Экономические науки/ 2. Финансовые отношение

 

Капанова Шолпан Аманжоловна

«Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі

Мұратбай Гүлназ Сынбатқызы

«Қаржы» мамандығының 2 курс студенті,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы

Меншікті  және қарыз капиталының кәсіпорын үшін экономикалық маңыздылығы

 

Капитал - қаржы менеджментінің ең өзекті ұғымдарының бірі болып табылады. Қаржы менеджменті көзқарасынан қарастырғанда капитал корпорацияның активіне салынған қаражаттың ақшалай, материалдық және материалдық емес нысандағы жалпы мөлшерін білдіреді. Корпоративтік қаржы көзқарасынан қарастырғанда капитал корпорация мен басқа да шаруашылық жүргізуші субъектісінің арасында оны қалыптастыру мен пайдалану қатысында туындайтын ақшалай (қаржы) қатынасын білдіреді. Осындай ақша қарым-қатынасы заңды тұлға ретіндегі корпорация мен оның акционерлері (инвесторлары), кредитор, жеткізуші, өнім (қызмет) сатып алушы, қор нарығына мекеменің қатысушысы және мемлекет (бюджеттік жүйеге салық және алымдар төлеу) арасында пайда болады [1, 239 б ].

Капитал салу нәтижесінде негізгі және айналым капиталы құрылады. Негізгі капитал жұмыс істеу үдерісінде айналымнан тыс актив нысанына, ал айналым капиталы - айналым активі нысанына айналады. Корпорацияның айналым активіне авансыланған ақшалай ресурс айналым қаражаты болып табылады.

Капитал - корпорацияға кіріс әкелетін қаражат көзі (баланстың пассиві). Капитал оның иелерінің (меншік иелерінің) ағымдағы және келешектегі кезеңде әл-ауқатының негізгі көзі ретінде болады. Капитал-корпорацияның нарықтық құнының негізгі өлшеуіші болып табылады. Бұл ең алдымен таза активтің мөлшерін анықтайтын меншікті капиталға қатысты. Сонымен бірге пайдаланылатын меншікті капиталдың көлемі қосымша пайда әкелуі мүмкін тартылатын қарыз капиталының көлемін білдіреді [1, 240 б ].

Қазіргі нарықтық экономика жағдайында меншікті капитал кәсіпорынның қызметін ары қарай жалғастырушы болып табылады. Қай уақытта да болмасын бұл өте маңызды. Қазіргі қоғамның әкімшілік - әміршілік жүйеден шығып, нарықтық қатынасқа ену кезеңінде оның мәнділігі одан әрі арта түседі. Басқаша айтқанда, жалпы мемлекеттік меншік жағдайында кеңінен орын алған ұқыпсыздық пен жауапкерсіздікті іскерлік, басқарушылық, қатаң орындаушылық тәртіп, ұқыптылық және үнемділікпен алмастыру- нарықтық экономиканың өзіне тән ерекшеліктері.

Меншікті капитал айналымнан тыс активтің орны толтырылатын және кәсіпорынның меншікті айналым қаражаты пайда болатын көз ретінде пайдаланылады. Меншікті айналым қаражаты кәсіпорынның жыл бойы тұрақты төлем қабілетін қолдау үшін қажет. Меншікті капиталды қалыптастыру кәсіпорынның жалпы қаржы стратегиясының өндірістік - коммерциялық қызметін ақшалай ресурспен қамтамасыз ететін бөлігі болып табылады.

Қарыз капиталы - кәсіпорын капиталын қаржыландырудың қарыз көзі арқылы қалыптасқан бөлігі. Қарыз капиталын банк несиесі нысанында алатын көздің және оны алу ережесі әр түрлі болады, сол себептен қарыз қаражатты қалыптастырудың тиімділігін салыстырып бағалау қажет. Аталмыш есеп сырттан тартылған қарыз қаражаттың құнын элементтерге бөліп есептеуге негізделеді.

Кәсіпорын үшін меншікті және қарыз капиталының орны ерекше болады, осы көздер арқылы кәсіпорынның мүлкі қалыптасады. Сондықтан олардың қалыптасуына жағдай жасау мен пайдалану зерттеу тақырыптың өзектілігін ашуға мүмкіндік туғызады.

Капиталға тән белгілерді қарастырып өтсек. Яғни капитал - өзін ұлғайту (өзін-өзі қорландыру) үшін пайдаланатын байлық. Капиталды өндірістік-сауда үдерісіне инвестициялау кәсіпкердің пайдасын қалыптастырады.

Капиталдың бағасы капиталдың белгіленген сомасын тарту үшін қанша төленуі (берілуі) тиіс екенін білдіреді. Меншікті капиталдың бағасы-акционерлік капитал үшін акция бойынша дивидендтің сомасы немесе үлестік салым мен онымен байланысты шығын бойынша төленген пайданың сомасы.

