в.ғ.к. Абдибеков Б.Т.

а.ш.ғ.к. Сейтбаев Қ.Ж.

а.ш.ғ.к Даулетбекова А.Т.

 

Тараз инновациялық гуманитарлық университеті, Қазақстан

 

Қазақстанда кеңінен таралған қорғаулы топырақ құрылымдарында кездесетін көкөніс дақылдарының аурулары

 

Жылыжайда аурулар өсімдіктердің өсуін және егілген дақылдардың  дамуын тоқтатады, ол өнімнің төмендеуіне, жемістердің сапасына әсер етеді.  Егерде жылыжайларда өсімдіктер үшін қолайлы жағдайлар тиісті күтім болмаса, өсімдіктер зең ауруларымен зақымданады. Жылыжайлы  көкөністердің аурулары арасында ең тараған жалған ақ ұнтақ, тамыр шірігі, бактериялық ісік және вирусты аурулар болып табылады [1,2,3].

Жалған ақ ұнтақ немесе пероноспороз. Жалған ақ ұнтақ қоздырушысы – облигатты паразиттер.  Ауру қоздырғышы-Peronospora brassicae Gaeum. Саңырауқұлағы. Оның бір жасушалы жіпшумағы жасуша аралығында таралып, жапырақ сыртына устьица арқылы конидиялы спора тасушылары шығып, түсі ақ, жеңіл өңез түзеді. Конидия тасушылар дихотомиялы тармақталып, сәл иілген соңғы тармақтың ұшында бір жасушалы, пішіні сопақша, көлемі 12-28х11-23 мкм конидиялар пайда болады. Ұлпа ішінде түзілген диаметрі 25-30 мкм ооспоралар өсімдік қалдықтарында қыстап шығып, көктемде өсімдікті алғаш залалдайды, ал қайта залалдану конидиялармен жұреді.

Аурудың белгісі жапырақтың жоғарғы бетінде ашық сары, жайылған дақ, ал оның төменгі бетінде ақшыл сұр, селдір өңез түзілуімен білінеді. Залалданған жапырақтар сарғайып, жансызданып, өсімдік қурайды.

Тұқымдық өсімдіктердің жапырағында, сабағында, гүл сағағында, бұршаққабында түсі қара, көлемі әр түрлі дақтар түзіледі. Бұршаққаптағы басылған дақтардың бетінде селдір, түсі ақ өңез пайда болып, онда түзілген тұқымда ауруға шалдығады. Мұндай тұқымды сепкенде ауру өскін дамып, саңырауқұлақ диффузды таралып, кеселдің белгісі тұқым жарнағы жапырақтарында білінеді. Қоймада сақталу кезінде залалданған қауданның сыртқы жапырақтарында ақ өңезді, жайылған сұрғылт дақтар пайда болады.

Залалданған көшеттерді егістікке отырғызғанда, аурудың дамуы тежеледі. Ылғал мол жағдайда кесел қайта өрбіп, белгісі төменгі жасыл жапырақтарда білінеді.

Күндізгі және түндегі температураның кенет ауытқу кезінде, төмен жарықтылықта өсімдіктердің ауруларға тұрақтылығы төмендейді. Осы  деректі қорғау іс-шараларын жоспарлау барысында есепке алу қажет.

Күрес шаралары. Алдын ала өткізетін шаралардың кешені: өсімдік қалдықтарынан  мұқият тазалау, ауыспалы егіс өткізу. Асқабақ дақылдарының егістерін жазықтық оқшаулау. Өсімдік ауруының бастапқы белгілері пайда болғанда, оларды Топаз ®, бордос қоспасы деген фунгицидтермен бүріктіреді. Құрамында күкірті бар  препараттарды ауру дамуының тек қана ерте кезеңдерінде пайдалануға болады, кеш кезеңдерінде оны қолдану жапырақтардың тез кеуіп қалуына әкеледі.

Пероноспороз. Қоздырушылар – Peronoplasmopara (Pseudoperonospora) cubensis. Зооспоралар тамшылаған-сұйық ылғал болған жапырақтың тініне  жапырақ саңылауынан және мехникалық зақымданған жерлерден кіреді. Зең    өсімдік тіндерінің жасушаларына еніп, гаусторий арқылы қоректенеді.  Зооспорангиялар сопақ немесе жұмыртқа тәрізді, сұрлау немесе ашық-күлгін түсті, 20-25 ×16-20 мкм. Зақымдалған ұрықтарды қолданған кезде қоздырушы көп уақытта білінбейді, ол өсімдіктің ішінде дамиды және ақырындап үстіге шыға бастайды. Жемістену басталысымен және сыртқы ортаның қолайлы жағдайлар болған кезде аурудың ерекше белгілері дами бастайды. Күзде   қияр жапырағының зақымданған тінінде ауру қоздырушысының домалақ, сарғыштау, тегіс емес қабақшада ооспоралары пайда болады.  Ұрықтардың ішінде қоздырушылар жіпшумақ түрінде, ал зақымдалған өсімдік қалдықтарында зооспора ретінде сақталуы мүмкін. Көктемде  температура 15-20ºС болғанда ооспоралар бастапқы зооспорангияларға енеді және олардан ооспоралар шығады. Соңғылары өсімдіктерге 3-4 жапырақтар фазасынан бастап вегетацияның соңына дейін ауруды жұқтыра алады.

