Ф.ғ.д., проф. Т.Н.Ермекова

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

Синтаксема мен сөйленім негізгі синтаксистік бірлік бола ала ма?

 

Тіл жүйесі деңгейлік құрылымдық жүйеден тұрады. Қай тіл болмасын, оның өзіне тән қалыптасқан, динамикалық сипаттағы фонологиялық, лексикалық, сөзжасамдық  морфологиялық және синтаксистік жүйесі болады. Әр жүйенің өзінің зерттеу нысаны бар. Тіл жүйесінің жоғары деңгейіне жататын синтаксис – байланыстырып сөйлеу құрылымын зерттейтін грамматиканың бір саласы. Синтаксистің зерттеу нысанына не жатады?

Осы уақытқа дейінгі қазақ тілінің синтаксис саласы бойынша шыққан оқулықтар мен оқу құралдарында синтаксистік бірліктер ретінде сөз тіркесі, сөйлем көрсетілсе, кейінгі жылдары бұл қатарға күрделі синтаксистік тұтастық,  мәтін де қосылып жүр. Сонда сөз тіркесінен кіші бірліктер синтаксистің объектісі бола алмай ма деген заңды сұрақ туады.    Лингвистиканың өзге саларындағы кіші бірліктер қандай? Айталық, фонетикада – фонема, лексикада – лексема, морфологияда – морфема кіші бірлік ретінде танылады.  Егер синтаксистік кіші бірлік ретінде танылып келген сөз тіркесі кемінде екі сөздің қатысынан жасалатынын ескерсек, оның құрамындағы лексема синтаксистің бірлігі бола ала ма? Бірақ лексема – табиғи тілдің оқшау алғандағы абстрактілі бірлігі, ол өзге сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу үшін  грамматикалық өзгеріске түседі. Абстрактілі бірлік пен грамматикалық бірліктің арасына теңдік белгісін қоюға бола ма? Осыған орай қазіргі зерттеулерде синтаксистік ең кіші элемент ретінде синтаксемаларды тану үрдісі қалыптасты.

Синтаксема – синтаксистің  ең кіші бірлігі. Бұл –  белгілі бір грамматикалық  формадағы сөз,  яғни басқа сөздермен байланыстыратын қабілеті бар сөз. Сөзформа байланыстырып сөйлеуде  синтаксистік құрылымда қай орнында жұмсалуына байланысты да қызмет атқарады.

Лексема сөздің референтті мәні оны синтаксистік бірлікке енгізудің материалы ғана. Дәлірек айтсақ, синтаксистік тізбектің екінші буынымен

байланысқа түсіруде лексема сөз емес,  синтаксема  қызмет атқарады.  

  Лексема синтаксемаға айналу үшін екі кезеңнен өтеді:

1)дербес лексикалық мәннен категориалды-семантикалық мәнге өтеді;

2)белгілі бір сөз табына жату сипатына қарай  морфологиялық форма телінеді.

   Бұл жөнінде В.В.Виноградов: «Әртүрлі формаға енген бір сөз сөйлеу мен сөйленімде әртүрлі қызмет атқарады», - дейді [1. с.30].

 Мысалы:

үйге келді тіркесіндегі үйге синтаксемасындағы бағыттық мән барыс септік формасы арқылы  берілсе, келді синтаксемасындағы өткен шақтық, жақтық мағыналар -ді жедел өткен шақ пен жіктік жалғаудың үшінші жақтық нөлдік формасы арқылы беріліп тұр.

ағаш қасық тіркесіндегі ағаш синтаксемасы – анықтауыштың қызметін атқарып тұрған зат есім, зат есім зат есіммен қатар тұрғанда, алдыңғы сыңары сындық мәнде жұмсалып, анықтауыштық қатынас түзе алады.Ал дербес тұрған ағаш лексемасының лексикалық мағынасынан басқа грамматикалық мағынасы бар, ол тек зат атауын білдіреді, сындық мән жоқ. Бұдан контекстен тыс алынған лексема мен контестегі синтаксеманың арасына теңдік белгісін қоюға болмайды деген қорытынды жасауға болады.