Қарыз капиталының сомасы - несие немесе облигациялық қарыз және онымен байланысты шығын үшін төленген пайыздың сомасы.

Тартылған капиталдың бағасы – кредиторлық берешектің құны. Ол пайда болғаннан кейін үш айдан астам мерзімде немесе шартта белгіленген мерзімде өтелмеген кредиторлық берешектің айыппұл санкциясының сомасын білдіреді [2, 201 б ].

Сөйтіп, капитал – корпорацияға табыс әкелетін қаражат көзі (баланстың пассиві).

Барлық авансталған (салынған) капитал өзінің қалыптасу көздері бойынша екі құрамнан тұрады: меншікті және қарыздық қаражаттар. Баланс пассивінің құрылымын талдау барысында олардың қалыптасу ерекшеліктері мен түрлері арқылы көрінеді.

Қазақстанда корпорацияны қаржыландыру көзі ішкі (меншікті капитал) және сыртқы (қарыз және қаржы нарығынан тартылған капитал) болып бөлінеді.

Ішкі қаржыландыру-бұл меншікті қаражаттың, ең алдымен таза пайданы және амортизациялық аударымды пайдалану. Өзін-өзі белсенді қаржыландыруда кәсіпорынның пайдасы бюджет жүйесіне салық, эмитеттің акциясы бойынша дивиденд төлеу, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыру, әлеуметтік бағдарламаларды орындау үшін жеткілікті болуы тиіс.

Сыртқы қаржыландыру –мемелекеттік, қаржы-несие ұйымының, қаржы институына жатпайтын компанияның және азаматтардың қаражаттарын пайдалану. Меншікті қаражат есебінен сыртқы қаржыландыруда кәсіпорын құрылтайшыларының ақшалай қаражатын пайдаланады. Кәсіпкерлік қызметті сырттан қаржыландырған қаражатпен қамтамасыз етудің артықшылығы бар, өйткені ол кәсіпорынның қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, сонымен бірге банкіден несие алуға (өтімді қаражат тапшы болған жағдайда) қойылатын талаптарды жеңілдетеді.

Қарыз капиталының есебінен қаржыландыруда-бұл кредитордың ақшалай қаражатты қайтарымды және ақылы негізде беруі. Осындай  қаржыландыру  кәсіпорын капиталын ақшалай қаражат салу арқылы арттыруды емес, қарыз алушы мен қарыз берушінің арасындағы кәдімгі кредиттік қатынысты білдіреді.

Кәсіпорынға несие берілгенде қарыз алушы оны өтеуге және пайыз төлеуге қосымша шығынданады. Бухгалтерлік есепте несиеге қойылатын пайыз операциялық шығынның құрамына енгізіледі және сол себептен оның салық салнатын пайдасын төмендетеді.

Қарыз капиталы есебінен қаржыландырудың екі түрі болады:

- қысқа мерзімді несие есебінен қаржыландыру;

- ұзақ мерзімді несие есебінен қаржыландыру.

Қысқа мерзімді қарыз капиталы айналым активін (тауарлы-материалдық қорларды, маусымды шығынды және т.б.) қаржыландыру көзі болып табылады. Тапсырыс берушінің тауарды (өнімді) алдын ала төлем төлеуі төлемеуді туындатады және жеткізушігі берілген пайызсыз несие ретінде қарастырылуы мүмкін. Қазақстандық компаниялармен салыстырғанда тауар төлемінің мерзімін ұзартумен (коммерциялық несиемен) немесе бұйымның бағасына жеңілдік беру сыртқы әсерсіз жүйесімен жұмыс істейтін батыс компаниялары алдын ала төлемді сирек қолданады. Банк қысқа мерзімге тартылған капиталды қарыз алушымен жсалған несие шартының негізінде оның мүлкімен нақты қамтамасыз етіп береді. Ұзақ мерзімге тартылған капитал негізгі капиталды жаңартуға, сондай-ақ материалдық емес активті сатып алуға жұмсалады.

Қарыз алушы қор биржасынан алынатын қарыз арқылы қаржыландырумен салыстырғанда, борышты тиісінше қамтамасыз етіп ұзақ мерзімді банк несиелерін пайдаланған жағдайда оған мынадай артықшылық береді:

-         бағалы қағаз басып шығаруға, оны орналастыруға неиесе электрондық тасымалдауышта оның есебін жүргізуге, эмиссияға, жарнамаға және орналастыруға шығын жұмсалмайды;

-         қарыз алушы мен банк арасындағы құқықтық қарым-қатынас жөнінде шамалы ғана адам хабардар болады, несие беру ережесі әрбір мәміле бойынша анықталады;

-         банкіден несие алуға өтініш берумен және қор нарығынан қаражаттың түсу арасындағы мерзім қысқарады (соңғы жағдайда ол бір жыл немесе одан асады).

Кәсіпорын (корпорация) капитал тартудың түрлі тәсілін салыстыра отырып ағымдағы және инвестициялық қызметті қаржымен қамтамасыз етудің оңтайлы нұсқасын таңдауға мүмкіндік алады.

