ТІЛ БІРЛІКТЕРІН  МЕҢГЕРТУДІҢ  ЖОЛДАРЫ

 

ҚАМЗАЕВА КҮЛШАТ САЛИКҚЫЗЫ

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

           

Қазақ тілін оқытудың қиын да күрделі міндеттерін шешу мына сияқты шарттарға (оқу орынның жалпы материалдық базасынан басқа) тікелей байланысты: бір жағынан оқытушының теориялық және практикалық даярлығы дәрежесіне, тәжірибесіне, екінші жағынан оқытушының қолында қазақ тілін оқытуды жақсы жолға қою үшін қажетті құралдардың болуына байланысты. Мұндай құралдардың қатарына мыналар жатады: а) бағдарламалар (түсінік сөзі бар) - оқылатын материалдың мазмұны мен көлемін анықтайды, материалды топқа бөлуді реттейді; ә) оқулықтар мен оқу құралдары (аудиовизуалды құралдар) - оқытушының бағыт беруімен  білім алушылар дәрісханада пайдаланады, өздігінен жұмыс істеу үшін дәрісте және дәрістен тыс уақытта пайдаланады;  б) ғылыми талданған үздік тәжірибесін ескеріп жасалған пәнді оқыту әдістемесі [1.67].

Яғни дәріс педагогикалық, теориялық, әдістемелік жағынан тиімді құрылғанда ғана өз сапасына ие болып, білім алушының оқытылатын тілдік материалы жайында терең білім алуына септігін тигізеді.Олардың барлығы сабақтың мазмұнына сай білім алушының іс- әрекетін қаншалықты үйлестіре алуына қарай өзіндік тиісті мәнге ие болады. Дәрістегібілім алушылардың білімі мен білік, ойлау, тілдік материалды меңгеру дәрежесіне  сәйкестендірілмеген оқыту формалары жасанды жұмыс түрінен аса алмайтыны белгілі.       
         Қазіргі таңда пәнге деген қызығушылық тақырыпты ашу барысында жаңа технологиялардың элементтерін қамту қажеттілігі туындап отырады. Мысалы, білім алушының алған жалпы түсініктерін қызықты тілдік уәждермен толықтыруға болады. Предикаттың (баяндауыштың) өзіне тән көптеген ерекшеліктері бар:

- көсемше тұлғалы предикаттар жеке тұрып толық мағыналы сөз есебінде қолданылмайды,

- көсемше тұлғалы предикаттар көптік, септік, тәуелдік жалғаулары жалғанбайды;

- көсемшелер тек предикат сөздермен ғана тіркесіп қолданылады;

- есімше тұлғалы предикаттар және тұйық етістіктер заттанады, есім сөздер сияқты түрленеді.

Предикаттар көсемше тұлғасында тек пысықтауыш, баяндауыш бола алады, есімше тұлғасында келіп анықтауыш, тұйық етістік тұлғасында зат есім қызметін атақарады. Күрделі предикаттар құрамы көсемшелерден тұрады. Осыларға назар аударту білім алушылардың қызығушылығын арттырады. 

Тілдік-теориялық материалдар  білім алушыларға оқытушының түсіндіруі арқылы да меңгертіледі. Қазақ тілінде предикат материалдарын оқытушының түсіндіруі дегеніміз – оның ұғымдары мен ережелерін логика заңдарын басшылыққа ала отырып, ғылыми тұрғыда белгілі бір жүйемен білім алушыларға айтып беруі. Түсіндірудің негізгі өзіндік ерекшелігі – дәлелдеу. Мұғалімнің түсіндіруінде үнемі пайымдау, ой қорытындысын шығару.
Оқу материалдарын түсіндіру бір-ақ ізбен жүрмейді [2.32]. Ол түрленіп отырады:
1. Бағдарлама мен оқулықтағы предикат туралы білімді түгел түсіндіру. Түсіндірудің бұл түрін әр мұғалім бұрыннан қолданып жүр. 
2. Оқулық пен бағдарламада көрсетілген предикат туралы материалдардың ең негізгісін ғана мұғалімнің түсіндіруі.
Бұлайша түсіндіргенде, мұғалім өтілетін материалдардың ең өзекті мәселелерін ғана өзі түсіндіреді, ал қалғанын оқушылар білім берушінің көмегімен меңгереді.

