Педагогика. Современные методы  педагогики

Утешова   Мадина   Амангельдиевна

Математика  пәнінің  мұғалімі

Ш.Уәлиханов  атындағы   №12  гимназия

 Алматы  қаласы, Қазақстан 

 

Заманауи  әдіс-тәсілдерді  қолдану- сапалы  білім  кепілі

     

        ҚР «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған, білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп  көрсетілген  және осы  ұстанымдар   арқылы  білім беру жүйесін  дамыту міндеттері көзделеді. Бұл міндеттерді шешу үшін мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық  жаңалықтар мен  қайта  құру,  өзгерістерді  қабылдау  болып  табылады.. Бұл баланың ой өрісін кеңейтіп қана қоймайды, білім деңгейін көтеруге үлкен үлесін қосады.

       Бүгінгі  таңда Қазақстанның  дүниежүзілік білім кеңістігіне ену қажеттілігі көтеріліп отырған  кезеңде білім беру мәселесін,  әдіс-тәсілдерді инновациялық үрдістермен  алмастыру арқылы  жалпы білім сапасын арттыру  көзделген. Осы  орайда  әрбір  мұғалім  озық технологияларды терең талдаудан  өткізіп, өзіне  тиімдісін таңдауы керек.  Әр мұғалім  өз  сабағының –көшбасшысы. Ал, көшті дұрыс бағыттай білу ол  шеберлігіне байланысты. Жалпы менің  оқытудағы  өз міндетім оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға тәрбиелеу, үйрету, шығармашылық  қабілетін  дамыту.  

       Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін  технологиялар  арқылы  дамытудың қажеттілігін нагізгі мақсат етіп қойып тұрғаны анық.

       Жаңа педагогикалық технологияларды күнделікті  сабақ  барысында пайдалану – ХХІ ғасыр талабы болғандықтан, мұғалімнің мақсатына, мүддесіне сай, өзінің шеберлігіне орай оқыту формалары мен модульдерін таңдауға мүмкіншілік жаратылған. Сонымен қатар, оқытудың  әртүрлі технологиялары жасалып, мектептердің тәжірибесіне енуде. Жаңа әдістерді оқушының  зияткерлік,  ізденімпаздық, адамгершілік, рухани тағы басқа да адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізетіні сөзсіз.Сондықтан сабақта оқушылардан жиі тақырып бойынша жеке, жұптық, топтық жұмыс яғни пирамидалық тәсіл түрлерін алып отырамын.   Өйткені, ол оқушының ойлауын, елестету мен есте сақтау белсенділігін, дағдысын, жалпы  алғанда   білім саласының  дамуын қамтамасыз етеді. Мұғалім  бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине, ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың таптаулары сүрлеуінен арылуы тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн.                      «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деп Елбасымыз өз жолдауында айтып қана қоймай, әр мектепті түрлі ақпаратты техногиялармен қамтамасыз етуде. Яғни, ақпараттық технологиялардың білім беруде маңызы зор. Өйткені ол оқушыларға үлкен ақпараттық білім кеңістігіне жол көрсетеді.

       Сабақ  беруде  мұғалім оқушылардың жас ерекшелігін негізге алуы керек. Тапсырамаларды да меңгере алатындай, сұрақтарға дұрыс жауап іздей алатындай етіп қою керек. Сол кезде  сабақ күтілген нәтижеге қол жеткізеді.

      1. Мұғалім оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы керек.

      2. Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы болуы тиіс.

      3. Балалардың  оқуға деген ынтасын күшейту керек

      4. Өз дербестігін, белсенділігін дамыту қажет.

      5. Оқу, дамыту жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде айқындау керек.

       Осы қағидалар негізінде сабақты жаңа технология әдістерін қолдану арқылы жүргізу — оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып , өз сұрағына өзі жауап іздеп жан –жақты  білім алуына көмектеседі.               