Сөйленім және сөйлем. Мағыналық және құрылымдық тұтастыққа негізделген синтаксемалар немесе сөз тіркесінің коммуникативтік қызметке ұйысуы. Бұл – сөйленім мен сөйлемге ортақ белгі.  Сөйленімді синтаксистің нысаны деп танымау қаншалықты дұрыс?

Тіл білімінде сөйленім термині тар және кең мағынада қолданылады. Кең мағынада қолданылғанда кез келген хабарлау бірлігі – грамматикалық тұрғыдан толыққанды сөйлемдер де, грамматикалық тұрғыда сөйлем деуге келмейтін бірліктер де жатады. Сөйлем синтаксистік бірлік болғандықтан, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Ол белгілі бір құрылымдық сызбаға сәйкес тілдік маңызға, тұлғалық белгілер мен интонацияға ие.   Ал тар мағынада алғанда сөйленімге тек қана грамматикалық сөйлем деуге келмейтін бірліктер жатады.

Грамматикалық сөйлем боп саналмайтын сөйленімдердің тілдік белгілері сөйлем белгілерімен салыстырғанда айқындала түседі.  Екеуінің ортақ белгілері – біршама тиянақталған хабарды жеткізу,  тиянақталған интонация, жайылмалану мүмкіндігі, субъектілік қатынас көрсеткіштері, құрмалас сөйлем мен мәтін құрамына ену мүмкіндігінің болуы.

Айырмашылығы грамматикалық сөйленім емес сөйлемдерде арнайы граммматикалық үлгі болмайды, грамматикалық сөйлем мен грамматикалық сөйлемге жатпайтын сөйленімнің тілдік мазмұнының құрылымы сәйкес келмейді. Айталық: Не істерімді білмей қатты өкініп тұрмын. Бұл – грамматикалық сөйлем.  Ал дәл осы ойды: Әттеген-ай, қайтсем екен? немесе  Қап, әттеген-ай! сөйленімдерімен беруге болады. Ой ортақ болғанмен, құрылым басқа.

Мұндай құрылымдардың да синтаксистің нысаны болуға толық негіз бар. Өйткені оның құрамындағы қыстырмалар мен одағайлар, шылаулар мен модаль сөздер – грамматиканың нысаны.  Мұндай бірліктер құрылымдық синтаксистің нысаны болмағанымен, коммуникативті синтаксистің негізгі нысандарының бірі.

Соңғы жылдары сөйлем ұғымын сөйленім ұғымы ығыстыра бастады. Сөйленімді лингвистикалық ұғым ретінде даралау қажеттігі сөйленістегі тілдік формалардың қызметін зерттеу мақсатынан туындап отыр. Сөйлем мен сөйленімнің сәйкестігі, сөйленімнің коммуникативті бірлік ретіндегі табиғаты туралы лингвистикада көптен бері сөз болып келеді [2.70]. Құрылымдық бағытты жақтаушылар сөйленімді сөйленіс түзіліміне жатқызып, оның сөйлемнің дәстүрлі сызбасымен сәйкес келмейтінін көрсетеді. Мағыналық бағытты қолдаушылар сөйлем мен сөйленімнің өзіндік ерекшеліктерін сипаттай келіп, сөйлемнің құрылымдық-семантикалық сызбасы модальді-коммуникативті аспектіде толыға түсетінін, оның интонация мен актуалды мүшелену арқылы көрініс табатынын көрсетеді. Функционалды бағытты қолдаушылар сөйленімді сөйлеммен тең түсетін, тек сөйленісте көрініс табатын, нақты жағдаятқа байланысты тілдік бірлік  ретінде қарастырады. Бірқатар лингвистер сөйленімді тілдік бірлік ретінде қарастырады. В.А.Звегинцев сөйленімді тіл бірлігі ретінде сипаттағанмен, сөйленім сөйлем деңгейінен жоғары тілдік жүйе деңгейін қалыптастыратынын айтады [3.170]. Ғалым бұл деңгейді сөйлем деңгейінен жоғары қояды, онда тіл мен сөйленіс, ой мен тіл өзара байланыста болатынын айтып, оны дискурс деп атайды. Ойдың аяқталуы, жағдаятқа тәуелділігі жағынан сөйлем дискурсқа ұқсайды. В.А.Звегинцевтің тұжырымдауы бойынша, сөйлем – тілдің сөйленіске ауысуы [3.157].   Г.Г.Почепцовтың тұжырымдауы бойынша,  «сөйленім ұғымы өте кең, оған тұтас сөйлеммен бірге қарым-қатынас сипаттары да (осы сөйлемнің қызметі, қолданысы да) енеді [4.54]. О.С.Ахманова сөйленімді (коммуникация актін) «мағыналық тұтастығы бар, тілдік қатынастың белгілі бір жағдаятында тыңдаушы қабылдай алатын хабарлама бірлігі ретінде түсіндіреді [5.94].    Мұнда сөйленім сөйленіс үдерісінің динамикалы бірлігі ретінде сипатталады. Ғалым оны «фраза» деп атап, сөйлемге қарама-қарсы қояды. Яғни сөйленімді мәтіндегі сөйленіс туындысы ретінде сипаттауға болады. Е.В.Сидоров сөйленімді  «тілдік бірліктердің белгілі бір үлгі бойынша жинақталған, тұтасқан, естілім (акустикалық) және жазылым (графикалық, яғни таза материалды) тілдік бірліктердің жүйелі бірізділігі ретінде сипаттайды [6.41].  Бірқатар ғалымдар  сөйлем мен сөйленімді ажырату үшін динамикалықты негіз етеді. Сөйлеммен салыстырғанда, сөйленім ойлаудың операторлы түрі болып табылады, яғни ол сөйлеушінің сөйленіс стратегиясына тәуелді болады [7.121].