Білім алушылардың қазақ тіліне қызығушылығын тудырудың, саналы түрде түсінуін қалыптастырудың тағы бір жолы – тілдік терминдердің мағынасын аша отырып оқыту. Әуелде мұғалімнің басшылығы мен жүргізілетін мұндай жұмыс бірте – бірте тілдік ұғымдарды білім алушылар өз бетімен тануына алып келеді. Мысалы, предикат термині латынша«praedicatum»– айтылған: 1. Сөйлем мүшелері теориясы тұрғысынан –баяндауыш; 2. Сөйлемнің актуальды мүшелері теориясы тұрғысынан - психологиялық предикат, яғни рема; 3. Синтаксистік семантика тұрғысынан – субьектінің белгісі, дәлірек айтқанда, ойдың негізі (предмет) туралы қостаушы немесе терістеуші белгі. Синтаксистегі предикат (баяндауышты) формалық (қай сөз табынан және қандай тұлғалар арқылы жасалу) жағынан етістікті, есімді және құрама баяндауыш болып бөлінеді [3.27]. Білім алушыүшін оның қызықтылық қасиетінің өзі де осы байланыстылықтан өрбитіні анық. Тек оны тиянақты меңгерту үшін сөз төркінін тани білуге үйрету басты шарт болып табылады. Мысалы, предикатқа жалғанатын көсемше категориясын оқытқанда, “көсемше” сөзін А.Байтұрсынұлы енгізгенін, көсем тәрізді үнемі алдыда тұрады дегенді білдіреді, есімше заттанғандықтан түбірі есім деген сөзден туған дегенді айта кету оқушылардың тақырыпқа деген қызығушылықтарын арттыра түседі. 

Білім алушылар игерген білімнің қажеттілігіне көз жеткізудің бір жолы – тақырыпаралық, салааралық, пәнаралық байланыстарды үнемі ескеріп отыру. Бұл, бір жағынан, білім алушыларды тілді бір тұтас құбылыс ретінде тануға негіз болса, екінші жағынан, үйреніп отырған білімнің ендігі сыныптарда өтілетін тақырыптарға тірек болатынын саналы түсіне бастайды.

         Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттейтін басты нысаны білім алушыларға тілді меңгерту болғандықтан, ол ең алдымен тіл біліміне арқа сүйейді. Өйткені мектепте қазақ тілі пәнінен өтілетін материал тіл білімі ғылымының негізінде белгіленеді. Яғни қазақ тілі пәнінің мектепте оқытылуы мазмұнын анықтау әдістемесінің міндеті болса, бұл міндетті шешуде ол тіл білімінің мағлұматтарына сүйенеді. Атап айтқанда, фонетиканы оқыту әдістемесі, лексиканы оқыту әдістемесі, синтаксисті оқыту т.с.с. аталудың өзі тікелей қазақ тіл білімі салаларының атаулары екені өз-өзінен түсінікті. Сондай-ақ, мысалы, синтаксистік талдаулар - әдістемелік тәсілдер, ал бұл атаудың өздері және мазмұны тіл біліміне тән. Ендеше қазақ тілін оқыту әдістемесі өзінің бұдан былайғы даму барысында тек педагогикалық қана емес, белгілі дәрежеде тіл білімдік ғылым болып та қалыптасуда. Мысалы, тіл білімінен берілетін синтаксистік мағлұматтар сөз тіркестерінің жасалу жолдары, сөйлем түрлерін білу мен құрау дыбыстарды дұрыс айту сияқты әдістемелік мәселелермен тығыз байланыста іске асырылады.Ендеше әдістемелік негізде мектеп ғылыми грамматика бір-бірімен тығыз байланысты, тіпті біртұтас деуге де болады.

