ӘОЖ  373.1.02

 

Модульдік  оқытудың  мақсаттары  мен  міндеттері

Маликтаева Пернекүл Маликтайқызы, Амиралиева Индира Усербековна, Махамбет  Гүльнара Куанышевна, Нұрсеитова Диляна Бақтыбекқызы

 

Қазақстан, Тараз қ., Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

 

 

         Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» -  деп атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі- оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру.

 Осы орайда, білім берудің мақсаты – қазіргі қоғам талабына сай алынған терең білім, білік, дағдылар мен құзырлықтардың негізінде еркін бағдарлай білетін, қойылған мақсатқа танымдық қызмет жасау арқылы жете алатын, өз бетінше дұрыс, тиімді шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Оны жүзеге асыру – білім беру мекемелерінде жеке тұлғаның танымдық белсенділігін арттыруға септігін тигізетін оқу процесін ұйымдастырудың тәсілдерін, әдістері мен нысандарын іздестіруге өзекті сипат береді [1].

Мектепте, жоғарғы оқу орнында сапалы оқу бағытын айқындайтын жаңа жолдардың бірі – пәндерді модульдік технология арқылы оқыту екендігі теориялық және тәжірбиелік жағынан дәлелденуде.

Модуль ұғымының этимологиялық мәні білімді қолданысқа, меңгеруге ыңғайлы етіп жүйелеу, шоғырландыру, жинақтау болып табылады. Білімді, яғни оқу материалын дидактикалық мақсатқа сай әр түрлі қалыпта (ақпарат блогі, пакет, түйіндер жүйесі, алгоритм, бағдарлама) ұсынуға болады. Модульмен оқыту – толық немесе жекелей түрде модульге негізделген оқыту. Модуль – іс-әрекеттің мақсатты бағдарламасы белгілеген деңгейіне жету үшін сұрыпталған, дидактикалық өңделген білім, білік, дағдының белгілі бірлігі және оның әдістемелік нұсқауы, яғни аяқталған оқу ақпараты болып табылатын модульмен оқытудың негізгі құралы.

Модульдік оқытудың құрамында дидактикалық мақсаттардың таксономиясының жіктелуі деңгейіне қарай (кешенді, кіріктірілген дербес) және түрі жағынан (танымдылық және операциялық) жүйелеуді ұсынады.

Модульдің көптеген анықтамаларына қарамастан, олардың барлығын үш түрлі бағытта топтастырып, жүйелеуге болады [2]:

- модуль – біліктілік мінездемесінің талаптарына жауап беріп, мамандық бойынша оқу пәндерінің жиынтығын ұсынатын мемлекеттік білім беру стандарт бірлігінің үлгісі;

- модуль – пәнаралық әдістемелік-ұйымдастыру құрылымы болып, әр түрлі оқу пәндерінің тақырыптық жиынтығы ретінде бір мамандықты меңгеруді және оқу үрдісінде пәнаралық қатынасты қамтамасыз етеді;

- модуль – бір ғана оқу пәнінің шеңберіндегі ұйымдастыру-әдістемелік құрылымының бірлігі.

         Оқыту мазмұнын таңдап алғаннан кейін сол мазмұнды жүйелеу мәселесі туындайды. Әсіресе, бұл оқу мазмұнын дербес модульдерге жіктеудегі модульдік оқытуға байланысты [3].

Модульдік оқытудың дидактикалық жүйесі басқа да дидактикалық жүйелер сияқты оқытудың мақсаттарына сай жалпы-дидактикалық ұстанымдар мен негіздеріне сүйеніп, оқу материалдарын құрылымдауды меңзейді. Даралық модульдердің мазмұны оқыту мазмұнын құрылымдау ұстанымдарын сақтай отырып жасалады және жинақы, әрі көрнекілік түрінде беріліп, дидактикалық материалдармен, білгірлік және қолданбалы міндеттермен қамтамасыз етілуі керек. Модульдік оқытудың кәсіби білім беру жүйесінде модулдік бағдарламалардың операциялық түрі кәсіби икемділікті қалыптастыруға бағытталған.

Модульдік оқытудың басты мақсаты – оқытудың ұйымдастырылуы бойынша және мазмұны бойынша адам бойындағы осы сәттегі қажеттілікті қанағаттандыруда кепілдік беретін әрі жаңа қажеттілікті анықтайтын икемді білім беретін құрылым құру [4].