Сөйленім құруға негіз болатын нақты коммуникативті жағдай немесе мәнмәтін сөйленіс элементі ретінде қарастырылады, сол себепті сөйленімнің бұл жақтары синтаксис шеңберінен шығарылып, стилистика мен риторика аясында сөз болады.  Алайда олардың жүзеге асу тәсілдері мен құралдары белгілі бір стандартқа құрылатындықтан, оларды синтаксис шеңберінде де қарастыруға болады. Синтаксисте сөйлемнің грамматикалық үлгілері немесе лексика-семантикалық ерекшеліктері ғана емес, олардың түрлі варианттары мен модальді, эмоционалды модификациялары, конситуация мен сөйлеуші діттеміне байланысты (актуалды мүшеленуге байланысты) туындайтын заттық ақпарат модификациясы да сөз болып, зерттеу нысаны бола алады. Бұл аспектілер сөйлем құрауға қатысқан кезде қандай да бір стандартқа негізделіп, біршама тұрақты сипат алады [8.121]. Сөйлем мен сөйленімнің өзіндік ерекшеліктері болғанымен, сөйленімді коммуникация үдерісіндегі жүйелі құбылыс ретінде қарап, оны сөйлеммен тең түсетін функционалды бірлік ретінде сипатталауға толық негіз бар.

Әдебиеттер:

1.  Виноградов В.В. Основные вопросы синтаксиса предложения // Вопросы грамматического строя. – Москва: Просвещение, 1955. – С. 14-35.

2.        Бахтин М.М. Высказывание как единица речевого общения //Эстетика словесного творчества. - М.: Искусство, 1979.

3.        Звегинцев В.А. Предложение и его отношение к языку и речи. - М.: Наука, 1976. - 307 с.

4.        Почепцов Г.Г. (мл.). Семантическая организация предложения в аспекте пресуппозиций. Дис. ...   канд.   филол.   наук. Киев, 1975.-175 с.

5.        Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. -М.: Советская энциклопедия, 1966.-606 с.

6.        Сидоров Е.В. Аспекты организации высказывания в коммуникативном освещении //Текст и Коммуникация. – М. -1991.

7.        Чахоян Л.П. О признаках высказывания. Значение и смысл речевых образований /И.П.Сусов. - Калинин: КГУ, 1979.

8.        Жұбаева О.С. Сөйленім – дискурс бірлігі // А.Ясауи университетінің хабаршысы, №2-3, 2010.