БІЛІМ БЕРУДІ АҚПАРАТТАНДЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ

С.Б. Даутова

Абай атындағы ҚазҰПУ Әдебиеттану және тіл білімі  ҒЗИ директоры,

филология ғылымдарының докторы, (Алматы)

a730chn@mail.ru

 

 

Соңғы онжылдықтарда ғылым мен технологияның орасан зор қарқын-мен дамуы адамзат қоғамына үлкен өзгеріс әкелді. Жаңарған заманмен бірге бүкіләлемдік адамзаттық қарым-қатынас та өзгеріске ұшырап, білім беру мен ғылымды дамыту, осыған орай, білім беру кешенін ақпа-раттық-қатынастық технологиялармен (бұдан әрі – АҚТ) қамтамасыз етудің бірер жылда шешуге болатын мәселелерін анықтау күн тәртібіне еніп, ақпараттандыру үдерісі еліміздің бүгіні мен келешегін айқындай-тын маңызды межеге айналды.

ХХІ ғасыр өркениетінің ғылыми-технологиялық дамуының жетістігі болып саналатын АҚТ адамзаттың күллі іс-әрекетіне арқау болып, әрбір мемлекеттік құрылымның барлық саласына дендеп еніп, соның ықпал-әсерінен қазіргі қоғамдық қарым-қатынас та жедел қарқынмен даму жо-лына түсті. Бұл, сөзсіз, отандық білім беру жүйесінің мазмұнын жаңар-тып, құрылымын жетілдіруге, сондай-ақ сапалық деңгейінің артуына да ықпал етіп, оның жүйесіндегі барлық пәндердің оқыту үдерісіне елеулі әсер етуде. Сол себептен отандық білім беру жүйесінің әдіснамасын электронды-ақпараттық, ақпараттық-қатынастық құрал-жабдықтар ар-қылы жаңартып, халықаралық дәрежеге көтеру және білімгерлерді әлемдік бәсекеге қабілетті маман етіп даярлау мақсатында тың да нақты қадамдар жасалуда.

Білім беруді ақпараттандыру – ауқымы аса кең, кешенді үдеріс. Оған білім берушілер де, білім алушылар да, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін барлық тұлғалар да қатысады. АҚТ білім жүйесінің белгілі бір пәндері бойынша дамып өркендеп, енді біреулерінде кейін қалуы да мүмкін емес. Компьютерді және АҚТ-ны қолдану машығы қазіргі за-манғы әрбір пәнге аса қажет. Осыған орай, Қазақстан Республикасында 2007-2009 жылдарға арналған ақпараттық теңсіздікті төмендетудің Бағ-дарламасын қабылданды. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасы үкі-метінің 2006 жылғы 13 қазан айындағы № 995 қарарында бекітілді. Содан бері оны білім беру жүйесіне толықтай енгізіп, оның түрлі сала-ларында (пәндерінде) бірдей дамыту мақсатында бүкіл елдің аймақтық орталықтары жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде барлық деңгейлік білім ошақтарын электронды құрал-жаб-дықтармен қамтамасыз ету, оларды ғаламтор желісіне қосу, оқу-тәрбие үрдісіне электронды-ақпараттық түрлі бағдарламаларды, электронды құрылғыларға негізделген жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу, АҚТ бойынша педагогтардың біліктілігін жетілдіру, білім беру үдерісін басқаруды ақпараттандыру, автоматтандыру – отандық білім беру жүйесін әлемдік деңгейге жеткізуге мүмкіндік беретін алғы шарттардың бірі ретінде нақты айқындалды. Еліміздің оқу орындарының білімгерлері мен мұға-лім-оқытушылары АҚТ-ны пайдаланып білім беріп, білім алуға жаппай көше бастады. Соның арқасында білім беру де, білім алу да оңтайланып, жаңа сапалық деңгейге көтеріле бастады. Алайда оның күрделі мәселе-лері толып жатыр. Олар өздерінің оңтайлы шешімін әлі де болсын күту-де. Ел тұтастығын берік қалыптастыруда қоғамдық-әлеуметтік пәндер-дің, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің алар орны ерекше. Еліміздің материалдық-рухани құндылықтарын көздің қарашығындай сақтай отырып, соған барша халықты жұмылдырып ұйытуда тіл мен әдебиет пәндерінің тәлім-тәрбиелік, көркем-эстетикалық, тарихи-та-нымдық маңызды қызмет атқаратыны сөзсіз.

АҚТ-ны пайдаланып, әрбір сабақты дидактикалық тұрғыдан дұрыс ұйымдастырған жағдайда филологиялық пәндерді оқытудың әдістемесі өзіндік ерекшелігімен танылады. Ол – оқыту, білім беру бағдарламасын-дағы теориялық білімді тереңдетуге және толықтыруға, білімгерлердің зерттеушілік, шығармашылық іс-әрекетке деген қызығушылығын арт-тырып, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Білімгерлердің шығармашылық, зерттеушілік іс-әрекеті – олардың қабылдаған білімі мен біліктілік дағдыларын белгілі бір ғылыми (ма-мандық) бағыт-бағдар бойынша қолдана алуын қамтамасыз етіп қана қоймай, өзін-өзі жетілдіруге деген ынта-ықыласын да, ерік-жігерін де, қоғамдық өмірге деген дайындығын да, дағдысын да қалыптастырады. Бұл – қазіргі педагогика ғылымында білім алушының өз білімін арнайы мақсатқа сәйкес ғылыми түрде жобалап, одан әрі пәнді терең зерттеп меңгеру, өзін-өзі жетілдіру құзіреттілігі деп аталып жүр. Өйткені қазіргі АҚТ-ға бейімделген қоғамда әрбір білім алушыға жеке пәндік білім-дерді ежелден келе жатқан дәстүрлі оқу-әдістемелік жүйе бойынша оқы-тып-үйрету, меңгерту жеткіліксіз бола бастады.