Жапырақтың жоғарғы бетінде майда сарғыштау-жасыл дақтар пайда болады. Жиі олардың формасы бұрышталған және талшықпен шектелген, сирек дөңгелек болады. Кешігірек дақтардың бетінде жапырақтың астыңғы жағынан зооспорангий тасығыш пен зооспорангиялардын құрылған нашар көрінетін сұрғыштау-күлгін жұғыны пайда болады. Дақтар қосылады, және көп кешікпей жапырақ толық қурап қалады. Жиі өсімдік өте қысқа кезеңде толық қурап болады. Төзімді сұрыптар мен будандар өнімді қалыптастыруға үлгереді, ал тұрақтыларда ауру белгілері іс жүзінде көрінбейді. Жапырақтардан айрылуы жемістердің қалыпты өсуін, дамуын тоқтатады. Піскен  жемістердің түсі нашар дәмсіз болады.

Күрес шаралары. Ұрықтарды фунгицидтті препараттармен (Максим ®) дәрілеу. Квадрис ® (стробилуриндер) препаратпен өсімдіктерді алдын ала бүркеу.   Стробилуриндер ауру қоздырушысын толық жоймайды, ол 2-3 аптадан кейін қайтадан шығады. Осыны есепке алу қажет. Сол себептен пероноспороздың   бастапқы белгілері пайда болса өсімдіктерді басқа фунгицидтермен өңдейді. 

Қызанақ фитофторозы (Phytophthora infestans). Фитофтороз - Phythophtora infestans d. By.  Жапырақ шетінде қоңыр дақтар пайда болады, ылғалды ауа-райында астыңғы бөлігінде ақ өңездер қалыптасады. Сабақтарында қоңыр-қара жолақтар пайда болып, жемістерінде тереңдеген қоңыр, бұлдыр дақтар пайда болады. Саңырауқұлақ мицелиилері көп ядролы, жасушасыз, зооспорганиилері жұмыртқа тәрізді, 25-30х15-20 мкм. Ооспоралары шар тәрізді, түссіз, диаметрі 25-30 мкм. Ауру қоздырғыштары өсімдік қалдықтарында сақталып, тұқымдарымен бірге тасымалданады. Ауруға себеп болатын факторлар. Қалыпты ауа температурасы (15-20˚С) және жауын-шашынды болған жағдайда аурудың дамып-таралуына қолайлы жағдай туғызады. Инфекцияның дамуына қолайлы жағдай жаз айларының екінші жартысында жиі жауған өткінші жаңбыр кезінде пайда болды. Аурудың алғашқы белгілері жапырақта қара қоңыр дақтар түрінде шілде айының бірінші – үшінші онкүндіктерінде анықталады. Фитофтроз ауруы Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалды. Ең қарқында дамуы Алматы облысының таулы аймақтарында күндізгі ауа температурасы 20-22°С, түнде 10-12°С болғанда көрінеді. Республика бойынша таралуы 1-6%-ды, дамуы 0,5-12%-ды құрайды. Жапырақтар, сабақтар, содан кейін жемістер қараяды. Жемістер ылғалды шірік типті тек қана далада емес, сақтау кезеңінде де шіриді.

Күрес шаралары. Картоп пен қызанақ егістерін кеңістік оқшаулау. Қызанақтың зақымдалған өсімдіктерін уақтылы жою.   Фиотофторозға тұрақты қызанақ будандары егу.  Вегетация кезінде өсімдіктерді 0,5-1% бактофиттің  жұмыс ерітіндісімен өңдеу, ал алдына алу үшін және аурудың бастапқы белгілері көріне бастағанда – 8 күн арақашықтықты сақтап бүркеу жұмыстары жасалынады. Мөлшері – 7-12кг/га. Қызанақтағы осу ауруымен күресу барысында белгілі дәрежеде Алирин-Б, Агат-25 және Планризбен өңдеу тиімді болып табылады.

         Өсімдіктерді алдына ала стробилуриндармен, мысалы, Ревус® препаратымен немесе жүйелі препараттармен өңдейді. Аурудың даму барысында өсімдіктерді фунгицид Ридомил® Голд  препараты жоғары мөлшерлі бүріктіру ұсынылады. Фунгицидпен өңдеу ауа-райы жағдайларына байланысты 7-10 күн арақашықтықты сақтап өткізу керек.

Тамыр шірігі. Ауру қоздырғыштары - Pythium, Fusarium, Rhizoctonia және т.б. туыстарға жататын саңырауқұлақтар. Олар сапрофитті паразиттер, өсімдікті әлсіреген жағдайда залалдап, тамыр шірігін қоздырады. Инфекция қоры-өсімдік қалдықтары мен топырақ. Кеселдің әсерінен өнім төмендеп, кейде өсімдік қурап, шіриді. Тамыр шірік ауруы жылыжайларда және егістікте кездеседі. Өскіннің тамыры шіріп, өсімдік жапырылады. Сабақтың тұқым жарнақтан төмен бөлігі жіңішкереді де, өскін кенеттен жапырылады. Ересек 1-2 нағыз жапырақты өскіндердің сабағы жапырақ астынан жіңішкеріп, шіриді.

