-қатынас ерекшеліктерінің нақты деңгейіне ғана емес, сондай-ақ ұлтаралық байланысы анағұрлым кең отбасының әлеуметтік ортада қалыптасу деңгейіне де тәуелді деп тұжырымдаймыз.

 

                           Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Алиев А.Г. Исчисляются миллионами. - Баку: Знание, 1983. - 247 с.

 

2. http://articlekz.com/article/11707

 

3. С.К. Имена людей смешанного происхождения в Казахстане // «Вестник КазНУ». Серия историческая, Алматы, № 3 (70), 2013. – с. 119-125.