Өскемен қаласы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті

«Психология және педагогикалық коррекция» кафедрасының аға оқытушысы,магистрі Матаева Б.Ү.

«Дефектология» мамандығының 3 курс студенті

Едіге А.Б.

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық әрекетінің ерекшеліктерін ойын арқылы дамытудың маңызы

 

Қазіргі Қазақстандағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай баланың интеллектуалды, жеке және табиғи дамуын қамтамасыз ету жүйесін тұрақты дамытуға мүмкіндік беруде. Оның маңызды жақтарының бірі – мектепалды даярлық балаларының білім беру іс-әрекетіне қолайлы енуіне, оқу қызметін меңгеруіне, белсенділігі мен сенімділігін  қалыптастыруға және шығармашылығын танытуына бағыттау.

Елімізде білім беруді дамыту тұжырымдамасында айқындалған негізгі мақсат – мектепке дейінгі білім беруді жетілдіру жолымен балалардың білім алуына бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осыған орай, мектепалды даярлық балаларының бойында оқу қызметін меңгерту, белсенділігін қалыптастыру, дамытушы ортада баланы ынталандыру басты бағыт болып саналады.

Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілген «Балапан» бағдарламасында 2015 жылға дейін 5-6 жастағы балаларды білім беру ұйымдарында мектепалды даярлықпен толықтай қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындалып отыр. Демек, жалпы білім беретін мектептерде, мектеп гимназияларда, шағын орталықтарда мектепалды даярлық сыныптарын ұйымдастыру тиімді жүзеге асырылуы тиіс.

Мектепке дейінгі балалардың танымдық және шығармашылық белсенділіктерін қалыптастырудың тұлғалық негізділігін психологтар Л.С.Рубинштейн, Л.И.Божович, Л.А.Венгер, Л.С.Выготский, П.Я.Гальперин, А.В.Запорожец, Д.Б.Эльконин, Т.Тәжібаев, М.Мұқанов, Қ.Жарықбаев, Ә.Алдамұратов, Х.Шерьязданова және т.б., мектепке дейінгі балалардың анатомиялық-физиологиялық, танымдық және эмоциялық-еріктік сипаттамаларында белсенділікті А.М.Леушина, А.А.Люблинская, Н.Н.Поддьяков, А.П.Усова т.б., танымдық әрекет, жеке тұлғалық даму, белсенділікті арттыру Ш.А.Амонашвили, Т.И.Шамова, Ә.М.Мұханбетжанова т.б., мектепке дейінгі тәрбие мәселелері жөнінде ғылыми-теориялық және әдістемелік зерттеулер Б.Б.Баймұратова, А.Меңжанова, М.С.Сәтімбекова, М.Т.Тұрыскелдина, Ә.Әмірова, А.Е.Манкеш, Қ.Меңдаяқова, Ф.Н.Жұмабекова, Ж.С.Хасанова, Ж.Рысбекова, А.Т.Искакова, А.Х.Казетова т.б., мектепке дейінгі білім беру теориясы және әдістемесі Ұ.Т.Төленова, Н.С.Сайлауова, Г.З.Таубаева, К.М.Метербаева, Шолпан Сапарбайқызы т.б. еңбектерінде зерттелінген.

Мемлекетіміз келешекте жас ұрпақтың еліміздің азаматы болуы үшін денсаулығына, отбасына, ойынға, білімге деген құқықтарын толығымен қуаттап, қабілеттерін барынша жүзеге асыру және үлкен жетістіктерге жетуде табанды болуын қолдайды.
Бала тәрбиесі ана сүтінен басталады деп есептейміз. Сонымен, тәрбиенің ең алғашқы бастамасын отбасында алса, жалғасы балабақшамен байланысады. Балабақшадағы тәрбиенің осындай сирек қолданылатын құралдарының бірі – ойын. Өйткені, мектепке дейінгілердің негізгі әрекеті ойын десек, шатаспаған болармыз. Баланың таным қабілеттерін дамытуда ойынның рөлі өте зор. 

Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келді. Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Берілген ойындарды қолдану іс-әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет. Дамытуға бағытталған дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады, балалардың математика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында дидактикалық ойындар; қазақ ақын-жазушыларының санға байланысты санамақтар, жаңылтпаштар; сергіту сәттері; іс-әрекеттің конспектісі берілген, не үшін ойынды ұйымдастыру керек және тәрбиешінің алға қойған мақсатына қалай жету деген сұрақтардың негізінде құрастырылған. Ойындардың тиімділігі көп жағдайда тәрбиешінің көңіл-күйіне де байланысты болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет.

Ойын баланың санасын, ойын жетілдіріп, қиялын дамытады: бала қимылдарының дамуына әсер етіп, физиологиялық қалыптасуына жағдай жасайды. Сонымен бірге ойынды тәрбиеші мен балалардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде де қолдануға болады. Оқу үрдісінде біртіндеп ойын технологиясын жиі қолданған жөн. Ойынның жекелеген түрлері балалар санасының жетілуіне әртүрлі әсер етеді:

-сюжетті-рөлді ойындар: балалардың дүниетанымын, қоршаған орта жөніндегі түсініктерді кеңейтеді, тілдік қарым-қатынасты дамытуға көмектеседі. Драмалық: көркем әдебиет шығармаларын тереңірек түсінуге жағдай жасайды, тіл белсенділігін арттырады.

-құрылыс-құрастыру ойындары: құрастыру, ойлау қабілетін арттырады.

-дидактикалық ойындар: алған білімді нақтылау, ойлау қызметін арттырады, танымдық белсенділігін дамытады, арнайы мақсатты көздейді, нақты міндетті шешеді.

Дамыту ойындарының мазмұны, ойынды ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері балалардың зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын, көзбен мөлшерлеуін, тапқырлығын дамытуға, математикалық білімдерін, икемділіктері мен дағдыларын, заттарды түсі, өлшемі, пішіні бойынша топтастыруға, салыстыруға, ажыратуға, кеңістік пен уақытты бағдарлауға үйретеді. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. Ойын арқылы адам баласының белгілі бір буыны қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психикалық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойын балаларды ортақ мақсатқа, ұжым намысын қорғауға, оның табысына ортақтасуға тәрбиелейді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті.Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Жаңа он жылдық – Жаңа экономикалық өрлеу Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері». – Астана,

2. Тәжібаев Т. Жалпы психология. – Алматы: Қазақ университеті, 1993.

3. Мұқанов М. Ми және психика //ҚМБ. – Алматы, 1956.

4. Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы: Мектеп, 1982.

5. Федотов А.А. «Методы воспитательной работы», Москва, 1995 г.