Магистрант Айтқұлова Б.Д., т.ғ.к., доцент Уалиев Б.М.

М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті, Тараз қаласы

 

Волонтерлардың костюміндегі  ұлттық нақыштарын зерттеу қағидалары

 

EXPO –2017 Халықаралық мамандырылған көрмесі қазақ жерінде. Оны Қазақстанда өткізу ел беделін әлемдік қауымдастықтың алдында биіктете түсетіні сөзсіз. Көрмеге әлемнің және еліміздің түкпір-түкпірінен миллиондаған турист келеді деп жоспарланып отыр. Сол туристерге қазақ елінің  тарихы мен ұлттық салт - дәстүрін дәріптеп, үш ай уақытында қызмет көрсететін ол әрине волонтерлар. Біз волонтерлардың костюмдеріне аса мән беруіміз керек. Бұл жұмыстың мақсаты волонтерлар киімінде ұлттық нақыштарын сақтай отырып заманауи түрде костюм ұсыну. Алдымен қазақ -  ұлттық нақыштарының  тарихына тоқталсақ.

Қазақ  халқының көне заманнан бері қарай дәстүрінде өмір сүріп келе жатқан ұлттық нақыштарының бірі ою-өрнек болып саналады. Казақ оюы әрбір бұйымда өзінің тақырыптық мазмұнын, құрылымын, тепе –теңдігін, ырғағын және философиялық мәнін сақтап келеді. Оюдың  жай және күрделі элементтері өрнекте бірнеше рет қайталанса да, композициялық заңдылығын сақтайтындығы анықталған. Көне дәуірдің өзінде қолөнершілер қос аң бейнесін салу арқылы, композициялық әдістерінің бірі тепе – теңдікті сақтау ұғымын көбіне қалтқысыз орындаған. Археологиялық қазбалар кезінде табылған заттардан көне замандарда адамдардың симметриялық заңдылыққа қатаң көңіл бөліп, оны сақтауларын байқауға болады. Осы заңдылық бүгінгі күні қазақ ою-өрнегінде берік орын алған және оны зооморфтық өрнектерден – «қосмүйіз, сыңар мүйіз, қырықмүйіз, өркеш, ботамойын, түйетабаннан» байқауға болады. Мұның өзі келешекте археологиялық өлке тану мүражайларының ауқымы кеңеюіне және ел танымын еселей түсуіне мүмкіндіктер береді.

Ою-өрнектердің нақышы мен әсемдігін арттыру үшін түс түрлерінің атқаратын ролі үлкен болған. Себебі түс әр елдің өзіндік ерекшелігін, дүние танымын байқатқан. Қазақ өнерінде қолданыста жүрген түстердің әсемдіктен басқа тағы  символдық мағыналары болған. Қазақтарда көк түс - жан тыныштықтың, молшылықтың, татулықтың, жастықтың мағынасын білдіреді. Ақ түс- кіршіксіз тазалықтың, адалдықтың, пәктіктің, ақиқаттың символы. Қызыл түс- қашанда қыздармен байланысты, ол гүлдің, құмарлықтың, махабаттың түсі. Өрнектегі сары түстер — ақыл мен парасатты білдірген. Ою-өрнекке осы түстердің реңкін бергенде ғана, оның мәні болған.

Қазақ костюмінде кездесетін әртүрлі ұлттық элементтер көп ғасырлар бойы сұрыптаудан өтіп, әр шебердің өзінше өзгерістер енгізуінен бір түрден екіншісіне  ауысып отырғандықтан,бірнеше элементтерден бір-бірімен тұтаса біріккен мыңдаған түрлі композициялық варианттар жасау осының айғағы болса керек.

Жалпы, қазақ ұлттық киімдерінде оның этникалық тарихы мен экономикалық, әлеуметтік және табиғи ортаның ерекшеліктерінен туындайтын көне дәстүрлері сақталған. Сонымен қатар, өткен ғасырдың әдет – ғұрпы мен салт – дәстүрлерін, халықтың тыныс тіршілігін сипаттайтын ұлттық нақыштармен бейнеленген. Сол ұлтымыздың тарихынан хабардар ететін, ұлттық композициялық нақыштарды өзіне тән ерекшеліктерін сақтай отырып, волонтерларға ұсынылатын костюмдерде қолдануға болады.

Қазіргі кезде ою-өрнек элементтері өзіндік құнын жоғалтпай, қайта керісінше жаңаша бағыт алған. Ою - өрнектердің қазіргі өрісін олардың әдістемеліктерінен байқауға болады. Оның ұрпақ тәрбиесінің негізіне алынуы — еліміздің мүддесі, халқымыздың  талабы. Ұлттық  ою-өрнектердің   бүгінгі  заманға әкелер  пайдасы  зор.

Ендігі міндет ұлттық дүниетанымын, ерекшелігін танытатын осы  өнер   саласын заман талабына сай жетілдіріп, көркем, рухани қазына ретінде  пайдалана білу. Қазақ қолөнерінің күрделі саласы ою-өрнекті әлі де  ғылыми   тұрғыдан тереңірек зерттей  түсу қажет.

Қорыта  айтқанда,  ұлттық нақыштарды заманауи киімдерде, яғни, волонтерлар костюмінде қолдану дегеніміз - үйлесім, жарасым, сәндік,  көркемдік, әсемділік шаттық ұялатады, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке,  икемділікке, баулиды және тәрбиелейді.

 

 

 

                        

 

 

 

                  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Өмірбекова М.Ш. «Қазақ ою-өрнектері». – Алматы кітап, Алматы 2003ж.

2. Абдіғапарова У.М. «Қазақтың ұлттық ою-өрнектері» Алматы «Өнер», 1999ж..