ҚОС МӘНДІ СЕМАНТИКАЛЫҚ ҚАЙШЫЛЫҚ:

ҚАЗАҚ ТІЛІ МАТЕРИАЛЫ НЕГІЗІНДЕ

 

Шаймерденова Гулдер Елтаевна

СҚО, Пеньков орта мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Қазіргі кездегі баспасөз материалы, кез келген ақпараттық құрал, соңғы кезде жарық көріп жатқан шығармалар және т.б. құжаттарда екі түрлі мән туындайтын (оқырман, тыңдарманды екі ойда қалдыратын мысалдар көптеп кездеседі.

(а) көп мағыналы сөздердің негізінде пайда болған қос мәнділік:

(1) Көп мағыналы сөз метафора тәсілі арқылы жасалғанда сөз заттың тұлға, түс, қимыл т.б. ұқсастығына сәйкес ауырыстылып қолданылады.

«Байболдың көзі қарақты. Басты кісілермен таныстығы бар» (М.Б. Ш.б., 157). «Басты» сөзінің көп мағыналы болуы семантикалық қос мәнділіктің туындауына жол ашып тұр (1) басты – елге басшы адамдар; (2) басты – ақылды, білімді адамдар.

 (2) Қос мәнді қайшылық метонимия базасында пайда болған сөз бір зат не құбылыстың атауы екінші зат не құбылысқа олардың өз сөз іргелестігі, шектестігі негізінде ауысуып, ауыспалы мағынада жұмсалады:

Елімді сүйдім елжіреп,

Жетімге жүрдім боп тірек,

Көрсете білдім пасыққа

Лайықты жерде көкірек (Д.Ж. 142).

Бұл шумақтағы «көкірек» сөзі автордың ойында болмаған, мақсат етпеген қайшы мағына беріп тұр. Автордың айтайын деген ойы «пасық адамдарға керекті жерде тектілік, тәқаппарлық көрсеттім» деу болатын.

(ә) Омонимді қате пайдаланудан туындаған қос мәнділік.

Омонимнен пайда болған қос мәнділік әдетте автордың өзі тандаған сөздің омонимі бар екенін және сондай екі мағынаның қатар ұғылуын ескермеуінен болады.

«Олай етпейінше, яғни уақыт тезіне салып, кезең кеңістігінде көрсетпей ұлдарының ұлы істерін елемек түгіл, екшеудің өзі қиын» (Ақиқат, 2004, №2.96).

«Елеу» етістігінің екі мағынасы бар (1) елеу – назарға алып құрметтеу; (2) елеу – ұнды елекпен елеу. Әдетте, елеп-екшеу мәндес қос сөз құрамында да, жеке де қолданылатын екшеу сөзі негізінен ұн, енді екшеуге байланысты айтылады. Сонымен автордың бұл сөйлемдегі жататын ойы қайшы, түсініксіз болып қалған, ал бұл сөйлемде екшеу сөзі тек елемек сөзінің қайшылығын күшейте түскен (әңгіме не жөнінде болып отыр: ұлдарының ұлы істерін елеп-ескеру туралы ма не сол істі електен өткізіп таңдау, сұрыптау жөнінде ме).

(б) Дейксистен пайда болған қос мәнділік.

Мұндай қайшылық әдетте сирек кездеседі:

«Полиция оны он бес күнге қамап қоюға болады дейді, сонда балаларым не жейді, мен не жейім, – дейді әйелі». Бұл сөйлемде болып жатқан жағдайға мүлде сай келмейтін комикалық мағына тудыратын қайшылық бар (1) Әйелі мен балалары полицияда қамауда жатқан күйеуінің тапқан табысын жейді; (2) Әйелі мен балалары полицияда қамауда жатқан күйеуінің өзін (оны) жейді.