       Мұғалім үнемі ізденіс үстінде болу керек. Жаңашыл ұстаз ғана заман ағымына ілесе алады. Қазіргі заманғы  мұғалімнің басты мақсаты- оқушыны  терең білім алу мен сапалы ойлауды дамытуға жетелеу болып есептеледі. Бірлескен  топ жұмысында  оқушылар бір-бірімен ой бөлісіп, бір-бірімен  тәжірибе алмасып,  алынған ақпаратты  топ болып түсініп,талдап , синтездейді, салыстырып  болжамдар  жасай  отырып  ортақ шешімге келеді. Оқыту мен оқудың жаңаша әдіс-тәсілдерін  ойдағыдай меңгерген  мұғалім  шәкіртін  білім алуға   қызықтыра алады және  жеке  іздеуге дағдыландырады. Нәтижесінде оқушы  еркін,  өзіндік дәлелдемелерін анық  жеткізе білетін  сенімді, сыни ой-пікірі мен көзқарастары  дамыған болып қалыптасады. Топтық жұмыс арқылы ой қозғай отырып, өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін  топ ішінде талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау өз бетімен және бірлесіп  шығармашылық  жұмыс  жасауға  дағдыланады.

     Қазақстан  Республикасының  Президенті – Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында «ХХІ ғасырдың табалдырығы алдында білім беру капиталға айналуда. Оның өзі мазмұны жөнінен стратегиялық ресурстармен бәсекелесе алады.Елдің даму деңгейі осы арқылы бағаланатын болады» ,- деп сапалы  білім беруге  ерекше  назар аударып отыр. Джон Дьюи былай дейді: «Біз жан – жақты жеке тұлға тәрбиелегіміз келсе, ол тұлғаны жан – жақты зерттеп білуіміз керек». Осы ой бүгінгі таңда менің  педагогикалық іс-әрекетімнің тұжырымдамасы. Соған байланысты оқушының тұлғалық құрылымын және басты белгілері мен сапаларын  анықтаудың мәні зор.

         Мен үшін ең негізгі мәселе болып отырған жағдай оқушылардың ойын оқуға сын тұрғысынан ойлауды дамыта оқыту жүйесін қолға алу.
Себебі, сын тұрғысынан ойлау менің бағыттауымен оқушының өз бетінше білімді
 игеруін қарастырады. Нәтижесінде  неғұрлым дамытылған оқушының жеке тұлғасы қалыптасады. Сын тұрғысынан ойлау технологиясының  мақсаты сынауға емес, ойын  шыңдауға  үйрету.

        Сын тұрғысынан  ойлауды  дамыту бағдарламасы – дүние дүзінің түкпір-түкпірінен  жиналған білім берушілердің бірлескен еңбегі деп білуге болады. Тәжірибені зерттеп,  анықтап,  саралап жүйеге келтірген Джон Дьюи, Дональд  Шон, Чарльз Тэмпл  және  тағы басқа ұлы ғалымдардың баланың  ой-өрісін дамытатын әдістің ең тиімділігі мен маңыздысы – баланың  сын тұрғыдан  ойлау  қабілетін  арттыру қажеттігін танытты. Олар өз еңбектерінің  жобасын  Жан Пиаже мен Лев Выготский теорияларына сүйене отырып жасады. 
Мақсаты, барлық жастағы оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі  ұйғарым  бір  пікірдің біреуін таңдауға, саналы  шешім қабылдауға үйретеді.  Мұғалім жалғыз білім трансляторы (таратушысы) емес деген қағиданы  басшылыққа алу. Сын  тұрғысынан ойлау – ойлау мен пікірлесуді дамытаттын сала. Оқушыны мұғаліммен, достарымен, құрбыларымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты жеңуге баулитын стратегия.
      Модульдің  басты мақсаты – дамыта оқыту негізінде сын тұрғысынан ойлау арқылы ойлау мен пікірталасу қабілеттілігін дамыту, балаларға терең білім беру.  Жаңа технология ретінде сын тұрғысынан ойлау, ең озық әдістерді дер кезінде игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нәтиже шығара білу – әрбір ұстаздың басты міндеті болып табылады.

       Адамның  тұлғалық  дамуының  негізгі  параметрлері  бұл – оның жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, креативтілік, белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой пікірдегі тәуелсіздік болып табылады. Осы қасиеттердің даму деңгейі тұлғаның  әлеуметтік қалыптасу мен әлеуметтік біліктілігінің көрсеткіштері деп қарастыруға болады.
      Жалпы  білім  беру  жүйесінің басты міндеті – жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау, баланың тәрбиелену, білім алу және жан-жақты қалыптасу, ана тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, ақпараттану, денсаулығын нығайту сияқты құқықтарын іске асыру. Дүниежүзі  интеграцияға ұшыраған қазіргі  уақытта  жаңашыл әдістер мен идеяларға ғана сүйене отырып, оқушының бәсекелестік қабілеттілігін  арттыруға  болады.