Педагогические  науки/ 2. Проблемы подготовки специалистов

 

П.ғ.к., Кипшаков С.А., п.ғ.к., Манабаева А.Ш., п.ғ.м., Кенжебеков Г.Б.

 

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы

 

Педагогтардың біліктілігін арттыруда заманауи білім беру мәселелері

 

ХХІ ғасыр – әлемдегі өзгерістерге негізделген білімнің дәуірлеу ғасыры, өйткені, ол қазіргі кезеңде мемлекеттің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әлемдік нарықтағы, әлемдік қоғамдастықтағы орнын анықтап, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін анықтауда негізгі көрсеткіш болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу», – деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері атап көрсетілген [1]. Аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін оқытудың заманауи технологияларын енгізу арқылы және оларды тиімді пайдалану секілді мәселелерді анықтап алу, білім беру жүйесіндегі басты ұстаным ретінде әркімнің өзінің білім алуға деген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді көздейді.

Қазақстанда білім беруді жаңғырту – бүгінгі заманның талабы. Қазіргі таңда жаңа технологиялармен оқыту жүйелі түрде жолға қойылып келеді. Оған педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру, заманауи білім беру, түрлі жаңа технологиялық тәсілдер арқылы оқуға деген қолжетімділікті арттыру сынды мысалдарды айтуға болады. Еліміздегі білім беру жүйесін жетілдірудің басты мақсаты – еліміздегі білімнің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылуда:

-           оқу процесіне заманауи әдістемелер мен технологияларды енгізу;

-           «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесін қазақстандық білім беру жүйесіне тарату;

-           педагогикалық кадрлардың кәсіби дайындық деңгейін арттыру;

-           педагогикалық базалық білім беру стандарттарын, мектеп мұғалімдері мен колледж, жоғары оқу орындарының оқытушыларының біліктілігін арттыру талаптарын жаңарту;

-           мектепке дейінгі тәрбиенің жаңа сапасына көшу. Қазіргі кезде әлемде мектепке дейінгі тәрбие мектепке дейінгі білім беруге ауысуда. Балаларды ерте жастан оқытуға көшу жүзеге асуда;

-           кадрлар даярлауды экономика қажеттілігіне сәйкес келтіру;

-           білім саласына әлемнің үздік жетістіктерін енгізу;

-           Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін дамыту

Білім беруді жаңарту оқушылардың білімін ғана емес, оларды қолдану дағдыларын, атап айтқанда, функционалдық сауаттылығын немесе құзыреттілігін қалыптастырады.

Елбасының тапсырмасы бойынша оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың ұлттық жоспары әзірленіп, бекітілді. Қазіргі заман талабы – көптілді оқыту және көптілді меңгерген маман дайындау. Бұл бағыт бойынша да жұмыстар басталып, жүргізілуде. Қазақ тілі – ұлтымыздың рухы, рухани байлығы. Тіліміздің дамуы, қоғамдағы орнын нығайту және қалпына келтіру жолында білім саласының жауапкершілігі ерекше [2].

Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында білім беру саласына «заманауи технологияларын енгізу үшін оқу орындарының педагог кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау тұрақты түрде іске асырылатын болады» деп атап көрсетілген [3].

Сондықтан Қазақстанның білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негізделуі – ол бүгінгі күн талабы. Педагогикалық кадрларының біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын тексеруде тәуелсіз сарапшылар рөлін күшейту жұмыстары жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің болашағының бүгінгіден де нұрлырақ болуына ықпал етіп, алға апаратын күші білімге байланыстылығы айқын көрінуде. Білім мен ғылымның дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі. Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір, жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең. Соның ішінде, білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Сол себепті бүгінгі таңда педагогтардың алдында білім беруде түйінді құзыреттілікті меңгеру қажеттілігі туындап отыр. Екінші жағынан, еліміздің халықаралық экономикалық қауымдастыққа енуі білім беру саласындағы өзгерістерге байланысты жаңа жағдайда жұмыс істеуге қабілетті педагог қызметкерлердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған.

Қай педагог болсын қазіргі күн талабына сай оқытудың ең тиімді жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы оқушылардың білімін тереңдетіп, оны практикада қолдана білуге, таным белсенділігін арттыруға тырысатыны анық.

 

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы//Алматы, 2010. 6 – беті.

2. Бакирбекова А.М., Жолбасарова А.Б. Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдіру/Астана, 2015/[Электрондық ресурс]:http://martebe.kz/bilim-beru-zhuiesin-zhetildiru.

3. ҚР «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы». 07.12.2010ж. №1118 Жарлығы.