(в) сөз бен тілдік құрылымның орын өзгеруінен туындаған қос мәнділік;

«Белорус Ленин атындағы мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы қазба жұмысы үстінде қымбат қазынаға тап болды» деген мысалда Белорус сөзінің орын ауысып кетуі қос мәнді қайшылықты тудырған (Лениннің ұлты белорус сияқты болып тұр). Бұл сөйлемді «Ленин атындағы Белорус мемлекеттік университетінің...» деп құрған жағдайда қос мәнділік жойылады.

(г) Эллиптикалық үдеріс негізінде пайда болған қайшылық.

Кей жағдайда эллиптикалық үдеріс салдарынан да қос мәнді қайшылық пайда болады:

«Космостан түсірілген Памир ауданы Тәжікстан геологтары мен физиктері тарапынан егжей-тегжейлі зерттеліп бітті» (БжЕ). Бұл сөйлем бір мүшесі түсіп қалғаны (эллипсис) байқалып тұр, сонымен бірге сөйлем мүше орындары да ауысып кеткен. Егер сөйлемді «Памир ауданының ғарыштан түсіріп алынған фотосуретін (немесе сұлбасын) Тәжікстан геологтары мен физиктері егжей-тегжейлі зерттеді» деп өзгертсек, қайшылық толық жойылады.

(ғ) Автордың өзі қолданып отырған сөздің мағынасын білмеуі не семантикалық құрылымына мән бермеуінен пайда болған қайшылық.

«Осы машинаға құйрығым отықпай-ақ қойды» (Ы.Қ.). Бұл сөйлемдегі «отығу» деген сөз жас төлдің шөп жеп, өз бетінше қоректене бастауына байланысты айтылады, сол себепті де осы қолданыста қос мәнді түсініксіздік пайда болып тұр.

Қайшылықтың мұндай түрі ауызекі сөзқолданыста да кездеседі:

«Кәмила құрбысы Қамажайдың үйіне кіре бере бұрышта бүрісіп отырған кішкентай Сәнтайды қолына алып көтереді. Сол-ақ екен, Әлима әжей:

– Ойбой, балам, оған тиме, ол – насос, – деді жұлып алғандай.

Бақсақ, әжеміздің «насосы» орыстың «понос» деген сөзі екен» (Халық әзілінен).

(д) Қабылдаушы өзіне беймәлім сөзді кездестіруінен болған қос мәнділік.

Мұндай қайшылық қабылдаушының кінәсінен пайда болады. Жалпы хабарлаушы берген ақпаратты дұрыс түсінудің өзі күрделі процесс. Қабылдаушы ақпаратты түсінуіне әсер ететін фактор ретінде оның аялық білім, «тік контексі» (яғни, белгілі бір сөзге байланысты туындайтын тарихи-филологиялық ассоциация), лингвистикалық «тік контексін» (яғни, белгілі бір сөздің тілдік табиғаты жөніндегі қабылдаушы түсінігінің жиынтығы) көрсетуге болады[1].

Өмірде болған мынадай бәрімізге белгілі оқиғаны талдап көрелік:

«Әжей келініне:

– Мына соғымның қос қазысын ұзын сары келгенде асамын, – дейді.

Бір күні әжем жоқта үйге бойы ұзын сары кісі келіпті. Келін әлгінің үстіне қарап: «дәуде болса, ұзын сары осы шығар, бұдан ұзынды әзірге көргем жоқ» деп, тұспалдап, үйдегі бар қазыны асып тастайды. Келін әжемнің «ұзын сары» деп күннің ұзарғанын айтатынын қайдан білсін». (А-Шж.)

Бұл мысалдан «ұзын сары» тұрақты тіркесін басқа мағынада түсінгенін көреміз. Бұл жерде хабарлаушы мен қабылдаушының лингвистикалық тігінің әрқилы болуы айтылымды қабылдаушының қате түсінуін туындатқан.

(е) Өзге тіл сөзін дұрыс түсінбеу, сол себепті де оны қабылдаушы өзінше түсініп, басқа мағынада ұғынуынан туындаған қос мәнділік тіл-тілде бар құбылыс:

«– Қалай, концерт ұнады ма?

