Қазақ хандығының құрылуына – 550 жыл

 

Омарова Гульшат Амангельдиновна

Қарағанды қаласы №18 жалпы білім беретін орта мектеп

Жоғары санатты тарих пәні мұғалімі

 

Абылай хан – ұлы қайраткер, дарынды қолбасшы, даңқты мәмлігер

 

       Абылай хан дәуірі – қазақтың қайта бір тұтасқан, қазақ территориясының қайта қалпына келген кезеңі, Қазақ хандығының қайта шарықтаған кезі. Осы тұрғыдан алғанда, Абылайдың қазақ үшін сіңірген еңбегі ұлан – ғайыр. Төле бидің тәлім – тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген.

       1730 – 1733 жылдары болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе – жекке шығып, қалмақтың бас батыры Шарышты өлтірген соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 1730 – 1740 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Бұқар жырау бұл туралы «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Орыс тарихшысы А.И.Левшин: «1739 ж. Орта жүзде Сәмеке (Орта жүздің батысындағы аз санды руларды биледі) ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген», - деп жазады [1, 246 бет].  Ш.Уәлиханов та осы пікірді қолдайды. Бұл деректерден Абылайдың Әбілмәмбетпен қатар аталуы халық арасында зор беделге ие болып, саяси сахнада көріне бастағанын көруге болады.

     

       Абылай ханның ХVІІІ ғасырдың 70 жылдарындағы сыртқы саяси қызметі қазақ мемлекетінің бірлігін уақытша қалпына келтіруге, оның халықаралық аренадағы жағдайының нығаюына жеткізді. Абылай ханның қазақтың жерін жаудан тазартып, аумақтық тұтастықты сақтап қалуға сіңірген еңбегін білеміз. Егер Абылай мықты болмаса, қазақ ХVІІІ ғасырда  ұлан – ғайыр жерге иелік ете алмас еді. Абылайдың мықты саясаты, оның дарынды қолбасшылары болмаса жоңғар да оңайлықпен шағылатын жаңғақ емес еді. Абылай хан бүкіл өмірін қазақ елінің бостандығы, егемендігі үшін арнады. Ш.Уәлиханов «Қазақ жерінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы қазақтың ерлік заманы болып саналады» - деп жазған еді. «Қазақтардың аңыз әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі, қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр – дастандардың арқауына айналған», - деп атап көрсетті. [6, 105 бет]

       Екі ірі мемлекетпен дипломатиялық, сауда қарым – қатынастарын орнатып, кезінде жоңғарлар басып алған Алтай, Тарбағатай өңіріндегі қазақ қоныстарын қайтарып алды. Қазақтар жаппай ата – мекендеріне орала бастады.

       1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздіңғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды. Қытай императоры, Жоңғария хандығы, Орта Азия мемлекеттері Абылайды бүкіл қазақ ханы деп ресми түрде таныды.

      Абылай хандық құрған кезде ханның жанында кеңес болған. Оған барлық жүздің өкілдері қатысып, маңызды мәселелерді қарайтын және де бүкілқазақтық Құрылтай шақырылып, соғыс пен бітім, қоныс пен жайылым, дау мен дамай, басқа халықтармен арадағы сауда мен дипломатиялық қарым – қатынас мәселелері қарастырылып отырды. Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 ж. қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде 3 мың әскерімен «Қасірет белдеуі» бойындағы орыс бекіністерін шапты. [7, 229 бет]

      Абылай хан қалың қазақтың басын қосып, елінің басын құрды. Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды. Абылай бейнесі елді жаудан қорғаған батыр, халқын даналық істерімен басқарған билеуші кейпінде бедерленіп, өзі билеген тұста Қазақ хандығы жан – жағындағы көршілерімен терезесі тең, мемлекеттілігі толық сақталған азат ел ретінде бейнеленеді.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.     Левшин А.И. «Описание киргиз – казачьих, или киргиз – кайсацких орд и степей» изд. 2-е Алматы 1996, 246, 366 беттер

2.     Уәлиханов Ш.Ш. «Шығармалар жинағы» том 4 Алматы 1995, 105 бет

3.     Мыңжан Н. «Қазақтың қысқаша тарихы» Алматы 1994, 372 – 373 бет

4.     «100 құжат» Алматы 1998, 176 бет