Жерде жетім
жыласа,көкте періште қайғырады.
«Бақыт деген сенің бала күндерің»
деп жырлаған екен асқақ ақынымыз
Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз,
мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер
бақытты балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр
тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында
батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған
жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүргені шамалы.
Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды
болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын
айтудың қажеті де жоқ.
«Жетім» деген сөз қазақ халқына
жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең
бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып
отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім
және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар
көбеюде, оларға кімнің жаны ашып, кім жәрдемдеседі, кім
қамқор болып, кім назарға алуда. Бұл
сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан
қорытынды шығару мүмкін емес. Қазақта «Жетім
көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да
ащы» деген сөздеріне қарамастан бұл мәселенің
күрделеніп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті жастардың
бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең
ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр
тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз
қалған балаларға қоғамның назарын аудару
қажет-ақ.
Жанары жасты, жүрегі жүдеу бүлдіршіндер
саны бүгінгі таңда ресми деректердің айтуынша, 80
мыңның үстінде екен. Жай ғана ой таразысына салып
көрсек, сол мыңдаған жетім балалар бүгінде үкімет
қамқорлығында болғанымен, болашақта барар жері,
басар тауын қайдан іздейді. Хош, мектеп бітіріп, оқу орындарына
түскендері жатақханаға жайғасады делік, бірақ ол
да небәрі төрт жылға жалғаспай ма? Ал,
оқуға түсе алмағандарын алдыда не күтетінін
елестетудің өзі қиын. Жұмысқа орналасу, ең
алдымен, белгілі бір жерде тіркеуде болғаныңды талап етеді. Сонда
тағдырдан теперіш көргендерді тағы да толассыз кедергілерден
кім құтқарады?
«Жетім қозы – жатбауыр, жетілер де отығар»
демекші, жұмыспен қамтылмаған, оқуға
орналастырылмаған тағдыр тәлкегіне түскен балаларды
қатал өмір қайта қарсы алады. Бірі жалданып нанын
тапса, енді біреулері қылмыстық әлемнің
қақпасынан ары асады. Түрме түскендердің
көбісі балалар үйінен «далаға тасталғандар» екенін
ешкім жоққа шығармайды. Жанашыр жақыны, тіреу болар
туысы жоқтың үні де естілмей, мұңы да
ескерілмейтіні анық жайт. Бүгінде ата-анасынан
айырылғандарға байланысты шешімін таппаған шиеленістер тіптен
көп. Кәмелеттік жасқа толғандарына тұрғын
үй беру мәселесі де тура жолға қойылмағаны
тағы бар. Заң бойынша, балалар үйінің түлектері
тек 23 жасқа дейін ғана мемлекеттік қордан берілетін
баспанадан үміттене алады. Осындай әлеуметтік пәтерге енді
қол жеткізген кезде жас мөлшері асып кетуіне байланысты баспана
бұйырмай қалғандар да баршылық.
Әкесі де, шешесі де интернат болған
балалардың болашағы оларды өз баласындай көріп кеткен
тәрбиешілер мен басшылықты да алаңдатады. Алайда
олардың қолынан келетін дәрмен жоқ. Әйткенмен,
кейде тағдырдың оларға жылышырай танытатын кездері де болады.
Ол – қазақтың ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп
өскен азаматтарының шынайы қамқорлығы. Жетімін
жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған
қазақ деген халық екенімізді жан-тәнімен
түйсінген жанның адамшылық зор қасиеті.
«Жетім көрсең, жебей жүр» деп дана
бабаларымыз жетім-жесірін жылатпаған. Адам баласының бәрінің
баратын жері – біреу. Бірақ біреуге – ерте, біреуге кеш. Жастай
үзілген жандардың артында еңіреп аяқтанбаған
ұрпағы қалады. Тұл жетім қылған
тағдырға дауа бар ма, ал қазіргі заманда жетімнен тастанды
бала көп. Жетім атауының өзі кезінде соғыс заманында
ата-аналары қайтыс болған кезде баланың қараусыз
қалып отырған. Міне осындай соғыс, қиын-қыстау,
ашаршылық кезеңдерде пайда болған болатын. Оның
өзінде Тәуке ханның – Жеті Жарғы, Есім ханның –
Ескі жолы сияқты заңдарында жетімдерді бай қауқарлы
адамдарға асырап алуға беріп отырған. Х-ХХ ғасыр
аралығындағы «жетім» ұғымының анықтамасы –
толық жанұялық тәрбие көрмеген.