– Ұнағанда қандай! Әсіресе, әлгі әдемі әнші қыздың сопраносын айтсайшы.

– Өй, әумесер! Қыздың о жер бұ жеріне қарай бергенше, дауысын тыңдамайсың ба?». Бұл мысалда қос мәнділік қабылдаушы «сопрано» сөзін өзінше, осы сөзде жоқ мағынасында түсінуінен пайда болып тұр.

Сонымен қатар мектептегі «Қазақ тілі» оқулықтары, «Қазақ тілінің грамматикасында» берілген ережені оңды-солды бұзу тілімізге үлкен нұсқан келтіреді.

Мәселен, термин қатаң түрде бір мағыналы болуы тиіс. Ресми ісқағаз ғылыми-техникалық әдебиет, заң мәтінінде екіұштылық не көп мағыналылық барынша болмауы қажет. Дегенмен, мұндай мәтінде де қайшылық кездесіп қалады.

«Маскүнемдіктен әйелдер де зардап шегуде».

(1). Әйелдер өз маскүнемдігінен зардап шегуде;

(2). Әйелдер күйеуі не жақын-жуықтарының маскүнемдігінен азап көріп жүр;

«Балалар футболшымен ойнады»

(1). Балалар футболшыға қосылып, бірігіп ойнады;

(2). Балалар футболшыға қарсы ойнады.

«Бөлмеге үлкен шкаф пен үстел қойылған»

(1). Шкаф қана үлкен;

(2). Шкаф та, үстел де үлкен.

Әрине, олардың бір бөлігін контекст арқылы не сөйлемнің құрылымын өзгерту жолымен жоюға болады.

Газетте: «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп берген.

Сөйлемнің дұрыс аудармасы – «Қазақстан Республикасының салық салу мәселелері бойынша кейбір заң актісіне өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» болу керек еді. Мұнда сөз тіркесінің сөйлемдегі өзіне тиесілі орнында қолданылмауынан «заң актісіне салық салу керек» деген мазмұн туындап отыр.

Сонымен қатар, қазақ тілінің 2 заңы өрескел бұзылған. Біріншісі көптік мағынадағы «кейбір» сөзінен соң «актілер» сөзі көптік мағынада жұмсалған. Екіншіден, біріыңғай мүшенің соғысына ғана жалғау жалғанады деген ереже «өзгерістер мен толықтырулар» емес «өзгеріс пен толықтырулар» бұзылған.

Біз сабақ барысында қалалық, ауылдық жердегі хабарландыру, мекеме, дүкен атаулары және т.б. нысанда кездесетін қателіктерге қатысты жұмыс жүргіземіз.

Бұл жұмысты да қазақ тілі мәдениеті, сөз мәдениеті, сөз әдебі, сөз бедері, сөз дұрыстығын қадағалау, қателіктерге жол бермеудің бірден-бір жолы деп танимыз.

Мысалы: күнделікті қолданыста назар аудара бермейтін – үнемі тұтынатын сүт қалбыры (қағаз ба, қаңылтыр ма – бәрібір) сыртында «цельное молоко» дегенді жер-жерде – «мақсатты сүт» деп аударып жүр. Ол қазақтың «айырылмаған сүті».

Сол секілді «Все виды нотарильных услуг» – «нотариалды қызметтің барлық түрлері» деп аударылып жүр.

Негізінде бұл «нотариалдық қызметтің барлық түрі» болуы керек. Бұл жерде тілдік екі заңдылық бұзылған - -ды жұрнағы деректі зат есімге жалғанып зат, не деректің бар-жоғынан хабар береді, яғни нотариус бар, нотариус жоқ деген сөз емес. Екінші – көптік мағыналы «барлық» сөзінен соң «түрлері» деп көпше қолдану қателік.