Модульдік оқыту теориясының басты ұғымы модуль ұғымы болып табылады. Модульдік оқытудың біраздан бері қолданылып келе жатқанына қарамастан, оны түсінуде, оның мазмұн құрылымын түрлендіруде, оқыту әдістері мен түрлерін өңдеуде әлі күнге дейін әртүрлі көзқарастар бар.

Оқытудың модульдік тәсілі оқытудың мақсаты мен мазмұнын, танымдылық белсенділікті басқару әдістерін өзгертуді қалайды.

Оқытудың мақсаты оқу-тәрбие үрдісінің барлық бөліктерін бір жүйеге байланыстыратын басты дидактикалық ұстаным  болып табылады. Мақсаттар маман даярлау жүйесінің барлық жалпы бағытын айқындайды.

          Педагогикалық үрдісті басқару – модульдік оқыту теориясының басты  мәселелерінің бірі.

Педагогигалық технология негізіне оқу циклін қайта жаңғырту идеясы алынған.

         Оның мазмұнына:

1) оқытудың жалпы мақсатын қою;

2) жалпы құрылған мақсатты нақтыландыруға көшу;

3) оқушылардың білім деңгейін алдын-ала (диагностикалық) бағалау;

4) оқу әрекеттерінің жиынтығы (бұл кезеңде жедел кері байланыс негізінде түзету жүргізілуі тиіс);

5) нәтижені бағалау енеді.

         Осының арқасында оқу процесі «модульдік» сипат алып, құрылымы ортақ, бірақ мазмұны әртүрлі жеке блоктардан жасалады.

         Модульдік оқыту технологиясының осы нұсқасында (Дж. Блок, Л. Андерсен және басқалар) әрбір оқу бірліктері ауқымында мұғалімнің қызметі төмендегіше құрылады:

1. Балаларды оқу мақсаттарымен таныстыру.

2. Сыныпты берілген тарау (оқу бірлігі) бойынша жалпы оқыту жоспарымен таныстыру.

3. Оқытуды жүргізу (негізінен мұғалімнің оқу материалын өзі баяндауы түрінде).

4. Диагностикалық тестіні ағымдағы тексеру.

5. Тексеріс нәтижелерін бағалау және тарау мазмұнын толық меңгерген оқушыларды айқындау.

6. Толық меңгере алмаған оқушылармен түзете оқытуды жүргізу.

7. Диагностикалық тест өткізу және оқу бірлігін толық меңгерген оқушыларды айқындау.

         Нұсқада бұл әрекеттердің реті біршама басқаша:

1. Оқушыларды оқу мақсаттарымен таныстыру.

2. Сыныпты мазмұны жақын тақырыптар тобы (блогы) немесе тарау бойынша жасалған жалпы үлгімен (модульмен) таныстыру.

3. Мұғалімнің оқу материалын қысқаша баяндауы (белгілер жүйесі – сызбалар, сұлбалар, кестелер және т.б. негізінде).

4. Өзара сөйлесу негізінде оқушылардың танымдық қызметін ұйымдастыру және әрбір оқушының қызмет нәтижесін әр сабақта бағалап отыру.

5. Жалпы тақырыпқа, тарауға («өсу» бағытымен) бірнеше  қайта оралу негізінде оқу материалын оқып үйрену.

6. Тұтас тақырып бойынша тестілеу.

7. Тақырып бойынша қалыпты немесе «релелік» сынақ (немесе диктант, бақылау жұмысы және т.с.с.) жүргізу [5].

         Қайта жаңғыртылатын оқу циклі ретінде оқу модулі үш құрылымдық бөлімнен: кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды бөлімнен тұрады.

Оқу модулін құрудың тағы бір ерекшелігі – мұғалімнің даярлық жүйесі. Мұғалім бір оқу модуліне бөлінетін сағат санын анықтап алғаннан соң, оның мақсатын, мазмұнын және нәтижелерін, сондай-ақ осы модуль сабақтарын ұйымдастырудың формасын ойластырып, оқу модулін құрады.

Әдебиеттер тізімі

 

1        Тұяқов Е. «Модулдік бағдарламамен». // Қазақстан мектебі  2/2005.

2        Тұяқов Е. «Модульдік технологиямен». // Қазақстан мектебі 3/2005.

3        Жанпейісова М.М. Модулдік оқыту технологиясы. – Алматы.-  1999.

4 Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. - Тараз.: ТарМУ. - 2003.

5 Қажығалиева А. «Модулмен оқытуды ұйымдастыру» // Қазақстан мектебі 2/2006.