Экономические науки/ Банки и банковское дело

 

ЖЕҢСІКБАЕВА  КУЛАШ   МЫРХЫҚЫЗЫ

Қорқыт Ата атындығы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы

 

ИСЛАМДЫҚ  ҚАРЖЫ ӨНІМДЕРІ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТТЕРІ

 

ХВҚ-ның сарапшыларының қорытындысы бойынша әлемдік қаржы дағдарысы дәстүрлі банктермен  салыстырғанда исламдық қаржы институттарының қызметіне аса қатты ықпалын тигізе қоймаған. Сарапшылар мұны исламдық қаржыландырудың принциптерімен байланыстырады. Себебі исламдық банктер шариғат заңы бойынша инвестициялық портфельдің  құрамында қарыз құралдарының басым болуына және алыпсатарлық пен делдалдыққа, проценттік үстемақыға, тыйым салынған тауарлар өндірісін қаржыландыруға (алкоголь, табак, есірткі және тағы басқадай) жол бермейді. Барлық исламдық өнімдер мен қызметтер  қалыптасу  принциптеріне қарай 3 топқа бөлінеді:

·        Әріптестік қатынастарғапайда мен тәуекелді бірге бөлісу») негізделген өнімдер мен қызметтер: мудараба,  мушарака;

·        Мәміле  негізінде ұсынылатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтер: вадия; кардулхасан, мурабаха, иджара (лизинг), салам, истисна.

·        Комиссия (тарифтер) төлеу негізінде көрсетілетін қызметтер : амана,  вакала (аккредитив).

Әріптестік қатынастарға негізделген өнімдердің ішінде мудараба-исламдық банктің негізгі қаржы көзі  болып табылады. Дәстүрлі банктің өнімдерінің ішінде ұзақ мерзімді депозитке ұқсас. Отандық  және шетелдік авторлардың экономикалық оқулықтары мен мерзімдік  басылымдарда берілген анықтама бойынша «мудараба» – бір тұлғаның (иесінің) екінші бір тұлғаға (банк немесе қаржы мекемесі) уақытша басқаруға сеніп тапсырған  капиталы. Мудараба сақталу мерзіміне сәйкес міндетті түрде иесіне  қайтарылады.

Мудараба барысында  капитал иесі  мен  банк/қаржылық мекеме  арасында келісім шарт  жасалады.   Онда мударабаның мерзімі мен сомасы  және әріптестік пайданы бөлісу реті  бекітіледі. Себебі мудараба инвестициялық шоттарда сақталып нақты өндірістік бизнес жобаларға жұмсалады. Өндірістік бизнес жобалардан түскен кіріс оған қатысушылардың (мудараба иесі, банк, өнеркәсіп) арасында  алдын-ала келісілген мөлшерде бөліске  түседі.

Мушарака – ұзақ мерзімді  қаржы көздерін білдіреді.  Оған инвестициялық жобаны қаржыландыру, синдикаттық займдар,  сукук бағалы қағаздарын шығару,  халықаралық  исламдық  қаржы  ұйымдарының несиелері  секілді қаржы құралдары жатқызылады. Мушарака негізінен сенімді  өзін-өзі ақтайтын  бизнес жобаларды қаржыландыру үшін,  өндірістік  құрал-жабдықтарды сатып алу үшін  қолданылады.

Мушарака бойынша банк/қаржы мекемесі және өндірістік кәсіпорын/кәсіпкер арасында  алдын-ала келісім-шарт жасалады.  Онда мушараканың мерзімі, сомасы және жобаны жүзеге асырудан түскен пайда мен  потенциал тәуекелді  бірге бөлісу реті көрсетіледі. Мұндағы ерекшелік –кәсіпкер мушарака үшін банкке/қаржы мекемесіне  тіркелген процентпен ақы төлемейді, керісінше іске асқан  жобасы  есебінен  тапқан пайдасын немесе тәуекелін  алдын ала келіскен мөлшерде  бірге бөліседі. Шариғат заңдарына сәйкес жауапкершілікті сақтау, иманды болу – исламдық қаржыландыру жүйесінің ажырамас бір бөлігі болып саналады.

Қаржы мекемелері  ұстаушыға активінің  құнының белгілі бір бөлігіне меншік құқығы мен  сол  бойынша  келешек  пайданы  бірге  бөлісетінін растайтын  бағалы қағаздар шығарады. Оларға исламдық облигациялар – сукук   жатады. Сукук –исламның басты қағидаларын бұзбай, ұстаушыларға  инвестициялық табыс табуға мүмкіндік береді.

Мәміле негізінде ұсынылатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтер бойынша тәуекел мен  пайданы бөлісу қарасырылмайды. Оларға вадия, кардул – хасан, мурабаха, иджара, салам, истисна жатқызылады.

Вадия және кардул хасан  - ағымдық және жинақ   шоттарға  қабылданатын,  иесінің талабы бойынша қайтарылуы тиіс өсімсіз депозиттік өнімдерді білдіреді. Олар исламдық банктердің пассивтік операцияларының  басым бөлігін құрайды.

Мурабаха – қысқа және орта мерзімді  несиелеуді білдіреді. Ол жылжымайтын мүлік сатып алуға, айналым капиталын қаржыландыруға беріледі. Мурабаха  бойынша  банк  немесе қаржылық  мекеме  шикізаттар мен  материалдарды немесе жылжымайтын  мүлікті өз қаржысы есебінен  сатып  алып  кейін оларды  үстеме бағасымен  қайтадан  сатады. Сатып алушы мурабаханы  үстеме бағасымен  толық   немесе  бөліп-бөліп  қайтарады. Мұрабахада банк  немесе қаржылық  мекеме шикізаттар мен материалдардың немесе жылжымайтын  мүліктің өзіндік құны мен қайта сату бағасы арасындағы  айырмашылықтың  есебінен  пайда табады.  Бірақ банк  немесе қаржылық  мекеме  тауар сатып алушыға  толығымен жеткізілгенге дейін болуы  мүмкін шығындар мен тәуекелді өзі көтереді.