«Срочный ремонт обуви» - «Жедел аяқ-киім жөндеу» деп бүкіл Қазақстанда жазылып келеді. Ол тек аяқ-киімге ғана емес, «сағат, кілт және т.т. қатысты жазылады.

Дұрысында «Аяқ-киімді жедел жөндеу» болуы керек. Себебі қазақ тілінің заңдылығы бойынша талдасақ – жөндеу –баяндауыш, жөндеу нені? – аяқ-киімді – тура толықтауыш; аяқ-киімді – қандай? жедел. Сонда «жедел» сөзі анықтауыш қызметінде жұмсалып «ремонт срочной обуви» болып аударылады.

«С наступающим новым годом» дегенді – «Шабуылға шыққан жаңа жылмен» деп аудару еш ақылға симайтын қолданыс.

Қате санадан тыс жіберіледі, ал адам саналы түрде шындықты бұрмалап, ақиқатты жасырып жатса, ондай қате – мақсаты (кейде мақсатсыз) өтірік айту. Адам сөйлеу барысында қайта-қайта жаңылыса беруі оның өтірік айтып тұрғанының айғағы болатын тұстары жиі кездеседі. Мұны оның қимылы, дауысы, бет-әлпетінен айқын байқауға болады. өйткені адам эмоциясы өтірік сөйлегенде күшейе түседі. Оны жасыру қиындау болады. Сөйлеуде өтірік айтудың негізгі белгісі - жаңылыс сөйлеу, ойдың шашыраңқы, жүйесіз болуы, көпсөзділік және үнсіздіктің жиілігі. Сондай-ақ, сөйлеушінің жиі қателесуі тыңдаушысының оған деген көзқарасын өзгертіп, оның тұлға ретінде мәртебесіне нұқсан келтіруі мүмкін. Шынында, адам білмегендіктен емес, білгенсігеннен көп қателеседі. Кейде орынсыз қолданылған тіркес оның жеке қасиетінен де көрініс беріп жатады. Көп жағдайда көпшілік алдында сөз сөйлеп, ысылып қалған кісілер өзінің қатесін мойындағысы келмейді. Және оны түзетуге де талпынбайды. Қатесіз сөйлеу – бұл дұрыс сөйлей білу. Тіл дұрыстығы, яғни сөйлеу, сөз жасау, грамматика, орфография және пунктуация нормасын меңгеру. Дұрыстық кез келген жағдайда белгілі бір заңдылық деп қабылдануы тиіс. Мысалы, емтихан тапсырушы оқушы шығарма не жазба жұмысында қате жіберетін болса белгіленген мөлшерден асса; ол жоғарғы оқу орнына түсе алмайды не диплом, куәлік ала алмайды. Сондай-ақ, сауатсыздықты қоғам да қатаң сынға алып отырады.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ:

Жүсіпов А.Е., Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы (лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.

Кәукербаева Б., Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық, Алматы: 2006

Жүсіпов А.Е., «Қарама-қарсылыққа негізделген стилистикалық фигуралар» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2008 ж

Абитиярова А., Сөз саптау үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.

Шалабаев Б., Қазақ көркем прозасының тілін зерттеудің ғылыми теориялық негіздері. Алматы: «Рауан», 1997, Б-81.

Жүсіпова Ә.Р. Бағалауыштың әлемнің тілдік бейнедегі орны. Астана -2013 ж. 142б.

Жалмаханов Ш., Көп мағыналы зат есімдердің семантикалық құрылымы. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. 2002. №1. -32-38б.

Жалмаханов Ш., Лексикалық көп мағыналықты зерттеудің әдіс-тәсілдері мен негізгі принциптері//ҚР БҒМ, ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 2002. №2. 11-20б.

Жүсіпов А.Е. Қазіргі қазақ тіліндегі қарама-қарсылықтың стильдік қолданыстағы мағыналық өрісі» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2004 ж.

Болғанбаев Ә., Көп мағыналы сөздер және олардың жасалу жолдары. Алматы: «Мектеп», 1963