Корпорацияның қаржылық-шаруашылық қызметінің тиімділігі оның капиталды мақсатқа орай қалыптастырып пайдалануына байланысты. Капитал кәсіпорынның активін қаржыландыру көзіне қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында қалыптастырады.

Меншікті капиталдың жағымды сипаттамасы:

-         тарту жеңілдігі, өйткені оны ұлғайту жөніндегі шешімді (әсіресе ішкі көз есебінен) басқа шаруашылық  жүргізетін субъектінің (мысалы, банкінің) қатысуынсыз меншік иесі мене менеджер қабылдайды;

-         корпорация қызметінің барлық түрінен біршама тұрақты пайда алуды қамтамасыз етеді, өйткені меншікті капитал пайдаланылғанда несие пайызы мен облигациялық қарыз төленбейді. Бухгалтерлік есепте осы төлем қаржы нәтижесін кемітуге жатқылыдады;

-         корпорацияның және төлем қабілеттілігін ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Осы мақсатқа ең алдымен айналым капиталын толықтыру және күрделі салымды қаржыландыру көзі болып табылатын бөлінбеген кіріс есебінен қол жеткізеді.

Тек меншікті капиталды пайдаланудың кемшілігіне мыналар жатады:

-         кәсіпкерлік қызмет ауқымын кеңейту қажет болғанда тартылатын қаражаттың шектеулілігі;

-          балама қарыз көзімен салыстырғанда (әдетте, корпоративтік облигацияның тәуекелі жлғары болғандықтан, ол бойынша пайыз акция бойынша дивидендтен жоғары болады);

-         қосымша акция эмиссиясы кезінде, әдетте, жарғылық  капиталдың мөлшері қайта қаралады;

-         қарыз қаражат тарту есебінен қаржы тұтқасының (левередж) көмегімен меншікті  капиталдың пайдалылығын іске асыру мүмкін емес.

Сөйтіп, меншікті капиталды ғана пайдаланатын корпорацияның қаржы жағынан барынша тұрақты (оның қаржылық тәуелсіздік коэффициенті бірге жақындайды) болады. Алайда корпорация нарықтық жағдайға қолайлы кезеңде қарыз капиталынан бас тарта отырып өзінің келешек даму қарқынын тежейді, сонымен бірге мүлікті қосымша қаржыландыру көзінен айрылады. Әсіресе мұны тек меншікті қаражат есебінен іске асыру мүмкін емес ірі ауқымды инвестициялық жобаға қатысты айтуға болады.

Қарыз капиталының жағымды сипаттамасы:

-         қаражат тартудың, әсіресі қарыз алушының несиелік рейтингі (өтімді кепілдаттың немесе төлеуге қабілеттілігі кепілгердің кепілінің болуы) жоғары болған жағдайдағы кең мүмкіндігі;

-         өндірістің және сатудың көлемін кеңейткенде активті артырудың мақсатында корпорацияның қаржы әлеуетінің дамуын қамтамасыз ету мүмкіндігі;

-         активтің табыстылығы несиеге қойылатын орташа пайыздық ставкадан асатын жағдайда меншікті капиталдың пайдалылығын қаржы тұтқасының әсері есебінен ұлғайту мүмкіндігі;

-         қысқа мерзімді банк несиесінің пайызы операциялық шығынға жатқызылу себебінен акция эмиссиясымен салыстырғанда «салық қалқаны» әсерінің есебінен несие құнының төмен болуы. Нәтижесінде осы пайыздың сомасы салық салынатын пайданың мөлшерін төмендетеді.

Қарыз капиталын пайдалану кемшілігіне мыналар жатады:

-         қарыз капиталын көп мөлшерде тарту (несие мен қарыз нысанында)корпорация үшін өте қауіпті несиелік, пайыздық, өтімділік жоғалту және т.б. тәуекел сияқты қаржы тәуекелінің пайда болуына себеп болады;

-         кредитордың алдында борышқа қызмет көрсетуге жұмсалатын қосымша шығын пайда болу себебінен қарыз капиталы есебінен пайда болатын актив (өзге тең жағдайда) капиталдың пайда нормасына байланысты болады;

-         қарыз капиталы құнының несие нарығындағы ауыьқуға өте тәуелді болуы (әсіресе қаражат ұзақ мерзімге қарызға алынғанда);

-         несие ресурсын беру мүлік кепілін немесе басқа шаруашылық субъектілерінің ынтымақты кепілдігін талап ететін банкінің мүмкіндігіне байланысты, сондықтан қарыз қаражат (әсіресе ірі мөлшерде және бір жылдан асатын мерзімге) тарту тәртіптемесінің қиындығы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Кадерова Н.Н. Корпоративтік қаржы: оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2008. – 376 бет.

2. Мадиярова Э.С., Суйеубаева С.Н. Қаржылық менеджмент: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2009. - 262 бет