 Білім алушының лингвистикалық дүниетанымы мен тілдік компоненттілігін қалыптастыру бағытындағы жаңа талаптардың жүзеге асуында бұл жол елеулі маңызға ие болады. Мысалы, предикатты субъектімен байланыстыра оқыту қазақ тіліндегі тақырыпаралық байланысты жүзеге асырса, предикатты оқытқанда әдебиет, тарих, педагогикамен байланыстыра оқыту қазақ тіліндегі пән аралық байланысты жүзеге асырған болар еді. Осы мәселелердің барлығы білімнің тиянақтылығының кепілі бола алады. Білім алушылардың бойында білім қорының мол болуының пайдалылығына деген сенім қалыптаса бастайды. Фактілер – ұғымдар – заңдар – жеке теориялар – тілдің жалпы адамзат дамуымен байланысы секілді тізбектің құрамына енген бөліктердің әр қайсысының өзіндік ерекшеліктерін айқындала дәлелденуі оқушы логикасын дамыта түсумен қатар негізгі, қосалқы білімдердің ара қатынасын танытады. Ақпараттар ағымынан өзіне қажеттісін екшеу, саралау, жүйелеу, қорыту дағдыларын жетілдіреді. Бұрынғы кездері әдістемеші – ғалымдардың еңбектерінде оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру мәселесі көбірек орын алса, соңғы жылдары оның орнын білім беру ісін білім алушылар сол білімді түсінуі, меңгеруі тұрғысынан ұйымдастыру мәселесі кең өріс алуда[4.4].

Оқу үдерісін білім алушының белсенді әрекеттерінің педагогикалық – психологиялық заңдылықтарын дәйектілікпен есепке ала отырып жүргізуге назар аударылуы  қажет.  Пәнді оқытуда эвристикалық тәсіл арқылы оқу материалын білім алушының өздігінен түсінуі мен шешуі атап көрсетіледі. Грамматикалық ережелер мен анықтамаларды, оның заңдарын білім алушы өзіндік ой қорытулары арқылы түйіндейді.Мұндай сабақтарды оқытушыалдын ала жоспарлап, онда мынадай міндеттерді белгілейді: 
- грамматикалық материалдарды білім алушыға түсіндіру жолын ықшамдап, өнімді әрі баланың қабылдануына, ақыл – ойына қонымды болу жағын қарастыру; 
- меңгерілуге тиіс материалдардың түйінді мәселелерін білім алушының өздері ашатындай жағдай тудыру, олардың түсіну дағдыларын қалыптастыру. 
Проблемалық сұрақтар  білім алушылардың белсенді әрекеттерін туғызуға түрткі болып, өздігінен ой түйіндеулеріне әкеледі. Мұнда студенттің танымдық дербестігін, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру үшін салыстыру, талдау, жинақтау, ой қорыту секілді ойлау операциялары жүзеге асырылады. 
Ойлау тәсілдеріне: алгоритмдік, жартылай алгоритмдік /дұрыс шешім – бірдей шешім/; эвристикалық, жартылай эвристикалық /дұрыс шешім болмау да бірдей болмауы да мүмкін шешімдер/ тәсілдерді білім алушыға үйретудегі басты мақсат – машықты төтелей меңгерту емес нақты міндетті шешуге көмектесетін операциялар жүйесін қалыптастыру. 
Таным теориясы даралық таным үдерісінің негізгі заңдылығын проблемалық ұстаным арқылы бейнелейді. Онда адам ойы білмеуден білуге, толық еместен толық білуге қарай жүруінің ішкі логикасы көрсетіледі[5.23]. Одан туындайтын негізгі міндеттер мынадай: 
- предикатты шығармашылықпен меңгеру дағдыларына тәрбиелеу; 
- предикатты шығармашылықпен қолдануға дағдыландыру және көсемшені оқу проблемаларын шешу шеберліктеріне тәрбиелеу; 
- шығармашылық әрекеттерін қалыптастыру; 
- предикатты оқытудың ғылыми дәрежесін арттырут.б. 
Оқытушының түсіндіруі жаңа сапаға ие болады, яғни ол предикаттан берілген тапсырманы шешудің жолымен логикасын меңзейді. Әрі өзінің ақпаратты беруші қызметін шектеп, білім алушылардың предикаттан тапсырмаларды өздігінен орындау және түсіну бағытындағы әрекетін кеңейтеді. Бұл әрекет предикаттың мазмұнына сай білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескертіп, біртіндеп күрделендіру арқылы жүргізіледі. Бұл предикатты оқытудың басты бағыты және саналы түрде әрі тиянақты меңгертудің шешуші шарты. Білім алушыға предикатты меңгертуді формалдылықтан аулақтататын бұл жолдардың ең тиімді де басты жетістігі – оның ойлау қабілетін арттырумен қатар, білім алушының тілін дамытуға, олардың жалпы тілдің түсініктерін ой елегінен өткізіп, сөйлеу тілінде саралап қолдануға жол ашады. Таратып айтсақ, мысалы, білім алушы анықтаманы өз бетінше құрастырса, біріншіден, оның байланыстырып сөйлеу дағдысы қалыптасады, екіншіден, предикатқа байланысты атауларды пайдалану нәтижесінде сөздік қоры молаяды, үшіншіден, жұрт алдында сөйлеуге машықтанады, төртіншіден, басқаларды да тыңдауды үйренеді, бесіншіден, олар бір-бірінің қабілет-дарынын қанаттандырып, басқалардың пікірімен санасуға қол жеткізеді. 