Жалпы алғанда исламдық  мурабаха дәстүрлі өнімдер -  корпоративтік  қысқа мерзімді несиелеуге, тұтыным несиелеріне, ипотекаға  ұқсас.

Дәстүрлі  лизингке ұқсас өнім - иджара деп аталады. Иджара –құрал-жабдықтарды жалға беру.  Иджарада алдын-ала жалға беруші мен жалға алушы  арасында келісім-шарт жасалып, онда жалдың жалпы  құны мен  жалдық төлемдердің мерзімі келісіледі.

Салам (Bai Al Salam)  – тауардың ақысын алдын-ала төлеп жеткізілімін кейінге қалдыру жөнінде сатушы мен сатып алушы арасында жасалатын келісім-шарт. Тауардың ақысы және тауарды жеткізу мерзімі алдын-ала келісім-шартта көрсетіледі.

Бүтін болмысымен ислам қағидаларына, ең алдымен шариғат заңдарына сүйенетін исламдық қаржы өнімдері мен қызметтері Ұлыбритания және АҚШ  секілді  дамыған елдерде де кеңінен  танымал. Исламдық қаржы өнімдерін Европа одағы елдерінің ішінде Ұлыбританияда  European The Islamic Bank of  Britain  (2004  жылдан)   және  Finance House,  Gatihose Capital  (2007 жылдан), сондай-ақ   АҚШ-та  LARIBA (2005 жылдан)  қаржы мекемелері   тұтынушыларға кеңінен ұсынады.  Исламдық бағалы қағаздар (сукук)  Батыс Европаның  ірі қаржы рыноктарында  айналыс жасайды.

Қазақстан ТМД мен Орталық Азияда исламдық қаржыландыруды енгізуге нақты қадамдар жасаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Исламдық қаржылық құралдарды енгізудегі негізгі жұмыстар 2009 жылы 12-ақпанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ислам банктерін ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданған кезден басталды. Бұл заңда ислам банктерінің жұмыс істеуінің заңнамалық негізі қаланып, ислам банктерін енгізудегі шектеулерді жою, мемлекет тарапынан реттеу мен қадағалау тәсілдері мен әдістерін және ислам банктерінде операцияларды жүзеге асырудағы реті мен тізбесі анықталды. 2009 жылы Қазақстанда бірінші ислам банкі «Al Hilal Bank» АҚ ашылды.  Заң бойынша келесідей исламдық банктік өнімдер қарастырылған:

·        жеке және заңды тұлғалардан талап етуге дейінгі процентсіз депозиттерді  қабылдау, жеке және заңды тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргізу;

·        жеке және заңды тұлғалардың инвестициялық депозиттерін қабылдау;

·        банктік заем операциялары: ислам банкінің мерзімділік, қайтарымдылық талаптары бойынша және сыйақы алмай ақшалай нысанда кредиттер беруі;

·        кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру (сауда делдалы ретінде сауда қызметін қаржыландыру; заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу жолымен және әріптестік талаптары бойынша өндірістік және сауда қызметін қаржыландыру);

·        лизинг (жалдау) талаптары бойынша инвестициялық қызмет;

·        агенттік қызметтер.

Ислам бағалы қағаздарын шығару және Қазақстанның қор нарығына айналысқа жіберу мақсатында 2011 жылы 22- шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы Заңмен мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығаруға құқық беріліп, ислам корпоративтік бағалы қағаздар  эмитенттерінің  тізімі кеңейтілді. Осылайша, ислам банктерінің қызметі мен ислам бағалы қағаздарын шығаруға негізгі талаптар орнатылды (пайыз түрінде сыйақы төлеу, ислам қағидаларына қайшы келетін қызметтерді қаржыландырмау, исламдық банктерде міндетті түрде Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңестің болуы, ислам бағалы қағаздарын шығаруда ислам арнайы қаржы компаниясының құрылуы). 

2012 жылы 29-наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің   № 371 қаулысымен «Исламдық қаржыландыруды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы» бекітілді. 2012 жылы 20- шілдеде «Қазақстан Даму Банкі» АҚ жалпы сомасы 240 миллион малайзиялық ринггитті ($76,7 млн) құрайтын орта мерзімді бағалы қағаздар-cукук «аль-Мурабаханы» айналысқа шығарды. Олардың шамамен 38%-ті Қазақстандық инвесторлардың арасында  орналастырылды.

2015 жылы 24-қарашада  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.  Бұл заңда егеменді ислам бағалы қағаздарын шығару құрылымын одан әрі жетілдіру және дәстүрлі банктерді ислам банктеріне айналдыру процедурасы қарастырылған.

Қорытындылайтын болсақ, еліміздің қаржы жүйесінде исламдық қаржыландыру үлгісінің пайда болуы өз кезегінде қаржы нарығына жаңа ойыншылар мен мүлде жаңа банктік өнімдерді шығаруға негіз қалайды. Ал исламдық қаржы ресурстары отандық банк сферасында тұрақтандырушы ықпалға ие болуы мүмкін.

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Исламдық қаржыландыруды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасын бекіту туралы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 наурыздағы № 371 Қаулысы

2.   Исламдық қаржыландыру бағытындағы қадамдар. www.qoooqle.kz

3. Исламдық қаржыландыру. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жылдық есебі.  www. nationalbank.kz   2015 жыл. 

4. «Al Hilal» Ислам Банкі» туралы. www.alhilalbank.kz