Оларға тән қасиеттер: агрессия, алаңдаушылық,
мінездегі жат қылықтар. Кейінгі жылдары
әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты және әртүрлі
себептер тұрғысынан әлеуметтік жетім балалар саны артуда.Адам
баласы шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап,
ақтық демі шыққан уақытқа дейін
тағдыр тәлкегіне түсіп, басынан санқилы
қиыншылықтарды өткізеді.Аллаһымның елшісі
хадисінде меңзепті» – дегеніңдей сүйікті
пайғамбары-мыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қадірлі сахабаларынан
әрдайым: «Бүгін бір жетімнің басынан сипадыңдар ма? Бір
аурудың көңілін сұрап бардыңдар ма? » – деп
сұрайды екен. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)
өзі дүние есігін ашпай тұрып әкеден, алты жасына
аяқ басқан шағында анадан айырылып, жетімдіктің
дәмін тартқан. Сол үшін жетім балалардың
ата-анасының қамқор қанатының аясындағы
балалардан кем болмай, қамқорлық аясында өссе екен
деген мақсатта сахабилерін жігерлендіріп: «Басынан еш сипалмаған
бір жетімнің басын еркелете сипаған кісіге қолының
тиген жеріндегі шаштардың санындай сауап жазылады»,- деген.(Ахмед,5,250)
Жүрегінің қаттылығынан айығып,
мейірімге бет бұра алмай жүргендігін айтып, мұңын
шаға келген кісіге Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз
жоқ-жітіктерді тойдыруға, жетімдерді жақсы көріп,
бастарынан сипау керек деп өсиет еткен екен. Адамзаттың асылы,
ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылман адамдар
тұратын үйлердің ең жақсысы – жетімі бар
үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі.
Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жаманы –
жетімі бар үй. Ол үйде жетімді жәбірлейді», - дейді (Имам Ибн
Мажәһ). Енді ғана ес жиып келе жатқан
жәудіркөздердің ішкі мұңы, қиын
тағдыры былай тұрсын, тәрбиеленіп жатқан балалар
үйінде жағдайы жақсы дегенге сену қиын. Осы
мақалаға кірісер алдында, жинаған мәліметтерді
оқып отырып, жетім баладан алынған мына бір сұхбатты
оқып жағамды ұстадым. Онда былай деген екен: «Кейбір апайлар
сені үйіне апарып, жұмысқа салып, өзінің
үйі бітсе, туған-туыстарының үйіне қора-қопсысын
салуға, тазалауға апарады. «Бармаймын» деп қарсы
шықсаң, саған дұрыс тамақ та, киім де, жылы
көзқарас та болмайды». «Тәрбиеші» жұмысын істеп,
нәпақасын тауып жүрген, сырт көзге мұнтаздай
таза, өтірік мүләйімсіп, өтірік жаны аши қалатын,
қамқоршы рөлін ойнап жүрген адамдар да бар екен-ау.
(Көпке топырақ шашудан аулақпын) «Сырт қараса бұ
дүние тәтті аса, Мың пәле бар ішкі сырын
қаттаса», - демекші, мұндай сырт көзге анасының орнына
ана болып, сырт көзге ақ жүректі, мейірімді жандар болады деп
ойламайсың. Олардың ондай ісін көбі біле бермейтін
шығар.
Жаныңды жегідей жеп, ішіңді удай
ашытатыны – жетімдер үйіндегі балалардың көбі
өзіміздің қаракөз қазақтарымыз болып
отырғаны. Туған анасының өзегін жарып шыққан
баласынан безінудің басты себебі:олардың тағдыры бір-біріне ұқсас. Қалаға
оқу іздеп келген қазақ қызы оқуға
түсе алмаған соң жұмысқа орналасып, өмірден
өз орнын тапқысы келеді. Бірақ, мамандығы жоқ
қыздың жұмыс тауып, қалаға сіңісіп кете
қоюы қиын. Ата-ана бақылауынан шыққан
қыздың қате басып, оның опық жеуі оп-оңай.
Жастық мастықпен жасалған осындай ойсыз әрекеттің
соңы дүниеге келген сәбидің тастанды атануына
әкеліп соғады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10
томдық: Гуманистік психология. 5-том // Құрастырушылар:
Әбеуова И.Ә., Шериязданова Х.Т. – Алматы: Таймас, 2005. – 480 б.
2.Лангмейер И., Матейчек З. Психическая депривация в детском возрасте. –
Прага, 1984. – 264 с.
3.Жетім
балалардың әлеуметтенуінің кейбір ерекшеліктері //Мектепке
дейінгі және бастауыш білім: қазіргі жағдайы, даму
тенденциялары және мәселелері халықаралық
ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы, 2007. –
Б.118-123.