Предикат тақырыбынан кейін кесте, сызба жасату үстіндегі ойын дәлелді қорғауға үйретуге лингвистикалық әрі логикалық тұрғыдан дамужүзеге асады. Мұнда әр тақырыптан / «предикат», «предикаттың  жасалуы», «предикаттың сөйлемдегі қызметі»/ ішкі байланыстарын ашу арқылықарапайым қорытындылар жасаудан бастап, саралау, оларды классификациялау жұмыстары үстінде ойлау операциялары дамытылуымен қатар, оқушының зейін, ерік, шығармашылық қиял, тақырыптық ерекшелігі де өрістейді.

Сабақта білім алушылардың оқу уәжін тиімді қалыптастыру мен дамытудың көзі болып табылатын пәннің практикалық мәнінеүнемі назар аударып оқыту дұрыс болып табылады. Бұл орайда  грамматикалық ойындарды сабақ барысында ретімен қолдануды басшылыққа алған жөн.Грамматикалық ойынтүрлерінің ой қалыптастыруға бейімделе жүргізілгені тиімді.Атап айтсақ, арнайы картотекалар жасату, қызықты диаграммалар жасату,ребустар мен сөзжұмбақ түзу,белгілі бір тілдік сала  ұғымдарына  үздіксіз сөзтізбек жасату,кестелер жасату білім алушылардың білім жарыстыруымен қатар, ойын ауызша жатық жеткізуін бірге қамтуы тиіс. Бұл кезеңде  білім алушылардың өз бетінше жұмыс істеу барысы қалыптасады.Сонымен қатаролардың танымдық қабілеттерін дамыту барысы, яғниана тіліне деген қызығушылықты арттыру; білім алушылардың байқағыштық, елес-болжамдық, ес, ойлау, сөйлеу қабілеттерінің дамуына жол ашу, білім алушылардың тілдік проблеманы өздері шеше алатындай дәрежеде үйрету, тіл фактілеріне, құбылыстарына жан-жақты, жинақты түрде қарау қабілетін, өз бетімен тіл фактілерін талдау іскерлігін қалыптастыру көзделеді.
Қазақ тілі пәнінің міндеттері бірі саналатын білім алушылардың шығармашылық күштерін, танымдық қабілетін, өздігінен жұмыс істеу дағдыларын дамыту барысы жүзеге асырылады.Білім алушылардың танымдық қабілеттерін дамыту ана тіліне деген қызығушылықты арттыру, білім алушылардың байқағыштық, елес-болжамдық, ес, ойлау, сөйлеу қабілеттерінің дамуына жол ашу, білім алушылардың тілдік проблеманы өздері шеше алатындай дәрежеде үйрету, тіл фактілеріне, құбылыстарына жан-жақты, жинақты түрде қарау қабілетін, өз бетімен тіл фактілерін талдау іскерлігін қалыптастыру.

Білім алушының өздік жұмыстарындаәрқашан сабақтастық ұстанымын басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізген тиімді. Себебі білім алушы үшін предикат  бұрын соңды бейтаныс тақырып болса, предикатқа тән белгілерге қатысты тақырыптарын өз бетінше меңгеруі қиын. 
Білім алушыларға қазақ тілі сабағында предикаттан(баяндауыш) саналы білім беруді қамтамасыз ететін оқыту әдістерінің ең негізгілерінің бірі – байқау әдісі.Қазақ тілі сабағында предикатты меңгертуде тиімді байқау – аз уақыттықбайқау. Байқаудың тым ұзаққа созылғаны /3-4 сағатта бір ғана нысанды байқау/ білім алушыларды жалықтырады. Соның салдарынан басқа сабақтарда олардың байқауға ықыласы болмайды. Байқау әдісі тілдік фактілерді тануға, соның негізінде предикат жөнінде ереже /ой қорытындысын/ айтуға және сол ережені фактілер арқылы берік, саналы түрде еске сақтауына, белсенділігін арттыруға, өздігінен жұмыс істеу қабілетін дамытуға мүмкіндік жасайды.