Осы бір маңызды мәселе ескеріліп, қазіргі уақытта еліміздің білім ошақтарын компьютерлендіру, ғаламтор желісіне қосу, ақпараттандыру, түрлі пәндерді электронды оқу материалдарымен қамтамасыз ету жап-пай қолға алынып жатыр. Соның ішінде филологиялық білім берудің оқу-әдістемелік жұмысын да жаңаша ұйымдастырып, оның білім беру үдерісіне заманауи электронды АҚТ-ны ендіру, оқу-тәрбие ісін ақпарат-тық-қатынастық әдіснамалармен қамтамасыз ету, заманауи жаңа техно-логияларды филологиялық білім беру үдерісінде тиімді пайдалану сияқ-ты т.б. маңызды да өзекті мәселелер пайда болды.

Тәуелсіздік алған кезеңнен бері қазақ тілі мен әдебиетін жас ұрпақ тәрбиесінің маңызды құралы ретінде оқытып-үйрету мақсатында қан-шама маңызды қадамдар жасалды. Филологиялық білімді жаңа заман талаптарына сәйкес ұйымдастырып оқыту, білім сапасын жақсарту, бі-лім беру үдерісіне жаңа технологияларды енгізу туралы жаңа (иннова-циялық) бастамалар өмірге келіп, АҚТ жүйесінің тиімділігін көрсетіп дәлелдеген көптеген ғылыми-көпшілік, ғылыми-әдістемелік мақалалар да, іргелі зерттеулер де пайда болды. Сол себептен қазіргі уақытта елі-мізде АҚТ-ны қолданысқа енгізудің түрлі жолдары қарастырылып, қол-даныстағы жаңа технологиялардың бүгінгі жағдайы мен келешектік (перспективалық) дамуына бағыт-бағдар, барлау жасалып, күрделі де түйінді мәселелері зерделенуде.

Осы бағытта еңбек еткен ғалымдардың зерттеу еңбектерінің нәти-желеріне назар аударсақ, тереңірек бойлап, кеңірек ой жүгіртсек, қазіргі заманның әрбір адамы білгілі бір сапа-қасиетке ие болуы аса қажет еке-ні айқын бола бастағанына көз жеткіземіз. Өйткені жаңа заманның ада-мына, демек еліміздің жас ұрпағына сол сапа-қасиеттер жылдам өзгеріс-ке түсіп, құбылып отыратын қазіргі жоғары дамыған ақпараттық қоғам-ға бейімделуге көмектеседі. Сондықтан да қазіргі таңда отандық білім беру жүйесінің алдында зор міндет тұр. Ол – қазақстандық әрбір аза-маттың бойына түрлі білім мен біліктілік қасиеттердің ішіндегі ең бастыларының бірі болып саналатын электронды ақпараттық-қатынас-тық технологияларды дұрыс пайдалана білу бойынша сауаттылық қа-лыптастыру, яғни қажетті электронды техникалық құрылғылармен жұмыс істеп, солар арқылы алынған ақпаратпен тиімді қарым-қатынас жасай алатын жаңа заманның оқушылары мен студенттерін және әлем-дік бәсекеге қабілетті білікті мамандар мен кәсіп иелерін дайындау болып отыр.

Соңғы онжылдықтардағы қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың әдіс-темесін жетілдіріп, әлемдік деңгейге сәйкестендіруге арналған іс-шара-ларды зерделеп, ой таразысына салсақ, бұл пәндердің де білім сапасы мен рухани тәрбиелік қызметін арттыруға біршама күш жұмсалып жат-қанын аңғарамыз. Себебі бұл пәндер – ұлтымыздың сан ғасырлар бойы жинаған рухани-мәдени мұраларының жиынтығы. Демек, барлық руха-ни құндылықтардың іргетасы. Олай болса, осы пәндердің тәлім-тәр-биелік, дүниетанымдық, көркем-эстетикалық рухани қызметін жіті еске-ре отырып, заман ағымына сәйкес жаңа технологиялармен оқыту елді-гіміздің кемел келешегі үшін аса қажет.

Қай елдің болсын заман ыңғайына қарай экономикалық-қоғамдық қатынастарының барлық саласы өзгеріп, дамыған сайын білім беру жүйесі де өзгеше мән-мазмұнға ие болып, сол қатынастарға сәйкес дамитыны табиғи заңдылық.

Ойымызды қорыта айтқанда  тіл мен әдебиетті ұлттан, ұлттық мәде-ниеттен, ұлт өмір сүріп отырған қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынас-тан бөліп қарау мүмкін емес. Ал қазақ қоғамның көркем-эстетикалық таным-біліктілікке деген құштарлығы қашанда мәңгілік. Сондықтан да қазақ тілі мен әдебиетін заман талабына орай, жаңаша оқытып, оның рухани-мәдени әлеуетін жас ұрпақ тәрбиесінде барынша тиімді пай-далану маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.