Өсіп - өнеген өсімдіктердің жапырақтары астыңғысынан бастап сарғайып, өсімдік солады. Сабақ негізі мен тамырлары қоңырланып, талшықтанып, жас тамырлардың шашақтары түзілмейді. Ауру өсімдіктің түтіктерінде паренхималық жасуша қабықшасынан көптеген өскіндер түзіліп, өсімдік бойымен судың жүруіне кедергі жасайды. Бұл кеселге көбінесе қолайсыз жағдайлардан әлсіреген өсімдіктер шалдығады.

                  Биопрепараттарды алдын ала қолданатын препарат ретінде ( егістен бұрын ұрықтар мен топырақты өңдеу үшін) және де ауру ошақтарын тапқан жағдайда да қолданылады. Соңғы жағдайда   биопрепараттардың біреуінің жұмыс ерітіндісін өсімдік пен топыраққа бүркейді. Өңдеу арасындағы арақашықтық 7-10 күнді құрайды.   Патогендерге тікелей әсерін тигізуден басқа, биопрепараттар өсімдіктердің  өсуі мен дамуын ынталандырады, топырақ құрамын жақсартады, ол, өз кезегінде, өнімділікті жоғарылатады.

Аурудың бастапқы белгілері көрінгенді ұрықтарды дәрілеу үшін (Максим XL) препараттары қолданылады.

Бактериялы ісік. Ауру қоздырғышы –Corynebacterium michiganense Jensen бактериясы.  Инфекция қоры тұқым мен өсімдік қалдықтарында сақталады. Вегетация кезенінде бактерия насекомдар, жаңбыр тамшысы, суарған су, қолданылған құралдар арқылы таралады. Өсімдік кез-келген вегетациялық кезенде ауруға шалдығады. Кеселдің диффузды және жергілікті түрлері болады. Диффузды түрінде көшеттер солып, қурап, ал өсіп-өркендеген өсімдіктің жапырақтары мен өркендері солады. Өсімдік кейде бір жақты, яғни жапырақтың бір жағының жеке бөліктері солып, кейін түгел қурап, түтіктері қоңырланады. Сабақ залалданғанда, осы мүшені бойлаған қоңыр жолақтар түзіліп, кейін олар жарылады. Көлденең кесіндіде сабақ түтіктерінің қарайғаны байқалады. Залалданған жеміс пішіні бұзылып, тұқымы қарайып, өңгіштігі жойылады. Өсіп –өркендеген өсімдік қайта залалданғанда кесел жергілікті болып, барлық мүшелері ауруға шалдығады. Жапырақтарда, сағақтарда, сабақта майда, қоңыр, ойық жаралар түзіледі. Жемістегі дақтар тегіс, ортасы қоңыр, шеті ашық түспен жиектелген. Көк жемістер ортасы қара, шытынаған, майда дақтардың шеті ақ түсті болады. Піскен жемістердегі қоңыр дақтар ақ түспен жиектеліп, көз пішінін алады, ауруды сол үшін құс көзі дейді. 

Өсімдікке қоздырғыш жарақаттар арқылы еніп, түтік жүйесін залалдайды. Бактерияның дамуына қолайлы температура -25-27˚С, ал ол жоғарылағанда (50-53˚С) тірішілігі жойылады. Инфекция қоры тұқым мен өсімдік қалдықтарында сақталады. Вегетация кезінде бактерия бунақденелілер, жаңбыр тамшысы, суғарған су, қолданылатын құралдармен таралады. Бұл ауру өте зиянды, оның салдарынан өсімдіктің дамуы саябырлап, диффузды түрінде жеміс пен тұқымның сапасы төмендейді.

Қызанақ жемістері сыртқы жағынан да инфекцияның екінші қайтара   таралуының нәтижесінде зақымдалуы да мүмкін. Аурудың дамуына ауаның жоғары температурасы және ылғалдылығы әкеледі. Ауру дала жағдайларда  сирек кездеседі, көбінесе жылыжайларда таралған.

Күрес шаралары. Егіс үшін сау ұрықтарды қолдану. Вегетация кезінде фитосанитарлық   іс-шаралар кешенін сақтау. Ауру белгілері бар өсімдіктерді жою. Көшеттерді,  1-3 кәдімгі жапырақтар фазасынан бастап, фитолавин 0,2 % жұмыс ерітіндісімен 15 күн арақашықтығын сақтап алдын ала 2-3 рет бүркеу.

 

Әдебиеттер

1.Ашықбаев Н., Дүйсенбеков Б., Ағыбаев А., Карбозова Р. Өсімдік қорғау. Оқулық.  2011 ж.

2. Зуев В.И. Овощеводство защищенного грунта  Ташкент, 1982 г.

3.Щепетков Н.Г., Өзбеков.Б., Ысқақов М.Ә. және т.б. Көкөніс шаруашылығы. Астана, 1998 ж.