Осы мақсаттар жүзеге асырылғаннан соң білім алушы сабақ соңында глоссарий жасау арқылы предикаттан алған білімін жинақтауы тиіс.

ГЛОССАРИЙ

Терминдер:

Мағынасы:

1

 

Предикат

латынша «praedicatum» –айтылған

2

 

Предикат

сөйлем мүшелері теориясы тұрғысынан –баяндауыш

3

 

Предикат

сөйлемнің актуальды мүшелері теориясы тұрғысынан-психологиялық предикат, яғни рема

4

Предикат

синтаксистік семантика тұрғысынан –субьектінің белгісі, дәлірек айтқанда, ойдың негізі (предмет) туралы қостаушы немесе терістеуші белгі

5

Синтаксистегі предикат

Синтаксистегі предикат (баяндауышты) формалық (қай сөз табынан және қандай тұлғалар арқылы жасалу) жағынан етістікті, есімді және құрама баяндауыш болып бөлінеді

 

 

Предикаттық қатынас

Сөйлемнің ерекшелігін танытатын категория, ақпараттың шындыққа қатынасын білдіретін,сөйтіп, хабар беруге арналған единица қалыптастыратын (сөйлем құрайтын) басты белгі

 

Сын тұрғысынанойлауды дамыту бағдарламасында бұл сабақтағы аса қажетті, мәнді, маңызды әрекет болып табылады. Дәл осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда, қалай қолдану керек екендігін ой елегінен өткізеді. Белсенді түрде өзі білім үйрену жолына қайта қарап, өзгерістер енгізеді, яғни нағыз білім шыңына көтеріледі, үлкен білім әлеміне енеді. Сын тұрғысынан ойлауды тудыру үшін уақыт керек. Сабақ барысында білім алушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының дәлелі, дәйекті болуын талап ету. Предикат туралы тақырыпты өтіп болған соң, білім алушылардың сын тұрғысынан ойлауды қаншалықты меңгергеніне байланысты бағалау.

Ал білім алушылардың осыған байланысты:        сенімділікпен жұмыс жасау;бар ынтасымен оқуға берілу;пікірін тыңдау, құрметтеу; өз пікірін ашық айтуды талап ету қажет.Тек сонда ғана олар: - мен осы мәселе жөнінде не ойлаймын?          -    осы предикат туралы алған жаңа ақпаратым менің бұрынғы осы туралы білетініме сәйкес пе? Предикат туралы бірдеңе біле отырып мен бірдеңе жасай алам ба?                    - Маған бұл жаңа ойлар, идеялар қаншалықты әсер етті? деген сауалдар төңірегінде ойлауға үйренеді.

Демек, білім беруші мәселе қояды, ойлаудың жолдарын ашады, әрекеттің барысына бағдар береді, жетектейді. Осылайша білім алушы қоғам, ғылым шешіп қойған бірақ өзі үшін жаңалық болып табылатын проблеманы шешуге кіріседі.Оқу әрекетімен айналысады. Ал әр сабақ сайын ізденуге үйренген білім алушы кез келген проблеманы шешуге үйренеді.Ондай топтарда белгілі бір мәселе төңірегінде пікір алмасулар көп уақыт та алмайды, қайта оқулықтан, бағдарламадан тыс дүниелер туралы хабардар болады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.Байтұрсынұлы А, Тіл-құрал, Алматы.2003

2.Оразбаева Ф.Тілдік қатысым теориясы. 2001

3.Қазақ тілі (энциклопедия), Алматы,1998

4.Сыни тұрғыдан ойлау(электронды ресурс)

5.Әмір Р.С. Жай сөйлем синтаксисі. 2003

6.Жұмабаев М. Жеке тұлғаны қалыптастыру. 2009

 

Резюме

В статье рассматриваются новые методы и приемы обучения предикатом как синтаксическим единицам. Обучение, основанное на раскрытии значений языковых терминов, позволяет вызвать интерес обучающихся к данной дисциплине и помочь им понять материал. Теория познания играет роль в процессе освоения предиката обучающимися.

Кілт сөзі: Әдістеме. Предикат. Сыни тұрғысынан ойлау. Білім алушы.